Нұр шуақты Сәбира апа

130

0

Нұр шуақты Сәбира апаСәбира апай шуағы мол жан еді. Менің шешеме ұқсайтын… Адамды өзіне
тартып тұратын, ешкімді жатырқамайтын. 1979 жылы Қызылорда театры есепті
гастрольмен Алматыға барды. Гастроль шымылдығын М.Әуезовтiң «Түнгі сарын»
драмасымен ашқан болатынбыз. Ертеңіне «Социалистік Қазақстан» газетіне
«Талассыз табыс» тақырыбымен Қазақстанның халық артисі Серке Қожамқұлов пен
КСРО халық артисі Сәбира Майқанованың сұхбаты шықты.

Онда С.Майқанова «Жерлестерімнің гастрольдік
жарнамасынан М.Әуезовтің «Түнгі сарынын» оқығанымда театрдың творчестволық
батылдығына іштей қол соққан болатынмын. Бұл өзі қойылымға қиын, қатпар-қыртысы
көп, күрделі дүние. «Түнгі сарын» Мұхаңның басқа шығармаларынан бітімі бүтіндей
дерлік бөлек драма. Тартысының өрбуі де, кейіпкерлердің сөйлеу мәнері де,
бірнеше тағдырды желілей жүргізуі де тарихи-революциялық тақырыпты көркемдікпен
игеру талаптарына сай жаңаша шешілген бұл туындыны «Қаракөз», «Еңлік-Кебектің»
кілтімен аша алмайсыз, – депті.

Ал С.Қожамқұлов «Сәбира ай­тып отырған сол кілтті
тауыпты қызыл­ордалықтар. 1934 жылы режиссер Ю.Л.Рут­ковский осы драманы қолға
алған кез­де Мұхаңның өзі театрда ұзақ уақыт болып, бізге он алтыншы жылғы
көтеріліс туралы талай терең мәнді, тағылымды әңгімелер айтып, «Түнгі сарынның»
неге халықтық драма аталатынын зердеге құйып берген еді. Хұсейн Теміровтің
драмадағы бас кейіпкер – халық екенін тап басуы, сөйтіп сахнада халық образын
жасап шығуы – спектакль табысының басты себебі. Режиссер драманың түпкі идеясын
да, көркемдік табиғатын да тамаша түсінген, актерлерге де тамаша түсіндірген.
Сахна сайын шиыршық атып, ширыға түсетін қат-қабат оқиғаның бірде-бір желісін
шашау шығармай, сегіз өрім етеді де отырады екен. Басқа спектакльдері де осы
деңгейден табылса, қазақ сахнасына тағы бір таза талант қосылды деп қуана беруге болады» деп
баға беріпті. Ал Сәбира апамыз «Серағаңның сөзіне толық қосыламын. Хұсейннің
өнер өрнегіндегі маған қатты ұнайтыны – түпнұсқаға өте ықтияттылықпен қарауы.
Кейде жас режиссерлердің пьесаны өзінше қырнап-сырлап «жақсартуға» тырысып
жататыны болады. Теміров драмадағы әуезовтік рухты қаз-қалпында сақтап қалған»
деген пікірін білдірген.

Корифейлердің мұндай ыстық лебізі біздің гастролімізге
үлкен серпін берген еді. Ұстаздарымыз бен сыншылардан естімеген қамқор сөзді,
үлкен кісілердің аузынан естіп жеті күндік гастролімізге көшбасшы болған пікір
болды бұл. Ал келесі 1980 жылы Сәбира апай Қызылорда облысына гастрольдік
сапармен келіп қайтты. Мен де сол кісілермен бірге болып ел аралаған едім.
Ұсынылып отырған жазба сол күндердің белгісіндей жазылған дүние еді. Еш
өзгертпестен сол күйінде беруді жөн көрдім:

«Жүрдек поездың терезелерінен жалт еткен сағынышты
жанарлар, озып кет­кен вагон енді жеткізбейтіндей қуа жүгіру, асығыс ашылған
тамбур есігі, сүйіспеншілікке толы көздер, осындай кезде оқыс шығып қалатын
қуанышқа толы дауыстар, ыстық құшақтар, құшақ толы гүлдер – Сыр гүлдері.

Міне, біз КСРО халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты Сәбира Майқанова мен КСРО халық артисі, КСРО және Қазақ ССР
Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған Алматының «Еңбек
Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» орденді Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ
драма театрының шағын коллективін Қызылорда вокзалында осылайша қарсы алған
едік. Сәбира апай перронда күтіп алған кісілерді ең жақын бауырларындай тегіс
құшақтап сәл уақыттың ішінде өзімен, өз коллективімен етене жақын етіп жіберді.
Өзі де көптен келмеген туған жеріне деген сағынышқа толы жүрегінің мауқын
суарғандай бал-бұл жанады.

Облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Ж.Үмбетов жолдас
күтіп алған кісілерді таныстырып жатыр.Облыстық партия комитетінің хатшысы
Дәуірхан Айдаров жолдас, облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің
меңгерушісі Нұрділдә Уәлиев жолдас. Сыр еліне хош келдіңіздер, – деді.

Д.Айдаров жолдас сөзінде:

– Сәбира апай, әсіресе Әуезов теат­рының коллективін
өзіңіз басқарып келге­ніңізге өте қуаныштымыз. Оның үстіне сізбен бірге
елімізге белгілі Асанәлінің келуі де бізді ризалық сезімге бөлейді. Қазір облыс
еңбеккерлері Қазақ ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 60 жылдық торқалы тойын
қарсы алғалы отыр. Сондай-ақ, көп ұзамай 80-жылдың алтын орағы басталмақ. Облыс
еңбекшілері, өздеріңіз баратын Қазалы, Қармақшы ауданының ең­бекшілері сіздерді
асыға күтуде. Өз өнер­леріңізбен шабытқа шабыт қосып, біздің мейрам үстіндегі
қуанышты көңіл күйімізге шаттық енгізетіндеріңізге сөз жоқ. Тағы да облыс
еңбекшілерінің, облыс басшыларының атынан хош келдіңіздер дейміз, – деді.

Поезд Қазалыны бетке алып жүріп кет­ті. Ыстық ықыласты
кездесуден әсер алған Сәбира апайдың жүзі ңұрланып, көпке дейін көңілін
қуанышты бақыт сазы билеп алғандай сезілді. Ойға оралған әуен маза бермей ән
боп шықты.

–Желбір жекен!

Нұр шуақты Сәбира апаО, Сәбира апа әнге көшті ғой! – деп Асанәлі ол кісінің
көңілін сергіткелі сөз бастап еді. Сәбира апай:

– Сыр елі деген
осы ғой, Асанәлі. Сыр деген ел елден бөлек ел ғой!

Сәбира апайдың Сыр туралы көп айтқаны басқа
жігіттердің көңіліне тимесін деді ме сөзге Шәмшия араласты.

– Барлық жер осындай емес пе, Сәбира апай! Тек Сыр
емес, басқа облыстардың да қонақжайлылығы ежелден белгілі емес пе?

– Рас айтасың, айналайын. Бізді, жалпы Әуезов
театрының коллективін, қай жер болмасын құшақ жая қарсы алатыны сөзсіз. Бірақ,
жаным, мен үшін Сыр елі, Сырдың топырағы, Сырдың суы бөлек қой.

Бұл купе ішіндегі әңгіме еді. Бізбен бірге көңілденіп,
әңгімелесіп отырса да, апайдың қиялы басқа жақта, «Желбір жекенді» ыңылдап
айтып қойып, ой құшағына шомылып келеді. Әлде сонау балалық шағын есіне түсірді
ме екен, әлде жүздері ерте ұмыт болған ата-анасын еске алып отыр ма, әлде
Қызылорда интернатында оқыған жылдары келді ме көз алдына, әлде Алматыға барған
алғашқы жылдары туралы ойланды ма?

Қазалы вокзалындағы кездесу де ерекше болды. Станция
басына бүкіл қала тұрғыны жиналғандай. Облыстық атқару комитеті преседателінің
орынбасары А.Ақ­дәу­летова, Қазалы аудандық пар­тия комитетінің бірінші
секратары Қ.Та­бынбаев, аудандық атқару комитетінің председателі Ж.Ердешбаев,
еңбекшілер, аудан интеллигенциясы, ұлттық киім киген әсем қыздар тобы Сәбира
апайға нан мен тұз ұсынды, астаналық қонақтардың құшағы гүлге толды.

Алғашқы творчествалық кездесу Карл Маркс совхозының
мәдениет Үйінде өтті.

Сөз КСРО халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты Сәби­ра Майқановаға берілгенде бүкіл зал ду көтеріліп көпке
дейін сөйлетпей қол соқты. Сүйіспеншілікке толы ел алғысын көргенде үлкен сахна
шебері еріксіз көзіне жас алды.

– Қымбатты бауырлар, туысқандарым менің! Қымбатты
жерлес ағайындарым! Осыншама қол соғып қошемет еткенде­ріңізге үлкен алғысымды
білдіремін. Сіздерге, бәріңізге бас иіп сәлем беруге рұқсат етіңіздер!

Осы бір қарапайым қазақ қызының өнердегі жолын көз алдына келтіре отырып,
оның творчестволық өсу кезеңдерін бағдар­ласаң, біздің ұлттық театр өнерінің,
ұлттық актер өнерінің қалыптасу, өсу кезеңдерін ұққандай боласың. Сәбира апай
да қазақ сахнасының алғашқы шоқ жұлдыздары Қалибек Қуанышбаев, Серке
Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сияқты арнайы театр оқуын бітірмеген тума талант
иесі. Өзінің творчествалық өмірін 15 жасында Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы
Алтынайдың ролін ойнаудан бастаған ол актерлік өнердің сиқырын еңбек үстінде
танып, спектакльден спектакьлге шыққан сайын мектеп арттырып, шеберлік шыңына
үздіксіз ізденіс үстінде жеткен кісі. Еңбекке құмарлық, ізденімпаздық әрбір
творчество адамына тән қасиет. Дегенмен, Сәбира апайдың еңбекке сенімі,
еңбектің құдіретіне нанымы мүлде ерекше.

Осыдан 4-5 жыл бұрын Сәбира апай біздің облыста өтетін
үлкен жиналысқа арнайы шақырылды. Сол жиыннан соң көрсетпекші болған «Ана –Жер
– Ана» спектаклінің үзіндісін біздің актерлермен репетиция жасап жатқанбыз.
Жұмыс үс­тінде Сәбира апай үзінді текстіне, мизан­сценалық көңіл күйіне, осы
сахна­дағы режиссерлік ойға да ерекше тоқталды. Ай­тылған ескертпелердің
көңілге қо­ным­дысын тез мақұлдап, біздің театр актерлеріне жинақтылықтың, өз
ісіне ұқыптылықтың қасиетін танытты. Сол жылы Сәбира апайдың Толғанайды
ойнағанына 10 жылдан асқан еді, сол ролі үшін республика лауреаты атанып, КСРО халық
артисі деген атаққа жеткен болатын. Үзіндіні 3-4 қайталап, енді болған шығар
десек, Сәбира апайдың:

– Жоқ, айналайын, та­ғы да жасайық. Парт­нерлерім жаңа
ғой, шыра­ғым-ау. Бұлар маған, мен оларға үйренісейік, – де­гені.

– Шаршап қалмайсыз ба? – деген сұраққа іле жауап
берді.

– Жұмысқа адам шар­шай ма? Адам тек қолы бостықтан
шаршауы мүм­кін, ал еңбектен шаршау деген менің ақылыма сыймайтын нәрсе.

Сол күні үлкен актри­самыздың тағы шын ше­бер­лікке
тән қасиетін өне­ге тұттық. Ол әрбір парт­нерімен үндестік тауып, олардың жанын
ұғынуға ұмтылды. Сол жолы осы бір кішкене үзіндіге қа­тыс­қан актерлер биік дең­гейдегі
шеберлік мекте­бінен дәріс алған еді.

Сахнада Асанәлі сөйлеп тұр. Ол қазақ кино өнері жайлы,
оның бүгінгі бағдары жайлы, өзі түскен «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры»,
«Транссібір экспресі» жайлы пікірін ортаға салды. Зал толы халық үнсіз қалған,
бір жерден дыбыс шықса, бүкіл бастар солай бұрылып, әлгі үнді жұтып қойғандай
залды тағы да тыныштық орнай қалады. Әлеумет сиқырлы кино өнерінің сан қилы құпияларын
түсінікті тілмен баяндағанына ден қоюда. Кеше ғана созсаң, қол жетпейтін
кісінің өздерінің көз алдында сөйлеп тұрғанына тамсана қарап, сәл болмаса да
Асанәлі экранға қайта кетіп қалатындай көріп сұрақты үсті-үстіне жаудырып
актермен ажырасқылары жоқ.

Асанәлі…

Асанәлі Әшімов. Бір кездері Жамбылдың Сарысуында май
топырақ кешіп жүрген ешкімге белгісіз, әдеміше келген баланың бүгінгі күні аты
әлемге белгілі болатынын ешбір әулие болжай алмас еді. Бірақ, ол бүгінгі өмір
шындығы. О баста Асанәлінің актер болам деген ойы жоқ-ты. Оныншы класты
бітірген соң Кентауда жұмысшы, сонан соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы
институтының студенті. Сонан соң… Ия, сонан соң бәрі өзгеріп шыға келді. Оған
себеп болған Асанәлінің Қазақ ССР халық артисі, белгілі театр маманы, білікті
ұстаз – профессор Асқар Тоқпановпен кездесуі еді. Оның көкірек түкпірін
кернеген өнерге деген құштарлық өз құпиясын ашып, оны консерваторияға жетеледі
Асанәлі Әшімов театр факультетінің студенті болды.

Әшімов көпке ерте танымал болған актер. Ол студент
кезінде-ақ «Ботакөз», «Асау Ертіс жағасында», «Бір ауданда» фильмдеріне түсіп,
қалың жанкүйер қау­ым­ға өзінің әдемі сырт пішінімен, ойнаған кейіпкеріне сай
келетін актерлік өнерімен ұнаған болатын. Дегенмен, көп ұзамай-ақ Асанәлі
шынайы актерлік мектеп те­атр сахнасында екенін ұқты. Ол 1964 жы­лы М.Әуезов
театрына қабылданды. Сахналық еңбек үстінде КСРО халық артисі, КСРО және Қазақ
ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Әзірбайжан Мәмбетовтей режиссермен
кездесу Асан­әлі творчествосына тың бағыт сіл­теп, оның шеберлік шыңына
өрлеуіне дем берді. Театр сахнасында жасаған М.Әуе­зовтің «Қара Қыпшақ
Қобыланды» спектакліндегі – Шуақ, М.Фриштің «Дон Жуан» комедиясындағы – Дон
Жуан, Ғ.Мү­сіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» трагедиясындағы – Қодар, Ә.Нұрпейісовтің
«Қан мен теріндегі» – Еламан, Ш.Айтматов пен Қ.Мұқамеджановтың «Көктебедегі
кездесу» драмасындағы – Иосиф Татаевич – актерлік толғау мен режиссерлік
тұжырым­ның бір жерде тоғысуынан екі шебердің бірге соққан жүрек лүпілінен
туған кейіп­керлер. Театр мектебі Әшімовтің экрандағы үздік табыстары: «Қыз
Жібектегі» Бекежан, «Атаманның ақыры» мен «Транссібір экс­пресіндегі» Шәдияров
бейнелерінің қайнар көзі болды десек, артық болмас еді.

Аталған тұлғалар дүниеге келген жыл­дар сонымен бірге
Асанәлі актердің – Асанәлі азамат, актер боп өсуіне, өнердің терең сырын
ұғынған үлкен ой иесі боп қалыптасуына жағдай жасады. Қазір А.Әшімов өзін
тәрбиелеген ұстазы А.Тоқпановпен бірге Алматы театр және көркемсурет
институтының студенттеріне дәріс беріп жүр.

Спектакль шымылдығы жеңіл, ойнақы музыкамен ашылды.
Сахнадағы оқиға тура өз ауылымызда өтіп жатқандай, көбімізге таныс Биғанымның
Досым атты ұлының сүйгенін жақтырмай, өзіне қолбалаға лайықты көршінің қызына
теліген кесір қылығына күліп те аламыз, жастардың қарсы әрекетіне мәз боламыз.
Комедияның қойылғанына он жыл болыпты. Содан бері спектакльдің көнелік дәмін
татпай жасампаз болуының басты себебі – Биғаным роліндегі Сәбира Майқанованың
еңбегі екені хақ. Сәбира апайдың творчествосына тән басты қасиет – ол актерлік
өнерінің өмірге етене жақындығы, сахнаға шығар­ған кейіпкерлерінің
қызуқандылығы, сезім­талдығы. Сонымен қатар, актриса өне­ріне тән
қарапайымдылық – қарабайыр тұрмыстық шындықтан биік, жеке өмірдің өзегінен
туып, ұлы шындықпен – дәуір мен қоғам шындығымен үндес келеді. Сондықтан болса
керек, Сәбира – Толғанайдың шындығы сахнадан тек жеке қырғыз әйелінің шындығы
болуымен қатар, бір кезең өмірінің шындығы, бүкіл ел тағдырының шындығы болып
шығатыны. Тағы бір айта кететін нәрсе актриса өз кейіпкерлерінің кешегі көңіл
күйін бүгін қайталап көрген емес. Карл Маркс совхозында әбден танысқан Биғаным
«Октябрь» совхозында сәл өзгешелеу, ал «Құмжиек» совхозында сол Биғаным бола
тұра оның көңіл күйі тіпті басқаша. Міне, роль өміршеңдігінің тағы бір тамыры
осында болса керек.

Сәбира апай өз партнерлерін жақсы іріктеген екен.
Өзімен үзеңгілес сіңлісі – Қазақ ССР-на еңбек сіңген артист Хабиба Елебекова,
Алматы өнер институтының әр жылғы түлектері – Жұмабай Медетбаев, Рахила
Машурова, Бақыт Жанғалиева, Баяділ Наурызов, Әуезов театрының актерлік
студиясын бітірген Ерік Асқаров, Майра Омарова, Бақтияр Қожықовтар. Өнерде де,
өмірде де серік боларлық кісілер, пікірлес шәкірттер.

Өнердің еңбекпен тығыз байланысын, еңбектің өнерге
құштарлығын біздер өнер шеберлері мен еңбекшілердің кездесуінен жиі байқап
отырдық. Сәбира апай бас болып, Асанәлі одан әрі дамытып, бүкіл коллектив
мүшелері де күрішшілермен, механизаторлармен, малшылармен, ин­тел­ли­генция
өкілдерімен кездескенде мүдірмей бірінің сөзінен бірі туыстық тауып бүкпесіз
сыр ақтарысты.

Сәбира апай«біздің еңбек адамына қолдан берер ешнәрсеміз жоқ. Тіпті, менің
өмірбаянымды өзімнен бұрын айтып отыр. Бірақ, біздің өнер адамдарының олардан
алары көп. Өйткені, әрбір кісінің тағдыры зерттеуге лайық, тәлім алуға,
үйренуге лайық. Біздің береріміз шынайы өнер туындысы ғана. Ал, өнер туындысы
өзінен-өзі туа ма? Тумайды ғой. Сондықтан әрбір кісімен кездесу мен үшін үлкен
қазына, оның рухани байлығынан болашақ кейіпкеріме шабыт табуым ғажап емес. Осы
сапардан жинаған әсерімнен тағы бір тың кейіпкерді дүниеге әкелсем, менің
еңбекшілерге арнаған тартуым сол болмай ма?» – деді.

Гастрольдік сапардың төртінші күнін қонақтар жалынды
жас Ғанидың туған колхозында өткізді. Сахнадағы артистер күндегісінен де
ажарланып, жүздерінде ойнаған толқудан ба, бәрі жасарып алған. Ғанидың келбетін
іздей ме, залдағы көпшілікке жіті қарайды. Артистерден бірінші сөз алған
Асанәлі тоқтамастан сөйлеп кетті.

– Қымбатты бауырлар! Біз бүгін жүрек тебірентерлік
жағдайда тұрмыз. Біз көбіміз бірінші рет Ғанидың аулына келіп, Ғани басқан
топырақты басып, Ғани жұтқан ауаны жұтып, Ғаниды тәрбиелеген мекенді көріп
қуанышқа бөленіп тұрмыз. Біз Ғанидай азаматты пір тұтамыз. Өйткені, ол алғаш
рет қазақ жастарының арасынан суырылып шығып, сол жастарды жаңа заманның туының
астына тарта білген жас. Ол қазір бізге іні, иә, өйткені тап қазір бізден жасы
кіші… Бірақ, ол біздің саптың ең алдыңғы қатарында.

Иә, Қазалы ауданынан кеткенше Ғани рухы жүректі
тербеп, Ғани үні құлақтан кеткен жоқ. Ертеңінде колхоз ипподромында өткен
аудандық бәйге ішінде Ғани бізбен бірге жүргендей болды. Ол әне жорғаның
үстінде төгілтіп барады, ол әне жастардың ортасында ән салып тұр, ол әне Қазалы
ауданының игі бастамасының ең алдыңғы қатарында жүр.

Алматылықтар Қазалы ауданында жеті күн болып, 6 рет
спектакль қойды. Шаруа­шылықтар мен аудан орталығында шабытты өнер көрсетіп,
еңбекшілер алғысына бөленді.

Жүрдек машина бізді Қазалыдан Қар­мақшыға тез арада
жеткізді. Енді, міне, кең даланың төсіне орналасқан Қорқыт баба­ның белгісіне
тәжім етуге келеміз. Төбе басына орналасқан мавзолейдің етегіне жете бергенде
салқын самал соғып жанымызға сая тапқызғандай болды. Мавзолейдің қабыр­ғасына
қолы тиген кісілер қалт тұра қалып, соңында келе жатқан кісілерге бұрылмай
«ақырын» деп белгі береді. Не болды дегендей үн-түнсіз келіп қабырғаны айнала
тұрып жатырмыз. Желдің ырғағымен қарт бабамыз да қозғалып, қолына қобызын алып
уілдетіп қоя берді. Өзгеше бір үн, өзгеше бір сарын алыстан, ұзақтан, сан
жылдардан бері осы төбелердің үстінде толқымай тұрған әуенді тербеп мавзолей
қабырғаларына сүйеніп тұрған ұрпақтарға бабамыздың қыл қобызының ішегіне
байлаған өсиеттерін, осы жандардың жанын тебіренте тұрып өздеріне де байқатпай
сіңіріп жатқан сияқты. Еріктің үні ақырын шықты.

– Мен өлең оқиыншы!

– Оқы,
айналайын.

– Қабірің сән
беріп тұр даламызға,

Есімің қалған сіңіп санамызға.

Киелі қара қобыз сарнау үшін,

Жел керек, тек жел керек бабамызға.

Е.Асқаровтың студия бітіргеніне 3-4 жыл. Актерлік
қабілетпен бірге ақындық шабытты қатар алып жүрген жас. Оның үстіне қа­зір
Алматының театр және көркемсурет инс­ти­ту­тының 3 курсында оқиды. Болашақ
режис­сер. Өзінің өлеңді оқу мәнері де ерекше. Поэзияның ырғағын сақтай отыра,
айтар ойын бірінші кезекте жеткізуге тырысады. Тағы бір ерекшелігі, өлеңін
қағаз бетіне түсірмей тұрып әуелі жатқа айтады.

Қармақшы ауданының Энгельс атында­ғы колхозында
механизатор Бибігүл Әбі­шова, Чапаев колхозындағы комбайнер қыз Мейрамкүл
Нұржақыпова, «Ақжар» сов­хозының атақты сауыншысы Науатай Қаражанова, тек Ленин
атындағы совхоздың, Қармақшының, Қызылорданың ғана емес, бүкіл республикамыздың
мақтанышы КСРО Жоғарғы Советінің дептутаты, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана
Сәлима Жұмабекова өзара уәделескендей Сәбира апай бастаған астаналық қонақтарды
бірінен-бірі күтіп алып қонақ етті.

Сәбира апай да еңбекші қыздармен күні бойы ұзақ
әңгімелесіп, ақыл-кеңесін айтып, олардың ғибрат аларлық көп әңгіме естігеніне
қатты риза болып жүрді. Жанында жүрген қыздарына қайта-қайта ескертіп қояды.

– Сендерге, жастар, мына Мейрамкүлден көп нәрсе
үйренуге бола­ды. Ақыл десең, ақыл бар, түр десең, түр бар. Ау­ылшаруашылық инс­ти­ту­тында
сырттан оқи­ды. Өзі бір нәзік жан. Соған қарамастан, облыс­та бірінші болып ком­байнның
штурвалына отыр­­ған. Бидай орудың қи­ындығы бар шығар, ал, комбайнмен күріш
ору қиямет қой. Ердің ері шы­дар іс. Міне, осындай еңбекке барудың өзі де бір
ерлік. Ал, оның үстіне еңбегі жанған айналайын екен. Өмірде ешкімнен
артықшылығы жоқ, үйдегі он үш баланың бірі ғана. Міне, сендерге керек болса
бүгінгі еңбекші қыздың бейнесі.

Ал, Сәлима Жұмабековамен кездесу Сәбира апайға ерекше
қуат беріп, шабытына шабыт қосқандай. Бүкіл астаналық артистер Сәлима сияқты
қатардағы еңбек адамын, ешкімге белгісіз қазақ қызын үкімет адамы етіп сайлаған
советтік заманның ұлылығына риза болса, екіншіден үкімет ада­мы бол­ған
Сәлима Жұмабекованың қарапай­ымдылы­ғына, еңбексіз тұра алмайтын, он екі бала
өсіріп адамгершілік рухында тәрбиелеген асыл аналық қасиетіне таңдана қарайды.
Оның әрбір қимылын, әрбір сөзін бағып, көкейге тоқуға тырысады.

Сәлима да Сәбира апайдың алдында бар сырын төгіп
өзінің өмірін, еңбек жолын әңгіме етіп отыр. Бірде еңбектің зейнетін көрген
бақытты өмірін айтса, бірде жолдасынан айырылған қайғысынан қамығады.

Әңгіме үстінде Сәбира апай Жұмабайға қарап:

– Әй, сен неғып отырсың домбыраңды алсаңшы қолыңа! – деді,
Жұмабайдың күткені сол, домбырасына қол созды. Ж.Ме­детбаев М.Әуезов театрының
орта бу­ын артистерінен. Сахнадағы талантты туын­дыларымен қатар
радиоспектакльдерге жиі қатысып, кейінгі кезде киноэкранға жол ашты. Әсіресе,
актердің жұртшылыққа та­ны­мал болатын тағы бір өнері – көгілдір экраннан –
«Қымызханадан» үзбей көрініп, «түбің түскірін» көбірек айтып Жазғанқұл болып
жүреді. Жеке концерті де бар. Енді, міне, сол көгілдір экраннан түсіп Сәлима
Жұмабековаға арнаған концертін бастап отыр. Жұмабай күні бойғы Еңбек Еріне
деген ризашылығын, Батыр анаға деген алғысын саусағы мен көмейіне жиып, енді
соның тиегін ағытқандай әннің тізгінін еркіне жіберді. Әттең, әзір Сәлима
туралы ән жоқ, әйтпесе сол әнді бірінші болып Жұмабай орындар еді. Соңғы
кездері актердің ән шығарумен де әуестігі бар, мүмкін аналардың анасын сахнаға
келтірген Сәбира апай мен Батыр ана екеуінің кездесуі Жұмабайға шабыт беріп
оның әуенге ауысуы ғажап емес. Артист Ж.Медетбаевтың Социалистік Еңбек Ері
Сәлима Жұмабековаға арнаған әнін өз аузынан көгілдір экраннан естуіміз де
мүмкін ғой.

Қармақшы аудандық мәдениет үйіндегі астаналық
артистермен кездесу өнер мен еңбек мейрамына ұласты. Ең­бек пен өнердің егіз
ұғым екенін, өнер­дің еңбексіз өрге бас­­­пай­тынын, ең­бек­­­тің де өнерге тән
твор­чест­волық ру­хын­сыз та­быс­қа жетпей­тінін тағы бір көргендей болдық.
КСРО халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбира
Майқанованың сахнада тұрып залда отырған КСРО Жоғарғы Советінің депутаты,
Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана Сәлима Жұмабековаға бас иіп тәжім етуін
еңбекті қадір тұтқан өнердің игі ісі деп ұқтық.

Кеш соңынан Қармақшы аудандық Советі атқару
комитетінінің председателі Н.Ысқақов құттықтау сөз сөйлеп, театр коллективіне,
КСРО халық артистері С.Майқанова мен А.Әшімовке адресаттар тапсырды. Сәбира
апай мен Асанәлінің үстіне шапан жауып, аудан еңбекшілерінің атынан құрмет
көрсетті. Әсіресе, М.Әуезов театрының коллективіне академик С.Королев пен
алғашқы космонавт Ю.Гагариннің күріштен жасаған портретін ұсынғанда бүкіл зал
түрегеліп тұрып қол соқты. Үлкен ризашылықтан туған осы құрмет өнерді
қастерлеген еңбектің адал қасиетіндей көрінді.

Қармақшы ауданындағы спек­такль. Клуб ішінде ине шан­шар
жер жоқ. Қимас адам­дарынан айырылып қалардай зал толы халық артистерді қай­та-қайта
шақырып босатар емес. Астаналық артистермен қоштасар алдында сахнаға Қызылорда
облыстық партия комите­тінің хатшысы Д.Айда­ров, Қармақшы аудандық пар­тия
комитетінің бірінші хатшысы Е.Көшербаев, совхоз басшылары көтерілді.

– Қымбатты Сәбира апай! Қымбатты Асеке! Құр­метті
астаналық қонақтар, халқы­мыз­дың мынадай ықыласын кө­ріп сіздерге хош дегіміз
кел­мей отыр. Сәбира апай, Сіз­дің жөніңіз бір бөлек, біздің еңбекші қауым
сіздің қасыңызға ерген артис­термен де туысып, достасып кеткендей. Еңбек
адамдары сіздерге махаббатын сыйласа, сіздер халыққа адамзат даму тарихындағы
ең қымбат мұралардың бірі – өз
өнерлеріңізді сыйладыңыздар. Қазақ ССР мен Қазақстан Компартиясының 60 жылдық
мейрамы мен алтын орақ алдында ауылымызды думанға бөлеп, шабытымызға шалқар
шабыт қостыңыздар. Еселі еңбектеріңізге облыстық партия комитеті мен облыстық
атқару коми­тетінің атынан, бүкіл еңбекшілер атынан үлкен рахмет айтуға рұқсат
етіңіздер.

Одан әрі Д.Айдаров жолдас С.Майқа­нова мен А.Әшімовке
халық депутаттары облыс­тық Советі атқару комитетінің грамо­таларын тапсырды.

Қызылорда вокзалындағы соңғы сәт. Сәбира апайдың,
Асанәлінің, бүкіл артис­тердің құшағы гүлге толы. Олар аз күнде табысқан
жандармен айырылысқысы келме­гендей қимастықпен қарайды. Ақырын ғана қозғалған поезд вагонының терезесінен
қайта-қайта қол бұлғайды.

«Көріскенше, хош болыңыздар!

Сәбира апай!

Асанәлі!»

«Ленин жолы» газеті,

29 тамыз, 1980
жыл.

Осылайша өзінің шуақты нұрымен менің жүрегімде
мәңгілік бейнесін қалдырған еді Сәбира апамыз. Алматыға барған сайын Әуезов
театрына соғып, «Ана – Жер Ана» болады десе көрмей кетпейтінбіз. Спектакльден
шыға сала елге тартатынбыз. Келе тау қопарып тастайтындай іске кірісетінбіз.
Сәбира апайдың шуағы бізге де мол шабыт беріп, бойымызға қуат дарытып, бізді
өмір сүруге, өнер жасауға сүйрейтін.

Шуағы мол жан еді ғой ол.

Хұсейн Әмір-Темір,

Қазақстанның енбек сіңірген қайраткері, Н.Бекежанов
атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз