ӨТКЕНІМ ӨЛШЕМ БОЛАР ӨМІРІМЕ

172

0

Адамды шын жақсы көру бар, бірақ осы нәзік сезіміңді әлгі кісінің алдында
аңғарта, сездіре алмайтын орашолақтау болсаң қиын екен бұл өмірде. Менің бұл
әулетпен таныс, білістігіме, сыйластығымызға, кейде сырлас болғанымызға ширек
ғасырға жуықтап қалыпты. Бұл бір-бірімізді танып-білу үшін аз уақыт емес,
әрине. Ал өмірге біршама күрделілеу,
сыни көзқараспен қарасам, күллі
тыныс-тіршілігі Сыр өңірімен ғана емес, еліміздің кешегі өсу-өркендеу,
қилы-қилы тағдырлы кезеңдерімен
сабақтасып жатқан Пірімовтер әулетінің адами болмысын ашып көрсетуге осы уақыттың, газеттің шектеулі
беті де аздық етеді ме деп ойлаймын.

Әрбір азаматтың бүгінгі жеткен биігі оның кешегі
өнегелі өмір жолы­мен сабақтасып жататыны табиғи құ­былыс қой. Жеңіс аға
бүгінгі кемел жас­қа өзінің табиғи болмысына тән сабырлы, байсалды, азаматтық
тұл­ға­сына қылаудай кір шалдырмай абы­рой биігімен желдіртіп жетті. Бейнелі
теңеумен айтқанда өмір-өзеннің арна­сында адам бірі ағысқа қарсы малтып, бірі
ығымен жүзіп дегендей өмір ке­шеді. Ол кісі ағыстың ығымен емес, кейде оған
қарсы жүзіп, қажымас қай­раттың ерен үлгісін көрсетті.

Айтыңызшы, отызында орда бұ­зып, қырық жаста қамал алу
әркімнің пе­шенесіне бұйыра бермейтін бақыт емес пе?! Жәкең сол бақыт құсын қо­лына
еселі еңбегімен, адами тұл­ға­сымен, кешегі күллі Одақ жұрт­шылы­ғына аты
мәшһүр болған Қашақбай әке­сінің табиғи болмысынан төгіл­ген ізгі шуақпен
қондыра білді. Күл­лі тіршілігі халықтың мұң-мұқта­жымен сабақтасып жатқан газ
ша­руа­шылығының білікті маманы, өнді­ріс­тің шебер ұйымдастырушы бас­шы­сы
ретіндегі еселі еңбегі өзінің ту­ып-өскен киелі Сыр топырағына ғана емес,
республикаға да кеңінен та­нылды. Өндіріс басшысына лайық үл­кен
ұйымдастырушылық қабі­леті Қазақстан тәуелсіздігінің елең-ала­ңындағы күрделі
уақытта барынша жа­ңа қырынан танылды. Ортақ жүйе­дегі шаруашылық байланыс­та­­ры­ның
үзілген қиын-қыстау кезең­­дерінде тығырықтан жол таба біле­тін өндірістің
майталман бас­шы­сы ретінде лайықты бағасын алды. Қы­зыл­орда облысының газ
шаруа­шы­лығы еліміздегі алдыңғы қатарлы бір­лестіктердің қатарына қосылды.

Біздің алғашқы білістігіміз Кеңес­тік дүниесінің шаңырағы шайқалып, тігісі сөгіле бастаған
кешегі 90-шы жылдардың ауыр кезеңіне тап кел­ді. Аласапыран дүниенің астан-кес­те­ңі
шығып жатқан кезең еді бұл. Ортақ байланыстар үзілді, Қызыл­орда қаласындағы
700-ге жуық көп­қа­батты үй тұрғындарының мар­дым­­сыз жылудан, іркіліспен жет­кі­зі­летін
газынан, үздік-создық бе­­рі­­летін жарығынан берекесі қаш­қан заман еді. Біз,
журналистер сол уақытта билік, шаруашылық бас­шы­ларынан құрылған топпен жиі ұй­ым­дастырылатын
рейдтерге шыға­мыз.

Президенттің тапсырмасынан кей­ін Қызылордаға
Ақшабұлақтан 2004 жылдан бастап табиғи газ жеткізіле бастады. Оған дейін облыс
халқын газ­бен қамтамасыз ету күрделі мәселе еді. Сұйытылған газ баллонмен са­ты­лады.
Тоқсаныншы жылдары Қа­зақстан бойынша Шымкент пен Павлодарда, Жаңаөзен мен Құл­са­рыда
ғана газ зауыты болды. Алай­да, бірінде сұйытылған көгілдір отын болмаса, екіншісі
жөндеуге жабы­лып, газ тапшылығы туды. Ол кезде Қызылордада «Тұрангаз», Бай­қоңырда
«Байқоңыргаз» басқармасы жұмыс істейтін. Біріншісі – Жаңақор­ған, Шиелі,
Жалағаш пен Тереңөзек аудандарын, екіншісі Қармақшы, Қа­залы, Арал аудандарын
сұйытылған газбен қамтамасыз ететін. Газды
алып келу, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халыққа жеткізу, қызмет
жасау өте күрделі шаруа.

Шаруашылық байланыстары үзіл­ген сол қиын-қыстау
кезеңдерде об­лыстың газ шаруашылығының бас­шылығы Ресейдің Орынбор қа­ла­сындағы
газ өңдеу зауытымен бай­ланысқа шықты. Өзге облыста көп­қабатты үй тұрғындары
газдың жоқ­тығынан тамақ пісіру үшін есік алдына от жағуға мәжбүр болып жатқан
кезде, Қызылордада бірінші кезекте көпқабатты үйлер газбен қамтамасыз етілді.
Бұл сол кездегі облыс басшы­лығының тапсырмасы еді. Қыстың қытымыр күндері
аудандарда от жа­ғу мүмкіндігі болғандықтан, газ кө­біне қала тұрғындарына
берілді. Ж.Пі­рімов осы орасан бейнеттің бел ор­тасында жүрді. Белі қайыспады,
жі­гері мұқалмады. Газ саласындағы еңбек жолын бас инженерлікпен бастаған оның
техникалық қауіпсіздік жағынан тәжірибесі мол еді. Осындай біліктілігі
арқасында облыста төтен­ше оқиғаларға жол берілмеді. Іскер­лігімен және
адамгершілігімен ұжым­ға сыйлы болды. Оның қам­қор­­лығынан аудандық бөлімше
қыз­мет­керлері де сырт қалған жоқ. Жәкең бәрін назарда ұстайтын. Ол үшін
ұсақ-түйек деген болмайтын еді, барлығы жауапты, барлығы маңызды.

1995-1996 жылдары облыстық газ жекешелендіру
бағдарламасына сәйкес «Алаугаз» акционерлік қоғамына айналды. Бас кеңсе – «Алаугаз»
хол­дингі Алматыда орналасты. Бас­шы­лық тізгінін Путинцев ұстады. Жеңіс
Қашақбайұлының онымен қа­рым-қатынасы өте жақсы болды және мұның облыстың газ
шаруа­шы­лығының көптеген түйінді мәсе­лелерін шешуге зор пайдасы тиді.

Жеңіс ағаның тағы бір қасиеті – кісі танығыштығы еді.
Үлкен ұжым, сан түрлі адамдар болады, олардың әр­қайсысын орнымен жұмсап, қабі­лет-қарымына
қарай тапсырма жүк­теп, нәтижесін күту бірінші басшы үшін таптырмайтын қасиет.
Бірде ол кісінің таңдауы партия, шаруашылық қызметте жүрген жас кадр – Мәскеу
инс­титутының түлегі Нұрсұлтан На­за­ровқа түсті. Нұрсұлтанға сенді. Сенгені
емес пе, өтпелі кезеңнің ауыр жылдары
оны «Алаугаз» акционерлік қоғамының бас директоры етіп тағай­ындады.
Жаңылыспапты. Сенімді ақ­тады.

– 1997 жылы сәуір айында бас­қар­ма төрағалығындағы
Жеңіс аға мені бас директор етіп сайлады, – дейді Н.Назаров. Жинаған
тәжірибеме, кө­ңілге түйгеніме сенім артса керек. Ра­сында, ол кісіден
үйренгенім көп. Бас­шы ретінде талап қойып, оны орындата біледі. Біреуге
ықыласы түссе, соған бар жақсылығын үйіп-төгетіні де бар. Еш уақытта өзін
жұмысшыларынан биік және алыс ұстаған емес. Қиын­шы­лықты да, жетістікті де,
бәрін жұ­мысшыларымен бір көрді. Басшы ре­тінде, ең бастысы адам ретінде Жеңіс
аға кез келген күрделі жағдайда өзін көр­сете білді. Адамның үйінде бәрі дұ­рыс
болса, ол жұмысын беріліп, алаңсыз атқаратынын жақсы білетін Жәкең әр
қызметкерінің үй жағдайын сұрауды ұмытпады. Арнайы көлікпен қызмет көрсететін
жігіттерге «сендер біздің айнамызсыңдар, сендер елге қа­лай қызмет
көрсетсеңдер, халық бізді солай
қабылдайды», деп әрдайым ес­кертіп отыратын. Жиын-тойларда, түр­лі шараларда
жолығып қалған үл­кен кісілердің Жеңіс ағаға
қызметі үшін алғыс айтып жатқанын өз басым та­лай көрдім.

Біз, журналистер кейін «Алаугаз» акционерлік қоғамы
директорлар ке­ңе­сінің төрағасы Жеңіс Пірімовтің орын­басарлары Жаңбырбай
Есіркеп­баев, Райкүл Ақжігітова, өндіріс бас­шылары Қашақбай Ахметов, Ақзулла
Әбдіғаппаровтармен әріп­тес ретінде қарым-қатынаста бол­­дық. Ортақ жүй­е­дегі
газдың тап­шы­лығынан жүй­кесі тозған халық қи­налғанда уәж­ді сөзге де
тоқтайды екен. Әлгі жігіт­тер мен қыздар сол тоңазыған, берекесі кеткен халықты
суықтан жылы сөздерімен қымтады, орынды әзілдерімен иландыра білді. Халық тыншыды. Уақыттың
жаманы кетті. Ал менің есімде қалғаны – бү­гінде өмірде бірі бар, бірқатары мәң­гілік
тұрағына аттанған сол жігіттер мен қыздардың барлығы да бүгінде 70 дейтін үлкен
өмірлік белеске шыққан Жеңіс Пірімовтің тәрбие мектебінен өткен азаматтар еді.

Кеңес дүниесі кезінде өндірісті, шаруашылықтарды
басқаратын бас­шы­лар әдетте комсомол, партия мек­тебінде шыңдалып, әбден
сұрыпталып келетін. Бұл қыл көпірден өткендердің өмірде көпшілігінің жолы болып
жат­са, бірқатары сүрініп-қабынып жү­реді. Таңданарлығы, Жеңіс ағаның пе­­ше­несіне
осы өмір мектебінен өту жолы бұйырмапты. Есесіне ол бе­делді, абыройды
өндірістің қайна­ған ортасынан, халық­тың ортасынан жи­нады.

Кісінің жан дүниесі бір жұмбақ әлем. Көрген, білген
сайын, кейде уа­қыт өте келе қолайсыздау, ыңғай­сыз­дау мінезімен сыр алдырып
ала­тын адамдар болады. Менің пайым­дау­ымша, бүгінде қасиетті сан –
жет­піс­тің желкесіне мініп, әулетінің, ел-жұр­тының алдында есеп беруге бе­кем
бел буған Жәкең өткен өмірінің әр­бір сәтінде жақсылықтың, ізгі ниет­­тің,
адами болмыстың жаңа қы­рын танытумен өнегелі ғұмыр ке­шіп келеді. Орыстарда
ойы озық зия­лы­ларды «порядочный человек» деп ба­ғалайтын үрдіс бар. Дәл
мағынасын білдірмейтін аудармаға жүгінгім кел­мейді. «Порядочный» дегеннің
менің түсінігімдегі аудармасы – «ұяты бар адам». Ал қазақ барлығын ар-ұят
дейтін ұлы ұғымның шеңберіне сый­­ғыза білген халық емес пе?! Ол шын
мәнінде ар-ұяттың, намыстың, өр­шілдіктің адамы. Малым ар-ұя­тымның садақасы
дейтін қазақи бол­мыстың үрдісімен студенттерге та­лай мәрте өз атынан
стипендия тағай­ын­дағанының, жарымжан, қолы қысқа адамдарға демеушілік
көрсеткенінің куәсі болдым.

Қайсыбір жылы әріптесім Қа­зи Данабаев: «Өмірде тамаша
адам­дардың қасыңда жүргенін қалай сез­бейміз? Пірімовтер елдің риясыз
әзіл-қалжыңдарын бойына сіңірген аза­маттар екен. Кездескен сайын көңілім
жадырап, күлкіге кенелемін. Сені де аузынан тастамайды. Қашақбай ата­мыздың 100
жылдығына арнап кітап жазуға қолқа салып отыр. Екеуміз бі­рігіп жазсақ
қайтеді”, – деді. Мен: «Қазеке, әдебиетке жақындау қалам­герсің, бір машинаны
екеуміздің ай­да­ғанымыз қалай болады? Бүлдіріп алармыз, өзің жазғаның дұрыс
қой” дедім шын көңілімнен. Қайран Қазе­кең­нің ауырып жүргенін
білсем де өмірден жылдам кететінін сезбеппін.
Құлшына кірісті. Өкінішке орай аяқ­тай алмады. Жазбаларын белгілі аза­мат
аяқтап кітап сәтті шықты.

Әулетпен жақын-білістігім деген­нен шығады, Жәкеңнің
бауырлары Нұр­лан, Бақытжан Пірімовпен сый­лас, пікірлес болғаныма тура ширек
ғасырға жуықтады. Біріншісі – рес­пуб­ликалық деңгейдегі облыстық де­­партаментті
20 жылға жуық ың-шың­сыз, дау-дамайсыз басқарып ке­леді, білікті экономист,
Бақытжан кә­сіпкер, екеуі де қазақтың жүрекке жылы тиетін әзіл-қалжыңын бойы­на
сіңірген үлкен жүректі азамат­тар. Осы
әулетпен 40 жылдай бауыр­ласып кеткен Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері
Әскербек Төрекеев кездескен сайын олардың үлкеннің алдынан кесе өтпейтін,
кішілік, аза­мат­тық тұлғаларын аузынан тас­та­май үлгі-өнеге ретінде айтумен келеді. Ал қазақтың айтулы сазгері,
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қай­раткері Кеңес Дүйсекеевтің Пірімов­термен
туған нағашылы-жиенді екенін екінің бірі біле бермейді. Тектіден текті туады
деген осы шығар, бәлкім!

Кешегі зұлмат замандарда ел басқарып, есімі Одаққа
мәлім бол­ған Қашақбай атамыз бен Зияда Қара­тай­қызы бүгінде бір аунап жатқан
шы­ғар, жарықтықтар. Ал Жеңіс аға­ның өмірлік серігі, Меккеге үш рет барған
Пұсырман атаның ұрпағы Гүлхатша Ахметбекқызы сүйкімді ұл-қыздарымен, қылықты
немерелерімен ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатыр.

Мерейлі тойыңыз құтты болсын, аға!

Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз