ТАРИХТЫ ТЕРЕҢІНЕН ЗЕРДЕЛЕГЕН

60

0

Алдыңғы толқын ағалар. Олардың өмірі мазмұнды, өнегесі үлгілі. Бұл буын санымен емес, сапасымен де, туған жылымен емес,  қосқан үлесімен де көңіл марқайтатын көрікті, төл дамуымызға белес бола аларлық, бедер қоса алған тарихи буын дегенге толық қосылар едім. 
Өтеубай Қожақұлы – сол тұстағы замандастары сияқты моральдық байлықты мұрат тұтқан, тазалықты, адалдықты, темірдей тәртіпті, қоғамдық мүддені ту етіп ұстаған, бар балалық балауса кезі,  бұла шағы  тар кезеңдегі тағдырдың татымсыз талқанын ерте татқан буынның өкілі. Саналы өмірін ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне, оның тарих толқынындағы өткені мен кеткенін зерделеуге арнады. Ата-бабасының не өз руының шежіресін жазуды емес, мәңгілік ел тарихының шындығы үшін тер төгіп, тарих танымының көкжиегін кеңейтіп, аянбай еңбек етіп келеді.
 Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, Сыр бойындағы тұңғыш тарих ғылымдарының докторы Өтеубай Қожақұлы 1954 жылдың 28 сәуірінде қасиет дарыған құт мекен Қазалы ауданында дүниеге келген.   1957 жылы Өтекең үш жасқа толғанда, әкесі Қожақ дүниеден өтеді. «Бір жүз ұстаздан да бір әкенің орны бөлек»,- депті бір данышпан. Ер бала үшін әке ықпалы, айбаты, ұлағаты бөлек екенін менен ғөрі бөріктілер жете білсе керек. 
Өтеубай ағамыз да әке мейіріміне қанып, ұлағатын ұлықтай алмағанына, айбарын сезбей, өсиетін естімей өскендігіне қапаланады.  Жасы алпысты алқымдаса д,а Өтекең кей-кейде әкесін аңсап, теңіздей терең ой кешеді. Бала біткеннің төрт құбыласы тең болып өссе екен деген тілек тілейді.
Өтеубай Қожақұлы – менің  ұстазым, рухани досым. Өтекең мен ғана емес, әрбір шәкіртінің жүрегіне жақын жан. Бізді жақын еткен оның киелі сөз өнеріне, әдебиетке деген құштарлығы. Ақынжанды ағамыздың отызға тарта жарияланбаған жырлары қойын дәптерінде сақтаулы. Жариялауға, ғылыми талдау жасауға жарайтындай-ақ сырлы дүниелер. 
Менің ұстаздарымның алды тоқсанға, соңы алпысқа толып, олардың көңіліме қыстатқан жақсылық қасиеттерін, үлгі-өнегесін   баян етіп жазу үлесі бұл күнде маған бұйырып тұрғандай. Мен өзім қандай жетістікке жетсем, оның барлығы тек қана ұстаздарымның еңбегінің нәтижесі деп білемін. Ұстаз Өтеубайды аға деп сыйлап, құрметтеп келеміз. Өтекеңнің бір сөзі естен кетпейді: «Айман, саған дәріс бердім, білімің бар. Жақсы көретін қарындастың бірісің. Жоғары оқу орнында жүрген соң, міндетті түрде ғылым жолына түсуің керек. Ғылыми дәрежеңді қорға, қорғамасаң, қор боласың» дегені. Әрине, біраз уақыт ойланып та жүрдім. Қор болғаны несі деп ренжідім де. Соңынан сол сөздің дұрыстығына көз жеткіздім. Бұл өмір талабы екен.  
Өтеубай ағамыз анасы жайлы көбірек айтады.  Әкесі жоқтығын балаларына жоқтатпаған ана – ең аяулы  адам. Балаларыма жайлырақ болсын деп, солардың бақтары ашылсын деп, қандай бір қиындықтарды ер азаматқа лайық  болмысымен көтере алған анасының төзімділігіне Өтекең қайран қалады. Қайран қала отырып В.Шекспирдің: «Бәрімізді таңдандыратын бір нәрсе: тарих білетін ұлы адамдардың көбісінің тамаша анасы  болған» деген пікірдің маңыздылығын өз өмірімен байланыстырады. Анасы Назым Мәлікқызы Қазалыдағы «Өтеу» тігін комбинатында 30 жыл еңбек етіп, екі рет облыстық кеңеске депутат болған. «Құрмет» орденінің иегері. Балаларына қиындықтарға шыдап, төзе алатындай күш берді. Дауылдарға қарсы жүруге, ағындарға қарсы жүзуге үйретті. Еркелетпеді, адал еңбек етуге жетеледі. Балалары да жастай жесір қалып, жалғыздықтың азабын тартқан ана қасіретін түсініп өсті. Сергек сезімталдықтың арқасында олар ерте есейді.
– Менің түсінігімде, тарих білетін ұлы аналардың қатарында менің де анам тұруы тиіс деп ойлаймын, – дейді Өтекең. Бұнысы анасына деген ұлы махаббатынан туған сезімдері болса керек. 
Қазақ – дүние жинамаған, байлық қумаған бекзат, сақы халық. «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» деп, бар тапқанын ішер асы мен киер киіміне жұмсап, бар байлығын балаға арнаған халық. Назым анамыз да бар тапқанын балаларының жолына, жоғары білім алуларына жұмсайды. 
Көкірегі арманға толы, жастық жігері мол жас  1976 жылы Гурьев-Атырау педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1980 жылы осы оқу орнын  «тарих және қоғамтану» мамандығы бойынша үздік белгімен бітіреді. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайына бөлім меңгерушісі болып қызметке орналасады. 
1985 жылдан Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ 30 жыл бір жерде табан тіреп,  оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор (2010) қызметін атқарып келеді. Адамгершілігі мол, алдына мақсат қоя білетін ол ғылыми-педагогикалық қызметінде елеулі жетістіктерге де жетті.
1994 жылы елімізге белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы,профессор Ж.Қасымбаевтың жетекшілігімен «Сырдария облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы /1867-1914 жж/ тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Өтеубай Қожақұлы педагогикалық қызметін үзбей, ғылыммен ұштастыра жүріп, 2006 жылы болашақ қорғалатын докторлық диссертациясының негізі болатын «Қазақ-қоқан қарым-қатынастары /ХУІІІ-ХІХ ғ.ғ/» тақырыбындағы  монографиясын жариялады. Мәскеу, Петербург, Орынбор, Омбы, Өзбекстан, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған құнды тарихи деректерді алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Бір қызығы, оның «ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейінгі Қазақ-Қоқан қарым-қатынастары (саяси және шаруашылық мәселелері бойынша)» ғылыми тақырыбына ешкімнің тісі батпаған көрінеді. Сондықтан докторлық еңбекті тыңдауға және талқылауға Мәскеудің маңдайалды және еліміздің елеулі ғалымдары қатысады. Өтеубай Қожақұлы үшін ең өкініштісі сол, ғылыми жұмысына бағдар беріп, жол сілтеген қазақтың қазанаттай азаматы, белгілі ғалым Ж.Қасымбаевтың қатыса алмауы еді…
2010 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Біріккен диссертациялық кеңес мәжілісінде «ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейінгі Қазақ-Қоқан қарым-қатынастары (саяси және шаруашылық мәселелері бойынша)» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ыждағатты ізденіс пен еңбекқорлықты жанына серік еткен Өтеубай ағамызға Батыс өлкесінің ғалымдары да «Қайтпас қайсар Қожақов» деп ат беріп, оның ғылымдағы жетістігін толық мойындайды. Сөйтіп, Қызылорда облысында тұңғыш рет тарих ғылымдарының докторы атанды.
Ғылым жолында жеткен жетістігінің бір парасында өзімен қызметтес болған Абдрасилов Болат Серікбайұлының азаматтығына, тектілігі мен адами қасиетінің молдығына Өтекең күні бүгінге дейін дән риза. Сонымен бірге, қазіргі уақытта М.Сәдуақасқызы басқаратын «Қазақстан тарихы, саясаттану және әлеуметтану» кафедрасында бірге қызмет атқарып жүрген М.Аңсатова, Д.Сәтбай, А.Оразбахов, Е.Әбенов, Б.Еңсепов, У.Ибраев, т.б әріптестеріне де айтар алғысы көп. Кафедраның құрметті профессоры М.Аңсатова Өтекең жайлы ойын былайша өрбітеді: «Адамдар ауыл арасында жүріп араласады, қызмет бабында бірін-бірі танып, түстеп барып құшақ қауыштырған соң, жақын дос-жаранға, бауырға айналады. Досқа дос, жолдас бола білетін кімге де менің жүрегімде орын көп. Өтеубай да менің жаныма жақын көретін жақсы інілерімнің бірі. Екеуміз ұзақ жыл бірге қызметтес болдық. Назым апамыздың қолынан талай дәм таттық. Артық сөзі жоқ, ұстамы қатты, тумысы ерекше сұлу, сырбаз мінезімен көптің жүрегінен жол таба білген апамыздың жақсы қасиеттері Өтеубайға да берілген сияқты деп ойлаймын».
Өтеубай Қожақұлы тәуелсіз еліміздің тұғырын бекітуде білімімен де, біліктілігімен де үлес қосып келеді. Ұзақ жылдардағы ұстаздық  еңбегі және ғылымдағы зор жетістігі ескеріліп, Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 2011 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталады. Жұбайы Гүлденмен бірге ұл-қыздары  Рүстем, Дастан, Ақботаның жоғары білім алуларына ықпал жасады. Әлішер мен Данияр мектеп оқушылары. Немерелері Абай мен Ескендір – балабақшада. Келіндері Айжанат, Бота жоғары білімді мамандар, өсіп-өнген отбасының балалары. 
Өнегелі ғалымның аты да, хаты да келешек ұрпаққа жол көрсетер шамшырақтай жарқырай беретіндігі ақиқат. Бүгінгі мерейтой қарсаңында ұстазым, әрі сырлас ағам Өтеубай Қожақұлына ұзақ ғұмыр, шығармашылық еңбек жолына шалқар шабыт, отбасына береке-бірлік тілейміз.
Айман АЙТБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз