СУДЫҢ ТАМЫРШЫСЫ, ЕҢБЕКТІҢ ӘМІРШІСІ

292

0

Су! Сенің дәмің  де, иісің де жоқ, сені суреттеу де қиын.
Қалай екеніңді білмей, сенен адамзат ләззат алады!
Сен өмірге қажетсің деп айтпай-ақ, сен өмірдің өзісің.
Сен жарық дүниедегі байлықтың ең зорысың!
Антуан де Сент Экзюпери.
Сейілбек ШАУХАМАНОВ
Біздер, суармалы егіншілікпен айналысатын  Сыр бойының халқы «Су – өмір» дейміз.
1993 жылы Қызылордада Қазақстан президентінің бастамасымен Орта Азия президенттері мен Ресей үкіметінің басшылығы бас қосып, Арал теңізінің тағдыры жайлы келелі кеңес өткізіп, «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ортақ түсінікке келді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банкке арнайы хат жолданды. Нәтижесінде Арал проблемасы әлемдік дәрежеге көтерілді, халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Кейін осындай мәртебелі маслихат Қарақалпақта, Ташауызда   өтті. Ол  елдер де «Бір тамшы су – өмір» дейді екен. Бұл – шынайы шындық, ай-дай ақиқат. Кім судың зәрулігін, жетімсіздігін, зардабын, қайғы-қасіретін көп шексе, оның судың қадір-қасиетін, қажеттілігін, құндылығын, өміршеңдігін терең түсінері сөзсіз.  
Әлемнің ¾ бөлігі, яғни 75 пайызы су. Планетамыздағы жалпы судың көлемі 360 миллион текше шақырымды құрайды, айдыны бір миллиард 370 миллион текше шақырым. Елімізге танымал қоғам қайраткері, белгілі журналист Камал Смайылов  ағамыз: «Егер сол суды жердегі құрлықтар үстіне жайып жіберсе, онда жер бетінқалыңдығы 2700 метр болатын топан су басар еді. Әлемдегі бар су 20 миллиард адамға еркін жетеді. Бірақ су іздеп, су аңсап шөлдеген адамдар мен  оны қажет ететін өндіріс, егіншілік, мал шаруашылығы күн санап қарқынды өсіп келеді», – деген еді.
Адамзат қажетіне жарайтын 30 миллион текше шақырым судың 25 миллион текше шақырымға  жуығы Арктика мен Антарктиданың мәңгі мұздақтарында жатыр.
Адам ағзасының 4/5 бөлігі немесе 80 пайызы судан тұрады. Бүкіл ғұмырына шаққанда адам өз өмірінде орта есеппен 22 тонна тамақ, 33 тонна су ішеді делінсе, биолог П.В.Гофман – Калашниковтың есебі бойынша 70-ке  келген адам 75 тонна су ішеді екен. Адам тамақсыз бір ай-ақ, сусыз бір апта ғана өмір сүре алады.Табиғатта сусыз ештеңе өспейді, ештеңе өнбейді, ештеңе көктемейді, ештеңе көгермейді.
Бидайды өсіріп, одан ұн жасап, пісіріп, 100 грамм нанды алдыңа әкеліп қойғанша 150 литр су жұмсалады. Бір алманы өсіру үшін 120 литр су керек. Бір тонна астық өндіру үшін 1000 тонна,бір тонна сиыр етін өндіру үшін 70 мың тонна, бір тонна қант өндіру үшін 1000 тонна,бір тонна күрішке 5000 тонна, бір тонна мақтаға 10000 тонна су керек. Бір тонна болат қорыту үшін 300 тонна, бір тонна қағаз өндіру үшін 700 тонна су жұмсалады.
Жер шарындағы барлық судың тек 1-2 пайызы ғана ішуге жарайтын тұщы су, оның да 20 пайызы бір ғана Байкал көліне шоғырланған. Түптің түбінде, болашақта бүкіл адамзат су тапшылығын көретін түрі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, қазірдің өзінде әлемде 2 миллиард адамға таза су жетпей отыр. Дүние жүзінде XX ғасырда адам саны үш есе өсті,ал су пайдалану жеті есе өсті. Халық өсе береді, ал су өспейді. XXI ғасырда су проблемасы ғаламдық проблемалардың алғашқы орындарының біріне шығып отыр. Соңғы жылдары дүние жүзі ғалымдары адамзаттың таза ауыз судан тапшылық көретінін жаппай айта бастады. Сондықтан да Біріккен Ұлттар Ұйымы 2003 жылды ауыз су жылы деп жариялады. Әлемдегі ең беделді көрме «ЭКПО-2008»-дің «Су және тұрақты даму» деп аталуының өзі тегіннен-тегін емес.XX ғасырдың басты тауары мұнай болса, XXI ғасырдың басты тауары су мен одан алынатын негізгі қуат көзі – сутегі болады десек, артық айтқандық болмас. Су – ең қажет, ең құнды, ең қымбат стратегиялық тауарға айналады.  
Елімізде 39 мың өзендер мен су арналары, 48 мыңдай көлдер бар. Қазақстандағы жерасты ауыз суының қоры 50 миллиард текше метр деп бағалануда.Түптің-түбінде осы байлық кәдеге жарайды. Міндет осы суды сақтай, қорғай, тиімді, үнемді пайдалануымыз керек. Су – сырт көзбен қарағанда, көп сияқты көрінеді, ал шындап келгенде аз, жетпейтін бағалы байлық.
Су – Қазақтың тағдыры.
Демек, даламыз, жеріміз, асқар тауларымыз бен өзен-көлдеріміз қандай болса, бізде сондаймыз. Бізді қоршаған табиғат – біздің ұлы тәрбиешіміз.
Өзбек халқында: «Судың басында кім отырса, сол ие» деген қасқабас қағида бар. Қазақстанға келетін барлық судың 44 пайызы басқа мемлекеттерден келеді. Бұл дегеніміз – барлық судың жартысына жуығының билігі басқаның қолында деген сөз. Олар оңай мемлекеттер емес: Қытай, Ресей, Өзбекстан. Бізбен көрші мемлекеттерде халық саны бізден 95 есе артық. «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді естен шығармауымыз керек. Жылдан-жылға еліміздегі су ресурстары азайып келеді. Мамандардың есебіне қарағанда, кейінгі елу жылдың бедерінде Қазақстандағы  су ресурстары 15-20 миллиард текше метрге азайған көрінеді. Бүгінгі таңда ол 100 миллиард текше метрдің шамасында. Оның объективті, субъективті түрлі себептері баршылық. Қазақ жерінің кеңдігі соншалықты – жер шарын бір тәулікте айналып шығатын күннің көзі қазақ жерінің үстінен үш сағатта өтеді екен.
Су проблемасының асқына түсуіне тікелей әсер етіп отырған негізгі жағдай Орта Азия халқының 1960 жылғы 14 миллион адамнан қазір 60 миллионға жақындап қалуы. Осының салдарынан ауыз суға деген сұраныс жылына 60 текше шақырымнан 120 текше шақырымға дейін жетіп отыр.
Кеңес Одағының ыдырауына байланысты Орта Азия өңірінде су проблемасы бұрынғыдан да асқына түсті. Себебі, Кеңес Одағы қалыптастырған суды өңірлік реттеу жүйесі жойылды. Ал жаңа жүйе тәуелсіз, туыстас мемлекеттер арасында әлі қалыптасқан жоқ. Қазір Орталық Азияда бір тұрғынға есептегенде жылына 2600 текше метрден су келеді. Егер осы көрсеткіш Мысырда – 1200 текше метр, Суданда – 1160, Қытай, Сирия, Израильде шамамен 450 текше метр екендігін ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Біздегі ең үлкен кемшілік, ең үлкен проблема «Судың да сұрауы бар» дегендейі осы судың 60 пайыздың ысыраппен пайдаланатындығымызда жатыр.  
Қызылорда облысы – суармалы егіншілікпен күн көріп отырған, Сырдарияның төменгі жағына орналасқан ел. Облыста 2 миллион гектардың үстінде жер  бар. Оның 240 мың гектары инженерлік жүйеге келтіріліп тегістелген жер. Бұрын оны еліміздің алтын қоры деп атайтын еді. Қазір осы жердің жартысына жуығы батпақтанып, сорланып, тұзданып, жабайыланып егіс айналымынан шығып қалды. 1980 жылы облыста 1326 көл болса, қазір 320 көл ғана қалды. Қаншама мемлекет қаржысы, халық байлығы желге ұшты десеңізші.Облыста 2500 шақырым магистральдық каналдар, 11900 шақырым ішкі шаруашылық каналдары, 19000 шақырым ішкі қашыртқылар, 24 мың ірілі-ұсақты гидротехникалық инженерлік құрылыстар бар еді. Осыншама байлық көп жылдан бері егесіздікке, күтімсіздікке, берекесіздікке ұшырап, азып-тозып істен шығуда. Өйткені, оған егелік жасайтын құрылымдар майдаланып, ұсақтанып, шашырап кеткен. Айналып келгенде, ол «сен саларда мен салар, атқа жемді кім салардың» кейпін кешіп отыр.Біздіңше, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңінің аясында істен шыққан барлық инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді қайта тегістеп, каналдар, қашыртқылар, гидротехникалық құрылыстар алғашқы жобалық қалпына келтірілуі керек. Сондай-ақ, магистральды каналдар мен қашыртқыларды мемлекет балансына алу, қалғандарына егелік жасау үшін су пайдалану кооперативтерін құру керек деп ойлаймыз.
Сырдария өзенінің ұзындығы – 2337 шақырым, оның 1274 шақырымы облыс территориясынан өтеді.  
Қай заманда болмасын, қай қоғамда болмасын судың тілін білген адам қадірлі, құрметті, сыйлы болған. Оның қоғамда алатын орны ерекше. Сондықтан да халық: «судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады» деп бекер айтпаған. Ертеде жер мен судың тілін білетін адамдарды Мұрап деп атаған. Сусыз тамақ жоқ, тамақсыз өмір жоқ. Мұрап – халықтың асыраушысы. Мұрап – судың қалай қарай ағатынын, қандай мөлшерде, қандай деңгейде, қандай жылдамдықпен ағатынын өлшеу құралдарынсыз-ақ біледі. Ол осынын бәрін оқымай, тоқымай Алланың берген ерекше қасиетінің, табиғи талантының, дарындылығының арқасында біледі, болжай алады. Осындай су мамандарын ұлықтау, ұлағаттау, марапаттау, мадақтау, ынталандыру дәстүрі сонау Николай екінші патшаның заманында да болған. Ол 1896 жылы арнайы «Мұрап» атты медаль шығарып, суармалы егіншілікке айрықша еңбегі сіңген Мұраптарға шен беріп, шекпен жауып, медаль тапсырған. Осындай марапаттың иегері, Сыр мұраптарының атасы Қасымбет ахунның ұлы Нұртаза ақсақал болған.
Құдайға шүкір, осы Мұраптық дәстүр өзінің жарасымды жалғасын тауып, кеңес дәуірінде Қазақстанда Нұртаза атамыздың жаңа замандағы, жаңа деңгейдегі әрі оқыған, әрі тоқыған бір шоғыр, талантты, білімді, тәжірибелі мұрагерлері мен шәкірттері өсіп шықты. Олар Сыр бойында, Қазақстанда суармалы егін шаруашылығын қалыптастыруда, жерді инженерлік жүйеге келтіруде ерекше еңбек етті.Солардың қажырлы, жанашырлық, жаңашылдық ерен  еңбегінің, табан еті маңдай терінің арқасында Қазақстанның суармалы аймақтары нағыз байлық пен дәулеттің көзіне айналып, халқы өсіп өркендеді, көктеп көгерді.  
Олар: елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Мустахим Ықсанов, Сұлтан Сарсенбаев, Әбубәкір Тыныбаев, Эрик Гукасов, Шаймерден Бәкіров, Виктор Гонгаров, Нариман Қыпшақбаев, Балтабай Сарсенов, Ромальд Ковалевский, Алексей Антипов, Алексей Киселев, Ғафар Мурзалиев, Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Елтай Құттыбаев, Әлимбет Жаппарханов, Әбдіманап Құтжанов, Мәделхан Нәлібаевтар.
Осы аты аталған ардақты азаматтардың әрқайсысының өзі жөнінде,өмірі жөнінде, өнегесі жөнінде, мамандығы, іскерлігі, ұйымдастырушылығы, азаматтығы, қажырлылығы, қайраткерлігі жөнінде кеңінен әңгіме қозғауға әбден болар еді. Бірақ оған бір мақаланың аясының тарлық етері сөзсіз. Сондықтан мен осы аса үлкен құрметпен аты аталған азаматтардың дүниеден озғандарының мәңгілік рухын, тірілерінің абыройы мен атағын, ерен, жасампаздық еңбектерін бетке ұстай отырып, бәрінің атынан Сабыр Арыстанбаев жөнінде бір үзік сыр шертуді жөн көрдім. Бас кейіпкеріміз Сабыр Арыстанбаевтың рухына арналған мақаланың тақырыбының: «Судың тамыршысы, еңбектің әміршісі» деп қойылуында үлкен мән мен мағына, ордалы ой жатыр.
Өйткені Сәкең өзінің терең білімін, білігін, мол тәжірибесін, іскерлік қадыр-қасиетін, ұйымдастырушылық қабілет-қауқарын, табиғи талантын, жасампаз еңбегін, бар саналы өмірін, өзін суға, су шаруашылығын өркендетуге қалтқысыз арнаған азамат.
Халық: «Адамның сусыз күні жоқ, судың оны айтатын  тілі жоқ» – дейді. Сәкең өз заманында судың тілін, судың сырын, судың қырын, судың арманын, судың зарын, судың мұңын, судың қайғысын, қасіретін, қасиетін терең түсініп судың іздеушісі, судың жоқтаушысы, судың сұраушысы, судың қолдаушысы, судың сақшысы, судың шырақшысы, судың иесі, судың киесі, судың шежірешісі, тарихшысы, тағдыршысы бола білді.  
Еңбек – әлемнің әміршісі болса, Сәкең еңбектің әміршісі болды, судың тамыршысы болды. Сәкең  Арыстанбаев арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, атынан ат үркетін, сұстымен, қас-қабағымен, қажыр-қайратымен айқайымен кімді де болса ықтыратын, кімді де болса бұқтыратын, кімді де болса сендіретін, кімді де болса көндіретін азулы, аузы да, қолы да батыл, батыр басшы еді. Халыққа оның кейде сыпыртып жіберетіні, жер сілкінтер айқайы жұрттың айналайынынан кем әсер етпейтін. Өйткені оның артында адалдық пен, әділдік жататын, зілі, запыраны, залалы жоқ болатын, тек бәріне ортақ істің мүддесіне ғана бағытталған айқай.  
Сабыр Арыстанбаев ханның алдында да, қараның алдында да қасқайып тұрып, шындықты шырқыратып айта алатын, барды бар, жоқты жоқ, ақты ақ, қараны қара, жақсыны жақсы, жаманды жаман, болатынды болады, болмайтынды болмайды деп сын сағатында, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» қағидасын басшылыққа алып, басын бәйгеге тігіп, шешімді, кесімді, тағдырлы сөзді айта алатын азамат еді.
Әттең бүгінде Сәкең тірі болғанда судың табиғаты, тағдыры, тарихы, сыры, қыры, құпиясы, өткір, өміршең, тағдырлы мәселелері жөнінде бізден де тереңірек, кеңірек, ішек-қарнын айналдырып, шырайын шығарып айтар еді, жазар еді. Жоғарыда аты аталған азаматтардың жасампаздық, жанқиярлық еңбегінің арқасында Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жерлер игерілді. 100 мың шақырым каналдар мен қашыртқылар қазылып, 500 мың инженерлік гидротехникалық нысандар салынды.Соның нәтижесінде республиканың мақта, күріш, қант қызылшасы түгелдей, көкөністің, жеміс-жидек, бау-бақшаның, картоптың, техникалық  дақылдардың 80 пайызы осы суармалы жерлерге орналасқан.Осыншама байлықты еліміздің алтын қоры деп атайды.
Алтын қор десе алтын қор дегендей, облысымызда жердің тегістелуі күріш көлемі менөнімінің еселеп өсуі, облысымыздың экономикасын қарқынды дамытып, халқымыздың хал-ахуалын, тұрмысын түбегейлі жақсартты. Ақ күріш халқымызға бақ та, атақ та, абырой да, ырыс-береке де болды. Міне, осы байлықтың, бақыттың авторы да актеры да айналайын, Қызылорданың жоқтан бар жасайтын еңбекқор, бейнетқор халқы, мыңдаған жер, су мамандары, іскер, талантты, ұйымдастырушы жоғарыда аты аталған басшылардың бір шоғыр тобы екендігіне ешкімнің де дауы жоқ деп ойлаймын. Сол жылдары облыста атқарылған осындай игілікті, ізгілікті тарихи,тағдырлы, бұрын-соңды қиялға да сыймайтын, қыруар жұмыстардың басында, қасында, бел ортасында 50 жылдай Қызылорданың топырағынан табаны таймай қосшы да болып, басшы да болып Сабыр Арыстанбаев жүрді.  
«Жолдасыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегендей, Сабыр Арыстанбаевтың замандастары, тағдырластары, тамырластары, қанаттастары, мұраттастары, үзеңгілестері, әріптестері, жолдастары, достары жоғарыдағыдай елге, халыққа белгілі, тұғырлы, тұрпатты тұлғалар болды. Сәкең осы ірілердің ішінде ірі еді, шоқтығы биік, шоқпары зілдей  марқасқалардың, қайтпас қара нарлардың бірі еді. Осы жақсылардың ортасында Сәкеңнің ойып алған өзіне лайықты, абыройлы орны болды, бәрі де оны құрметтеді, тыңдады, сыйлады, ескерді, есептесті, әрдайым ақылдасып, арқа сүйейтін, маңдайда, табан да тірейтін еді.  
С.Арыстанбаев ешқашан, еш жағдайда, ешкімнің алдында да  тізесі дірілдеп бүгілмеген, сүрінбеген, жығылмаған, басы иілмеген, кеудесін ешкімге бастырмаған, төбесіне ешкімді шығармаған, ешкімнің қас-қабағын бақпаған, ешкімнің табалдырығына табынбаған, ешкімнің алдында жалпақтамаған, желпілдемеген, жаутаңдамаған, басынан бір сөз асырмаған, «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» қағидасы өмірінің бас кредосы болған, ар мен намыстан жаралған азамат.
Иә, Сәкең мінезді азамат болды. Мінезсіз басшы, азусыз арыстан сияқты. Ондай адам үлкен, ауқымды, жауапты істің басында бола алмайды.
Әсіресе, тағдыры суға, суармалы жерге таңылған біздің елге, қалаға,  аудандарға, тоқсанның үстіндегі шаруашылықтарға, 250-дің үстіндегі елді мекендерге қай заманда да болмасын жетпей жататын суды қылдай қылып бөліп жеткізіп беру қиынның-қиыны, қияметтің-қияметі, ол екінің бірі, егіздің сыңары түгілі мыңның қолынан да келе бермейтін аса ауыр жұмыс. Сол заманда қандай да бір өндірістік, тұрмыстық тауарларды, мүлікті, тамақты, киімді, техниканы, қосалқы бөлшектерді табу, бөлу, халыққа жеткізу оңай шаруа емес еді ғой. Оңай болса, облыстың сауда үйымдарына келген құндыз құлақшынға дейін  облыстық партия комитеті бөлмес еді ғой. Ал, су бөлудің жөні  тіптен бөлек, кімнің де болса құлашы  жетіп, уысына сыя бермейтін күрмеуі күрделі, қиын мәселе.  
Ол жылдары әрбір 5-7 жыл сайын қуаңшылық болатын. Екі ағайынды адамның бірін-бірі көрместей боп суға таласқанын, кеңшар агрономын күрішшінің  кетпенмен шауып тастағанын, каналдары ортақ бригадирлердің, шаруашылық, аудан басшыларының су үшін талай рет айтысып-тартысқанын, ұрысып-керіскенін, жаға жыртысқанын,  «сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» дегендей, құрғақшылық жылы облыста судың аяғына орналасқан Қазалы ауданының күріші түгелдей күйіп кетіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, еліміздің ардақты азаматы Қозтай Абуовтың облыстық партия комитетінің пленумының мінберінде тұрып жылағанын да көрдік.  
Міне, осындай ауыр, тағдырлы, шешуші, өміршең мәселелердің шешілуі түптің түбінде  білімді де, білікті де, іскер де, талантты да, адал да, әділ де, аузы дуалы, сөзі пәтуалы, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» баяғының әділ қазыларындай, төрешілеріндей, төбе билеріндей Арыстанбаев Сабырға барып тірелетін.  
Баяғыда бір қалада мал сойып, ет сататын қасап болыпты. Оның адалдығына, әділдігіне, қолының өзі таразы екендігіне қала халқының сенгендігі соншалық, алатын етін таразыға салмай-ақ алып кете береді екен. Сондай-ақ, «Шымшықты да қасапқа сойдыр» дегендей, судың нағыз қасабы Сәкеңе Қызылорданың халқы, басшылары сенді, ол кез келген күрделі мәселені есебін тауып, өгіз өлтірмей, арба сындырмай, тері теспей, қан шығармай  шешетін еді.  
Жылда мамыр айының басынан тамыздың ортасына дейін күріштің суы тартылғанша бүкіл су пайдаланатын елдің, халықтың, барлық дәрежедегі  басшылардың назары, сыйы, құрметі С.Арыстанбаевтың үстінде болатын. «Мамырдан тамызға дейін Сәке, Сәке, Сәке боламын. Содан кейін мені ұмытады, келесі жылы күріш екпейтіндей. Осы жұрт қызық-ей» – деп әзілдейтін еді жарықтық Сәкең.  
Сондай-ақ Сабыр Арыстанбаевтың  елдің есінде қалған ерлікке пара-пар тағы бір баға жетпес еңбегі бар. Ол сол заманда инженерлік жүйеге  келтірілген жерлер мен бірнеше мыңдаған гидротехникалық нысандардың сапасына байланысты мәселе. Жасыратын несі бар ол заманда қай салада болмасын апталық, айлық, тоқсандық, жылдық жоспар, социалистік міндеттеме үстіне міндеттеме дегендер болды ғой. Оны өлсең де, тірілсең де, шын болса да, өтірік болса да, қайтсең де орындауың керек. Бұл сол заманның, сол қоғамның тәртібі. Студентке емтихан алдында бір күннің жетпейтіні сияқты, құрылысшыларға да әрдайым бір күн жетпей жататындығы өмір шындығы. Осы тұста жоспарды, міндеттемені орындау мақсатында төменнен де, жоғарыдан да өтініштер, ұсыныстар, тіктеп тапсырмалар да болып жататыны бар. Соңғы қолды, соңғы нүктесін қоятын  Сабыр Арыстанбаев. Егер сол тұста облыстық су шаруашылығының  басында Арыстанбаевтай беделді, абыройлы, айбатты, кімге де болса «болмайды» деп айта алатын бастық болмай, тіске жұмсақтау, тілалғыш, қол бала бастық болғанда облыстың қыруар құрылысында сапа болар ма еді, әлде болмас па еді?!  
Қазақта аттың жақсысын қазанат дейді, жігіттің жақсысын азамат дейді. Арыстанбаев Сабыр нағыз азамат еді. Періштең болмаса, пендең осындай-ақ болсын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз