Құрмет төріндегі қаламгер

89

0

Құрмет төріндегі қаламгерБіз КазГУ-ге оқуға түскен тоқсаныншы жылдары бұрынғы мен бүгінгі қысқа күнде қырық қидаласып, кеңестік саясаттың ауыр пердесі сыпырыла бастаған өліара кезең еді. Күн сайын алдыңнан шығып тұратын батыстың бір кереметінен-ақ әлемдік саясатта бар салмағынан айырылып біткен КСРО-ның ғұмыры ұзаққа бармайтынын іштей сезетінбіз. Алда не күтіп тұр, болашақ қандай болмақ?  Бәрі жұмбақ. Әйтеуір, Алматының әр бұрышынан Кеңес үкіметін құрысқан кемпір-шалдың күңкілі жиі естіліп жататын еді.  Көшеде кездесе қалғандар күн сайын құнсызданып бара жатқан ақша, арзандап бара жатқан қоғам жайлы сағаттап әңгіме айтып зорға ажырайтын. Күңкілі ішіне сыймағандар ара-тұра ереуілдетіп те қояды, бірақ күні бітіп бара жатқан жүйеден «Е-е, бәрекелді, мыналарың жөн болды» деп басынан сипар ешкім таппай тағы пұшайман болады. 
Ал бізге…бәрібір еді. Арамызда коммунистік идеология сүйегіне сіңіп қалған бірен-сарандар болмаса, көпшілігіміз алда тұрған жұмбақ қоғамнан оншалықты қорқа қойғамыз жоқ. Өйткені біз жастықтың қан базарының қақ ортасында жүр едік.   
Шіркін, сол кездегі КазГУ қалашығы қандай еді! Күндіз тіршілігі онша білінбегенмен, түнге қарай қалашықтағы оншақты жатақханадан өріп шыққан мыңдаған студент әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшесінің ортасын думанға айналдыратын. Жаз шыға студент біткен қалашықтың іргесіндегі «Ботаникалық бақта» ауысады. Бақта жайқалған гүлдер кеш бата қыздардың бөлмесінде жұпар шашып тұрады. Оқуға түскен жылы-ақ қатарымыздағы біраз студент сырттай бөлімге ауысып, кейбірі күнкөріс қамымен базар жағалап кетті. Ал біз КазГУ-ді қимай қалып қойдық. Мен де басында ауылға қайтқым келіп оқталғанмын, бірақ көп кешікпей жазғы қалашықтың аспанын кернеп кетер әнді сағынатынымды түсіндім. Әсіресе, курстасымыз Біржан Үсенов  айтатын Табылдының «Күнікей» әніне өлердей ғашық едік. Ал әскерде Ауғанстанда болған Біржан қолына қару ұстаған адамға мүлдем ұқсамайды-ау. Орта бойлы, аққұба жігіт қалашықтағы қай отырыстың да гүлі болды. Кейде оның даусы журфак, енді бірде истфактың жатақханасы  жағынан шығып жататын.  
«Соғыстан қайтқан солдатымыз» Табылдының бар әнін біледі екен.  Соның ішінде  осы «Күнікейдің» орны бөлек еді. Сөзін қызылордалық ақын Шаһизада Әбдікәрімов жазыпты. Біржан сері «Он сегіз неткен ұяң жас едің, сырғақтай берем, сырғақтай…» деп сызылтса, қу қыздар майыса қалады. Ал біз бірде «Төлеген болып бекініп тұрып, Жайықты кешіп өте алмайтындығымызға» қапа боламыз, келесіде өлеңдегі он сегізді сағынып алабұртып отыратынбыз. Бір қызығы, өзіміз де тура сол жаста едік, бірақ ақынның он сегізі бізге тым ыстық, алабөтен жұмбақ көрінетін.
Айтпақшы, Шаһизада ақынды қызылордалық курстасымыз Әділ Ботпанов жақсы танитын болып шықты. Жөнін сұрап едік, езуін қисайтқан күйі «Мықты ақын әрі менің ағам» деді. Бүкіл курс шу ете түстік. Жұматай ақын құрған жыр қағанатының жас сардары Әділге аға болса  бұл Шәкең тегін болмады. Қысқасы, «Күнікейден» кейін біразымыз шаһизадатануға бел шеше кірісіп кеттік. «Ізденген жетер мұратқа» деген ғой, көп кешікпей ақынның КазГУ-дегі ізі де ақырындап шыға бастады. 
«Шәкеңнің жөнін Темірбек Қожекеевтен барып сұраңдар» дейді жоғарғы курстың студенттері. «Қожекеев келе жатыр» десе іннен-інге тығылып қашатын көрші журфактың студенттеріне  күліп жүрген бізге бұл сөз ең қатал үкімдей естілді.  
«Сәл шыдасаңдар, Шәкеңнің өзі де шаң беріп қалуы тиіс. Сессияға келетін уақыты да болып қалды» дейді ақынды жақсы танитындар. Жарты Қазақстан өлеңін жатқа айтып жүрген Шәкең ғарышты қала Байқоңырда тұратын болып шықты. Ең қызығы – сондағы жергілікті телеарнада қызмет істейтін ақын өзіміз секілді студент екен. Сол жылы журналистика факультетінде сырттай оқитын Шәкең Алматыға келмеді. Біздің аңыз болған ақынды көрсек деген талабымыз осылайша тұйыққа тірелді де қалды. 
Оқу бітіргесін дәм тартып, Қызылордаға келдік. Жолдама бойынша жергілікті университетке орналастық. Екі-үш жыл бұрын сырттай бөлімге ауысып, осындағы «Ақмешіт апталығы» газетінде қызмет етіп жатқан Әділ қарсы алды. Ара-арасында тапсырма беріп жүріп, мені газет жұмысына баулыды. Сондай күндердің бірі еді, жұмыстарымен шығып кеткен Әділдің бөлмесінде отырғанмын. Осы сәт қолында анау-мынау чемоданға бергісіз сары дипломаты бар бір жігіт ағасы келіп, Әділді сұрады. Сәлемімді самарқау алып, әйнегі қалың көзәйнегінен көзін сығырайта қарап біраз тұрды да  шығып кетті. Бәрінен бұрын оның маған іздеген адамының аты-жөнін айтпай, «Жауапты хатшы бар ма екен?» деп қызметін атағаны қызық көрінген. Сәлден кейін келген Әділге жаңағы кісі туралы айтып едім «Ә-ә, Шаһизада ағаң ғой, бүгін келуі керек еді» деді жайбарақат. Енді мен өкінейін… 
Көп ұзамай Әділдің демеуімен облыстық телеарнаға жұмысқа тұрдым. Кез-келген тақырыпты тікелей эфирде еркін жүргізе беретін бас редакторымыз Есенгелді Шілдебаевтың тапсырмасымен түсірген хабарым басшылар тарапынан мақталып, кеудеме нан пісіп жүргенде Шаһизада ағам өзі келді. Хабарды ол да көріпті, жылы пікірін айтып, арқамнан қақты. Осыдан кейін ағамен емен-жарқын араласып кеттік. 
Қасына еріп жүрген кезден байқағаным – қазақ журналистикасында ғарыш тақырыбын Шәкеңнен артық білетін адам жоқ. Статистикалық деректен өзге, ғарыш кемелері, олардың ғылымға тигізер пайдасы  жайлы таңды таңға ұрып айтуға бар. Қаламнан сүйелсаусақ болған журналист емес, кем дегенде ғарыш агенттігінің төрағасы секілді түйіндеп сөйлегенде сенбеске әддің қалмайды-ау. 
Тағы бір ерекшелігі – телевизияның ұңғыл-шұңғылын жете зерттегені. Өзі күнде мініп жүрген мәшинесінің төрт дөңгелегінен басқа темір-терсегін танымауы мүмкін, бірақ телекамераның штативінен бастап, монтажға қажетті құралдардың асай-мүсейіне дейін жатқа біледі. Сондықтан да Қызылорда еркін экономикалық аймағына қарасты қалалық телеарнаға басшы іздегенде шаһар әкімінің жас орынбасары Бауыржан Омаров сонау Байқоңырда жүрген Шәкеңді облыс орталығына жетелеп әкелді. Бірақ қайнаған тірлікке салып жіберіп, сыртынан қызықтап және қарап тұрған жоқ. Қала әкімі Бақберген Досмамбетов арқылы Байқоңырдан жылжымалы телевизиялық станция алдыртып берді. Ақынды баспаналы етті. Сол тұста бірге ашылған «ҚалаТВ» мен қалалық «Ақмешіт ақшамы» газетін жұрт «Бауыржан Омаровтың балалары» дейтін.  Осы «қос баласының» ішінде Бәукеңнің бүйрегі  «ҚалаТВ»-ға ерекше бұрды-ау, сірә… 
Кейін Шәкең бастаған телевидениеде біз де қызмет еттік. Арынды бастығымыз талай рет сүрініп кеткенімізде сүйеу болды. Талай айғайлы материалдардан кейін ентелеп жеткендерді есік алдынан қайтарып, бізге ешкімнің тісін де, тілін де тигізген жоқ. 
2000 жылдың басы еді. Қалада жаңа ғасырда туған сәбилерге арналып өтетін үлкен акцияға хабарды біз дайындадық. Сәл бұрын қаланы басқарып тұрған Бақберген Досмамбетов 2000 жылдың алғашқы минутында дүниеге келген сәбиге қаладан пәтер беретінін айтқан еді. Оны біз таспаға да түсіріп алғанбыз. Балалық қой, осыдан 1-2 ай бұрын Сенат депутаты болып сайланып кеткен Бәкеңнің сол синхронын хабарға қосып жіберіппіз. Бұл хабар баспана мәселесін жылы жауып қойғандарға ұнамай қалған, әрине. Оны акциядан қап-қара болып, түтігіп келген Шәкеңнің жүзінен бірден аңғардық. Әкімдіктегілердің талауына түссе де бастығымыз бізге ешнәрсе сездірмеді. Кейін бәрі басыла бергенде «Әй, арқарларым-ай, бір синхронмен біраз адамды дедектеттіңдер-ау» деді жәймен ғана. 
Қызылордалықтар үшін Жақсылық Бекқожаев деген есім жақсы таныс. Отыз жыл облыстық радионы басқарып, қазіргі «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасын ашқан кісі еді. Бәріміз алдынан кесе өтпей, «көкелеп» тұратынбыз.  Телевидениеде осы кісімен бір бөлімде еңбек еттік. Дүниенің қат кезі. Әсіресе темекі таптырмайды. Жұмысты жаңа бастаған біз түгіл мен деген қызметкердің өзі бір тартым темекі іздеп тентіреп кететін.  Ал көкемнің қалтасынан темекі үзілмейді. Кеңсірігіміз кепкенде күніне «Астраның» 2-3 қорабын тауысатын сол кісіні жағалаймыз. Анадайдан: «Көке, менің темекім сізде ме?» дейміз айғайлап. 
«Қазіррр, қазіррр…..» Қара шал қалбалақтап тұрып, бір қалтасынан темекі, бір қалтасынан сіріңке шығарады. Және өзі тұтатып береді. Сосын «Әй, мына темекіңді қалтама салып қояйын ба?» дейді жымың-жымың етіп. Жады сұмдық еді. Бәріміздің балаларымыздың атын жатқа білетін. «Мұрның бар болғыр, сенде шаруам жоқ, менің балам қалай?» деп сұрайтын кездескен жерде.
Осы көкемді Шәкең ерекше жақсы көрді. Аяқ астынан ауырып қалғанда баласынан бетер өбектеп күтті. Ақсақал 70 жасқа толғанда бір кафені жалдап, дастарқан жайды. Осы кеште зейнетке шыққалы ұмытыла бастағанына қамығыңқырап жүретін көкем төрде жайраңдап отырды.  Осылайша Шәки аға бізге үлкенді құрметтеудің де үлгісін көрсетті.
Қара шал анда-санда кіл көгенкөзді жинап алып: «Біздің Шәки баспасөз бен телевизияны қатар меңгерген ғой, оған ерсеңдер ертең-ақ мықты журналист боласыңдар» дейтін еді. Нағыз әулие екен. Еңбек жолын «Қала ТВ»-дан бастағандардың арасынан елімізге белгілі біраз  журналист шықты. Ал ағамның техникасын түйірлеп жинаған телеарнасы ірі медиахолдингке айналды. Өзі телевизияның тынымсыз тіршілігінің арасынан саңылау тауып, кітаптарын  шығарып, алшаң басып алпысқа жетіпті.  
Алпысыңыз құтты болсын, аға! 
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз