ПАРТИЗАН

60

0

Жеңіс күні жақындаған сайын тарих беттерін ақтара түсеміз. «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты 1964-1967 жылдары Алматыдағы баспадан шыққан екітомдықты қолға алдық. Екінші томның 181-ші бетін ашқанда таныс есім жарқ ете қалды. Бұл – А.В.Герман атындағы 3-ші партизан бригадасының құрамындағы аралдық Көшербай Өтеновті марапатқа ұсыну екен. 1944 жылдың 19 наурызында жазылған онда былай делінген: «Өтенов 1941 жылдан партизандар қатарында болды. Танкке қарсы ататын құралдың көздеушісі дұшпанның бір самолетін атып түсіріп, бір танкісін жойып жіберді. Жазалаушы отрядтар мен экспедицияларға қарсы әлденеше ұрыстарға қатысты. Бір өзі жалпы саны 25 гитлершілді құртты. Полк командованиесі оны Үкімет наградасы «Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі партизаны» медалына ұсынады. Ұсынысқа 2-ші партизан полкінің командирі, капитан Ершов пен полктің әскери комиссары, аға лейтенант Юдченков қол қойған.
Осы томның 472-бетінде оның КПСС мүшелігіне кандидат екені, Кеңес Армиясы қатарына 1940 жылы Қарағанды қаласынан шақырылғаны, сондай-ақ 1941 жылдың қараша айында жаудың қоршауында қалған Демянскіден Ленинград аумағында фашистерге ойран салып жүрген Герман атындағы 3-ші партизан бригадасына келгені айтылады.
Хо-ш, сонымен 1920 жылы Арал ауданының «Сазды» елді мекенінде дүниеге келген Көшербай Битілеуұлының Қарағандыда жүргені қалай дейміз ғой. Осы сауалды 1969 жылдың наурызында Арал аудандық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары қызметінде жүрген Көшербай ағамыздың өзіне қойған едік. Орта бойлы, жасы елуге таяған қағілез кісі әуелі шырайлана күлді де, сосын байсалды қалпына түсіп жауап қайырды.
– Дұрыс, бәрі дұрыс, – деді отырған орындығын бізге қарай жақындата түсіп. – Айтқан деректеріңде ешбір қате жоқ, бәрі өзім өткен соқпақты жолдар. Ал әскерге басқа облыстан кетуімнің мәнісін баяндар болсам, жетіжылдықты бітіруіне Қызылордадағы «Казполиграфтрест» кәсіптік-техникалық мектепте әрі оқыдым, әрі әріп теруші болдым. О жаққа бармас та едім…
– Иә, неге?
– Өз әкем Битілеу болса, Өтен – атам. Сол кісі мың-мыңдап жылқы, қой ұстаған бай адам болған. Қызылдар байдың, молданың ұрпағына бүйедей тиді емес пе? Мені де жүндей түтті. Сосын көзтүрткі болмайын деп тайып тұрдым. Одан еш кемігенім жоқ. Оқуымды одан әрі жалғастырдым. Алматыда линотипист, Ленинградта линотипист машиналарын құрастыру нұсқаушыларын даярлайтын қысқамерзімді курсты үздік тәмамдадым. Содан Қарағанды қаласындағы облыстық баспаханаға аға линотипистікке жолдама берді. Осы арадан 1940 жылдың күзінде Эстонияға аттанып, әскери дайындықтан өтіп жаттық. 1,5 айдан кейін соғыс басталды. Механикаландырылған атқыштар полкінде едім. Желігі басылмаған жауды тайсалмай қарсы алдық. Барлаушылық қызмет атқардым. 1941 жылдың қарашасында Демянск қаласының түбінде кескілескен ұрыс болды. Жаудың үш мотоциклисін қолға түсірдік. Бірақ күш тең емес-ті. Жау сан және техника жағынан әлдеқайда басым- тұғын. Қоршауда  қалу қаупі төнгесін полк шайқаса отырып кейін шегінді…
Көшекең мен бір топ жауынгер Ленинград облысының жеріне өтеді. Онда командование бұларды арнаулы бөлімдерге қосып, жау тылында жұмыс жүргізуге дайындайды. Екі айдай Осташовка қаласында әзірліктен өткесін партизандық аймаққа шығады. Ол 3-партизан бригадасының құрамында Старая Русса, кейін Псков облысында талай рет жаумен бетпе-бет келді. 1941 жылдың қарашасынан 1944 жылдың 19 наурызына дейін 3-бригада жүргізген барлық операцияларға қатысқан ағамыз барлаушылық, танкіге қарсы күресетін бөлімде болып, рота командирі, ерекше тапсырма орындайтын бөлімше командирі қызметтерін атқарған.
Көшекең танк атқыштар взводының командирі кезінде немістердің партизандарға қарсы жазалаушы отрядты қолдайтын үш танк жібергені мәлім болды. Партизандарға орман ішіндегі әр соқпақ мәлім. Бригада командирі шақырылмаған қонақтарды қарсы алатын ұрымтал жерді белгілеп, танктерді жоюды К.Өтеновтің взводына тапсырады… Көп ұзамай екі танк, бір бронды машина көрінеді. Бұларда танк ататын екі ПТР мылтығы бар-ды. Жүз қаралы неміс солдаты жақындап келіп оқты боратты. Қимылдары батыл. Сірә, танктерге сенсе керек. Бұлар да ата бастады. Жаудың танктері де пулемет пен пушкадан оқ боратты. Бірақ мықтап бекінген партизандар оларды беттетпеді. Немістердің біразы жайрағасын, қалғаны жата-жата қалды. Енді танктер алға жылжыды. Бұ жақтан да адам шығыны болды. Осы кезде командирдің бұйрығымен партизандар бұта арасынан төбе тасасына түсті де, Көшербайдың взводы танктермен бетпе-бет келді. Ер сыналар сәт туды. Т.Өтенов алда келе жатқан бронды машинаны өткізіп жіберді де, ортадағы танкті қарауылға алып, жүз метрдей жақындағанда атып жіберді. Әлгінде ажал оғын сепкен алып машина қарақошқыл түтін құшағына еніпті. Екінші танк кейін бұрылды. Бұл тұста бронды машинаның да шаруасы біткен-ді.
Көшербайды тамыз айының уылжыған бір күнінде бригада командирі А.В.Герман штабқа шақырып,  (Герман Александр Васильевич –Кеңестер Одағының Батыры, 3-партизан бригадасын құрған  әрі оның командирі еді) бұларға қарсы немістің жазалаушы танкілері шығатыны жөнінде хабар түскенін айтты. Бұлар соны күтіп 3-4 күн жатады. Ақпарат теріс пе, танктер келмейді. Ал жата беруге азық-түлік  жағы қинайды. Елді мекендердің көбін фашистер жұтатып кеткен. Танктер емес, немістердің бір барлаушы  самолеті күнде келіп, бұларды мазақ еткендей аспанда қарақұсша қалбаңдап ұшады. Ыза болған Көшекең ПТР-ды ыңғайлап көздесе нысанаға ілінгендей. Тек атқан кезде стволды жоғары қаратып ұстап тұратын таяныш жоқ. Сосын ол: –Анатолий, – деді қасындағы ер тұлғалы жауырынды  партизанға. – Әлгі қалбағай самолет енді келсе, ПТР-дың екі таянышын сенің арқаңа сүйеп қойып атсам қайтеді, келісесің бе?
– Келісемін, жолдас командир!
Айтқандай-ақ, самолет күн көтеріле тағы келді. Анатолийді  окоп жиегіне жүрелей отырғызып, ПТР-ды оның жалпақ жауырына сүйеді. Өзі траншеяның түбіне түсіп, самолет қарауылға ілінген кезде атып жіберді. Мылтық дүмпуі Анатолийді құлатты. Бірақ еш жері зақымданбапты. Оның есесіне еңбектері қайтты. Оқ самолет кабинасынан көктей өтіп, ұшқышты сеспей қатырыпты. Осылай партизандардың көңілі бір көтеріліп қалды.
1945 жылы КПСС мүшелігіне қабылданған Көшербай Өтенов «Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі партизаны» медалімен қатар, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ленинградты қорғағаны үшін», басқа да медальдармен марапатталады. Оның партизандық жылдарда тұтынған гимнастеркасы мен белбеуі, құндағы сынған пистолеті Ленинградтағы мемлекеттік Эрмитажда сақтаулы. Ол Псков қаласы азат етілісімен облыстық баспаханаға нұсқаушы-линотипистік қызметке тапсырма алады. Содан туған жерге 1947 жылы оралып, көп жыл сауда саласында абыройлы еңбек етті. Ұл-қыз өсірді. Оның атына Арал қаласынан көше берілді. Қызы Ранай мен ұлдары Алдажар, Едіге, Елеуі әкесіне ас беріп, құран бағыштатты.
Ұлы Отан соғысында бастан-аяқ қиян-кескі шайқастарға қатысып, Аралдан жалғыз өзі «Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі партизаны атағын» иеленген Көшербай Өтеновті жерлестері лайықты мақтан ете береді.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз