ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ

123

0

ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫБалалық балғын шағын  Қарауылтөбеде өткізген Байзақ Момынбаев орта мектепті  бітірісімен Алматыдағы ауылшаруашылық институтына  оқуға түсіп, оны 1969 жылы  ойдағыдай  бітіреді.  Алғашқы еңбек  жолын республикалық «Казсельхозмеханизация» кәсіпорнында инженер-механик мамандығынан бастайды. Ұстаз ғалымдарды өзі оқыған  оқу  орнына қызметке  шақырып, ауыл шаруашылығы институтында ассистент  болып,  шәкірт тәрбиелейді. 1980 жылы  кандидаттық диссертациясын Ленинград ауылшаруашылық институтында қорғап шықты. Міне, содан бері инженерлік педагогика саласында тың еңбектер  жазып, бұрынғы  одақтас  республикалар  арасында алғашқылардың бірі болып, инженерлік педагогикадан докторлық диссертациясын қорғады. Жоғары  оқу  орнының «Инженерлік педагог» кафедрасының меңгерушісіне дейін  көтеріліп, үлкен бір ғылыми ұжымға басшылық жасады. 1980 жылдан  өмірінің соңына дейін ғылым, білім саласында басшылық қызметтерді атқарды. Ол жалаң басшы емес, білікті  ғалым, үлкен ұйымдастырушы, іскер азамат еді.

Байзақ Момынбаев 1998 жылы  Ы.Алтынсарин атындағы қазақ  Білім академиясының кәсіби білім  институтының директоры, 1999 жылы осы  академияның вице-президенті, 2002 жылы  ҚРҰҒА ғылыми  кадрлар  басқармасының бастығы, 2002 жылдан  кәсіби  педагогика  кафедрасының  меңгерушісі, 2005  жылы Қазақ Білім академиясының вице-президенті, 2007 жылы  Қорқыт ата  атындағы Қызылорда  мемлекеттік университетінің ректоры болып  тағайындалады.  Кейіннен осында  кафедраға  жетекшілік  жасады.
Ол инженерлік-педагогикалық салада Қазақстандағы білікті ұстаз болды. Бірнеше оқулықтардың  авторы. Оның еңбектерімен шетел  ғалымдары да таныс. Байзақтың  «Кәсіби-педагогикалық білімнің  теориясы  мен практикасы» атты  оқулық кітабы бүгінде сала ізденушілері үшін таптырмас дүниеге айналды. 
Бұрын-соңды Б.Момынбаевпен сырттай біліс болсам, онымен 1994 жылдың ақпан-наурыз айларында жақын таныстым. Онда да  өзі  телефон шалып, ҚР Парламентіне депутаттыққа кандидат екендігін, соған менің  Тереңөзек ауданынан сенімді  өкілі болуымды  қалайтынын айтты. Менің  Қалтай Мұхамеджановқа сенімді өкіл болғаным бар еді. Депутаттыққа кандитаттармен бірге  төрт  ауданды  аралап, бір жүрдік.  Сонда  Байзақ  інімнің сөйлеп кетсе, шешен, домбыра тартып ән салғанда, әнші екенін көрдім, жалпы осы тұста  оның адами бет-бейнесін тани бастадым. Содан бері  өмірімнің  соңына дейін телефон шалып, Қызылордадан Алматыға келсе, хабарласып тұрды. 
Бірде Қызылорда облысында  жүргенімде Жұпаркүл Иманбаевамен хабарласып, ақсақалдардың шақырып жатқанын хабарлап, уәделескен жерде күтіп алып, Шакизада атты Алтын руының жігітінің үйіне  алып барды. Кең үйде нағыз  қазақ  деген атауға лайық кең маңдайлы, ұзын бойлы, шашын тықырлатып алып тастаған  қария мен  келгесін орнынан тұрып, амандық-саулық сұрастық, таныса отырдық. Айналасындағылар ақсақалға құрақ  ұшып  жатыр.  Оның  өзіндік себептері де бар екен. Ақсақал Алтыннан шыққан атақты Байназарұлы Топжан бидің  немересі және  осындағылардың  ең үлкені де екен. Осы мәжілісте Байзақтың туған ағасы Өмірзақ Көпірбаев та болған-ды. Осынау басқосуды естіген болу керек, Байзақ атақты  бабалары Сәлтеке, Барқы, Науша, Байназар, Топжан, Көпірбайлар жөнінде  сұрастырып, архивтен  деректер  кездессе, өзіме  берші деп өтінген-ді.
2007 жылы Сыр елінде білім  ошағына ректор болып келіп, арамыз  алыстаса да, кейде Қызылорда жаққа барсам, тауып алып сөйлесетінбіз. Сондай бір кездесудің 2009 жылдың 13 қыркүйегінде  Қызылорда  қаласындағы мейрамханада сәті түсіп бір желпініп қалып едік. Қолыма жиналған белгілі билер мен  батырлар жайлы құжаттармен баспасөз материалдарын бергенімде, қуанып: «Тәке, екеулеп  осыны кітап  етейікші», – деп  өтініш еткен-ді.  Қызмет бабы, олармен қоса, денсаулығы да сыр беріп, сол  мақсатты орындауға қол жеткізе алмады-ау деймін.
Қызылордада бір кездескенімде Байзақ інімнің қатты  жүдегенін  байқадым. Сол жүдеулік ауыр науқастың басы болса керек,  алып  тынды ғой.
Айтпақшы, Б.Момынбаев қайтыс болардан біраз күн бұрын телефон  шалып, өзіне  «Сырдария кітапханасы» сериясымен шығарылған бірнеше кітапты беріп жіберуді сұрады. Мен Байзақ ініммен соңғы рет сөйлесіп тұрғанымды білген де жоқпын.
«Сенің кім екеніңді  досыңа қарап  танимын» дегендей, Байзақ академик Камал  Ормантаев, Түрікменстан республикасы Мемлекеттік   сыйлығының лауреаты Айтмағанбет  Ойнарбаев, Ақселеу Сейдімбекке  – іні, Иран-Ғайыпқа дос  болды.
Ол ғалым ретінде 10 ғылым  докторы мен 35 ғылым  кандидатын  даярлап шығарды. 500-ге жуық ғылыми  мақалалар жазды. Педагогика саласында 24 оқулық, 5 оқу-әдістемелік құралдар жазып шықты. Бұрынғы одақтас республикалар мен шетелдерде ғылыми-баяндамалар оқыды. Оның  омырауына  республикаға еңбегі сіңген қайраткер, «Парасат» ордені мен басқа да медальдар тағылған-ды.
ҚР ҰҒА-ның  корреспондент мүшесі, профессор Байзақ Момынбаев   толысқан шағында өмірден  өтсе де, оның  артында  ғылыми  еңбектері мен  мақалалары, кітаптары қалды. Оның қазасы Қазақ ғылымына  ауыр  соққы  болып  тиді. Бірақ артында  дос-жарандары, замандастары, аға-інілері, шәкірттері  мен  ұрпақтары барда ұмытылмақ емес. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, Байзақ  бүгінде ел-жұртының  жүрегінде.
Сымбатты да сырлы  инабатты  жүзді Байзақты  бір  көргендер мынау  тегін  азамат  емес, тегі  мықты  болар, деп жатқанын талай  құлағым  шалған-ды.  Расында  Байзақ текті тұқым  ұрпағына жатады. Оның жетінші  атасы Сәлтеке (би), онан туған Барқы батыр (1794-1803 ж.), оның  баласы  Науша батыр, Наушадан тарайтын  Байназар (әрі бай әрі би  болған) – одан  туылған  Топжан  мен  Көпірбай есімдері 1870-1899 жылдардағы  архив  құжаттарында кездеседі, билік  сөздері  ел аузында  жүр. 
Аз-кем Байзақ Момынбаевпен  аралас-құралас болған  кездерімді еске түсіріп, осы естелік-мақаланы жаздым. Мұндай тұлғалы, тұғырлы азаматтардың өмір жолы кейінгілер үшін әрқашанда үлгі-өнеге болып қала бермек. 
Тынышбек ДАЙРАБАЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз