Сергек саналы буын өсіп келеді

129

0

Сергек саналы буын өсіп келеді

«Соңғы уақытта бізде тез баюға асығатындар көп секілді. Оңай жолмен келген ақша қалай келсе, солай кетеді. Иә, ақша белгілі бір деңгейде сені тәуелсіз етеді. Бірақ уақытша ғана. Ал кәсіби шеберлігің мен ақылыңды сенен ешкім тартып ала алмайды. Өз ісіңнің шебері болсаң ғана, сені бағалап, құрметтейді». Мемлекет басшысының бір жолы жас­тарды осылай қайрағаны бар. Расымен. Тегін ірімшік тек қақпанда болмаушы ма еді?!
Жастар тақырыбына арналған жаңа айдар елге еңбегімен танылған тұлғалардың ой-таразысын әрі қарай жалғастырады. Ал бүгінгі сұхбат желісінде туған жеріне қалтқысыз қызмет еткен Алмагүл Божанова жұмысшы мамандығы мен еңбек адамының беделін көтеру мәселесін жастар жайымен сабақтастыра отырып ұсыныс-пікірлерін ортаға салады.
– Кешегі кеңес өкіметінің тұсында абыройы асқақтап тұрған еңбек адамдарын осы күні жеткілікті дәрежеде елей алып жүрміз бе?
– Кеңес өкіметін көбі сынап-мінеп жатады ғой. Бірақ әр заманның тәлімі, сабағы болады. Ол кезең еңбек адамдарын шыңға шығара білгенімен үлгілі дер едім. Сауыншы, малшы, күрішші, механизаторларды қоғам қатты құрметтейтін, дәріптейтін. Олар жоғары дәрежеге дейін жетті. Жоғарғы кеңес депутаты, съезд делегаты болды. Кейбіреулер «еңбек адамы ол жерде не айта алады?» деп ойлауы мүмкін. Жоқ, керісінше. Олар еңбек те етті, оқыды да, үлкен ортаға барғасын ойы да, өресі де жоғары болды. Биік мінберлерде туған жердің мәселесін көтере білді. Жаңа қоғам орнағаннан кейін білім, ой еңбегімен айналысатындар алға шықты да, нағыз еңбек адамдары ысырыла бастады. Ауқымды реформалар, жаңа технологиялар мен индустриялық-инновациялық жобалар заманында, бәрі автоматтандырылған тұста еңбектің формасы қоса өзгерді. Ол бұрынғыдай кетпенмен шөп шабу, отыра қалып сиыр сауу, үсті-басыңды май-май қылып мәшине жөндеу емес. Ғылыми жаңалықтар жағынан кенже қалып келе жатқан сала ауыл шаруашылығы десек, оның өзінен біршама өзгерісті көз көріп жүр. Егіс даласына шетелдік жаңа комбайн, жаткалар келді. Еңбек дегеніміздің өзі – өмір бойы талмай-тынбай іздену. Демек, біз дене мен ой еңбегін бір-бірінен бөліп-жара алмаймыз. Кім-кім үшін де басқаратын саласы, қорғаған ғылыми еңбегі немесе жазған кітабы үлкен күш-жігер жұмсаудың арқасында келеді. Есіңде бар шығар, шамалы уақыт бұрын Мемлекет басшысының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» деген бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Еңбекке құрмет әлсіреген кезде Елбасының бұл идеясы қоғам үшін жақсы қозғау болды.
– Иә, бұлттың арасынан күн шыққандай әсер еткені рас…
– Дұрыс айтасың. Олай болатын жөні бар. Жастар аты дардай мамандықтарда оқуға үйір боп алды. Енді кеп бір ғана құрылысқа кәсіби сылақшы, сырлаушы, бетон құюшыларды жеткізе алмай жатырмыз. Ал әлгі «авторитетный» мамандық алғандардың дипломы қалтасында, бәріне бірдей заңгер, экономист болу қайда?! Екінші мәселе, омырауы орден-медальдарға толы еңбек адамдары біршама уақыт бойы елеусіз қалды. Сондықтан Президенттің мақаласы ойымызды дөп басқан, дер шағында жасалған игі қадам болды. Кәсіптік-техникалық мамандықтар қайтадан түлеп, қара жұмыстың арқасында нан тауып жүрген кісілерге құрмет арта түсті. Өткен дә¬уірдің естелігін қайта жаңғыртқандай болдық. Келер жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандықтар тегін оқытылмақ. Міне, осы орайда КТМ-дардың беделін, материалдық-техникалық базасын көтеру қажеттілігі айқын сезіледі. Кезек күткен мәселелер неғұрлым тезірек шешілсе, жастардың бетін бері бұру соғұрлым оңайырақ болады. Президенттің мақаласы жарияланған соң біз аудан-ауданды аралап, кеңес одағы кезінде атақ-даңқтан кенде болмаған, бірақ жаңа қоғам орнаған тұста тасада қалып қойған еңбек адамдарын жарыққа шығара бастадық. Ол кісілерді үлгі ете отырып, жастармен кездестіріп, ұрпақтар сабақтастығына сеп болып келеміз. 
– Елең-алаң шақта жұрттың көбі ауылдан қалаға ағылды ғой. Енді кеп «Дипломмен – ауылға!» тартуға мәжбүрміз. Кіндік қанымыз тамған өлкені тағы қалай түлете аламыз? «Қазақ ауылының болашағы» дегенде, көз алдыңызға не келеді?
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы әуел¬гіде негізінен мұғалімдер мен дәрігерлерді қамтыды. Ал механизатор, инженер, гидротехник, мал дәрігері, зоотехник сияқты мамандар ауыл өмірі үшін ауадай қажет. Қазіргі күні осы тапшылық ақырындап жойылып келеді. Оқу бітірген соң туған елге келіп еңбек етуге бекінген жастарға көрсетілетін мемлекеттік көмек пен жеңілдікті бұрынғыдан бетер арттырса, үлкен мотивация болар еді. Нарықтық экономика қалыптаса бастаған 2003-2005 жылдар елімізде «Ауыл жылы» болып жарияланғанын білесің. Қомақты қаражат бөлінгенінің арқасында ауылдар асфальтталып, электр энергиясы тартылып, мектептер мен балабақшалар салынып, ажары кіріп қалды. Ал осы күні «тірек елді мекендер» деген ұғым пайда болды. Облыс бойынша осы тізімге енген әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары немесе орташа ауылдарда біршама жұмыс жүргізілуде. Дәл осы қарқынмен жалғаса берсе, ауылдың болашағы жарқын. 
– Елде жұмысшы мамандығының беделін көтеруге енді мән беріле бастады. Қара жұмыс істегеннен кеміп қалмайтынын жас буынның санасына қалай сіңіруге болады?
– Бұл жерде бір ғана мәселені алға тартқым келеді. Кәсіптік мектептерде, колледждерде өндірістік тәжірибенің ролі әлсіреп кетті қазір. Тәжірибеден өт¬кені жөнінде анықтама ғана алып, өндірісті көрмей қайтып келетін жағдайлар кездеседі. Ал егер ол шынайы ұйымдастырылып, оқушы немесе студент мамандығына қатысты жайттарды тәжірибе жүзінде көріп, көңілге бірдеңе түйген болса, өзі-ақ қызығып, үсті-үстіне білгісі кеп ұмтылар еді. Қазалыда, мысалы, сүт өнімдерін шығаратын зауыт бар. Онда түгелдей дерлік автоматтандырылған жүйе. Сиырды сауғаннан бастап қорапқа құйып, халыққа дайын күйінде ұсынғанға дейін. Егіс алқаптарында осы заманғы комбайндар мен тракторлар жүр. Баяғы «Нива» емес, жөндегенде киімің майдан көрінбей қалатын. Жастарды осындай орындарға апару керек. Еңбектің түр-тұрпаты баяғыдан әлдеқайда басқаша екеніне бала көз жеткізуі тиіс. 
– Мемлекет басшысы айтқандай, бәрі бірдей академик, профессор немесе бизнесмен бола бермейді. Сөйте тұра, балаларымыздың жылы, жұмсақ жерде отырғанын жақсы көреміз. Сіз енді мұғалімсіз, ата-ананың ұл-қызының мамандық таңдауына араласқанына қалай қарайсыз?
– Қалай оқитынына, қарым-қабілетіне қарамастан балаға жоғары білім алып беру, соған тыраштану қазаққа тән қасиет сияқты. Әр баланың икемі әртүрлі. «Үштің» о жақ-бұ жағында жүрген кейбір оқушылар есейгенде кіл «беске» оқитын баладан асып түсуі мүмкін. Ал біз «менің балам шет елде оқуы керек», «менің балам сот болуы керек» деген қасаң қағидамен, керісінше, баланың мүмкіндігін шектеп отырғанымызды сезбейміз. Әркім өз қалауына қарай таңдау жасауы керек. Сынақтан өтпеген жағдайда қолындағы барын сатып, банктен қарыз алып, ақылы оқуға сүйреп апарғандағы еңбегін ақтамаса, соншама уақыт пен ақша шығындап қажеті не?! 
– Қарап тұрсаңыз, қарауыл, даяшы не таксист боп жүргендердің дені – қазақтар. Бұдан нені көресіз?
– Облысты мекендегендердің түгелге жуығы қазақтар болғандықтан қандастарымыздың әр салада төбе көрсетуі – заңды құбылыс. Жалқаулықтың да барын жасыра алмайсың. Бүгін бітіретін тірлікті ертеңге қалдыру, оңай жерден нан табу сияқты көріністер арагідік болса да кездеседі. Бірақ онымен халықты жаппай жағымсыз етіп көрсетуге болмайды. 
– Тепсе, темір үзетін жасқа келсе де, әке-шешесіне масыл болып отырған заман¬дастарымыз бар. Оларды «тәрбиелеудің» қан¬дай амалдарын ұсынар едіңіз? 
– Ол былай ғой. Бір адамдар бар, ештеңеге басын ауыртқысы келмейді. Біреулер бар, жұмысқа әзер қолы жеткенде жауапкершілігі мен қиындығына шыдамай шығып кетеді. Өмір сүру салты бұзылған осындай категориядағы жігіттерді түзеу үшін ата-ана, қоғамдық ұйымдар түгел жұмылғаны жөн. Есебін тауып оларды тұңғиықтан алып шығатын жолды бірігіп іздеуге тиіспіз. Үлкендердің өзінен кейінгіге көңілі толмауы – қай заманда да қалмайтын үрдіс. Менің өзім кейде «ой, қазіргі жастар…» деп айтып қаламын. Бірақ көп жағдайда сергек саналы буын өсіп, қалыптасып келе жатқаны қуантады. 
– Ал жұмысшыларды дайындайтын білім орындарының сапасына көңіліңіз тола ма?
– Толықтыратын тұстары әлі баршылық. Сондықтан оқу орындарының ұжымы өздерінің материалдық-техникалық, білім сапасына тұрақты сараптама жасап отыруы тиіс. Сөйтіп, тиісті орындардың алдында мәселе көтеру арқылы ғана ақырындап жоғын түгендеп, кем-кетігін бүтіндей алады. 
– Жұмыссыздықтың басты себебі мен шешімі қандай?
– Бар мәселе – сұраныс пен ұсыныстың қай¬шылығында. Елбасының оңтүстік өңір жас¬тарын «Серпін» бағдарламасымен солтүстік аймақтарға, облыс әкімінің сырбойылық қыз-жігіттерді жолдамамен Ресейдегі оқу орындарына жіберіп, қажетті мамандар қатарын толықтыруға қадам жасағаны көңіл қуантады. Міне, осындай шаралар жұмыссыздықтың шешімі бола алады. 
– Жастардың қамы деп жүрген еңбегіңіз нәтижелі болсын. Рахмет!
Әңгімелескен 
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз