ШАХМАРДАН – ДАРЫНДЫ ҒАЛЫМ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

194

0

Қазақстан Ғылым академиясы тарихында бірнеше ірі ғалымдар оның президенті болды. Солардың ішінде Қаныш Сәтбаев пен Шахмардан Есеновтың орны бөлек. Екеуі де геолог. Бірі – Қазақстан Академиясының іргесін қалады. Екіншісі – оның ісін жалғастырды. Екеуі де  мемлекетіміздің күш-қуатына мол үлес қосты.

Екеуі де Жезқазған өндіріс аймағында қажырлы еңбек атқарды. Жезқазған өндірісін жолға қойғаннан кейін Қаныш Сәтбаев назары Маңғыстауға ауды. Ол Маңғыстауды екінші өндіріс аймағына айналдырмақ болды. Гурьевте Қазақстан Ғылым академиясы жалпы жиналысының көшпелі сессиясын өткізді. Онда баяндамамен шыққан Қаныш Сәтбаев Маңғыстаудың мүмкіндігі мол деп күрделі ой қозғады, мұнайға мән берді. Көптеген дәлелдер келтірді. Бірақ Қаныш Сәтбаевтың ұсынысы жоспарға ілінбеді. Өйткені, КСРО Ғылым академиясы вице-президенті, академик И.М.Губкин Каспий теңізі шығыс аймағында құм мен үстүрттен басқа ештеңе жоқ деген болатын. Мемлекет оның пікіріне көңіл аударды. Себебі, ол «екінші Баку» аталған Орал тауы Шығысы мен Батысында мол мұнай қоры бар деген пікір айтып, оны іске асырып, өндіріске ендірген болатын. Сондықтан Губкиннің пікірі үстем болды.

1949 жылы Алматыда Тау-кен институтын геология мамандығы бойынша үздік бітірген Шахмардан Есенов Қ.Сәтбаевтың ұсынысы бойынша Жезқазғанға жұмысқа аттанды. Осы жерде геолог, аға геолог, бас инженер болып 11 жыл жұмыс атқарып, абыройға ие болған Шахмардан 1960 жылы Алматыға шақырылып, Геология министрлігіне орынбасарлыққа тағайындалды. Бір жыл өткен соң 34 жасында министр болып тағайындалған ол ұстазы Қ.Сәтбаев мақсатын жалғастырып, Маңғыстауды жан-жақтан терең зерттеп, «бұл жерде мұнай бар» деп сенім айтты. Оған қосымша кезінде Қ.Сәтбаев Маңғыстауда мұнай бар деген пікірін халық айтатын «Су жанар» деген сөзбен дәлелге келтірген болса, Шахмардан Үстүртте бұлақ секілді жылтылдап шығып жатқан қара майдың бір кішкентай көзі бар екенін естіп, оны мұнай деп ұйғарды. 

Содан Шахмардан тәуекелге бел байлап, Қазақстан үкіметінен келісім алып, жоспарда жоқ геологиялык зерттеу жұмысына кіріседі. Геологтар тобын белгіледі. Техника, бұрғылау станоктарымен қамсыздандырылды, қаржы бөліп, жауапкершілікті өз мойнына алып, ғажап ерлік жасады. Бұрғылау кезінде аспанға атылған мұнай фонтаны жаңалық әкелді. Сөйтіп, Жетібай, Қаламқас, Бозашы, Жаңа Өзен сияқты мол мұнай көздері ашылды. Еліміз мол байлыққа кенелді. Нәтижесінде, бір топ геологтар мемлекеттік наградалар алды.

Шахмардан Есенов 1966 жылы Ленин сыйлығына иегер болды. 1965 жылы Шахмардан отыз сегіз жасында Қазақстан Министрлер кеңесінде орынбасар болып тағайындалды. 1967 жылы Шахмардан Есенов Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесіне төраға болып сайланды. Сол жылы Қазақстан Ғылым академиясына академик болып сайланды. Сонымен жиырма екі жасында институт бітірген Шахмардан Есенов арада он сегіз жыл өткенде қажырлы еңбек атқару нәтижесінде Қазақстан Ғылым академиясына Президент болып сайланды. Бұл оның материалдық тұрғыда халқымызға атқарған жұмысының баянды жемісі еді. Президент болып сайлағаннан кейін оның екінші ерлігі – рухани дүниеде тарихта аты айтылмайтын немесе атын айтуға қорқатын панисламизм, пантюркизм идеологиясы мен саясаты үстемдік жүргізіп тұрған кезде бабамыз Әл-Фарабиді тарих қойнауынан шығарып, зерттеуге кірісті. Алдымен ол үшін Қазақстан Ғылым академиясы жанында Әл-Фарабиді зерттеу бөлімін ашып, оған шет тілдерді білетін жастар қабылдап Әл-Фараби еңбектерін жинатқызып оларды орыс, қазақ тіліне аудартты. Нәтижесінде Әл-Фарабидің философиялық, логикалық, саяси этикалық, математикалық, музыкалық трактаттары екі тілде аударылып, бес кітап болып жарық көрді. 

Содан Шахмардан КПСС Орталық Комитетінің басшысы Леонид Ильич Брежневке ұсыныс жеткізіп, Әл-Фарабидің панисламист не пантюркист емес, ол нағыз ірі ғалым болғанын баяндап, Алматыда Әл-Фарабидің 1100 жылдығын өткізуге келісімін алды. Сонымен, 1973 жылы қыркүйек айында Қазақстан Ғылым академиясында Әл-Фарабиге арналған ғылыми сессиясы өткізіліп, онда Шахмардан бас баяндама жасады. 1960 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан шығатын «Юнеско» журналында Әл-Фарабиді арабтар араб деп, ирандықтар иран деп, түріктер түрік деп, тіпті өзбектер өзбек деп таласып жатқанда, Шахмардан Есенов даусыз ғылыми дәлелдеп, Әл-Фарабиді біздің арғы бабамыз екенін ұғындырды. Сессияға келген шет ел уәкілдері Әл-Фараби біздің бабамыз екенін сөз алып, мойындады. Әсіресе, бізді қолдаған Египеттен келген ғалым 40 минутқа созылған сөзінде айқын дәлелдеді. Сөйтіп, Шахмардан бабамыз Әл-Фарабиді тарих қойнауынан ашып алып, өзі болмаса да, рухын жеткізді. Бұл зор қуаныш еді.

Жазушы Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты кітап жазып шығарды. Шахмардан шамалап Әл-Фарабидің бейнесін келтіріп, тартымды портретін жасатқызды. Екі күнге созылған сессиядан соң Фурманов көшесіндегі қабылдау үйінде Әл-Фарабиге арналған ас берілді. Ас кезінде сөз берілген мен алдымен қазақ халқын, оның ішінде Қазақстан Ғылым академиясын бабамыздың қайтып оралуымен құттықтап табыс тіледім. Сондай-ақ, шетелден, оның ішінде Египеттен келіп сөз сөйлеген ғалымға үлкен ризалық айттым. Шахмардан Есенов Ғылым академиясында (1967-1974 жж.) Президент болып қызмет атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл екі ірі ғалымның еңбектерін мәңгілікке қалдыру үшін Сәтбаев есімін Алматыдағы бұрынғы Политехника институтына, Есеновтің есімін Ақтаудағы Каспий университетіне берді. Тірі болса, Шахмардан биыл тоқсанға келген болар еді. Амал не, өмірден ерте өтті.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

ҚР ҰҒА академигі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз