ТАНЫТҚАН ТЕКТІЛІКТІҢ ӨР ТҰЛҒАСЫН

60

0

Бүкіл саналы ғұмырын бі­лім беру саласына арнап, адал ең­бекпен есейген Базаркүл бейнеті зейнетімен зерделенетін шаққа жеткенін, әрбір күнін, әрбір саға­тын ізденіспен, көңілге түюмен өткізген 41 жылдың қалай зырлап өткенін байқамай да қалыпты. Бүгін біздің әңгімемізге арқау болғалы отырған жан – ибалы мінез мен ізеттілігі әр уақытта маңайындағыларға сезіліп тұра­тын, тума табиғи болмысымен лайықты, өнегелі өмір жолында ғұмыр кешіп отырған Базаркүл Махамбетқызы Құлахметова. Оның ұзақ жылғы ұстаздық жо­лы, білім беру мен шәкірт тәр­биелеудегі, ұжым басқарудағы іс-тәжірибесі, оқытудың әдіс-тәсілдерін бөлісе жүріп, ғылымға қосқан үлесі, отбасындағы бала өсіріп отырған аналық парызы әріптестеріне үлгі болғандай.

Ұлы Абай: «Адамның адам­шы­лығы жақсы ұстаздан» дегенді қалай тауып айтқан. Әрбір адам өзінің алғашқы ұстазын «мені оқытқан», «маған бағыт берген», «осыған жеткізген», «мені тәрбиелеген» деп еске алып, тағзым етеді. Тәуелсіз ота­ны­мыз­дың мемлекеттігін нығайтуға үлес қосып, алғаш еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол өзінің бар ғұмырын ұрпаққа арнаған. Адал еңбегі, имандылығы мен білімділігі Базаркүлді өзгелерден ерекшелеп тұрады. Білікті басшы, жаңашыл мұғалім , шәкірттеріне сүйікті ұстаз бола білген тұлға.

Жосалы кентінде жұмысшы отбасында дүниеге келген Базар­күл Құлахметова онжыл­дық­ты бітіргеннен кейін өзінің еңбек жолын өзі бітірген №186 мектепте пионер жетекшісі, бастауыш сы­нып мұғалімі болып қызмет атқарды. Айтқандайын, еңбектен қол үзбей жүріп, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университетінің гео­графия факультетін бітіріп шықты.

Жетпісінші жылдардың со­ңы­­нан бастап №109 мектепте география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Араға бес жыл салып, №199 орта мектепте әуелі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, сосын мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар ол жас ұрпаққа география пәнінен сабақ берді. Басшылық қызметтегі кезінде Базаркүл Махамбетқызы ұйымдастырушылық қабілетімен, қай нәрсенің болсын шешімін таба білетін іскерлігімен таныла білді. Мектеп тұрмысының ішкі тыныс-тіршілігінің көзге көрінбейтін бүкіл ауыртпалығын көтере біліп, қандай түйінді мәселе болса, іскерлікпен шешетіндігін ерекше атап кеткен орынды.

Жоғары санатты география пәні мұғалімі «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хаты­мен, ҚР Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыстық білім беру департа­мен­тінің Құрмет грамоталарымен, өзге де сан түрлі марапаттау­лар мен мадақтауларды иеленген. Сондай-ақ ол 2001 жылы аудандық мектеп директорлары байқауының жүлдегері.

Базаркүл шәкірттеріне білім мен мәдениеттің қасиетті дәнін еге білген жан. Асылы, ұстаз еңбегінің жемісі оның шәкірттері арқылы көрінетіндігі белгілі. Соның куәсі ретінде өткен жы­лы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінен оқушысы Қыр­мызы Қалдашбаева үздік оқуы­на байланысты Алғыс хатпен мадақталды. Ал Базаркүлдің өзі биыл ҚР Ұлттық бизнес рейтинг орталығының шешімімен «Даңқ жұлдызы – Қазақстан экономикасы» орденімен марапатталды және мектепке «Сала көш­басшысы-2014» дипломы мен қабырға медалі берілді.

Ол осы мектептің ардагерлері мен аға буын ұстаздардың іс-әрекеттерін, олардың биік адам­гершілік қасиеттерін, ал­тын ұя­ның биіктерге көтерілуіндегі ұжым­ның атқарған жұмыс­тарының орны ерекше болғанын үлгі етуден жалыққан емес.

«Әке көрген оқ жонар ..» дегендей, көп жыл мектепте басшылық қызметте болған Махамбет сияқты өнегелі әкеден үлгі алған Базаркүл жұбайы Айдармен екі қыз тәрбиелеп отыр, ол береке-бірлікпен сүттей ұйыған отбасының ұйтқысы. Көзінің ағы мен қарасындай қызы Гүлжанат Павлодар қаласындағы педагогикалық университеттің химия факультетінде оқыса, кіші қызы Салтанат Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық универ­ситетінің ІІ курс студенті.

Базаркүл Махамбетқызы бас­шылық жасап отырған мектептен ҰБТ-ға қатысқан түлектер жыл сайын жоғары нәтижеге жетіп келеді. Мәселен, 2011-2012 оқу жылында 5 түлек грант иегері танылып, мектептен екінші орынды иеленді. 2012-2013 оқу жылында мектеп бітіруші 11 оқушының 5-еуі, өткен оқу жылы 5 бітірушінің 4-еуі грант иеленді.

Ел сенімінен шығып, ұжы­мы­ның абыройын асқақтатып, жауапкершілік жүгін қайыспай көтерген, шәкірттерінің сүйіс­пеншілігіне, әріптестерінің құрме­тіне бөленген, халық мақтанышы Базаркүл Махамбетқызының мерейтойы да келіп жетті. Оның әрдайым денсаулығы мықты болып, ауылдастары арасында абыройлы әрі мерейлі болуына сенім мол.

Рыскүл ЖОРАБЕКОВА,

ардагерұстаз.

Төребай би ауылы,

Қармақшы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз