САЙЛАУ ІСІНІҢ АКАДЕИМГІ

75

0

Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне ересен еңбек етіп жүрген ағаларымыз аз емес. Солардың бірі де бірегейі – кезінде комсомол, кеңес, партия, ішкі істер органдары мен облыс әкімдігінде табаны күректей 10 жыл қалтқысыз қызмет еткен Қожамжар Ыбырайұлы Наурызбаев. Бүгінде Қожекең облыстық сайлау комиссиясының хатшысы қызметін абыройлы атқарып келеді. Сыр елінің тұрғындары оған «Сайлау ісінің академигі» деген ат қойып, айдар таққан. Содан да Қожамжарды білмейтіндер кемде-кем болар.
Қожамжар Ыбырайұлы Арал ауданының кезіндегі Шижаға ауылдық кеңесіне қарасты теміржол бойындағы №84 бекетте дүние есігін ашады. Әкесі Ыбырай ақсақал осы бекетте теміржолшы, станса кезекшісі болып, 1989 жылы дүние салды. Ыбекең – Ұлы Отан соғысының ардагері еді.
– Әкем марқұм, – дейді бізбен әңгіме үстінде ағамыз, – «Елің үшін адал қызмет етерсің. Наурызбай атаңның атына кір келтірме, қайта оның атын шығаруға күш-жігеріңді жұмса» деген аманатын қайта-қайта айтушы еді. Шүкір, әке аманатын арқалап келемін.
1959 жылы Сексеуіл стансасындағы №423 теміржол мектебінен орта білімдік дәріс алған ол Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика және математика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Ол кезде еліміздің қай жерінде маман жетіспейді, сол жерге жіберетін. Қожекең Сейілхан Орекешев, Аралбай Құрманбаев, Сыдық Бошанов есімді достарымен Шығыс Қазақстан облысына жолдамамен қызметке жіберіледі. Сонымен еңбек жолы Күршім ауданына қарасты Черняевка ауылындағы орыс-қазақ орта мектебінде физика және математика пәндерінің оқытушысы болудан бастады.
– Мектеп директоры, – дейді Қожамжар, – Багенов Қабділәшім деген өте жақсы азамат еді. Алғашында осы кісінің үйінде жатсам, кейіннен Жақия ағай мен оның жұбайы Нахан апайдың өнегелі отбасында болып, туған баласындай тәлім-тәрбие алдым. Олардың менің маңдайымды сипаған алақан жылуы бүгінгі күнге дейін кеткен жоқ, кетпейді де. Айтқандай, 2008 жылы 40 жыл өткен соң жан жарым Күлбарам екеуміз осы отбасына барып, Нахан мен Күлзипа апайлардың құшағына кенеліп, сағымданған сағынышымызды басып қайттық.
1965 жылы Күршім ауданынан Марқакөл бөлініп, өз алдына аудан болды. Осы жылдың желтоқсан айында аудандық комсомол комитетінің бірінші конференциясы өткізіліп, Қожамжар аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланады. Шығысқазақстандық жастармен үш жыл қызмет еткен Қожекеңді туған ауыл топырағының ыстығы тартады да тұрады. Ол 1968 жылы елге оралып, алдымен Қармақшы ауданындағы №105 орта мектепте мұғалім, бертін келе №199 мектепте директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Білімді де білікті, жастық жігерлі жігіт басшылардың назарына ілігіп, облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімі меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 
1972-1977 жылдар аралығында облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінде аға нұсқаушы болып қызмет атқарып жүргенде облыстық партия комитетінің бюро отырысы оны ішкі істер органына жібереді. Осы салада 15 жыл бойы қызмет еткен, атап айтар болсақ, еңбекпен түзеу колониясында бастықтың орынбасары, №1 арнаулы комендатураның бастығы, өрттен қорғау саласы қызметтерін атқарады. Бертін келе облыстық кеңесте жауапты қызметкер, облыс әкімшілігінде мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінде аға нұсқаушы, сектор меңгерушісі қызметінде болған Қожекеңнің өмірдерегінің молдығына қайран қаласыз. Ұзын сөздің қысқасы сол, ол 2002 жылы облыс әкімінің шешімімен Төтенше жағдайдағы штабтар жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік мекемесінің бастығы қызметіне тағайындалып, осы жұмыста 2012 жылдың қараша айына дейін алғаусыз атқарған.
Қожамжар Ыбырайұлына:
– Сізді Сыр аймағында білмейтін адамдар кем де-кем болар. Облыстың қайсыбір аулына барып сіз туралы сауал тастасақ, «ол кісі – сайлау ісінің академигі ғой» деген жауап аламыз. Осы жайлы бүкпесіз баян етсеңіз? – деген сауал тастағанымыз бар.
– Мен сайлау ісінің академигі деп екі кісіні айтар едім,  – дейді Қожекең. – Олар кеңестік замандағы облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі қызметін 20 жыл бойы атқарған Жиенбаев Әліпбек пен осы бөлімнің қызметкері Смағанбетов Қалжан (екеуі де бұл дүниеден озған) болатын. Мен осы ағалардан дәріс алдым, Әлекең сайлау туралы заңды жатқа айтатын.
Қожекеңнің пайымдауынша, ол кездегі сайлау науқанының шаруасы шаш етектен болған. Сайлау бюллетеньдерін әзірлеу үшін баспаханада түнейтін кездер де болатын. Қолдан терілген сайлау бюллетеньдерінің қатесін түзеу соншалықты қиын болды. Қате кетті екен, партиялық жаза «күтіп» тұратын.
Қожамжар – сонау 1972жылдан бері, яғни, 40 жылдан астам уақыт бойы сайлау ісімен тікелей араласып келе жатқан бірден-бір тұлға. Қараңыз, ол кісі Кеңестер Одағы кезіндегі сайлауды айтпағанда, 1990 жылғы 25-наурыздағы ХІІ шақырылған кезіндегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен ҚР Парламенті Мәжілісінің – жеті, Сенатының, ҚР Президентінің – бес, сондай-ақ, жергілікті мәслихаттар сайлауының бесеуіне қатысса, 2006 жылдан бүгінге дейін аудан мен ауыл әкімдерінің 25 сайлау өткізілуіне атсалысыпты. Бұған елімізде биылғы жылы алғаш рет өткізілген әкімдер (146 округ) сайлауын қосып көріңіз, қайран қаларыңызға бек сенімдемін. Жоғарыдағы сайлауларды өткізу барысында Қожекең жоғарғы органдардан бірде-бір ескерту алмаған, керісінше мақтаулар мен алғыстар жеткілікті. Содан болар, ол сайлау ісінің академигі, кәсіби шебері деуге болады.
Көп жылғы жемісті еңбегіне орай комсомолдағы атқарған қызметі үшін БЛКЖО-ның «Комсомолдағы ересен еңбегі үшін» төсбелгісімен, одан бергі ішкі істер органдарындағы қызметі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Қалтқысыз қызметі үшін» медалі мен Ішкі істер министрлігінің екі мәрте Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ «ҚР Конституциясының 10 және 20 жылдығы» мерекелік медальдарын иеленіп, Республика Президентінің құттықтауы, облыстың екі мәрте Құрмет грамотасы Орталық сайлау комиссиясы тарапынан төрт мәрте Алғыс хатымен марапатталуы жайдан-жай болмаса керек. Айтқандай, Қожамжар – Арал ауданының құрметті азаматы.
– Облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттары сенім артса, – дейді Қожекең, – әрі қарай сайлау ісіне қатысудан қашпаймын. Іскер де білікті облыстық сайлауком төрағасы Қорғанбек Қайроллаұлымен бірге қызметтес болу – мен үшін мақтаныш.
Қожекең комсомолдың ғана ардагері емес, ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар мекемесінде ондаған жылдар бойы қалтқысыз қызмет еткен. Кейде олардың өз мерекелерінде ескермей қалуы қынжылтады.
– Еңбегімді бағалап жүрген ел-халқым мен облыс басшылығына ризамын. Құдайға шүкір, 2 ұл мен 2 қыз өсіріп, жұбайым Күлбарам екеуміз сегіз немерені шөпілдете сүйіп отырған жағдайымыз бар, – дейді ол. 
Бүкіл ғұмырын елге, елдің қоғамдық-саяси өміріне арнаған ардагер ағамыздың өмірі осындай өнегелі.
Еркін ӘБІЛ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз