ҮШ КЕЗДЕСУ (эссе)

153

0

«Тура тоғызда келемін деп еді. Екі сағат болды, әлі жоқ. Денсаулығы қалай екен өзінің. Баратын жері де бар еді. Оу, бұл Әукеңдер не көрмеді сұрқай тіршілікте. Сол жаманшылық жылдары екі ағасы бірдей атылып кетті. Өзі әйтеуір дәм-тұз бұйырып аман қалды. Аты-жөнін өзгертіп, Қарақалпақ асты. Сол жақтың нан-тұзы бұйырып, әйтеуір аман қайтты. Қазақ ғалымы, қазақ ауыз әдебиетінің тұнығы, сарқырап аққан Сырдариясы ғой бұл кісілер». Шахмардан сағатына қарады. Уақыттың тілі таңғы оннан асып барады. Бір елдің Ғылым академиясының басшысына істер іс аз ба еді? – «Тағы бір жарты сағат күтейін. Денсаулығы сыр беріп жүрген жоқ па екен ағамыздың?». Өзінің іс қағаздарын аударыстырып, қол қоятынына қол қойып, күн дүйсенбі болғасын үлкен ұжымның тәртібіне бағынып, тағы да сағатына қарады.
Батыр тұлғалы, кең маңдайлы, қара бұйра шашты Президент бөлмесінен шығып, терезе алдында арлы-берлі жүргенде, бірінші қабатта сүйріктей баланы соңына ерткен, сәл еңкіш тартқан кісіні көзі шалып қалды. Президентпін деп шалқақтамай, төмендегі Ғылым академиясы мұражайына түсіп қарап еді, өзі сарғая күтіп отырған сұңғыла ғалымды көрді. Қасында баласы. Өзінің академияға алғаш келуі, мұражайдың қызығына бойлап кіріп кеткен, «Президент мені күтеді-ау» деген ой қаперінде жоқ, дәл бір мұражайды аралау үшін келгендей. Шахмардан ғұлама ғалымды көрді де, Сыр бойынан келген ағасына еркелей қарады.
– Әуке-ау, сізді тосып тұрмын ғой, – деді назданып.
– Мына мұражайды аттап өте алмадым, – деп өзіне тән Әуелбектік мінез-құлықпен академикті жаңа көргендей соңынан ерді.
Екеуі еркін сөйлесті. Дүйсенбіде жоғары жақтың тосын жиындарына асыққан Президент бәрін артқа қалдырып, ағасының сауалдарына жауап берді, ауыз әдебиетінің мәселелеріне сай өзін толғандырған салаларға тәптіштеп жауап қайтарып, кейбірін ақ қағазға түртіп ап болашаққа бағдар жасады. Бұл бір өмірі естен кетпейтін кездесу болды. Академияның мұражайында өмірі болмағанын айтып, шығып бара жатқанда, Әукеңді өз қолымен мұражай қызметкерлеріне тапсырып, сырбаз ғалым Академия мұражайында ұзақ тұрып, ұзақ сыр бөлісті. Қасындағы менің құрдасым – сол кездегі он үш жасар перзенті, өмірге сырлы көзқараспен қызыға қараған періште бала, ауыз әдебиетінің болашақ білгірі Тынысбек Қоңыратбаев та бұл кездесуді өмірінің жарқын көрінісіндей қылып айтып жүреді. Әуелбек Қоңыратбаев пен Ғылым академиясының Президенті Шахмардан Есеновтің ел-жұрттың есінде қалған бір кездесуі осылай болған еді. Сол сәтті кезі келгенде өмір толқынындай тағы да еске салып отырмыз.
Адам өмірі аққан бұлақ секілді. Бұлақ суының сарқырап аққан сұлу сәттері де болады, тойырқап қалған тосаң кездерін көргенде жер мен суға таңғала қарайсың. Оған ешкім өкінбейді, әсіресе, тұңғиығы терең жаратылыстар мұндай буырқаныста өздерін биік санайды. Ғылымға қосқан үлесі мен адам тәрбиелеп алға шыққан асқар таудай мұраты оның мәртебесін қашан да биік көрсетті, тау халықтарындай қызметке қолдың кірі деп қарайтын сұңғыла пейілін ел-жұртына паш етті. Ғылым академиясының Президенттігі лауазымынан босап, екінші мәрте Геология министрі боп атқа қонып, қызметті жаңаша бастағанда, басқалар болса төмен баспалдақты қалай бастаймын деп дағдарып қалар еді. Ол өйткен жоқ. Қырықтың о жақ бұ жағында ел билеп министр болды, талайды тәрбиелеп таққа қондырды. Ең бастысы, тау мен тасқа ие болып, елінің тұла бойында жатқан қазба байлыққа бас иелік жаса деп, елі өзіне сенім артты. Бұл болса, дана көзқараспен бәріне оң баға беріп, болашаққа оң сапар жасады. Үлкен ұлт өкілдері үш мүшел жасап, ғылымда кемеңгерлік көрсетіп, елінің тауы мен тасындағы тосын таңғажайыптарға бәрін тәнті қылған жап-жас жігіттің кемеңгерлігіне бас шұлғып, Лениндік сыйлық берді. Одан артық не керек?! Шетелден келгендер де оң сөзін айтып, әділ бағамен тау мен тасқа тіл бітіріп, қосшы болды.
Бірақ, өзімізде ділмардың да тілін кескен қарау сөз бар. Итжығыста жүргенде сәйгүлік мінгендер ештеңеге бағынбай, арқырай шауып, әділ сөзге құлақ аспай, бәрі далада қалады. Ғұлама ғалымның сөзін де ешкім құлаққа ілмей, өзі өскен Сырдарияның иен даласындағы изен мен жусан секілді боз далада бір өзі ойға шомды. Бірақ шетелдік ғұламалар Шахмарданның тау мен тасты бағындырған кемеңгерлігіне тәнті болып, қазақ ғылымы үшін оның сөзі әділ сөз болып, соңғы сәтті күтіп қала берді.
Ол қызмет ауыстырған күні үйіне өзен жағалап жаяу қайтты. Геология министрлігінің бәкене сарғыш мекемесінен шыққан соң, сарқырап аққан Жетісу өзенін жағалап, биікке қарай жаяу өрледі. Жолай Шоқанның ескерткішіне бұрылды. Отыз жыл өмір сүрген біртуар ғұмырын қазаққа арнап, қиын жолдан аман келіп, ақыры, қайтпас сапарға аттанды. Артында Шоқан есімі қалды. Осы жолы көптен бас бұра алмай жүрген әйгілілердің басына соқты. Жаяу жол оны тас мүсіндермен тағы да табыстырды. Өзінің ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаевтың алдына барып, тағзым етті. Ақталып, адалдығын білдірмесе де, дүние жалғанда тек ақ жолмен келе жатқанын айтқандай болды. Тас пен адамның тіл табысып, ұлы мұратқа қол жеткізгенін ұстазының тіршілігінен таныды. Бұрылып Әлкей Марғұланмен тілдесіп, ілкі сәтте көп нәрсені көз алдына әкелді. Өзі Президент кезінде біраз нәрсені алға салып, қазақ тарихын сөз қылып, мүмкіндікке жол ашқан осы бір адамға тәу етті. Сосын сарқырап аққан тау өзеніне ілесіп, үйіне қарай жол шекті.
Шахмарданның ағаларымен өткенді емен-жарқын сыр ғып шертіп, өмірге баға берген сәттері де аз емес. Аттан түспеген асыл адамның жан-дүниесі де асыл, ол қашан да заманның ыңғайына жығылған біртуар еді. Әркім әртүрлі айтады. Ол үлкенді маңдайдан сипаған аға, кішіге жанашыр іні болды. Көп жұрт одан аттан түскен күні сырт айналса, ол өзінің азаматтық бейнесін сақтап қалды. Ол кәдімгі қара кетпенмен күріш егіп, болатпен шойын қорытқан қара қазақтың біртуар баласы еді. Шахмардан Есенов тұлғасы аттан түскенде әйгілі болды. Оны бәрі біледі, көз көрген, кісі танитындар ол туралы жаман сөз айтып, ер-азаматтың кісілік болмысын аяққа таптаған емес.
Өзім куә болған тағы бір көрініс – мен шаңырақ көтергенде құдалығыма Шиеліден әкелерім Ыбырай Жақаев пен Сыздық Боқаев келді. Солар келді дегесін Әбділда Тәжібаев пен Мұхамеджан Қаратаев алып-ұшып жетті. Қазақ политехникалық институтында кафедра меңгерушісі болып істейтін Шахмардан Есенов те келді ауылдан келген әкелерін көргісі кеп. Бәрі «Кімсің – Шахмардан» болған ел ағасын төрге шақырды, бірақ «төр сіздердікі» деп, Әбділда мен Мұхамеджан ағаларын жоғары шығарды. Өткен-кеткеннен әңгіме шертілді. Ыбырай мен Сыздық – Шахмарданның әкесі Жорабектің көзін көрген XIX ғасырдың азаматтары. Әкесі туралы қос ақсақалдан көп сұрап, кезінде өзі жәутеңдеп айта алмай кеткен жайттарға көз жеткізді. Әкесі Жорабек ақсақал жан сауғалап қырғыз бойына қашып бара жатқанда Тараз тұсында ұсталып, атылып кетіпті. «Өзіміз көрдік, Жорабектің тірі бейнесі өзіңсің, апырым-ай, бала күнгі бейнесі өзіңсің ғой» деп, Ыбырай қатты таңырқап, таңғалды. Әбділда болса, ақындық сезімі бойына сыймай, шабыт буып: «Әлі бәрін айтамыз ғой» деп, әрлі-берлі жүріп алды.
Шахмардан:
– Cағат он екіде студенттерге беретін сабағым бар еді, соған асығып отырмын, – деп рұқсат сұрады. – Ертең үйден шай ішіп, сыбағаларыңызды жейсіздер, – деп жігіттік сөзін айтты.
– Өзіңізді көрдік, Жорабектің бейнесімен беттестік. Іздеп келіп, сәлем бергеніңе мың да бір ризамыз. Ертең жүреміз. Мына баламыздың құдалығына келіп едік ғой, бір-біріңе бас-көз болып жүріңдер, – деп әкелерім маған қарады.
Шахмарданның үлкендерге телмірген тосын бейнесі көз алдымда.
Өмірдің үш көрінісі осындай…
…Біреу кетіп барады. Ол да ғасырдың дәмін татқан, қазақ болып аты қалған бір пенде.
Көлең-көлең етіп біреу кетіп барады. Біреуге ерте, біреуге кеш пәни жалған. Бірақ, оның айтары көп біреу.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз