Сырдан ескен сағыныш самалы

51

0

Сырдан ескен сағыныш самалыӨткен жылдың шілде айында ұлттық тарих пен мәдениеттің, төл әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазақ даласының алып тұлғалы азаматы Дүкенбай Досжанға  арналған шараға қатыстық.
Атадан мұраға қалатын – жер, бірлігі мен тірлігі жарасқан ел, көзі ашық, көкірегі ояу ер. Дүкенбай ағаның туған елінде осы үш мұралық құндылықтың сақталғаны анық. Ағаның шығармашылығына арналған кеш Ұлы даланың сиқырлы саздарымен, Сыр жырауларының әуезімен, «артында өлмейтұғын сөз қалдырған» Дүкенбай Досжанның ойларымен жүректерді тербеді.
Мен ағамен 2004 жылы Қарқаралыда таныстым. Ол кезде Мәдениет және ақпарат ми¬нистрлігіне қарасты Қарағанды облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында жұмыс істейтінмін. Бір күні бастығым Берік Дүйсетаев «Ертең Қарқаралыға жүреміз, жазушы Д.Досжанға сәлемдесіп қайтайық» деді. Сонымен жолға шықтық. Жазушының шығармаларымен бұрыннан да таныспын, енді көз көріп, әңгімелесетініме қуанып келемін.
Жазушы аға ол кезде «Ақ орда» романын жазып жатқан. Ағамыз аудан әкіміне «Мені мазаламаңдар, жұмысыма кедергі болмаңдар. Тыныш қойсаңдар, соған ризамын» – деп алдын ала айтып қойған екен. Дегенмен, Дүкенбай аға бізбен түс мезгілінде кездесуге уақыт бөліп, басымыз дастархан басында қосылды. Аға туған жерінің жон-жоталары, балалық армандары, мал бағып жүріп оқыған кітаптары, оның ішінде ауыл кітапханасындағы барлық қазақша кітапты оқып болған соң, түсініксіздеу болса да орыс тіліндегі кітаптарды оқығаны туралы әңгімелеп, сол кезеңге барып қайтқандай болдық. Жазушының бізге бөлген 3 сағаты біз үшін «бір өмірлік» сабақтай сезілді. Кездесуден  кәдімдігей рухани «байып» қайттық.
2005  жылы жұмысым Астанаға ауысып, Мәдениет министрлігінің Тіл комитетіне  келдім. Ұлым Әлібек сол министрліктің Ақпарат комитетіне жұмысқа шақырылды. Кітап шығару саясаты да сол комитетке қарайтын. Бір күні балам  жұмыстан «Мен Дүкенбай атаммен таныстым»  деп қуанып келді. Кітаптарын оқып, сыртынан «біздің атамыз» деп  жүретін.  Бұл да адамның бір қажеттілігі шығар,  өзіне қатысты адамдардың жо¬ғары¬дан көрінгеніне қуану, әйтпесе біздің балаларымыз Қа¬рବғандыда өсті, «трай¬болизм» де¬геннен тым алыс, дегенмен туыстарын іздейді. 
2007 жылы Тіл комитеті М.Әуезовтің 110 жылдық ме¬рейтойына арналған шараларды Семейде өткізетін болып, мен сол ұйымдастырушылық шаралармен шұғылдандым.
Отбасымызда қалыптасқан дәстүрдің бірі – кешкі шайда бір күнде басымыздан өткендермен бөлісу. Мен балаларға кездескен адамдарым, атқарған жұмысым туралы, тіпті қателескен жерімді де айтып отырамын. Олар да өз ойларын ортаға салады. Бұл әңгіме – біздің өзара сеніміміздің, рухани байланысымыздың көпірі. Бір жолы мен Семейде өтетін шара туралы айттым. Әлібек сонда «Сол шараға Дүкенбай атаны шақырсаңызшы, ол кісі М.Әуезовтің шәкірті, Абайды зерттеуші ғой. Сіз шараға шақыр¬саңыз, ортаға қайта оралғаны» деді. «Ақыл – жастан» деп, баламның айтқанымен ағаны шақырып, Се¬мейдегі шараны дүркіретіп өт-кізді. Екі-үш күн ағамен әңгі¬мелесіп жүргенде аңғарғаным  өмірлік жары Сәуле туралы үлкен махаббатпен айтып жүреді екен. Ол кезде мен қаламгердің жұбайын танымаймын. Қазір Сәулемен достығымыз арқылы, оның шығармалары арқы¬лы Дүкең өз музасын адаспай тапқан адам екеніне күмән келтірмеймін. Сәуленің «Үшінші есіктің құпиясы» атты кітабын оқып шығып, ағаның хаттарымен танысып, сөз құдіретін сезіне білген жандардың жарасқандығына куә болдық.
Дүкенбай аға – ХХ ғасырдың ұланы ретінде сол кезеңнің бар¬лық жақсылығы мен жаман¬дығын басынан өткеріп,  ерліктің, адалдықтың, әділдік пен адамгершіліктің үлгісі бола білген адам. Сан иірім жолдардан тұратын өмір деген өткелде жазушылық жолын – өз жолын адаспай тапқан жан.
Қаламгердің артында қалған еңбектерін көргенде, «Өз халқыңның сенімін ақтаудан артық абырой жоқ» деген даналы ойды түсінесің. Себебі, хатқа түскен еңбек  мәңгілік. Ол – қазақ елінің тарихи қазынасы, келер ұрпаққа  мұра, ғылымға  негіз.
Бүгінгі таңда жастарды кітап оқымайды деп жатады. Осы кеште отырып түйгенім,  кітап оқытудың жолы ретінде шығармаларды мамандыққа қажетті тізімге енгізу керек. Мысалы, Д.Досжанның мұрағаттық құжаттарға негізделген шығармаларын тарих, саясаттану мамандығы, халықтың салт-дәстүрі, өнері, тұрмыстық қарым-қатынасы туралы шығармаларын – мәдениеттану, психология, болашақ мұғалімдер үшін міндетті оқылатын оқулықтар тізіміне енгізуге болады.
Осындай шараларды ұйымдастырушылар қауымды – халық, халықты ұлы ететін игілікті іс атқаратынын біледі ме екен?! Себебі, халық жақсысы мен жайсаңына деген сағынышын, са¬налы құрметі мен салиқалы ізетін  артында қалған бай мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, ерінің есімін мәңгі есте сақтау арқылы іске асырады. Ал Қызылорда облысының азаматтары, осы міндеттерін тиянақты тірлігімен, жоғары мәдениетімен, мықты ауызбіршілігімен, терең пайымымен таңғалдыра өткізді.
Нәзипа ШАНАЙ.
Астана қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз