Роза Бағланованың ұстазы

1375

1

Ырзахан Жәлімбетов бала кезінен ән-күй мен биге бейім болып өсті. 1922 жылы Түркістан өлкесінің комсомол жетекшісі Ғани Мұратбаев туған жері Қазалыға келген сапарында жетім балалар үйіне соғады. Сонда өзінен түрі аумайтын Ырзаханның бұйра шашынан сипап тұрып: «Өнерлі екенсің, сені өзіме бала қылып алатын шығармын» депті. Бұл кез Ғанидың Бақытжан Құрманбаеваға үйленгенімен балалы болмай жүрген кезі екен. Ырзахан жастардың жалынды жетекшісінің өзінен алты-ақ жас үлкен екенін, тап сол кезде 20 жаста екенін кейін білді. Ғ.Мұратбаев ебәрі 23 жасында дүниеден озды.

Кейіпкеріміз 1908 жылы Қазалы ауданындағы №16 ауылда, қазіргі Ақтан батыр атындағы ауылында дүниеге келген. 1921 жылғы аштықта әке-шешесінен бірдей айрылып, екі жас үлкен ағасы Жұмахметпен бірге Қазалы қаласындағы жетімдер үйіне қабылданады. Қазалыдағы мектепті, сонан соң Шымкент қаласындағы ауылшаруашылық техникумын бітірген соң 1934 жылы Алматыда ашылған қазақтың тұңғыш университетіне оқуға түседі. Алайда, науқастанып қалып, елге қайтуға тура келеді. 1935 жылы сол кездегі Орынбор теміржолына қарасты №67 мектепке (қазіргі Әйтеке би кентіндегі №70 мектеп) бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Мектепте бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі болды. Өнерлі жастардың басын құрап, оркестр құрды. Өзі жетекшісі әрі дирежері болып ауылдарды аралап, концерт бере бастайды. Осылайша, Ырзахан елге өнерімен, ұйымдастырушылығымен таныла бастайды.

 1936 жыл оның өміріндегі айрықша жыл еді. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өтетін онкүндігіне Қызылорда облысынан өнерпаздар іріктеле бастағанда 14 адамның бірі болып қабылданып, белгілі әнші әрі жырау Нартай Бекежановтың басшылығымен сол кездегі Одақтың астанасына сапарлады. Мәскеуде Кремль сарайында И.Сталин бастаған партияның серкелері алдында Нартай мен Ырзахан сырнаймен ән салып, тамсандырған болатын. Осы концертте Қаныбек пен Күләш Байсейітова, биші Шара мен Құрманбек Жандарбековтер де өнер көрсеткені мәлім. Алғашқы онкүндіктен әнші Күләш КСРО Халық артисі атанып қайтты. Сапар барысында Ырзахан Жәлімбетов Нарком Т.Жүргеновпен, жыр алыбы Ж.Жабаевпен, классиктер С.Сейфуллин, Б,Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсіреповпен дәм-тұздас болды. Мәскеу сапарынан ерекше шабытпен оралған Ырзаханның алдына қойған мақсаты да үлкен еді. Алайда, алайда жазықсыз жабылған жала арманын бұзды.

1937 жылы Қиыр Шығыс өлкесіндегі корей халқы өкілдері Қазақстанға күштеп қоныс аударылғаны тарихтан мәлім. Еңбекқор корей халқын өзен жағасындағы өңірлерге орналастырады. Депортацияланған ұлттың өкілдері Қазалыға да келген болатын. Сол кезде қазақтар арасында: «кәрістер итті ғана емес, жас баланың да етін жейді екен» деген қауесет тарап кетеді. Бастауыш сынып мұғалімі Ы.Жәлімбетов мұның жалған екенін айтып шырылдағанымен ешкім құлақ аспайды. Бойларын қорқыныш билеген балаларды сабақтан соң үйлеріне жеткізу үшін мектеп директорының орынбасары Әли Рысдәулетовтан рұқсат сұрайды. Ол келісім береді, бар жазығы осы. 

Көп ұзамай «Мектеп завучы Ә.Рысдәулетов пен мұғалім Ы.Жәлімбетов ел арасына іріткі таратып, ел тыныштығын бұзып, нағыз тап жауларының әрекетін жасап жүр» деген арыз бойынша екеуі де дереу тұтқынға алынып, Счастнов №13 ғимаратында орналасқан НКВД тергеу изоляторына қамалды. Әли мен Ырзаханға «қауесетті тараттым деген айыптарыңды мойындарына алыңдар» деп қысым көрсетеді. Одан нәтиже болмағасын күш қолданады. Тергеу шарасы жылдан асқасын Әлидің жары әділдік іздеп жан-жаққа арыз жаза бастайды. Одан жауап болмағасын Орынбор қаласындағы НКВД басқармасына барып шағымданады. Көп ұзамай тексеруге арнаулы өкілдер келіп, істің ақ пен қарасын анықтайды. Сол кезде арыз жазған адам да анықталды, ол мектеп директоры Г.Муликов болып шығады.

Ырзаханның қазақ өнер қайраткерлерімен 1936 жылы Мәскеудегі декадаға қатысып келуінен туған қызғаныш еді бұл. Мұны өзі де байқап жүргенімен «директор үстімнен НКВД-ға арыз жазады» деп еш ойламапты. Арызқой  Г.Муликовтың өзі қамауға алынады. Тергеп болған соң ісін сотқа беріп, Магаданға жазасын өтеуге жіберді. Бұл дерек сол кезде НКВД-да адал қызметкерлер болғанын растайды.

Абақтыдан інісін шығарып алуға ағасы Жұмахмет келеді, 18 ай бойы жалғыз адамдық терезесі жоқ қараңғы карцерде жатқан Ырзахан күн көзі шықканда көзін қараңғылық басып құлап қалған екен. Өз-өзіне келгесін мектептегі қызметіне қосылды. Сотталып кеткен директордың орнына Әли Рысдәулетов директор болып, 1943 жылға дейін жұмыс істейді. Кейін ол Қызылордаға шақырылып, облыстық білім басқармасының басшысы болды.

Ырзаханның өмірінде тағы бір елеулі оқиға – КСРО халық артисі Роза Бағылановаға ән сабағынан дәріс беруі еді. Сырнаймен сүйемілдеп, Розаны ән айтуға талай рет машықтандырғаны зая кеткен жоқ. 1939 жылы мектепті бітірер жылы «Роза, сенен келешекте жақсы әнші шығады, бұл өнерінді тастап кетуші болма!» деуі болашақ әншіге бағдаршамдай әсер еткенін 1961 жылы мектепке ұстазы Ырзахан ағайды арнайы іздеп келгенде Роза Тәжібайқызы осы сөзін есіне түсіріп айтқан болатын.

Ол 1941 жылы Қанбибі екеуі отау құрды, 1942 жылы тұңғыш ұлы Мырзахан дүниеге келгенде соғысқа шақыру қағазын алды. Фашистік Германия мен милитаристік Жапонияға қарсы ұрыстарға қатысты. Алапат соғыс аяқталғаннан кейін де Манчжурияда әскери қызметте болды. Әскерден 1947 жылы ғана босап, туған жеріне келеді. Бейбіт өмірге араласты. Дүниеге екінші ұлы Нұржан мен қызы Қаламқас келеді.

1947-1968 жылдыры өзінің мектебінде ұстаздық етіп, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алды. Ұжымдастары үлкен құрмет көрсетіп, зейнеткерлікке шығарып салды. Қызы Қаламқастың айтуынша, Ырзаханды халық жақсы көріп, өз отбасындағы той-томалаққа арнайы шақырып отырған. Сол кезде өзімен бірге бір мектепте қызмет істеген әріптесі, есімі бүкіл Сыр бойына танымал күйші Қобылаш Жаймұратов екеуі егіз қозыдай шақырған жерден қалмайды екен. Қобылаш мандолинде, ал Ырзахан сырнайда ойнап, ән салып, кез келген тойдың сәнін келтіретін болған.

Зобалаң жылдардағы түрмедегі азапты күндер абзал азаматтың денсаулығына залал келтірді, жан жарасын қалдырды. Сондықтан кейінгі жылдары жүрегі сыр беріп жүрді. Айтулы азамат зейнетке шыққанан кейін үш жылдан соң 1971 жылдың желтоқсанында 63 жасында дүниеден озды.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<