СЫРДЫҢ СЫРБАЗ САДЫҚБЕГІ

92

0

СЫРДЫҢ СЫРБАЗ САДЫҚБЕГІ

Ақын Садықбек Хангелдин жайлы бір үзік
сыр

Жұмыр жер міз бақпай жатқанымен, оның
қойнауында болып жатқан сан құбылыс
адамды бейжай қалдырмайды. Қарап көріңіз, қабір қазылды. Қара жер және
бір пендені құшағына қысатын тәрізді. Жиналған жұрттың жүрегі егіліп, қимасын мәңгілікке аттандырғалы
жатыр. Ол кім еді? Қанша ғұмыр кешті? Өмір атты тәтті тіршілікті
қалай өткізді? Ел-жұрты үшін не
тындырды? Пайым-парасаты мен адамдық-адамгершілігі, қоғамға деген белсенділігі,
сан сұрақ дүйім көпшіліктің
қарс айырылған көкірегін кернеп
алған тәрізді. Әне, қимас жан бізбен ақырғы рет қош айтысып бара жатқандай.

– Сыр ұлымын, қаламын Сыр ұлы
боп,

Сырым жүрер жанымның тұғыры
боп,

Қоңылтақси қалғанда құштар көңіл,

Сыр шертеді Сырымның тұнығы
кеп..

Бұл ақын Садықбек Хангелдиннің жүрегінен жарып шыққан туған жері – Сыр еліне деген шынайы сезімі.

Иә, Сәкең туралы ой айту, өткен уақыт
белестерін көпшілікке бүкпесіз жеткізу енді біздерге парыз
сияқты. Садықбек ағамен
замандас, дос ретінде табысқанымыз
сонау елуінші жылдардың аяқ кезі
болатын. Қызылорда педагогикалық институты тіл-әдебиет
факультетінің «Педагог» қабырға газетінде
редколлегия мүшесі болып қоғамдық негізде жұмыс істей бастаған
кезден, өмірінің ақырына дейін сырлас, пікірлес, дәмдес болдым десем, артық
айтпағандық болар.

СЫРДЫҢ СЫРБАЗ САДЫҚБЕГІСәкең өзінің өмір жолын «Құбыла» атты кітабында өрнектей білді. «Мен
жарық дүниеге «Тереңсай» ауылында
келіппін. Ол Қызылорда қаласының
батыс теріскейінде шамамен бес
шақырым жерде орын тепкен. «Тереңсай»
ауылын сегізінші ауыл деп атайтын. Міне,осы арғындар ауылы дейтін сегізінші
ауылда туып, осында мектепке бардым. «Тереңсай» топырағында менің жеті жасымда көз жұмған анам
Бибажардың сүйегі жатыр. Ал менің әкем Молдаш (толық аты Молданияз) атамның
екінші баласы екен.Бірақ өте момын, ештеңеге қызықпайтын,біртоға бала болып өсіпті».Осы мәліметтерден кейін
Сәкең және бір сыр ашады, онда: «Амал қанша, тағдыр солай бұйыртқасын не
істерсің.Жетімдікті жазғасын толығымен
жазайын деген болар Жаратқан».

Бал дәурен балалықтың тәтті иірімдерін дұрыс көрмей, таңның атуы,
күннің батуы аралығында бір үзім нан үшін ерте есейіп еңбек еткен ұрпақ соғыс
жылдарының о жақ, бұ жағын толық қамтыды ғой. Адам бойындағы ар мен намыс,
Сәкең айтқандай, жетімдіктің жалауын желбіретіп жүрген жастардың биік мұратына айналды. Институт
қабырғасында Садықбек Хангелдиннің замандастары арасында шоқтығы биік жүрді. Ол
оқу орнының қоғамдық жұмыстарына етене
араласып, өте белсенді болды. Студенттік өмірді оқумен де, тоқумен де
толықтырды десек, артық болмас. Өйткені,
оқып жүріп облыстық радиода
дикторлық қызмет атқарды. Сонымен қатар
облыстық, республикалық баспасөздерге өлеңдерін жолдап,
оқырмандардан оң бағасын алды. Сол
кездері Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін қазақтың көрнекті ақыны Асқар
Тоқмағанбетов басқаратын. Ақын-жазушылардың талқылауынан шыққан Садықбек
өлеңдері оқырмандарына жиі жол тартып жатты. Сондай-ақ «Сыр сұлуы» ансамблі мен
комсомол ұйымының жұмыстарында біте
қайнасып жүрді. Институтты аяқтаған соң
оның жарқын өмірі жастар арасында болды. Қызылорда қалалық комсомол
комитетінде бірінші хатшы, облыс­тық
комсомол комитетінде хатшы, республика комсомол комитетінде жауапты қызметтер
атқарып, сол дәуірдің жастар араласқан
жарқын істерінде әрі басшы, әрі қосшы болып толағай шаруалардың тындырымды
шақтарын бастан өткерді.

Сыр елінен асқар Алатау баурайындағы қазақ елінің сол кездегі астанасы
Алматы қаласына қоныс аударғанда:

Сырда жүріп

нұрындай шығар Күннің,

Ықыласын елімнің тұмар қылдым.

Алатау боп кеудемде жүр бейнесі

Ұлы көштей шұбалған шұбар
құмның, – деп туған жерінен ел ықыласына бөленіп бара жатқанын жырға қосқан
еді.Орнықты азамат Алматы кеңістігінде де өркен жая білді. Жиырма жылға жуық
уақытын жастар өмірімен байланыстырған Сәкеңді Қазақстан Орталық
партия комитеті қызметке шақырды. Қазақтың кемеңгері Дінмұхамед Ахметұлымен,
өзге де жақсы-жайсаңдармен пікірлес, қызметтес болуға тағдыр оңынан жазған
екен. Ол тәлімді үлкен ортадан, өмірдің үлкен мектебінен өтті, биікке
көтерілді. Тіпті сол Қонаевтың қолынан марапат алып, алғыс
арқалады. Мұратына жеткен жан үлкенге ілтипатты іні, кішіге кішіпейіл аға бола
білсе, қандай орта болмасын өзі сый-құрметке бөленіп, өзгені де қадірлей
білген азамат.

Жастайынан жырсүйер Са­дықбек өлең жолдарын өр­нектеуде өзіндік қол
таңбасы қалған ақын. Оның «Сенім», «Ағынды арна», «Уақыт сазы», «Шапақты шақ»,
т.б. жыр жинақтары заман тынысын, жастар үнін, кір­шіксіз махаббат, ата-ана,
туған жер мен ел тіршілігін шынайы суреттеп, оқырмандарының көз­айымына
айналған еді. Прозалық шығармалар да
туындады. Тәлім­дік, тәрбиелік мәні зор туындылары зейнеткерлікке
шыққаннан кейін тоғытылды. Публицистикалық, проблемалық мақалалары мен ой-толғаулары баспасөз беттерінде жиі
жарияланып тұрды.

Садықбек аға үлгі тұтарлық отбасының басшысы бола білді. Екі ұл, екі
қыз тәрбиелеп өсірді. Немере-шөберелердің қызығына кенеліп, ғұмыр кешті.
Бірсөзділік, тұрақтылық пен шынайылық ол кісінің бойындағы қадірлі қасиеті еді.
Оның достарымен, замандастарымен араласқан сәттерін сөзбен айтып жеткізу оңайға соға қоймас. Өйткені ол өзіне ыстық ықылас білдірген жандардың бәрін
әрі қазына, әрі сүйеніш деп түсінетін. Ісі мен сөзіне деген тұрақтылығы Сәкеңді
әрдайым ажарландыра түсетін. Ол артына өшпестей мұра қалдырды. Оны уақыт өткен
сайын зерделеп, зерттеу кейінгі ұрпақтың үлесінде болмақ.

Күні кеше ғана ортамызда
шоқтығы биік болып отырған Садықбек ағаның өмірден озға­нына да қырық
күннің жүзі болып қалыпты. Сондықтан жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі
сақталатын Сыр елінің бір ұлы –
Садықбек Хангелдиннің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз.

Атабай Қылышбайұлы,

Халықаралық «Дала» журналының

бас редакторы,

Арал, Сырдария

аудандарының

«Құрметті азаматы».
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз