СЕГІЗ ҚЫРЛЫ АЗАМАТ

281

0

Өмірдің адамға сыйы – Жаратқан иемнің адам баласының маңдайына жазған тағдырының талайы, ал адамның өмірге сыйы – оның  еңбегі. Алпыстың асқарына шығып, Сырдың танымал азаматына айналған Әбілов Алдажардың ғұмыр жолына көз салсақ, жоғарыда айтқанымыздай, өмір мен оның өз сыйы домбыраның қос ішегіндей қабаттасып, сабақтасып жатқанын көресің. 

Алдажар – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол – ғалым, жазушы, спортшы да өнерпаз. Ғалым Арал ауданының Октябрь ауылдық кеңесіне қарасты «Әрем» аталатын қыстауда дүниеге келген. Құмды төбешіктер етегіне қоныс тепкен қыстауда төрт-бес үйдің түтіні түзу шығып, төрт түлік малды өрбітетін. Көнекөздердің айтуынша, мал шаруашылығы маманы болған әкесі Әбдірасулле аузын ашса жүрегі көрінетін, нұрлы жүзінен имандылық шуағы төгіліп тұратын абыз ақсақал болған көрінеді.

Иә, буыны бекіп, бұғанасы қатаймай жатып-ақ еңбекке араласқан қара домалақ бала ерте есейеді. 1964 жылы №60 Сазды сегіз жылдық мектебінің табалдырығын аттаған ол 1974 жылы №57 Шижаға орта мектебінен дәріс алып, соқпақты да тоқпақты өмір жолына қадам басады.

– Әлі есімде, – деп жалғастырды Алдажар үзілген әңгіме желісін, – 6-класта оқып жүргенімде газеттерге мақалалар жазуды қолға алдым. Сол кездегі аудандық «Толқын», облыстық «Ленин жолы» мен республикалық «Қазақстан пионері» газеттері мен «Балдырған» журналында жазбаларым жарық көріп, қуанышқа кенелгенім бар.

Еңбек жолын «Арал» кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол 1977 жылы кезінде аты дүркіреп тұрған іргелі шаңырақ – С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.

Тәлімді тәрбие алып, білім нәрімен сусындаған бозбала студенттік жылдары қоғамдық және ғылыми жұ­мыс­тарға білек түре белсене араласады. Топ старос­тасы, студенттер кеңесі мен филология факультеті студенттер ғылыми кеңесінің төрағасы болған ол ғылыми ізденістерге қадам басады. Университет оркестрінің белді мүшесі болып, әлденеше рет республикалық, одақтық шараларға қатысты. Спортпен де шұғылданды. Шаршы алаңда былғары қолғабымен жұдырықтасқан ол бокс­тан спорт шеберлігіне кандидат нормасын да иеленеді.

1982 жыл. Жоғарыда аталған оқу орнынан әдебиет­танушы (қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқыту­шысы) мамандығын алып шыққан ол Қызылорда қаласына келеді. Мұндағы жоғары оқу орнында бос қызмет орны болмаған­дықтан облыстық партия комитетінің жолдамасымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері қызметін атқарады. Келер жылы туған топырағына оралып, кезіндегі Қазақстан ЛКСМ Арал аудандық комитетіне қарасты «Арал» кеңшары комсомол комитеті хатшысы қыз­ме­тіне тағайындалған оның осы аймақта қал­дыр­ған қолтаңбасы аз емес. Ауыл жас­тарын еңбек етуге ғана емес, қоғамдық жұмыстармен егіз ұғым – өнер мен спортқа бау­луда атқарған шаруасы көп көрінеді. Оған берілген аудандық, облыстық комсомол комитеттері мен Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің «Алғыс» хаттары мен «Құрмет» грамоталары, «Бесжылдық озаты» белгісі соның айғағы.

1991 жылға дейін Арал ауданында қоғамдық ұйым­дар мен қалалық  №13 мектепте мектеп дирек­торы­ның тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін  атқарған А.Әбілов Н.Гоголь атындағы Қызыл­орда педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасына оқытушы болып келеді. Қос тілді де, яғни, орыс пен қазақ тілін жетік меңгерген маман кадр бөліміндегі аудармашылық қызметті қоса атқарады. Бірыңғай ғылым мен шығармашылыққа бетбұрыс жасаған ол ә дегеннен-ақ іс жүргізу құжаттарын мемлекеттік тілге көшіру ісіне аймақта алғашқылардың бірі болып атсалысады. Жоғары оқу орнында «Сыр түлегі» атты жаңа басылым ашылып, алғашқы редакторы болады.

Жоғарыда айтқандай, бірыңғай тіл ғылымына бетбұрыс жасаған ғалымның қызметтік сатысы да өрлей түседі. Қатардағы оқытушылық қызметтен ғылыми жұмысын бастаған ол бертін келе аға оқытушы, факультет деканының орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2004 жылы ғылыми-зерттеу жұмысына байланысты аға ғылыми қызметке барған ғалым 2006 жылдан осы кезге дейін қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті. Сондай-ақ, ол облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді дамыту өңірлік орталығы ғылыми-әдістемелік кеңесі мүшесі және тілдік мамандықтар бойынша академиялық кеңес төрағасы. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі А.Әбілов 1997 жылы көркем аударма теория­сы бойынша ғылыми диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Оның 170 ғылыми-танымдық, оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрген. Сондай-ақ, бір монографиясы, алты оқу құралы, екі электронды оқу құралы, екі әдістемелік құралы мен төрт танымдық-зерттеу еңбектері бар. Ғалымның бірнеше ондаған ғылыми-зерттеу ­материалдары республикалық ғылыми ба­сы­лымдарда ­жарияланса, онға жуық мақаласы Прага, Анкара, Мәскеу, Невинномысск қалалары мен Корей елінің бас­паларында жарық көрген. Ол көптеген халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндама жасап, 25 кандидаттық, 2 докторлық диссертацияға пікір жазса, 3 ғылыми диссертацияға ресми оппонент болды. Оның жетекшілігімен 8 магистрлік диссертацияның қорғалуы да тектен-тек болмаса керек.

Оның екі томдық «Зауалы» мен «Әнсатбай хикаялары» және «Жүзік» әңгімелер жинағы оқырман олжасына айналды. Бұл кітаптарға «Зауал», «Алаяқ» повестері енген. Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті мен басқа да басылымдарда «Жүзік», «Көк орамал», «Нала», «Дүкенбай көңі», тағы да басқа отыздан астам әңгімелері жарияланған. Сондай-ақ, автордың «Нұрмағанбет Қосжанұлы», «Сыр сақшыларының мектебі», «Сыр руханияты» атты зерттеу еңбектері, «Спорт терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», «Қазақ фольклоры және дәстүр сабақтастығы» атты оқу құралдары мен «Көркем аударма шеберлігі» атты монографиясы жарыққа шықты. 

Алдажардың тағы бір қыры – ақындығы. Өлең-жырлары мерзімді баспасөзде дүркін-дүркін жарияланып та жүр. Менің пайымдауымша, қайсыбір ақын болмасын өз шындығын иман-шарт тұтады, өзінің шыққан шоқысын шыңға балайды. Әнге арналған мәтіндері де жетерлік екен. Оның сазгерлер Ж.Өтемісов, А.Сералиев, К.Нұралиевтердің әуендеріне арнап жазылған. «Қазақстан», «Туған жер», «Әділет қызметкерлерінің маршы» әндері сахна төрінен орнықты орын алған.

Оның сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып қалыптасуына өнегелі отбасы шуағының шапағаты тиген болар. Тәубешіл азаматтың осындай дәрежеге жетіп, өсіп, өркен жаюына бірден-бір жағдай жасап, қолдау болған құдай қосқан қосағы – Жаңыл Қашақбаева. Алматы теміржол институтынан дәріс алған ол жиырма жылдан аса уақыт осы салада еңбек етсе, бертін келе Қызылорда агротехникалық колледжінде теміржол мамандығы бойынша оқытушы болып қызмет атқарды. Қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып, отбасының бірлігі мен берекесін сақтаған олардың ұяларынан алтын асықтай ұл мен қызғалдақтай қыздар өмірге келіп, әкесі мен анасы салған өмір жолымен жаза баспай жүріп келеді.

Үлкендері Гүлсая Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетін қызыл дипломмен және осы оқу орнының магистратурасын үздік дипломмен бітіріп, «Әлем әдебиеті» журналы мен «7 арнада» қызмет атқарады. Ал, Гүлзада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетін қызыл дипломмен және осы оқу орнының магистратурасын үздік тәмам етіп, бүгінде Транспорт және технология колледжінде ұстаздық етеді. Құдай қосқан қосағы Руслан – әскери қызметкер. Кенжесі Бекмұхамед Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттен дәріс алып, Президенттік стипендия иегері атанған. Қазір ішкі істер органдарында қызмет етіп жүр.

Әне, салмақты да сабырлы, үлкенге ізет, кішіге шапағат етуді өзіне парыз етіп, алпыс жастың асқар тауына шаң жуытпай шыққан Алдажар жайраңдай күліп, жайсаңдай басып жүріп келеді. Қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан азаматқа әрдайым табыс тілейміз.

 

Еркін ӘБІЛ.

Халықаралық Жазушылар 

одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз