Нұралы ахун

1551

1

Осы кезге дейін есімі сиректеу аталып, жұртшылықтың жадынан ұмытылмай келе жатқан дін ғұламасы, шаршы топта өзінің айрықша білімдарлығымен көзге түсіп, қаумалаған әлеуметті ерекше таңғалдырып жүретін қазақтың ардақты ұлдарының бірі –Табынбек баласы Нұралы ахун. Ерекше бір ілтипатпен айтылатын осы есімді бала күнімнен естіп-біліп жүрсем де, дерек, мәліметтерім жоқ болғандықтан, уақыты мен мерзімін күттім. Қандай тұлға, қандай ғұлама болса да, өмір жолының, атқарған қызметінің жарқырап көрінетін, пісіп-жетілетін мезгілі болатыны белгілі.

Қоғамдық даму заңдылықтары өткен тарихымызды кездейсоқ болса да, бәрібір көз алдымызға бір елестетіп, қалың бұқараға, туған халқына жет­кізбей қоймайды. Спираль тәрізді айналып тұратын өмір ағымдарының кейінгі ұрпақтарға ұсынар небір таң­ғажайып кереметтерінің көрінер сәт­терін, санамызды баурап алатын тұстарын кездейсоқтық деп айта ал­май­тындығымыз тағы бар. Бұл – өмірдің даму заңдылығы.

Табынбек баласы Нұралы ахун – аталығы жағынан Әйдербектің екінші баласы Алтынбай руынан шыққан тұлға. Соның ішінде Андабайдан та­райтын Белдікені. 1893 жылы Аман­өткелдің жанындағы Қарадөң қонысында дүниеге келген. Өткен тарихымыздың қолымыз жеткен па­рақтарын саралағанымызда, өлкенің көрнекті тұлғаларының осы бір көмбе қазына, киелі төбеден шыққандығына көз жеткізе бастадық. Қарадөң – Айдарбектен тараған ағайындардың көл жағалай орналасқан берекелі қонысы. Жетес би атамыз дәріптеп тіліне тиек еткен Көлбайы халықтың ырзық-несібесінің сарқылмас көзі болатын. Бұған қосымша аталары­мыз­дың қолсамар арқылы су шығарып, егін еккен аңыздары кешеге дейін сайрап жатқанын көзбен көрген жанның бірімін.

Әкесі Табынбек пен анасы Үл­деден (Үлде мен Бүлде екі қыз бірге туған) зерек туған Нұралы Аққұлақ пен Ақжарды мекендеген өздеріне туыс болып келетін Смағұл ахунның мешітінде оқып, мұсылманша сауа­тын ашқан. Сол кездегі мұсыл­мандық жүйеге таңғаласың. Айнала­сын­да­ғы қоныстарының барлы­ғында да ілім көрген ишандар мен ахундар. Шең­гелтүбектегі Ақмырза, Қара­мо­йында Ізмағанбет, Мырзаста Рам­берді мен Шернияз, Арғынбайда Мұ­хаммеди. Біз тек 3-4 шақырымдағы ауылдарды ғана айтып отырмыз. Осындай ғұ­лама жандардың ағарту­шылық ық­палы болғандығын жоққа шы­ғармасақ та, Смағұл ахунның ай­­рықша қамқорлығын, тәрбиесін айтып өтуге тиіспіз. Нақты жылдары белгісіз болғанымен, Бұқардағы Кө­кілташ медресесін бітіргендігі анық. Мұндай алыс сапарға шығу да оңай емес. Әкесі Табынбектің ауқатты адам болғаны жас талаптың өрісінің кеңеюіне жол ашқан. Нұралы ахун жас күнінен естігендерін ұмытпайтын есте сақтау қабілеті өте мықты, зейінді адам болған екен. Ұстазы Смағұл ахун ғұламалар бас қосатын үлкен жиындарға Нұралыны қосатын көрінеді. Себебі, тумысынан өте зерек шәкірт айрықша білімдарлығымен қоса, жұртшылықтың назарын талқы­ланып отырған мәселелерге аудара білетін шешендігімен де баурап ала­ды екен. Аталған жағдайды ұс­тазы тарапынан айрықша сенім деп бағалауға болады. Ал, екінші шә­кірті Нұрғабыл білімдарлығынан бө­лек Құран аяттарын оқу кезіндегі қы­рағатымен ерекшеленген.

Сол кездің өзінде ел аузына ерте ілінген  Нұралы медреседен кейінгі жылдары туған жері Қарадөңде ме­шіт ашып, елдің балаларын сауат­тандырумен айналысып, ағартушылық қызметін бастады. Ғұламалардың  ағар­­­тушылық қызметін ерекше бөліп айтатын себебіміз медресе  сол  кездің өзінде он екі түрлі ғылым негіздері бойынша білім  берген. Көкілташ сияқты айтулы білім ордасын тек қана діни білім береді деп айту – аталарымыздың білім деңгейін, ой-өрісін шектеу, төмен­дету. Бізге жеткен аз ғана деректер бойынша Нұралы ахуннан тәрбие мен білім алған азаматтардың есімдері де белгілі. Құлжанов Самат молда, Иманалиев Бөкеш, Смайылов Қожахмет және Қойбағаров Шара­пат есімді аталарымыз ахунның шә­кірттері болғанын, Қарақұм ауыл­дық округі, Абай елді мекенінде тұ­ратын 87 жастағы Иманалиев Боран Қуанышбайұлы ақсақал бізге жеткізді. Ол кісі де Нұралыға жақын туыс болып келеді.

Көп жылдардан бері Нұралы ахун туралы мәліметтер іздеп жүргенімде 26 ақпан күні Арал қаласындағы Жетес би көшесі № 41 үйде тұратын Әмірбай баласы Мейрамбек ініміздің шаңырағына баруыма тура келді. Мейрамбек Нұралымен бірге туған Имағанбеттің немересі екен.

– Осыдан жиырма жылдай бұрын көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болғаным бар еді деп, – сөзін бастаған үй иесі. – Үлкен бөлменің төріндегі жасы ұлғайған қария дастарханның шетінде отырған менен жөн сұрады. Өзімнің Аралдан келгенімді, руымның Алтынбай, Нұ­ралы ахунның інісі Имағанбеттің не­мересі екенімді баяндап өттім. Ақсақал мені дереу төрге шығарып құрмет көрсетті.

– Кезінде атаң Нұралының ал­дынан мектеп көріп, сабақ алған едім, – деп айрықша ықылас білдірді. Сол жерде отырған және бір үлкен кісі:

– Менің әкем де Нұралының шә­кірті болған еді, – деп таныстық рәсімін жалғастыра түсті. Сексеуіл кентінде тұратын бір үлкен кісі де жаназа дастарханы үстінде өз әке­сінің Нұралыдан оқып шыққанын шаршы топқа мәлімдепті.

– Жастық дәуірдің желігімен төбем көкке жеткендей болып отырып, сол бір қадірменді қариялардың аты-жөнін сұрап есімде сақтамаппын, – деген өкінішін білдірді.

Осы пікірлерден байқағанымыз, Нұралы ахуннан білім алған адамдар мен аймақтың аудиториясын шама­лауға болатын сияқты. Тек әттеген-айы – осындай құнары мол мәліметтер мен естеліктерге кештеу кезіккеніміз. Егер сол қалпында сақтап қалар құймақұлақ, қазыналы қарттар бол­ғанда ахун атамыздың рухани, адам­гершілік және ағартушылық деңгейі биіктей түсіп, жарқырап көкте жан­ған жұлдыздай болатыны сөзсіз еді. Аралдың бір шетіндегі Қарадөң мен Сексеуіл, Ырғыздың аралығын са­лыстырып көріңіздер, құрметті оқырман.

– Нұралы атамның Бекмұрат де­ген досы болған  екен, – деп сөзін жалғастыра түсті Мейрамбек. – Мен  Меккеге екі рет бардым. Үшінші рет аман-есен барып келсем, інім Имағанбет пен сенің қарындасың Жансұлуды қосып, ақыреттік дос бо­­лайық деп төс қағыстырып, серт  байласқан. Екеуі де серттерінде  тұ­рып, құда  болған және  жастардың  бас  қосқан  мерзімі  1922 жылдар  екен. Сол  кезде  13 жастағы  Жансұлу  әжем  1909 жылы дүние есігін  ашыпты.  Атамыздың Қарадөңдегі мешітінде  алғыр шә­кірт­терінің бірі болып,  сабақ  алған. Шалғай түкпірдегі шағын  қоныста  қыз  баланың  мешітте  оқып,  сабақ  алуының  өзі  көп  жағдайдан  хабар  бергендей. Бұл – ахунның дү­ниеге  көзқарасы  мен  ой-өрісі­нің  кеңдігінен. Себе­бі, қазақылықтың  қай­мағы  бұзыл­май  тұрған  заманда  қыз  баланы  оқыту Нұралы  ахунның  көкірек көзінің барынша ояу  және  абырой-беделінің зорлығын  мойын­даудан туындаған. 1995 жылы 87 жасында өмірден өткенше бес уақыт нама­зын қаза қылмай, Нұралы  атам­­ның  аруағына қызмет жасап, бар  білгенін  ұрпақтарына – бізге  айтумен  болды. Ең  үлкен  қызметі – Нұралы ахунға қуғын-сүргін за­уалының  таяп қалғандығын сезіп, кеңестік ке­зең­­­­­нің дінсіздері мешітін бұзып жат­қан кезде барлық кітаптарын сол  Қа­радөңнің  қалтарыс бір қуы­сына көміп жасыр­ғаны. Қара­дөңдегі  мешіт орны әлі күнге дейін сақтаулы екені белгілі. Тек  көмілген  қазына, кітап­тарының орны ғана белгісіз. Бір Құран  кітабын  ғана кеудесіне жасы­рып аман  алып  қалыпты. Өмір  бойы  көзінің  қарашығындай  сақтаған  сол  Құран  кітабын өзі  өмірден  өтер  сә­тінде  ұрпақтарына  аманаттап  тап­сырды, – деді.

Көне  араб  әріп­терімен  жазылған  Құран  кітап ислам  ілімінің  құпия­ла­рын  бойына  бүккен, сарғайған  кү­­йінде  1969  жылы  өмірге  келген  Мей­рамбектің  үйінде  сақтаулы  тұр.

– Басымыз ауырып, сәл  маза­сыз­дансақ, бас жағымызға қойып ата­­мыздың аруағына сыйынып, тілек  ті­лейтін желеп-жебеушіміз, – деп  баян­дап  өтті. Өзім  де  білген  біссі­міләмды айтып, тәу  етіп, қолыма  алып,  парақтап  қарай  бердім.

Сұрапыл  жылдардың  сұмдық  хабар­лары  аядай  Қарадөң  мен  Аман­өткелге  де  жетіп  жатты. Осындай  ер  басына  күн  туған  қиын-қыстау  күн­дері  Бекмұрат  досы «Нұреке, қа­рақалпақ   жеріне  Нөкіске  барып,  бой  тасалай  тұрайық, мен  осындай  ше­шімге  келіп  көшкелі  отырмын» деп  мұңын  шақты.   «Мен  құдайдың  ба­сыма  салар  нәубетін  осы  жерде  қарсы  алғалы  отырмын» деген  Нұ­ралы досына оң  сапарын  тілеп  қала  берді. Ал, Бекмұрат  қара­қалпақ  асып  барғанмен,  туған  жеріне  ат  ізін  қайта  салуды  тағдыр  оған  жазбаған  екен.  Топырақты  өлім  Бекмұратқа  сол  жақтан  бұйырды. Ұрпақтары  кейіннен  1967  жылдары  атамекенге  оралып,   ағайындарымен  және  жиендерімен  қайта  қауышты.  Бекмұрат  – бізге  осындай  құнды  мәліметтерді  жайып  салып  отырған  Мейрамбектің түп нағашысы. Әжесі  Жансұлудың  ағасы, Ардана  аталы­ғынан  шыққан.

Өзім  зерттеген  барлық  ғұлама­лар­ға  ортақ  бір  жағдай  бар. Ол –   мүм­кіндіктері  бола  тұра  тура  келген  нәубетті  бар  жан-тәнімен, ерекше  сабыр­лылықпен  қарсы  алуы. Ешбір  жанға  зиян тигізбей  Алланың  жіберген  сынағы  деп  қасқайып  қар­сы  тұра  білуі. Сол  кездің  шолақ  бел­сен­ділері ұстауға  келген  адам­дарынан ең бірінші «құдай бар  ма, жоқ па?» деп сұрай­ды екен. Өзіне келетін әзірейіл жан­дардың ниет-пиғылдарын біліп оты­рып, «не деп  жауап беремін?» деп қатты қиналған көрінеді ахун  атамыз. Ғұмыр бойы құдайға құлшылық жасап, пайғам­барымыздың өсиеттерін бойтұ­марын­дай құрметтеген ғұлама жанға осы мәселенің өте ауыр тигенін  келіні Жансұлу ұрпақтарына өкініш­пен, қинала отырып жеткізген. Осы­лайша  елде  қалған  Нұралы  Қа­за­лының  түр­месіне қамалып, қиын-қыстау  жыл­дар  ауыртпалығын  өз  басы­нан  өткеріп  жатты. Түрмеде  үш-төрт  жылдай  уақыт  азап  тартқан  Нұралы  әбден  ден­саулығын  құртып, ти­тығына  жетіп  барып босап  шықты. Түрмеде болған жылдарында келіні  Жансұлу қиыншылықтарға қара­мас­­тан, бірнеше рет қайынағасы Нұ­ралыға  тамақ тасыған. Сол  кез  ағайындары  мен отбасының Кәрі­бөгетке  қоныстанып  отырған  мезгілі  болатын. Отбасына, қарашаңырағына  зорға  жетіп, ауырып  жатқан  Нұралы  өзін  қимай, қыстыға  қиналып   отырған  ағайындарына  былай  деген  өкінішін  қалдырды:

– Менің кеудемнен жаным  шы­ғарда иманымды үйіретін, өлген  соң  намазымды  шығаратын  молда­лар да қалмады. Алланың  аманаты  шыбын  жаным  о,  дүниеге  лас, арам  күйінде  кетіп  барады.

Солай  дегенмен,  Нұралы  тәрізді  ғұлама  жанның  алтын  сүйегі  сол  өзі  айтқандай  күйде  кетті  деп  айта  алмаймыз. Себебі, Көкілташ  сияқты  жоғары  оқу  орнын   бітірген  асқан  білімді, келешекті  болжай  да, көре  де  білетін  киелі, құдіретті  жанның  қиналған  сәттерінде  жол  таппауы  мүмкін  емес. Ондай  жандардың  өз  иманын  өзі  үйірмеуі де, Жаратушы  иесіне  пәк, таза  күйінде  бармауы  көңілімізге  ешбір  қонбайды. Нұралы  ахун Алланың  аманатын  таза  күйін­де  Жаратушы  иесінің  құзырына  жет­кізе білген қасиетті, ғұлама  жан  демекпіз. Оқиға  1933 жылдың  ішінде  болып  өткен. Сонымен  қатар  інісі Има­ғанбетке  және  отбасына  «күндердің  күнінде сенің  әулетіңнен  көріпкел,  тәуір  адам  шығады»  деген  разылық  болжамын  да  айтып  үлгірген  кө­рінеді.

Нұралы ахунның не үшін қу­ғынға  түсіп, қамалғаны туралы ҰҚК-ға ар­найы сұрау салып ізденген  едік. Құзырлы орган өкілдері 2014 жылдан  бастап қуғын-сүргінге қатыс­ты  құжаттар  облыстық  полиция  де­пар­таменттеріне  берілгендіктен, сол  жақтан  сұраңыз  деген  жауабын  жол­­дапты. Қызылорда облыстық  по­ли­ция  департаменті  бастығының  орын­басары  Ғ.Сүлейменовтің  қолы  қойылған  хатында  Табынбеков  Нұ­ралыға  қатысты  мәліметтердің  сақ­тауға  түспегендігін  хабарлайды. 1938 жылдың  4 сәуіріне  дейін  Арал  аймағы  Ақтөбе  облысының  құра­мында  болғандықтан,  сол  жаққа  да  хат  жолдап,  сұрау  салғанымызбен,  нәтиже  болмады. 2001 жылға  дейін  бірнеше  адамның  құжаттарын  сұ­рау салып, алдырған едім. Төрт  адам­­ның  ақтау  құжаттары, ресми  анық­та­малары да қолда бар. Алайда  2001 жылдан  кейінгі  сұрау  салған  жер­лестеріміздің  мәліметтері жоқ  деген  жалаң  жауап  алумен  келемін. Мені  «неге  жоқ?»  деген  сұрақ  маза­лайды. Егер  бір  ғана  адамға  бай­ланысты  болса,  күмәнданбас  едім. Күмәнімді  көпшілік  талқысына  салу­ды  мақұл  көремін. Туыстары  болса,  қамалу  себебін  діни  көзқарастары  мен  қажылық  парызымен  байланыс­тырады.  

Нұралының  атасы  Боранбаймен  бірге  туған  Жаулыбайдың  немересі  Кеулімжайұлы  Елеу  өте  зерек  жан  болыпты.  Осы  оқиға, көріністің  бел  ортасында  болған  кезде  8 жастағы  бала  атасының  өкінішін  Имағанбеттің  ұрпақтарына  жеткізе  алған, бата  дарыған  азамат  болып  өсті. 1925 жылы дүниеге келіп,  облыстық сауда мекемелерінде бірқатар қызмет атқарыпты. Кейінгі жылдарындағы  құжаттарын рәсімдеу кезінде үлкендері  бір  жасқа  шегеріп,  1926 жылы  туған  деп  жаздырған  екен.

Соғысқа  дейінгі  жылдары  халық  жауының  ұрпақтарының  шаңырағы  деп  Имағанбеттің  отбасы  мүшелерін  де НКВД  тарапынан  қайта-қайта  тексеріп, өте  қатты  азар  беріпті. Кезекті  бір  тексеріс үй  ішінің  ас­таң-кестеңін  шығарып, ойрандау  ке­зінде  13-14 жасқа  келген  Елеу  күйін­гендіктен ошақтың бетіне  орнатылған  плитаның ортасы ашық үлкендеу са­қинасымен лақтырып ұрғанында бел­сендінің мойынына кигізіліп  қалған  көрінеді.  Баланың  әрекеті  де  жауапсыз  қалмаса  керек. Көз  алдын­да  болып  жатқан  көрініске  шыдамай, барынша  азарланған  ана  жүрегі, Има­ғанбеттің  әйелі  Жансұлу  анамыз  аруақтың  атын  атап  тұрып  қарғысын жаудырып қала берген.  Көп ұзамай белсендінің поездың  астына  түсіп,  ажал  құшқаны  белгілі  болды, – деп  сөзін  аяқтады  Мейрамбек.

– 1969  жылы  әкем  Әмірбай  Кәрі­бөгетке барып атасы Нұралының  бе­йітін тұрғызып, құлпытас белгі ор­натып, садақа берді. Өзі 1933 жылы  дүниеге келген болатын. «Осыдан  кейін мойынымнан үлкен жүк түс­кен­дей болды. Мағираш, Мәрзия, Ботагөз  және  Мейрамкүл  есімді төрт  қызымнан  кейін, 1967 жылы  дүниеге  келген  ағаң  Асқарым бар. Нұралы  атама аруаққа жасаған міндетті  са­уабымнан  кейін  сол  жылы  дүниеге  келген  сені  маған  құ­дайдың   өзі  берген  ғой, – деген  әкем  қалған  өмірін тәубелікке арнады.

Әке  үмі­тін  ақтаған  Мейрамбек  әжесі  Жан­сұлудан  естіген  құнды­лық­тарын  сақ­тап, кейінгі  ұрпақтарға  аманаттай біл­ді. Аманатқа қиянат жасамай Нұ­ралы ахун туралы жи­нақталған  ғиб­ратты  біз де  жарыққа  шығаруды  жөн  көрдік. Мен  ұзақ  уақыт  бойы ешкімнен, еш  жерден  кезіктірмеген  аз да болса нақты де­ректерді осы  байсалды да байыпты іні­мізден  тапқанымды  айтып  өткім  келеді.

– 1980 жылдары  Жансұлу  әжем­нің  күнделікті  нан  жауып  жүретін  қара  қазаны  аяқ  астынан  жоқ  болып  кетті. Қазақ  үшін  қасиет, құт  саналатын  қара  қазанын  іздеп, шарқ  ұрған  әжем  шырылдады  да  қалды. 3-4 күн  өткеннен  кейін  Нұралы  атам  түсінде  аян  беріп  былай  депті. «Келін  сен  қазаным-қазаным  деп  қоймадың  ғой. Үйден  шыққаннан  кейін  оңға  қарай  бұрыл. Үш-төрт  үйден  кейін  көшенің  қарсы  бетіндегі  үйде  қазаның  тұр». Қайын­­ағасының  аяны  бойынша  сіл­теген  үйінің  сарайынан  қазаны  табылғанына  ерекше  қуанған  әжем ата  аруағына  сыйынып  жүруді  бұдан  кейін бұрынғыдан  да  ыждағатпен  жасайтын  болды, – деп  еске  алды  немересі  Мейрамбек.  

Нұралы  атамыз  үш  ағайынды. Інісі  Имағанбет  1896  жылы  дүниеге  келіп, 1941 жылы  соғысқа  аттанып, майданның  бел  ортасында  болған. 1943 жылы  соғыста  қаза  болғаны  туралы  келген  «қара қағаз»  әулетке  үлкен  ауыртпалық  болыпты. Кіші  інісі  Нысанәлі  жастай қайтыс  болып, ұрпақ  тарамаған. Төніп  келе  жатқан  зобалаң  жылдарының  әсерінен  де болар және  бірге  туған  бауырынан  ұрпақ  қалмағандықтан,  Нұралы тұң­ғышы – Әмитін  інісі  Нысанәлінің  атына  жаздырыпты. Осындай  себеп­терге  байланысты  Әмит  Нысанәлиев  болып  жазылып  кеткен.

Нұралы  ахун  Бұқардағы  оқу  оқып, білім  алу  кезінде-ақ  отбасын  құр­ған  тәрізді. 1923  жылы  өмірге  кел­ген Әмит әлемді  жайлаған  жа­һан­дық  соғыста  хабарсыз  кетіп  орал­мады. Осылайша ахунның  бел  баласынан  ұрпақ  жоқ. Қызы  Ақтөре  1927 жылы  дүниеге  келіп, 1989 жылы  өмірден  өтті. Ақтөре  анамыз  ұзын  бойлы,  аққұба  келген,  өте  ажарлы  адам екен.  Ол  кісінің  түріне  бір  қара­ғаннан-ақ  өзге  ұлт  өкілдеріне  тән  белгілерді  кез келген  адам  бай­қайтындай  өзгешелік  көзге  шалынатын.  Ақтөренің  балаларына  қалдырған естелігінде  анасының  есімінің  Нұрыш,  иран  ұлтының  қызы  екендігін  ұғындырып кетті.  Әрине,  азан  шақырып  қойылған  есімін, елге  келгенде  қазақшаға  өзгерт­кені  мәлім. Ақтөренің  бейіті  Маң­ғыстаудың  Шетпе  ауданындағы  Қамысбай  әулие  қорымында. Шөме­кей  аталығына  келін  болып  түскен. Күйеуі  Кенжебаев  Пазыл  екеуі  бес  ұл, бір қыз  тәрбиелеп  барлығын  да  аяқтандырды. Ұлдары – Бақыт, Мұрат, Әміржан, Әмірхан  және  Амандық, қызының  есімі – Гүлнәр. Бәрі  де  Нұралы  ахунның  туған  жиендері. 2013 жылы  жиені  Әміржан  Ақтау  қаласынан  арнайы  келіп, өздеріне  нағашы  жұрт  болып  келетін  аманөткелдік  Есіркепов  Молдахмет  арқылы  Кәрібөгеттің  баурайындағы  Нұралы  ахунның  бейітін  тауып, дұға  бағыштап,  тәу  етіп  қайтты. Бүгіндері  өсіп-өнген  әулеттің  бір-бір шаңырағы  болып  отырған  жиендерін  Нұралы  ахунның  аруағы  да  қолдап, демеп  жатқан  шығар. Жиендерінің де мақсаты  сол  емес пе?! Бабаның  өмір жолын  іздеп, рухын  көтеріп, өткенімізге  тағзым  ету  мақсатында алғаш рет Әміржанды тауып  хабарласқанмын. Аруақтың  қолдауы  болар, осыдан кейін  іздеген  жоғым  табылып,  бір  серпіліп  қалғандай  болдым. Осыдан  басталған сәттілік  қағаз бетіне  тарих болып төгіле берді. Сөзімді Әбіш Кекілбаевтай ғұламаның «өткенін  ес­керген  өскендіктің  белгісі, өткенін  ұмытқан  өшкендіктің  белгісі» деген  ғибратымен  аяқтағанды  жөн  көрдім. Құдайым  баршамызға  да  өсіп-өнуді  нәсіп  еткей.

Тәңірберген ДӘРМЕНОВ,

өлкетанушы.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<