ҚОСТАМНАН ШЫҚҚАН ҚАЙРАТКЕР

173

0

ҚОСТАМНАН ШЫҚҚАН ҚАЙРАТКЕРМақала кейіпкері Жүсекең – Жүсіп Бисариев ағамыз 1913
жылдың 5 мамырында Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты «Қостам» деген
елді мекендегі №17 ауылда дүниеге келіпті. Бұл жерлерде алғашқы артельдер мен
ТОЗ-дар, ұжымшар, кейіннен Абай атындағы кеңшар болып, кешегі нарыққа дейін
үлкен ауыл болып келді. Қатарынан пысықтау болып өссе керек, бала кезіндегі
Қазан төңкерісінің, одан кейінгі ақ пен
қызылдың ұрысы жайлы үзік-үзік естеліктер айтып отыратын еді.

Жастайынан хат таныды. Перовскі теміржо­лындағы депоға слесарь болып жұмысқа
тұрып, қанаты қатая түседі. Теміржолшылар училищесін бітіріп келгеннен кейін
жұмысын жалғастырып, кәнігі маман болып ысылып қалған еді. Бірақ фин соғысының алдындағы әскерге шақырту
тыныш өмірдің өрнегін бұзып жіберді. Елге оралып, паровоз машинисінің көмекшісі
болып жүргенінде, Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады.

Соғысқа да оқыған адам керек екен. Лейтенант шенін
иеленіп, Калинин майданындағы №17 гвар­диялық атқыштар дивизиясының №52
гвардиялық полкінің бір ротасын басқарады.
Ұрыстағы ерлігі жөнінде майдандас досы
П.Новиков 1975 жылдың 22 сәуірінде «Бельская правда» газетінде мақала жариялапты. Онда Жүсекеңнің қаруласы «…1942 жылдың
шілде айының басында «Гридинский» төбесін алу үшін немістер барлық техникасын
қосты. Әскеріміз жаудың қайта-қайта
шабуылына тойтарыс беріп отырды. Осы бір ауыр кезеңде ротаны жауға қарсы
көтерген Бисариевті жаудың оғы орып түсті…» деген естелік айтады.

Ағамызды өлдіге санаған қаруластары ауылға «қара
қағаз» жіберіпті. Полк командирі мен әскери комиссар, штаб бастықтары қол
қойған сол құжат әлі балаларында сақтаулы тұр. Бірақ «Қырық жыл қырғын болса
да, ажалды өледі» деген рас екен. Жауынгер Бисариев қатты жараланғанымен аман
қалған еді.

Соғыстан 2 топтағы Отан соғысының мүгедегі болып Жүсіп
ағаны жергілікті партия органдары
өздеріне қызметке шақырыпты. 1943-1946 жылдар аралығында Қызылорда облыстық партия комитеті әскери бөлімінің
әуелде нұсқаушысы болды, кейіннен бөлім басқарады. 1946-1949 жылдарда Қазалы,
Арал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне сайланады. Хатшылық
кезінде елдің экономикасы, әлеуметтік дамуына айрықша назар аудартып, білікті
мамандармен, көнекөз қариялармен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Алматыдағы жоғары
партия мектебін бітіріп, өмір
тәжірибесін біліммен толықтырған ол 1951 жылы Арал аудандық партия комитетінің
бірінші хатшысы болып тағайындалды. Майданда да, еңбекте де алдыңғы шептен
табылған Жүсекең араға екі жыл салып Сырдария аудандық атқару комитеті
төрағасының орынбасары болды. Осы қызметтен «Коммунизм», «1 Май» ұжымшарларын басқаруға жіберіледі. Бұл отызмыңдықтар бастамасы бел алған 1955 жыл
еді. Кейіннен Қызылқұм жиегінен қой
шаруашылығымен айналысатын жаңа кеңшар ашу
туралы Қазақстан Үкіметі шешім қабылдайды. Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов көп
ойланбай-ақ жаңа шаруашылық тізгінін Ж.Бисариевке ұстатыпты.

Осылайша 1964 жылдың 7 ақпанында Қызылдың қиясындағы
Сырлытам өңірінен ауылдың ірге тоқтар жеріне алғашқы қазықты Жүсекең қақты.
«Қызылқұмға шабуыл» атты мақаласында
жазушы Ұзақ Бағаев сол кездердегі Жаңадария кеңшарының ұйымдасып, өркен
жайғанын айта отырып, Ж.Бисариевтің сөзін келтіріпті: «… Алғашқы көктем
қой-қоймен өтті, одан кейінгі көктемдер той-тоймен өтіп келе жатыр». Міне, бұл
сөздерден ірге көтерген жаңа
шаруашылықтың лебі білінеді.

Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов «Қыран самғаған жерде»
атты толғауға құрылған мақаласында Жаңадария ауылының кешегісі мен бүгіні,
келешегі хақында толғанады.

… «Осы кеңшардың ең алғаш негізін қаласып, ыстығына
күйіп, суығына тоңып, сексеуілді шөлейттің ортасына қала жасаған Жүсіп оның
тарихын айтып тауыса алмайтын тәрізді.

– Екі көктем! 1964 жылдың көктемі және 1967 жылғы
көктем. Арада үш жыл ғана уақыт жатыр. Екі көктемді салыстырып көріңіз. 1964
жылдың көктемінде осы арада көшелеп тігілген он киіз үй, қатардай салған он
шалаш тұрған болса, биылғы көктемдегі көрініс мынау», – деп директор көңілінің
түкпіріндегі бір ойын ашқандай күлімдеп қарады». Қаламгерлер осылай баға берген
Жүсіп Бисариевтің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті осы Жаңадария
ауылының тірлігінен танылды деуге болар.

1969 жылы республикалық дәрежеде зейнеткерлікке шыққан
Жүсекең үйде отырып қалмай облыстық қазақ саңыраулар қоғамының оқу-өндірістік
кәсіпорынның директоры қызметінде болды. Жасы асып бара жатса да Сыр елі суармалы болғандықтан су мамандығы
бойынша сырттан оқып бітіреді.

Соғыстағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы»
орденімен, Ұлы Отан соғысының бірнеше медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар
«Еңбектегі ерекше еңбегі» үшін медальмен және «Республикаға еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атаққа ие болды.

Жүсекең қасына баласы Арыстанды ертіп 1975 жылы
Жеңістің 30-жылдық мерекесі қарсаңында майдандастарының шақыруымен Калинин
облысындағы Белый қаласына барып қайтты. Өзін өлдіге санаған қаруластары қойған
ескерткіш тақта басында суретке түсті. Осы кездесу жайлы жазған майдандас досы
П.Новиков өзінің мақаласының тақырыбын «Здравствуй, Юсуф!» деп бастапты.

Онымен қатар қызметтес болған адамдардан «Жүсекең биік
талапты, адалдық пен адамгершілікті қатар қоятын, парасатты азамат болды», –
деген жылы-жылы сөздерді естиміз.

Қандай міндеттер тапсырылса да адал және шын ниетпен
орындап, үлкен бедел иесі бола білді.

Жүсіп ағаның артында жолын жалғайтын 8 баласы қалды.
Олар Алмас, Айгүл, Арыстан, Айқын, Сәуле, Еркін, Раушан, Гүлнарлар. Әкеден қалған
азаматтық, парасат үлгісі осы балалары мен немерелерінің бойынан көрінеді.

Әрине, жақсының аты өшпейді, ізі жоғалмайды. Көзі
кетсе де, ел арасында жақсы ісі жаңғыра береді. Біз білетін Жүсекең – Жүсіп
Бисариев осындай жан еді. Мақала соңында абзал ағаның есімін ұлықтау шаралары
қолға алынса деген ұсыныс айтқым келеді. Бұл елі үшін еңбек еткен ерен тұлғаға
деген шынайы құрмет болар еді.

Мейрамбек ӘУБӘКІРҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз