ШАБАРМАННЫҢ ШАҒЫМЫ

68

0

Елшекен  байдың екі шабарманы бар еді. Бірі – Ақан, екіншісі –Жақып-ты. Сол Жақып ауыл биі Байғабылға шағым айта келіпті. Байекең кіші тоқалы Айсұлу құйған қызыл күрең шайды терлеп-тепшіп ішіп, жібек орамалымен әлсін-әлі сүртініп отырған-ды. Киіз үйге асығыс, ентелей кірген шабарманның жүрісін жақтырмаса да сабырлық сақтап:
– Ал, жігітім, сөйлей отыр? – дейді.
– Биеке-ау, – деді Жақып жыламсырып, – мына  Елшекен бай еңбек ақымды үнемі кемітіп, табысымды дұрыс төлемейді.
– Сонда қалай, ашып айтшы, – деді би Айсұлуына көз қиығын тастап қойып:
– Байда екі шабарман бармыз. Атқаратын жұмысымыз бірдей. Бірақ Ақанға көп, маған аз береді. Мәселен, айына Ақанға 150 теңге шықса, маған жүз теңгеден асырмайды. Ылғи осылай.
– Байдың өзіне айттың ба, ол не дейді?
– Айттым ғой. Құлақ түрмейді. «Бала-шағаңды аяймын, әйтпесе астыңдағы қара жорғаны тартып алып, өзіңді қуып жіберер едім» деп те сілкінеді.
«Апырай ә, апырай ә» деп іштей біраз ойланып отырған бидің көзі жазғы жайлауға келіп қонып жатқан шұбаған көшке түсті де:
– Әй Жақып, біліп келші, анау не көш екен? – деді.
Жақып қара жорғаға  міне жөнелді. Барып келді де:
– Базарға мал айдаған көш екен, – деді.
– Нендей мал?
Жақып тағы жөнелді. Барып келіп:
– Ірі қара мен майда жандық деседі.
– Өздері қай жақтан екен?
Жақып тағы жөнеледі. Барып келіп:
– Мына іргелес жатқан арғындар екен, – дейді.
– Көшбасшысының аты-жөнін білдің бе?
Жақып тағы шаба жөнеледі. Барып келіп:
– Ізбасқанның Жеткері екен, – дейді.
Осылайша Жақып 7-8 рет барып келгесін:
– Сен енді отыр, дем ал, шай іш, – дейді  би салқындау ғана.
Сосын тоқалына бұрылып:
– Қосшы баланы Ақанға жіберші, тез келсін,– дейді.
Ақан келеді. Бұл кезде Байғабыл би киіз үйдің көлеңкесіне көрпе салдырып, құс жастыққа қисайып жатыр еді. Ақанның аты семіз, Жақыптың қара жорғасы зорыққан, жүдеу. Бұл қалай, а?
– Биеке, сіздің шақыруыңызбен жедел келіп тұрмын, –деді 
Ақан шабарман тізесін бүгіп.
– А-а, келіп қалдың ба? Иә, иә… Кел, кел. 
Би көк жиекке көз тастап ұзақ отырды. Тамыз айы тамылжып тұр. Айнала тып-тыныш. Осы ұзағынан болғай деп, күбірлеп дұға оқи ма қалай? Ақанның жанына Жақып келіп жайғасты. Үн жоқ, көңілі бәс. Бидің  Ақанды неге шақырғанын біле алмай әлек. Би болса шешім айтарға асығар емес. Сүт пісірімдей уақыт өткенде барып, жастықтан басын көтерген Байғабыл би Ақанға тіктеліп қарап:
– Ан-ау, от жағып, көкорай шалғынға қос тіккен көшті көрдің бе, барып соның жай-жапсарын біліп келші, – деді.
– Ләппай тақсыр, – деп  Ақан басын иді де, атына лып етіп қарғып мінді. Жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, қайта оралып, Жақанның 7-8 рет барып әкелген жауабын бір барғанда-ақ сарт-сарт еткізіп айтып шықты. Би разы болып:
– Рахмет, айналайын, рахмет. Бақытты бол, – деп батасын берді.
Ақан кеткесін жер шұқылып отырған Жақанға қарап:
– Жақан шырақ, енді түсіндің бе? Жігіт болсаң, Ақандай бол, –  деп Байғабыл би орнынан тұрды.
Жақан басы салбырап, зорығып күйі кеткен атына қарай ілбіп бара жатты.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз