ПЕРЗЕНТІҢЕ ПАНА БОЛ…

67

0

Асылзаттың өз қатарласта­рынан
көп айырмашылығы жоқ-ты. Мектеп бітірді, ел қа­тарлы кәсіптік училищеден ма­ман­дық
алды. Жұмыстан қолы тимейтін шешесінің бір жағында жүріп, үй тірлігін тастай
тын­дыратын. Өзі де қаладағы көп кафелердің біріне жұмысқа ор­наласты.
Алғашқыда бейнеті шаш етектен, дема­лысы мен жақ­сы аты  аз кафеден безе қаш­қан­дай еді, келе-келе
оған да көндікті. Қыздарының үйге түн ортасын аудыра, кей кездері таң­­мен
таласа оралатынына әке-шешесінің де еті үйренді. Ал­­ғашқы айлығын анасының қо­­лына
салғанымен, кейін өзінің де түрлі 
мәселелері туындап,  ең­бекақысы
солайымен өзіне бұйыратын болды. Сөйтіп бой-сойын түзеп, жастық дәу­рен­нің
қызығына енді бойлай бер­генінде әжесінің еркесі атанған бір жас жігіт алып
қашты. Со­ңынан барған қуғыншылар қыз­дың келісімі болғанын, жі­гіт­тің
дәулетті отбасынан шық­қанын жеткізді. 

Астында жеңіл көлігі бар,
арнайы мамандығы, тұ­рақ­ты жұмысы жоқ, әже­сінің арқа­сын­да әке-ше­ше­сіне
дегенін жүр­гізіп тұрған Әлім­жанның көп уақыты қы­дырумен өтетін. Жа­ңа ортаға
жас келіннің бей­мезгіл жү­ре­тін жұмысы ұна­мады. Ақы­ры Асылзат ата-ене­сінің,
ең бастысы, әже­сі­нің қа­лауымен жұмыстан шы­ғып, бі­рыңғай үй тірлігімен айна­лысты.
Сөйтіп жүріп бір ұл, бір қызға ана болды. Уақыт өте келе отбасының ұйытқысы бо­лып
отырған әжесі келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Онсыз да қырын
қа­бақ танытып жүрген енесі енді біржолата мұны отырса – опақ, тұрса сопақ
қылды. Оған қай ісі де жақпады, сәл нәрсені сыл­тауратып, жерден алып, жер­ге
са­лып сөгетін. Енесінің ай­туынша, бұл үй­дегі барды кү­нін зорға көріп
отырған әке-шешесіне тасиды екен. Жа­зық­сыз келінге кейде атасы араша түсетін,
алайда адуынды әйелі оның да ит терісін басына қап­тайтын. Ол аз болғандай
ақаңа той­ып келген Әлімжан әр нәр­сені желеу етіп, жиі таяққа жы­ғатынды
шығарды.
Жастық шағының сүреңсіз
өтіп жатқанына налыған Асыл­зат ащы сумен достасты. Бе­рі келе ойласа, енесі
мұны  арақ­пен ауыздандыруға өзі күш сал­ған
екен. «Менің орныма ке­лінім ішеді, біздің Асылзат жақ­сы көтереді, бұл тойда
іш­пегенде қайда ішесің” деп үнемі қолпаштап, тартып жіберуін қа­дағалап
отыратын. Күйеуінен қолдау, ата-енесінен мейірім көр­­меген жан  келе-келе бір­жо­лата ащы суға салынды.
Үй-орман, екі бала жайына қал­ды. Ырың-дырыңмен жүріп, ажы­расып тынды, бұның
ішімдікке салынғанын алға тартқан енесі екі баланы алып  қалды…
Содан бері жеті жыл өтті.
Асылзаттың  ұлы  Дәуірбек 8-ші, қызы Дана 6-шы сыныпта оқиды.
Аталары қайтыс бол­ған. Екі бала бір үйде әжесімен, аға-жеңгесімен, олардың екі
кіш­кентайымен тұрып жатыр. Өз әке-шешесі қайрылмай кетті, қай­да жүргендері де
белгісіз. Әлімжан бірде Қарағандыдан, бір­де Ақтаудан хабарласады. Кей­де
жылына, кейде екі жыл­да бір рет келіп кететіні бар. Сабаздың баласы-ай, өзі­не
жау­таңдай қараған ұл мен қы­зына назар да сал­май­­ды. Бір­де баласының бойкүй­езді­гі­не,
немкеттілігіне әбден на­лы­­ған анасы «өз қаның ғой, әң­гі­мелесіп, бауырыңа
тартсаң­шы, шешесі анау келместен кет­ті” деп ұрысқаны бар. Сон­да ба­ласы «өз
қалауың осы еді ғой, тарт енді сазайын” деп ше­ше­сіне алара қараған. Сон­дағы
ба­ласының көзіндегі өшпенділік оты жүрегін дір еткізген-ді. Со­­дан  қайтып баласына еш әң­гіме айтуға бата
алмайды. Ал Асылзат болса өзіндей ащы суға құмар бір жанға іле­сіп, әлдеқашан
елден кетіп қал­ған. Анда-санда өз анасына ха­барласып, тірлігінен хабар беріп
қояды. Балалары жайлы бір ауыз сұрамайды. Кезінде бір балалы болған, өзі кемтар
баланы бірде онда, бірде мұнда қалдырып жүріп, ақыры өлтіріп тынды.
Дәуірбек пен Дананың қа­зіргі өмірі сырт көзге жақсы
кө­рінеді. Сырттан біреу келсе, немесе бір жерге бірге барса, әжесі мен жеңгесі
екі баланың асты-үсіне түсіп, бар жағдайын жасап отырады. Әжесі мектепке де өзі
барады. Балалардың са­ба­ғының төмендеп кеткенін айт­қан мұғалімге «мен бұлар­ды
бірыңғай сабағымен отыр­ғызамын, сонда да нашар оқиды, бұл қалай?” деп
айран-асыр қа­латыны бар. Ал үйде бәрі бас­қаша. Әжесі мен ағасы, одан жеңгесі
қосыла жұмсап, бұларды бір сәтке де тындырмайды. Ау­ланы тазалау, қорадағы
азын-аулақ малды жайғау, үйдің тау­сылмайтын тірлігі, тіпті ба­ла күтімі де
бұларға қарап тұ­рады. Жеңгесінің тілі ащы «әй, жетімек, әке-шешеңнің сен­дер­ден
безгеніне мен кінәлі емеспін, ананы бүйт, мынаны сүйт” деп-ақ сілелерін тастай
қатырады. Айтқаны орындала қоймаса, аға­сының қол көтеретіні тағы бар. Араша
түсетін әжесі ме, келінімен жарыса сөгіп, қо­сыла жұмсайды. Әжесінің әр­тіс­тігіне,
екіжүзділігіне әб­ден налыған Дәуірбек кейде оңа­шада жанарына мұң ұя­ла­ған,
үй тірлігінен ығыр бол­ған қа­рындасын құшақтап үн­сіз егі­леді. Өздерін тағдыр
тал­қы­сына тастап кеткен әке-ше­ше­­сіне налиды. Кей-кейде екеуі­нің әже­лерінің
рұқсатымен на­ға­шыларына келетіні бар. Ата-әже­сі жақсы-ау, алайда мұнда да
қабағынан қар жауған келін бар. Бір-екі күн қонғаннан кейін келіннің
қас-қабағына қараған әжесі бұлардың қайтқанын қа­лап тұрады.
Жазғы каникул бітіп, жаңа оқу жылы басталар кезде
екеуі әбден қиналды. Сабақтың баста­луына бір-жеті  он күндей қалды, көршідегі балалар алған
киім-кешектерін, оқу құралдарын ай­тып бөседі, ал бұлар болса еш дайындықсыз.
Дана нағашы әже­сіне барып, оқушылық фор­­ма алынбағанын әзер жет­кіз­­ді.
Әбден жалтақ болып қал­ған жиеніне жаны ашыған нағашысы оған бірсыпыра киім,
оқу құралдарын алып берді. Ал Дәуірбек болса былтырдан қал­ған киімдерін місе
тұтты. Осындайда ата-анасынан бірдей айырылып, тас жетім болып қал­мағанына
өкінетіні бар.
Өз туған-туыстарына тірі күйік болған, өздері жайлы
бас  қатырмайтын әке-шешеден, екі­жүзді
әжеден күтер қайыры ша­малы көңілі жарым, назары пәс  тірі жетімдер осылай ержетіп келеді. Олардың
болашағы қа­лай болады, оны ешкім де бол­жай алмайды. Тек белгілісі, ащы судың
жетегінде кеткен Әлімжан мен Асылзаттың енді қайтып оралмайтыны, оларға
мейірім-шапағат сыйламайтыны және Дәуірбек пен Дананың әке-шешесіне деген
перзенттік ықы­ласының кемдігі ғана.
 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз