САН ҰЛТҚА САЯ БОЛҒАН ҚҰТТЫ МЕКЕН

46

0

Сонау қиын кезеңде атамекендерін тастап қазақ елінен пана тапқан
ұлттар бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті, бірлігі мен ынтымағы жарасқан біртұтас
ел ретінде ғұмыр кешіп келеді. Міне, сондай ұлттардың бірі – түріктер. Біздің ата-бабаларымыз
да кең-байтақ қазақ даласына тұрақтап, мекеніне айналдырады. Оларға қазақ бауырларымыз қол ұшын беріп, бауырына басады. Сондықтан да
тез сіңісіп кетеді. Менің анам кезінде атақты діндар, емші болыпты. Қазір
анамның жолын ауылда Бәдир деген інісі
жалғастырып келеді. Өзім 1973 жылдан бастап ұжымшарда жүргізуші болып жұмыс істедім.
1995 жылы жеке автобус сатып алып, кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Күніне екі
мезгіл аудан орталығы – Жосалы кентіне ауылдан адам тасымалдадым.

Отбасымызда қазақы дәстүрді ұстанамыз. Жұбайым Нармина екеуміз өмірге 5 бала әкелдік. Тұңғышымыз
Дильфура – ауылдағы мектепте мұғалім. Ұлым Дунядар жүргізуші, келінім Эльмира
да ауылдың қызы. Ұлым мен келінім бізге3 немере сүйгізіп отыр. Флюрақызым Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
физика-матаматика факультетінде оқыған. Қазір Түркияда. Дилярам Алматыдағы
медициналық академияны оқып бітірген. Өзімен бірге оқыған ауылдың жігіті Русланға тұрмысқа шықты. Қазір олар да Түркияда
тұрады. Ал кенжеміз Райла Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық
университетте оқып, қазір Түркиядағы оқу орындарының бірінде магистратурада білімін жетілдіріп жүр.

Мен түрік, қазақ, орыс, өзбек және корей тілдерінде еркін
сөйлеймін. Туған елімді, бауырларымды және ана тілімді қадірлеймін. Сондықтан
туған елім – Қазақстанды ешқашан айырбастамаймын. Себебі мен осында тудым,
өсіп-өндім, отбасын құрып, баянды бақытымды таптым.

Негізінен қазақтардың қонақжайлылығына қайран қалам. Қай
кезде де ақ көңілдері секілді есіктері айқара ашық, дастархандары жаюлы тұрады.
Басқалар секілді «өзге ұлтсың» деп өзегіңнен теппейді. Қайта жақын тартады. Әр
ұлттың салты басқа деген бар ғой. Мен той жасасам, бірінші қазақы дәстүрмен
қазақ туысқандарыма арнап бөлек дастархан жаямын. Балаларыма «әрдайым туған жерлеріңді қадірлеңдер,
қай елде тұрсаңдар сол елдің тілінде
сөйлеулерің керек» деп айтып отырамын.
Бізді осындай бақытқа жергілікті халықтың, жанашыр жандардың арқасында
жеткенімізді естеріне жиі саламын. Сондықтан бір атаның баласындай болып кеткен қазақ бауырларыма алғысым
шексіз.

Былтыр ҚХА-ның ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде белгілеуді ұсынған
бастамасын бүкіл ел бірауыздан қолдады. Осылайша жаңарған һәм жаңғырған біздің
елде биыл тағы бір игі бастама жүзеге асқалы отыр. Бұл ұлт достығының басты
байлығымызға айналғандығының белгісі.

Достығы мығым елдің іргесі берік демей ме?! Өзге мемлекеттер біздің түрлі ұлт өкілдерін
бір арнаға ұйыстырып отырған қасиетімізге қайран қалады. Мен қазақ елінде өмір сүріп жатқанымды мақтан
етемін және де ризашылығымды білдіремін.

 

Бахши
БАЙРАҚТАРОВ.

Қармақшы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз