Сыр мұрабы – МӘДЕЛХАН

108

0

Сыр мұрабы – МӘДЕЛХАН«Азаматты туған жерініңқасиетті топырағы жаратады» деген сөз бар. Осы қағиданы Сырдың тұлғалы азаматтарының тарихы дәлелдейді деуге болады.Сыр елі күріштің отаны атанғандықтанатақты Ыбырай Жақаевтың шығуы заңдылық деп ойлаймыз. Ыбырайатамыз жүздеген жас күрішшілердірухтандырып, өңірдің өркендеп, дамуына зор үлес қосқаны анық.

 

Сыр өңірі – суармалы егіншіліктің туын тіккен өлке. Инженерлік жүйедегі суармалы жер Қызылорда облысын өзге аймаққа ұқсамайтын, ерекше өңір ретінде айғақтайтын, келер ұрпақтар үшін Сыр елі қадірін еселей түсетін маңызды қазына. Басқа өндіріс түрлері табиғи негізі мен қоры азаюына немесе таусылуына байланысты бәсеңсіп, бол­маса тоқтап қалуы да мүмкін. Ол жағ­дай суармалы егіншілік саласында бол­майды. Аға ұрпақ мол еңбек сіңіріп, қо­лымызға беріп кеткен инженерлік жүйе­дегі суармалы жер жақсы күтімі болса, бізге және кейінгі ұрпақтарға жемісін берері анық. Сыр елінде ме­лиора­циялау жұмыстарының жоғары қар­қынды орындалуын қамтамасыз етіп, өнегелі еңбек үлгісін көрсетіп кеткен Ержігіт Боз­ғұлов, Айқынбай Дүй­секов, Сабыр Арыстанбаев, Елтай Құттыбаев, Кенжебек Ерімбетов, Елтай Тыныштықбаев, Жанай­бек Сақтағанов, Қуаныш Есханов, Әс­кер­бек Мақұлбеков, Тыныштықбай Сыр­ға­баев, Исатай Ал­да­бергенов және орал­мас сапарға аттан­ға­нына жылға жуық уақыт болған Мә­делхан Нәлібаев ағала­рымыздың шоқ­тығы биік.

Адам өмірге келгеннен үміт отын тұтатып, айналасына қолынан келге­нінше мол ықпал мен қолқабыс тигізуге ұмтылатын шығар. Көпшілігінде солар­­дың бәрі жүзеге асып та жатады. Деген­мен, туысы бөлек, жаратылысы өзге, болымды азаматтарға бұл мақсат аздық етеді. Олардың үміті жоғары, олардың көздегені биік, олардың өмірлік жолы мен ұстанымы да өзгеше. Сондай жара­тылысы бөлек азаматтардың қатарына Мәделхан ағайымызды жатқызуға әбден болады. Ағамыз жасынан зерек болды. Қиындықты көп көрді. Жақсы оқыды. Соның арқасында осы өңір үшін маңызы жоғары мамандық иесі атанды.

Мәделхан ағайымызға қаратып айтқымыз келеді. Біздің ойымызша, ағамыз өмірде жолы болған, мол несібелі жан.Өйткені, ол кісі жерге нәр беруші мамандығын қалапты. Біздің Сыр өңірінде жас баладан бастап, еңкейген кәріге дейін білетін қағида– бұл аймақта су бермесең ешбір өсімдіктің, дақылдың өніп-өспеуі, өнім бермеуі. Содан ағамыз ұлы Сырдарияның нәрін жастайынан егіске жеткізіп берді, оны егіншілердің зор ықыласпен пайдаланып, өңір аза­маттарын, ел халқының ырзығын кө­бейт­кенін көрді. Тіпті, көріп те қойған жоқ, сол маңызды іске ол кісі жан-тә­німен араласты, бағалы тамшы суды жолымен, ретімен пайдаланып,өмірге қажет өнімді алу жолын үйретті, баулыды азаматтарды.Осыдан Мәдел­хан ағайымыздың дәрежесі өсті, рухы биіктеді, соңында ел жанашырына ай­налды. Айналғаны сол болар, ағамызға Қазақстан Республикасына еңбек сіңір­ген гидротехник атағы берілді. Бұл, түсінген адамға зор мәртебе еді.

Азамат өмірінде жақсы жұмыс атқарып, қоғамға қолынан келген үле­сін қосса, оның тірлігі зая кетпегені. Екінші, азамат осының барлығына иелік жасап, оған қоса жұртқа пайдалы, өне­гелі сөз қалдырса, оның өмірі одан да мәнді болғаны шығар. Үшінші, азамат осыларға қосымша соңына кітап қалдырса, оның бағасы мен қадірі жоғары болғаны да. Ал, тұлғалы азамат нақты мамандық иесі бола тұра, артына бірнеше кітап қалдырса, не болғаны?! Шамасы, осындай өрелі азаматтың жаса­ған еңбегін бағалау қиынның қиы­ны шығар.Мәделхан ағамыз соңына бірне­ше кітап қалдырды.

Ендеше, Мәделхан ағамыз жазған
кітаптарды санамалап көрейік. 2001 жылы «Су туралы толғаныс», 2005 жылы «Су –
өмір шежіресі» кітабы жарық көрді. 2010 жылы «Шежірелі Сыр бойы», 2013 жылы
«Қилы-қилы замандар-ай» атты кітаптары баспадан шықты. 2014 жылы «Сырдың
шежіресі сыр шертеді» атты көлемді кітабын шығарды. Сөйтіп, бас-аяғы 14 жылдың
бедерінде ағамыз бес кітап жазып, шығарыпты. Бұл, сонда қандай алапат еңбек
десеңізші! Ағамыз соңғы кітабының мұқабасында: «Шежірелі Сыр бойы бабам
мекендеген өлкесің, мен үшін ғажап көркемсің, ежелгі су мен ну елі Сыр елі өсіп
көркейсін», – депті. Осы өлең жолдары ағамызға өмір бойы бағыт сілтеуші
темірқазық болыпты. Бұған ардақты ағамыздың туған жеріне деген перзенттік зор
сүйіспеншілігі, өзінің өмір бойы атқарған азаматтық игі істері мен туған өлкеге
арнаған шынайы абыздық тілегі де толығымен сыйып тұрғандай көрінеді.

«Сыр туралы толғаныс» кітапбын
парақтағанда айырықша көзге түсетіні «Сыр мұрабтары» тарауы. Онда Мәделхан ағамыз:
«Ата-бабамыз Сыр мұрабтарына су мен жердің тағдырын сеніп тапсырып, Ахун,
Ақсақал, Мұраб деп құрметтеп, су мен жердің тиімділігін арттырып, тасқын судан
қорғануда бүкіл ел болып жұмыла еңбек еткен», – депті. Осы сөйлемде ағамыздың
өзі таңдаған мамандығына деген ықыласы мен сүйіспеншілігі жатқандай. Мұны біз
1830 жылы туып, өсе келе Сыр өңірінде бірінші болып «мұраб» деген жоғары атаққа
ие болған Нұртаза Қосымбетұлының өмірде өткен жолдарын ағаның тамаша
суреттегенінен байқадық. «Нұртаза мұраб­тың көрегендігі соншалықты, ай­нала­сын
бірнеше рет телегей теңіз қар­ғын су басқанмен, еш уақытта бұл жерге су
шықпаған, әдепкі көшіп келген кезде арық қазуға уақыттың тарлығына,
мүмкіндіктің жоқтығына байланысты Нұртазаның диқандық кеңесімен ежел­ден
егіншіліктің сырын жақсы ұққан ел, күзде қопа қамыстың шіріндісі мол, шағын
саяз көлдердің су келер қылтанақ сағасын байлайды. Ерте көктемде судан шыққан
жиектерін айналдыра жерағашпен айдап, арпа-бидай егіп, ортасындағы су
тартылысымен ылғалын кептірмей, ұяның беті қатпау үшін құм сеуіп, қауын-қарбыз
егеді. Жаз айларында жер астындағы мол ылғалды жоғары көтеру мақсатында ұяның
айналасын терең етіп аударып тұрған. Көлтабанға егілген қауын-қарбыз тәтті әрі
сөлді болғандықтан диқандар бұл әдісті жақсы игеріп, жер мен судың жағдайына
қарай күзде егістік алқаптарға мол су жіберіп, ерте көктемде қолдан жасалған
дайын суалмаға егін егуді әдетке айналдырған», – деп жазады.

Осылайша, ағамыз арғы
ғасырдың аяғы, өткен ғасырдың басындағы егінші қазақ ауылының тірлігі мен
күнкөрісін тамаша көрсетіпті. Енді
ағаның осы айтқандарын, терең зерделеп қарасақ, бір ғасыр бұрынғы жерді
ылғалдандыру әдістерінің артықшылықтарын су тапшылығы орын алған казіргі
уақытта өз ретімен тиімді қолдануға
болатынын байқауға болады. Демек, бұл өңірімізде бұрын өткен мұрабтардың істері
мен бүгінгі заман су мамандарының өнді­рістік тәжірибесінің жалғастығы мен үйле­сімділігі
бар деген сөз. Мәселе сол жалғастықты зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне
пайдалану. Бұл – бір өте құнды дүние.

Мәделхан ағаның тағы бір ерекше қырын айтпасқа болмас. Ол,
ағамыздың суландыру жұмыстарының ертеден орын алған тарихын арнайы
тарихшы-маман сияқты зерттеуі. «Су шаруашылығы мамандарын ынталандыру
мақсатымен Екінші Николай патша 1896 жылы арнайы «Мұраб» атты медаль шығарып, суармалы
егіншілікке айырықша еңбегі сіңген су мамандарына шекпен жауып, медаль берген.
Осындай үлкен құрметке ие болып, медаль алған Сыр су мамандарының атасы Қосымбет
ахунның ұлы Нұртаза ақсақал. Төңкеріске
дейін 1910 жылы В.Г.Глушковтың басшы­лығымен гидрометриялық, 1911 жылы
А.Н.Костяковтың басшылы­ғымен гид­ро­­мо­дульді зерттеулер жүргізіл­ген.
Төменгі Сыр бойында тікелей су шаруашылығымен айналысатын ұй­ым­дар құрылды.
Атап айтқанда, әдепкі жылдары Перовск уездік су шаруа­шылығы, 1923 жылы Ақ­мешіт
су округі, ал 1924 жылы Қызыл­орда және Қазалы су округтері құрылды». Көрдіңіз
бе, ол кісінің құнды мағлұматтарды келтіруін. Шын мағынасында бұл деректер
қазақ тілінде алғаш рет жазылып отырғаны рас. Олай болса, Сырдарияның төменгі
ағысындағы суландыру жұмыстарының тарихы жоғары деңгейде зерттелінуінің жақсы
үлгісі деп айтуға болады.

Ағамыз 1994 жылы зейнетке шық­қаннан кейін Қызылорда су торабы кең­сесінің
бірінші қабатын босатып алып жұмысқа шындап кіріседі. Бұл іс оңайға соққан жоқ,
әрине. Өткен кезеңдерде өңірді басқарған азаматтардың қабыл­дауында бір емес,
бірнеше мәртеден бо­лыпты. Облыстық мекемелердің басшы­ларымен де көптеген
кездесулер өткен.

Ол кісіде алдына қойылған зор мақсат тұрды. Ол – осы өңірде
еліміздің ешбір аймағында бұрын-соңды болмаған су шаруашылығына арналған
мұражай жасау. Бұл мақсатты ағамыз
өзінің қылшылдап тұрған жас кезінде-ақ алға қойғанын айтпасқа болмайды.
Ағамыз ертеректе болған бір кездесуде: «Мен елге маман болып келгесін шамалы
уақытта суландару саласының осы өңірге деген маңызын жете түсіндім. Сол
кезден-ақ, осы саланы өркендетуге, дамытуға күш-жігерімді аямауға өз-өзіме уәде
бердім», – деп еді. Міне, осыдан-ақ ағаның іске асырып кеткен игі істерінің
түбірін ертеден іздеген жөн болар.

«Сыр шежіре» мұражайын жасауда кездескен қиыншылықтар турасында
былай жазыпты: «Дүниеде адамды жалған
жақындатып, ақиқаттан алшақ­тататыны баршаға аян. Дегенмен, «Болма­сын деген
оңбасын» деп болмасын дегендерге ащы, болсын деп кезінде қолдау жасағандарға
тұщы, осы ащысы-тұщысы аралас шындықты өзгертпей, өз күйінде жазуды жөн
көрдім». Бұдан байқағанымыз, өңір азаматтарының, аймақ жастарының мол
тәлім-тәрбие алып жатқан аталған мұражайды орна­туда ағамыздың басынан өткізген
машақаты мол болған сияқты. Өзге біреу болса: «Маған осы әуренің не қажеті бар,
жүйкемді шаршатып, шашымды ағартып, одан да тиыш неге демалмаймын», – деп өз
жағдайын қамдаған болар еді. Бірақ, Мәделхан аға ондай адам емес еді.

Мәделхан ағамыздың айтарлықтай еңбегі «Сыр мұрабы» қоғамдық
бірлестігін ашуы. Бірлестікті ол кісі
өзі ұйымдастырып, рухани жетекшісі болды. Сол бірлестіктің басшыларын Мәделхан
ағайымыз өзі сайлап отырды деп те айтуға болады. Сол ұйымның мәжілістері
Мәделхан ағаның қатысуынсыз өткен емес. Бүгін Мәделхан аға қасымызда жоқ.
Сондықтан, сол қоғамдық бірлестіктің басшылығы мен қатардағы мүшелеріне жіті
ойланар уақыт жеткен сияқты. Осыны бізге ағаның өмірлік жолы мен ұстанымы
есімізге салып отыр.

Ертеде осы ағаның қамқорлығы мен шапағатын көрген жайымды айт­қым
келеді. Ол уақытта мен Жамбыл гидро­мелиорация-құрылыс институты Қызылорда
филиалында факультет дека­нымын. Филиалға Одақтың өзге ірі орталығынан екі-үш
маман келді. Олар­дың мақсаты студенттердің маман­дық пәндерді оқу жағдайымен
таны­сып, бітіруші түлектердің өңірдің су шаруашылығы саласында жарасымды еңбек
етуге дайындығын да бақылау болатын. Ол азаматтар келешекте біздің
түлектерімізді жұмысқа қабылдап, оларға алдын ала өндірістік және оқу
практикаларының өту жағдайларымен танысқысы келгені белгілі болды. Сон­дықтан
өңірдің сондай талаптарға сай келетін екі-үш мекемелеріне баруға ниет білдірді.
Осыған байланысты Мәдел­хан ағамен ақылдастық. Біздің ұсыны­сымызды үлкен
ықыласпен қа­­был­дағаны әлі есімде. Ол кезде аға­мыз Сырдария аудандық
суармалы жүй­е­лері басқармасының басшысы болатын. Содан не керек, ағамыз
бізбен екі күн бірге болып бүкіл аудан­ның суармалы жүйесінің жағдайы­мен терең
таныстырды. Сонымен қатар, бұл
басқарманың басты міндеті – аудан көлемінде орналасқан шаруашы­лық­тар­дың
егісіне суды жеткізіп беріп, оның тиімді пайдаланылуына көмек­тесіп, қадағалау
болатын. «Айдарлы» және «Амангелді» шаруашы­лықта­рына бізді алып барып,
олардың егісте­рінде дақылдарды суару
жұмыста­рымен таныстырды. Сөйтсек, ол шаруашы­лықтарда біздің филиалды
бітіргендер су маманы болып істейді екен. Осының бәрін өз көздерімен көрген
қонақтар риза болғанын біз де көріп,
Мәкеңнің тапқырлығы мен көрегендігіне тәнті болдық.

1990 жылы біздің филиал өз алдына дер­бес жоғары оқу орны болып
шыға келді. Сөз жоқ, бұл елеулі оқиға тақыр жерде орна­тылған жоқ. Оған
филиалда сол қиын­дығы да, қызығы да пара-пар кезеңде қызмет жасаған аза­маттардың
еңбегі негіз болғаны да рас. Азаматтардың қажырлы еңбегін ұтымды ұйымдастырып,
Сыр өңірінде тарихта дербес екінші оқу орнының ашылуына жоғары ұйымдастырушылық
жігер мен биік ынта көрсеткен талантты, талапты тұлғалы азамат Уәлихан
Бишімбаевты айтуға тиіспіз. Кезінде өзінің көмегі мен қолынан келген септігін
тигізген Мәделхан ағайымыз да сол жоғары оқу орнының Сыр өңірінде дербестікке
құтты қадам басуына мол үлесін қосқан азамат деп айтуға әбден болады.

Міне, ардақты ағаның арамыздан
алыстағанына да жылға жуық уақыт өтіп кетіпті. Сыр елі су шаруашылығы саласының
мамандары айтарлықтай жетімсіреп қалғанымыз рас. Бірақ, ағамыз жазып, қолымызға
ұстатып кеткен кітаптар, жадымызға сіңіріп кеткен өнегелі сөздері бар. Қасиетті
Сырдарияның нақ жағасында ол азаматтың өз қолымен жасап кеткен «Сыр шежіре»
мұражайы тұр. Ал, енді осы аз ба?! Жоқ,
бұл көп, өте көп. Бұл – ағаның жасаған
азаматтық үлкен ерлігі. Осылай айтпау мүмкін емес. Солай десек, ардақты ағаның
өнегелі істерін көріп, зерделі сөзін тыңдаған қауым риза болады. Сонда біз не
істеуіміз керек? Біз, Мәделхан ағамыз қасымызда жүргендей зерек болуымыз, ол
кісі қырағы көзі­мен көріп тұрғандай өз ісімізге нық болуымыз, сол ағамыздың
елге, су шаруашылығы саласына көрсеткен жоға­ры жанашырлығын жалғастырып, бүкіл
Сыр бойы су мамандарын өлке­міздің жер мен суын сақтап, тиімді пайда­лану
жұмыстарына бас-көз болып бірігуіне шақыруымыз керек, үйретуіміз қажет.

Мәделхан ағамыз бен Нағима апайымыз
өнегелі ұрпақ өсірді. Бүгін сол іні-қарындастарымыз ел үшін абыройлы қызмет жасауда.
Өткен жылдың соңында ағамыз қатты ауырды. Сол кезеңде, сөз жоқ, ардақты аға өз
ұрпағы мен ел тілеуінде жатты. Сонымен
қатар, аға өзінің өмірлік дерлік бір өте маңызды, жоғары мағыналы атқарған
ісінің нәтижесін де көргісі келгені анық. Оны ол кісі күтті де. Оны өз көзімен
көріп кеткісі келді. Аға оны көріп кетті. Өзі салған мұражайдың
келешектегі тағдырын анықтайтын
жергілікті биліктің қаулысын көрді ағамыз. Бұл да тағдырдың тұлғалы азаматқа көзінің тірісінде берген мол
сыйы болған шығар.

Жоғарыда айтқандарымызға орай бізге төмендегідей ой келіп отыр.
Мәделхан ағамыз баршамызға мол қазына қалдырыпты. Сондағы ол кісінің көздегені
өңірде өнегелі ұрпақтың өмір сүруі. Ол – ағамыздың көздеген мақсаты туған
аймақта су шаруашылығының өркендеуі мен жақсы дамуы. Жазып қалдырған
кітаптарында сол мақсатқа жету жолдарын көрсетіп те кеткен. Енді біздің
алдымызда осыған орай келелі жұмыстар бар деп ойлаймыз. Ол – ардақты ағаның қалдырған рухани мұрасын
барынша толық зерттеу. Ағаның өзі айта алмай кеткен ойларын жалғастырып,
тереңдету. Осы игілікті іске барынша талапты жастарды, студенттерді тарту. Бұл,
бір жағынан осы мамандықты таңдап, білім алып жатқан жастардың мақсатын одан
сайын ұштап, тереңдетіп, олардың сол мамандыққа барынша ықыласын мол аударуына
зор ықпал жасауы анық.

Мәделхан аға Сыр елі су шаруашылығы саласы мамандарының ақсақалы,
ұстазы еді. Өйткені, тұлғалы азамат ес білгелі өлкеміздің жері мен суын
ұғынуға, түсінуге құштар болып өсті, осы аймаққа маңызы жоғары мамандық иесі
атанды, өмірден озғанша жер мен судың қамын ойлап, өңір азаматтарының, бүкіл
еліміздің қамын шаршамай-талмай қамдап, мол еңбек сіңірді. Зерделеп қарасақ,
ағамыз су маманы, ұстаз, зерттеуші, тарихшы, жазушы, философ, ұлттың
өнеге-үрдісін насихаттаушы, ел болашағын қамдаушы қажырлы азамат. Ауылда,
аймақта өзге­нің қамын ойлап, өнегелі өмір сүрген, ұлағатты сөз бен игілікті
істерін қалдыр­ған тұлғалар көп болса, сол ауылдың, аймақтың келешегі жарқын
болады деген де әңгіме бар. Ендеше, Мәделхан ағайымыз дәл сондай азамат еді.
Ардақты ағаның рухы жаннатта шалқысын.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің профессоры,
техника ғылымдарының
докторы,

«Құрмет» орденінің иегері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз