ШӨМІШКӨЛДЕН ШЫҚҚАН ҒАЛЫМ

226

0

Сонау бір өткен заманда Шөмішкөл дейтін көл еді; Шөмішкөл дейтін жер еді; сол жер мен көлді тегін жайлаған жұртты Шөмішкөл ауылы дер еді. Ақын аға айтқандай, сол ауылда «мың өліп, мың тірілгендерден» қалған 34 үй бар еді. Күн-көсем атындағы колхоздың бір бөлімшесі болатын…
Шетелдік арынды көлік маңдайын «Қожаның түбегі» дейтін жердегі ежелгі бабалар негіздеген қорымға тіреген. Өлілердің мәңгілік мекені болған бауыры суық қара жер. Мұнда кімдер жоқ дейсіз, шөмішкөлдіктердің ата-бабалары тегісінен осында. Екеуі отыра қалып олардың бәріне арнап аят оқып Аллаға мінәжат етті. Кенебайдың әдейі келген шаруасы осы еді. Алдынан ағайын-бауыр, жерлестері күтіп отырғандай асығып, аптығып келеді; қайтқанда көңіл қошы болмай көзі жасаурап, мұңға батып, тұңғиық ойға сүңгіп, тұнжырап отырады. Тұнжырамай қайтеді. Туған ауыл қайда, үйлеріне бірі кіріп, бірі шығып жамырасып жататын көзкөргендер қайда? Жоқ. Жым-жы-лас. Айнала көз жетер жердің бәрі тегісінен құлазып жатыр. Қыбыр еткен тірі жан жоқ. Меңіреу дала, құла түз. Жүгірген аң, ұшқан құс, боз даланың бейкүнә бозторғайына дейін безіп кеткендей көзге шалынатын емес. Туған жердің баяғы көзге ыстық бедері тұтасымен өзгеріп кеткен. Осындай меңіреу далаға айнала қарап тұрып ағайынды екеуінің көңілі құлазыды.
Осы жерді ертеден қоныс еткен ел-жұрт бұл өңірде табиғат жаратқан көл болмаса да Шөмішкөл дейтін. Қайда қарасаң да керіліп жатқан кең дала, ащы суы да, тұщы суы да тартылып, кеуіп кеткен бедеу жер. Ал ауданның географиялық картасында құдды шөмішке ұқсайтын бір оймақтай жер көзге жылыұшырап тұр. Рас, заманында ауылдан ат шаптырым жерде орта ғасырда «Хорезм теңізі» деген (Арал теңізінің сол кездегі аты ғой) ұлан-асыр ұлы судан қалған айдын шалқар шалқып, тасып, кейде жуасып, кейде буырқанып, аласұрып жататын. Өзінше бір сараман дәуір болып өткен сол заманда көкжиегіне көз жетпейтін көк теңіздің шөлден қатқақсып жатқан құрлыққа сұғына кіріп алған бір шалғайы шынында қазаннан су қотаратын кәдімгі қара шөміштен айнымайтын.
…Сол замандағы теңіз көрінбейді, шөміштей көл де жоқ, айқара аспан астында 34 жерден ірге көтеріп түтін түтеткен ауылдың орны бар да, өзі жоқ; айнала керіліп жатқан кер даланы арамшөп басып кеткен. Жел тұрса үдере көшетін құм көшкіні опырылып аяғыңды алдырмайды. Жалаңаштанған теңіз ұлтанында пайда болған шоқалақтар Сексеуілден ұзап шыққасын оңайлықпен жол бермей шаршатқан. Төрт түліктің тұяғы таптамай иесіз қалған жер жарықтық судан тарыққасын осылай өзінен өзі азып, жабайылана береді екен-ау деп күрсінді Кенебай.
Жасы 80-ге таяп, қайраты қайтқан шағында осынша жол жүру өте ауыр болды. Сексеуілге шаршап-шалдығып жетуіне пойызға отырды. Жолдың соғып тастағанын купеге жайғасқанда сезді. Құлдилаған аршынды дүл-дүлдің ырғағы кісіні еріксіз ойға киліктіреді екен. Кенебайды ой еңсерді. Жер бетінен біржола көшкен елді мекен. Қияға қанат қақтырған алтын ұя. Алақандай ғана сол ауылдан не көрді, қандай тәлім-тәрбие алды? Көргені шағын бастауыш мектеп, ұядай ғана дүкен. Ол кезде радио, телефон, телевизор, «Ильич шамы» деген құрылымдар түске де кірмеген. Ал тәлім-тәрбие деген-де Сәдуақасов Әки ағайы мен Таңсықбаева Үрижан апайының ғана алдын көрді. Ол екеуінің білім-білігі қаншалықты дәрежеде болғанын кім білген. Кейде 4 класты біріктіріп, кейде екеуі бөліп алып оқытатын. Мектептің едені шаңы басылмайтын тақыр жер болатын. Бастауышты аяқтап, Ауан орта мектебінде оқығанында да көргені осы.
Сол мектепті 1957 жылы ойдағыдай бітірді. Аттестатын алып кідірмей жоғары оқу орындарының біріне барғысы келген. Бірақ сол тұста мектеп бітіргендерді 2 жыл өндіріске қалдыру жөнінде комсомолдың ұраны шықты. Көппен бірге көрген «ұлы той» демекші, Кенебай құлақ қаққан жоқ. «Жаным сау болса оқуға кейін барармын» деп ауылына оралды. Комсомолдың жолдамасы қолында. Аттан түспейтін колхоз басқармасы ықыласты қабылдап, кәнігі балықшылар қатарына қосты. Аттестат алғанымен, кәмелеттік жасқа әлі толмаған бала енді теңізге шығып балық аулайтын болды. Бұл Кенебай білмейтін кәсіп емес. Көзін тырнап ашқалы балықшылардың қолғанаты болып есейген. Сол жылдары «Сейнер» деген су жаңа кемелер болған. Кеме капитаны комсомолдың атынан келген жас түлекті құшағын айқара ашып, қағып алды. «Сейнердің» соңында біріне бірін тіркеген 7-8 қайығы болады. Әр қайықта екі серіктестен.
Балықшылар күндіз де, түнде де кеме экипажымен бірге. Жатағы – жазда кеменің палубасы мен каютасы. «Сейнер» солқылдаған күшті кеме, ұдайы теңіз шарлап, балық үйірін қуалап жүргені. Құрлыққа азық-түлік пен ішетін су алу үшін ғана шығады. Кенебай ала жаздай үй көрмейтін болды. Алты жыл бірге оқыған кластастарын бір көрсем деп сағынады. Қырықтан аса ұл-қыз еді. Оларды да аудан шаруашылықтарына таратып жіберген-ді. Кім балық зауытына, кім түйе, қой фермасына, кім шопыр-тракторшының оқуына кеткен…
Кенебайдың алғашқы еңбек жазы теңіз үстінде толқынмен бірге тербелумен өтті. «Сейнер» тек дауыл тұрғанда ғана теңіздің тыныш қолтығын паналайды. Былайғы күндері көбіне ашық теңізде болады. Алғашқы кезде толқынды жарып теңізде «сайрандау» Кенебайға қызық көрінген. Бірақ теңіз бетінде кемемен бірге шайқалып, палубада теңселіп жүру жанға жайлы болмайды екен.
Келісілген шарт: екі жыл еңбек мектебінен өткесін колхоз дәйектемесімен оқуға кетуіне болады. Қалаған оқуына конкурстан тыс қабылдайды. Осыны көңіліне мықтап түйген Кенебайды сол екі жылда қайда қуаламады? Колхоздың қамы үшін жазда пішен орды, далалықтан қара шөп шапты, күзде отын үшін жыңғылдың томарын аударып, қыста қамыс шауып, мұз астынан балық аулады; серіктестерімен бірге жоспар-міндеттеме дегенді артығымен орындап жүрді. Баласынды ма екен, колхоз басқармасы екі жылда ең болмағанда бір рет те марапаттайын демеді. Уызында жарыған бала соған бола мойымады. Колхозға күні қарағандардың әлеуметтік жағдайына көзі үйренген. Көңіліне алған жоқ. Керісінше, қарбалас қара жұмыс және теңіздің тұзды суына балықтай жүзіп, армансыз шомылуы оны тастай ширатып шынықтырды. Арада қанша жыл өтсе де, ол күндердің қиялға толы шуақты күндерін ұмытқан емес.
Күткен екі жыл мерзімге де жетті. Әл-әзір өмір талқысынан беті қайтпаған тас түлек колхоз төрағасы кеңесіне кірген. Ол төрде отыр, бұл оның қарсы алдында тұр. Келген шаруасы колхоздың дәйектемесі керек. Комсомолдың жолдамасымен 2 жыл колхозда еңбек етті деген бір жапырақ қағаз. Колхоз басшысы:
– Бала, сен асықпай тұра тұр. Көріп жүрсің ғой, колхозшыларымыз қартайды. Сен менің ақылымды алсаң, оқуды сырттай оқы, – деп, тағы-тағы үгіт айтып алдарқата бастады.
– Жоқ, менің түсіп оқығым келеді.
– Бала, сен балалық жасама. Сырттай оқыдың не, түсіп оқыдың не, бәрібір емес пе? Оқуды сырттай оқып бітіргендер де көштен қалып жатқан жоқ. Біле-білсең мен айтайын, біздің аудан-облыс басшыларының дені оқуды өндірістен қол үзбей сырттай оқып бітіргендер.
– Аға, сіз маған асықпа дейсіз. Ал мені армияға алып кетсе қайтесіз?
– Армиядан алып қаламын. Оқуға кетпейсің. Ертең бір күн балықшыларды дарияның атырауындағы көлдерге көшіргелі отырмыз. Сол жақта бір ай қостанып жатып балық аулайсыңдар. Понятно тебе?
– Аға… аға…
– Бар, бар! Сөз қысқа…
Күйіп кетті. Есікті серпіп тастап жөнелді, алды-артына қарамай. Үйде анасы бәйек: оқуға жүретін болсаң басқармамен келісіп кет деп. Бұл келіспейін деді ме, тыңдамады ғой. Баласынды. «Баласынғанды көрсетейін мен саған» деп ашуға мінді. Ерте тұрып жолға шығуға қамданды. Тез кету керек деп шешті, әйтпесе колхозда тұсалып қалатын түрі бар. Ашу қысқан Кенебай баяғының жауға аттанатын батырларындай өрісте жайылып жүрген түйені алып келіп «ер салды». Ойы тартып кетпек оқуға; мақсатына қалайда жетпек. Ағасы Жұма Сексеуіл теміржол стансасында, үйлі-баранды. Еңбекте мақтаулы озат. Талабы жүріп тұр. Барға тасымайтын, жоққа апшымайтын еркөңілді азамат. Алдында сондай ақеден ағасы, артында қолғанат інісі бар, екеуінің ортасында мұңсыз-қамсыз жүрген. Енді алған бетінен қайтпауға бекінген. Атанға қамшы басты. Жолда Ақеспе деген балықшылар ауына бір түнеп, қас қарая Сексеуіл кентіне құлады. Колхоздан еңбек книжкасын ала алмай құрқол келген. Жұмекең:
– Біздің сорымызға соғыс тап болып оқи алмай қалғанбыз. Енді заман түзелгенде Наурызжан екеуіңді оқыта алмасам несіне жер басып жүрмін. Жолыңнан қалма. «Трудовойыңды» артыңнан жеткіземін жаным сау болса, – деп інісін пойызға шығарып салды.
Кенебай Қызылорданың Гоголь атындағы пединститутына тоқтаған. Жұмекең книжканы кідіртпей жеткізген. Абырой болғанда, намыстан жарыла жаздап келген абитуриент емтихандардан жұқпай өтіп, жаратылыстану факультетінің студенті болып шыға келсін. Және стипендиямен оқитын болды. Оқуға түссе де ауылдан қол үзген жоқ. Жазғы каникул кезінде колхоздың қарбалас науқандық жұмыстарынан жанын аянып қалған емес. Мен оны бұрыннан білетінмін. Мектепте 8-10 кластарда бірге оқыдық. Институтқа да қарайлас түскенбіз. Екеуміз пәтерде бір жарым жыл ғана бірге тұрдық. Себебі, мені әскерге аттандырды. Бірге жүргенде байқағаным, Кенебай ерінбейтін де жалықпайтын. Кейбір қызықшыл студенттердей уқытын текке өткізген жоқ. Жүретін жолы кітапхана мен аудиторияның арасы. Ақыры еңбегі еленді. Бұрынғы ҚазГУ-дың аспирантурасына жоғарыдан бір орын бөлінген екен. Соған институттың ғылыми кеңесі Кенебай Қожахметовты жіберуді ұйғарыпты.
Факультет деканы Ғұбайдолла Ахметовтың институтты енді ғана бітірген шәкіртін шақыртып алып, ҚазГУ-дың аспирантурасына баратынын, биология ғылымының генетика саласын зерттейтінін айтқанда, бұл не дерін білмеді. Рас, Кенебай биология ғылымының генетика, цитология, эмбриология, дарвинизм, т.б. салалары барын біледі. Бірақ, институтта бес жыл оқығанда генетикадан не теориялық, не практикалық тұрғыдан сабақ өтпеген. Зерделеп көрсе, генетика республиканың жоғары оқу орындарында нақты пән ретінде де қалыптаса қоймапты. Енді аспирант болады екен, онда генетиканы зерттейді екен. Ойланбай көр. Бес жыл кураторы болған ұстазы Бимағамбет Ділмановқа барды, «бұл қалай?» деп.
Куратор жүрексініп келген шәкіртіне әңгімені генетиканың негізін қалаған Томас Маргон, Бэтсон, Н.И.Вавилов, Н.П.Дубинин сияқты әйгілі ғалымдардан бастады. Білгені, биология ғылымын сала-саласымен зерттеу республикада кенжелеп қалған. Ғылыми теориялық білім беретін әдебиеттер де, оқулықтар да жоқ есебі. Шетелдік әйгілі генетик ғалымдардың өздері де биология ғылымын зерттеуде әрқилы пікірде екен. Сондықтан да болар, министрлік институтты сол 1965 жылы бітірген қылқандай биолог жастардан ғылымға ынталыларын республиканың жоғары оқу орындарынан іріктеп, аспирантураға қабылдамақшы екен. Бұл ыңғайда үкімет тарапынан нұсқау болған. Арнайы қаулы қабылдаған.
– Сонымен не керек, ойда жоқта бұрынғы Киров атындағы университеттің аспирантурасына қабылданып, дарвинизм және генетика кафедрасына бекітілдім, – деді кейіпкерім. – Кафедра меңгерушісі Қазақстан ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Гакаш Закиұлы Бияшев ықыласты қабылдап, ғылыми іздерістерімді үнемі қадағалап отыратынын ескертті. Содан көп кешіктірмей мені кафедраның жиналысына шақырды. Сол жиында Брест қамалын қорғау шайқасында бір аяғынан айырылған соғыс ардагері В.Фурсовты менің жетекшіме бекіткендерін білдім. Міне, дос, менің ғылымға келу жолым осылай басталды.
Жетекшім ғылыми жұмысымның тақырыбы: «Цитогенетическая основы отдаленной гибридизации пшеницы» екенін ескертіп, бірден бағдарлама дайындауымды тапсырды. (Бұл тақырыпты қазақшалағанда «Бидай дақылын жабайы туыстарымен будандастырудың цитогенетикалық негіздері» десек болады). Владимир Иванович көпті көрген, тағдыр талқысынан өткен, кіммен болса да бүкпесіз ашық пікірлесетін парасатты, батыр тұлғалы, көнтерлі кісі екен. «Сенің бұл тақырыбың тым күрделі. Республикада әлі зерттелмеген. Генетика бойынша теориялық әдебиеттер мен оқулықтар да сирек. Шетелдік әйгілі ғалымдардың еңбектері де шашыраңқы. Және біздің лабораториямызда зерттеу жүргізетін құрал-жабдықтар жетіспейді, химиялық реактивтер мен ерітінділер де тапшы. Қиналасың. Дегенде енді шегінуге болмайды. Қиналсаң да шыдайсың» деп тамырымды басып көргендей болды.
Ғалымның биология ғылымының келешегі туралы айтқан философиялық ойлары мен сөйлеу дикциясы маған ерекше әсер етті. Лекциялары да тартымды, түсінікті. Дегенмен, маған жүктелген тақырыпты тыңнан зерттеп, диссертациямды орыс тілінде жазу оңай болмады. Көрдің бе, менің қайдан шығып, қайда келгенімді…
…Шөмішкөлден шығыппын, тәуекелмен аспирант болыппын. Тура ертегінің өзіндей. 1944 жылдың қысында, жеті жасымда әкем дүниеден өтті. Үш үйдегі шешелеріміз Сағила, Алмажан, Айжан шиеттей 8 баламен улап-шулап қалыппыз. Ауылда бас көтеретін ер кісілер жоқ есебі. Соғысқа кеткеннен келмеген. Ақыл айтатын да, сенеріміз де анам – Сағила. Бәріміз үш шешеміздің көңіл-күйін бағамыз. Біз соғыс балалары едік. Үйде малға қарап, отын-су дайындау біздің мойнымызда. Оқушы кезімізден колхозшы болып ерте есейдік.
Бір аяғым туған жер, ата мекен, өскен орта Шөмішкөлде, бір аяғым Алматыда. Елге барсам түсіме Алматы кіреді. Қайтып келсем Шөмішкөл кіреді. Ойымнан биология ғылымының негізі – циталогия кетпейді. Циталогия тіршілік атаулының көзі – клетканың ішкі заңдылықтары мен құпияларын ашатын ғылым. Ал клетканың құрылысы және атқаратын функциясының өзі күрделі, тек оны молекулярлық биология, биохимия, физиология, генетика ғылымы арқылы зерттеп түсінуге болады. Клетка деген термин гректің «китос», латынның «целла» деген, яғни «қуыс» деген сөздерінен шыққан. Сол қуыста (клеткада) химиялық заттар мен басқа да біраз компоненттердің болатынын бұрын оқыған едім. Ол қандай компоненттер? Ғылымда әлі анықталмаған. Сол көзге шалынбайтын клетканың химиялық құрамын: органикалық және органикалық емес деп екіге бөлуге болады. Оны зерттеп, одан түпкілікті нәтижеге жету үшін клетканың құпиясын білуім керек. Бірақ клетка көзге көрінбейді, оны тек микроскопиялық құралмен ғана «ұстайсың». Клетка қуысында белоктар, көмір және нуклейн қышқылдары, липидтердің, су мен минералды тұздардың қанша пайыз мөлшерде болатыны ол кезде ғылымда белгісіз болатын. Өмірімде ұстап көрмеген микроскопиялық құралдарды меңгерудің өзіне біраз уақытым кетті. Ал клетка деген жай адам түсінбейтін жұмбақ құдірет. Ондағы хромосомдардың бөлінуі мен даму құбылысы өте күрделі әрі тұрақсыз. Көзге көрінбейтін клетканың «қуысындағы» реакциялар қалай басталып, қандай бағытта жүріп жатады. Қалыпты жағдайда ма, әлде өзгерістер (бұзылу) бар ма, бар болса қандай себептерге байланысты. Бұл ыңғайдағы зерттеуімді басынан аяғына дейін микроскопқа «мініп» отырып жүргізуіме тура келді. Алғашқы сәтте республикада маған дейін зерттелмеген клетка туралы шетелдік ғалымдардың еңбектерінде кездесетін термин сөздерді түсініп оқудың өзі қиын болды. Жасаған алғашқы тәжірибеме клеткасы бар болғыр көнбей қойды. Клетка ішінде жүріп жатқан бүкіл биохимиялық, физиологиялық, генетикалық қозғалыстардың өздеріне тән заңдылығы бар. Олар қалайда өз заңдылығын сақтайды. Сол себепті аламын деген нәтижеме алғашқыда жеткізбей шаршатты. Сондықтан зерттеуімді бірнеше рет әртүрлі вариантта ерінбей, жалықпай айлап, жылдап жүргізе бердім.
Тағдыр маған әуелден жақсы ұстазды жолықтырыпты. Владимир Иванович: «Микроскоппен тапжылмай отырып жұмыс істеуге икемің де, құштарлығың да бар екен. Клетканы кешенді түрде тереңдеп зерттеуің керек. Өсімдік клеткасының цитологиясын, эмбриологиясын, митоз, мейоз құбылыстарын, оның биологиясын генотиптік, фонотиптік заңдылықтарын игеріп алсаң, әрі қарай жақсы нәтижелерге жете аласың» – деп әу бастан-ақ қадағалап айтқан болатын.
Арада бес жыл өтті. Кенебай алған тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын 1970 жылы сәтті қорғады. Сол жылы ол жоғары және арнаулы оқу министрлігінің жолдамасымен қазақтың В.Вильямс атындағы егіншілік ғылыми-зерттеу институтының «Цитология және генетика» лабораториясына орналасып, ғылыми жұмысын одан әрі жалғастыруға бекінеді.
Қызметке тұрғаннан кейін білгені, мемлекет ғалымдарға бидай өсімдіктерін жабайы туыстастарымен будандастыру проблемасын шешуді міндеттеген. Оны орындауға цитолог-генетик мамандар керек. Институт оны осы мақсатта шақыртқан. Сол кезде институт бидай, арпа, сұлы, беде, қант-қызылшасы, жүгері, күріш және басқа дақылдардың селекциясын дамыту тәсілімен жаңа сорттарын шығарып, оны өндіріске енгізуді күн тәртібіне қойған болатын. Жаңа ізденіске кірісер алдында бір-бірімен аралас цитология, цитогенетика, генетика, цитоэмбриология, биохимия, физиология ғылымдарының жетістіктерін дақылдардың жаңа сорттарын шығару үшін селекциялық зерттеулерге пайдаланудың стратегиялық жоспарын жасап алып, зерттеуге кіріскенде мәдени және жабайы туыстастардың будан түрін селекцияға пайдаланудың өте қажеттілігіне көз жеткізген.
Зерттеуші ендігі жұмысты 1970-1991 жылдары селекционер мамандармен бірлесіп жүргізді. Өйткені, ендігі тәжірибені кең көлемде гектарлап жүргізуге тура келген. Ұзақ мерзімге арналған ОПАКС бағдарламасы (Комилексная программа селекции агроэкотипов озимой пшеницы для Казахской ССР) авторларының бірі К.Қожахметов өзіне міндеттелген жаңа күздік бидай сорттарын шығарудың генетикалық, цитогенетикалық, цитоэмбриологиялық зерттеулердің атқарар міндеттері мен стратегиясын айқындап, белгілеп, дәлелдеп берді. Осы бағытта 20 жыл әріптестерімен бірлесіп жүргізген зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар дақылдың жаңа 12 сапалы сортын өсіріп шығарды Бүгінде осы сорттардан республикамыздың оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс және солтүстік аймақтарында жылда мол өнім алудамыз.
Кейіпкеріміздің 128 ғылыми мақаласы жарияланыпты, 17 патенттік және авторлық куәлік алған. Еңбектері ескерілген ғалымдар тобымен бірге биология ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болған. 1980-2017 жылдар белесінде дүниежүзілік селекционер ғалымдардың ассамблеясы мен конгрестеріне 15 рет шақырылып, қатысты. Ғалымдар арасында әрқилы көзқарас, тіпті таластар тасқыны болып жатады. Ғылымға еңбегі сіңген олардың ортасында болып, ойлары мен пікірлерін тыңдау арманы еді. Сол арманына жетті. Ғылыми ұсыныстарын жасқанбай батыл айтатын болды.
– Ғылымда «тритикале» деген термин бар. Осы тритикалені, яғни бидай мен қара бидайды туысаралық будандастыру әдісімен алынған жаңа сорттардың халық шаруашылығында пайдалану ауқымы өте кең, – дейді ғалым досымыз. Дәннің балауса шөбі (сабағы мен жапырағы) – төрт түлік пен құстың азығы. Өйткені, өте құнарлы. Құрамында лизин, аминоқышқыл және басқа дәрумен түрлері мол. Жаңа сорттар кондитерлік өнімдер шығаруға және сыра, спирт өнеркәсібіне аса қажет. Ең бастысы, дәннің жоғары өнім беруі, қыстың аязды суығына, түрлі өсімдік ауруларына төзімділігі, техникалық сапасының (белогы, клейковинасы, лизині) және микроэлементтер мөлшерінің мол болуы. Менің биология ғылымындағы осындай еңбегім республикамыздың өте құнды жаңа сорттар тізіміне (реестр) енді. Бір шоғыр ғалым (менің есебімде 23 әріптесім) кандидаттық, докторлық диссертацияларын жазуда еңбектерімді молынан пайдаланды. Ізденістеріне тигізген қолғабысымды өздері де осы күнге дейін айтып отырады.
«Дарақ бір жерде тұрып көгереді» – дейді ғой халық даналығы. Кенебайдың КИЗде табан аудармастан орнығып ғылыммен шұғылданғанына жарты ғасырға шамаласып қалыпты. Зайыбы Ғанижамал да бұрынғы ҚазГУ-дың биология факультетін бітірген. Өсімдіктер селекциясы мен генетикасының маманы. Ол да өмірінің қырық жылын КИЗ-де өткізген. Еріне алты перзент сыйлапты. Бәрі де аман, 6 отаудың иесі, жоғары білімді азаматтар. Ал Кенебайдың өзі жасы ұлғайса да, тұғырынан түспеген. «Сенің білімің мен тәжірибең кейінгі жастарға керек» деп институт ұжымы жібермепті. «Еріну, жалығу маған жат. Жұмыссыз отыра алмаймын. Болмысым сондай. Еңбектің пайдалы көзін тауып, елімізге шапағатымызды тигізсек деген ой мені әрдайым алға қарай жетелеп келе жатқан тәрізді көңіліме» – деді ол, немере-шөберелерінің қолынан су ішіп отырып. Ал біз алақандай ғана бұйығы ауыл Шөмішкөлден ғылым докторы болып жалғыз өзі шыққанына таңғаламыз. Осындай ғалым табиғаты таңғажайып жерден шықса, таңғалмас едік.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз