ТОПЫРАҚ ТҮЛЕТІП, СУ ЖЕТЕЛЕГЕН

127

0

АЗАМАТ ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР

Топырағын өңдеп,
су апарып,

туған жерді
түлетуден үлкен сауапты іс жоқ.

Әл-Фараби.

 

Кешегі
ХХ-ғасырда да қазақ халқы мың өліп, мың тірілді. Қанышер Ста­линнің қабағын
қалт жібермей аңдыған, ымына жығылып, қанды қасап саясатты жеріне жеткізе
орындаған, көрінде өкірген Голощекиннің отызыншы жыл­дардағы аштық лаңы мың-мыңдаған
қандастарымыздың басына ақырзаман орнатты. Айтқан жерде бәле жоқ – талтүсте
күнкөрісінен айырылған қазақ аштан қырылғандары айдалада көмусіз қалды, тірі
қалғандары тамағына талғажау іздеп босып кетті. Тарихтың ол зауалын енді
қайталатпа деп тілейік жаратушы Ал­ладан. Тек әр кезеңнің ұрпағы енді балалары
көрген сол қияметті тек тарихтан оқып, тәубеге келіп отыруға жазғай!

Осы мақаланың
басты кейіпкері Әлімбет Жаппарханұлы да сол ашар­шылық әлеметінің жалынына
шарпылған жанның бірі. Қалай? Ол 1938 жылы 5 тамызда Өзбекстанның Аққорған ауда­нындағы
Аққорған кентінде туған. Сон­дағы орта мектептің 5-сыныбында оқып жүрген кезі.
Сабақ үлгірімі мен тәртіп-тәлімі жақсы болған соң ұстаздар қауымының Әлімбетке
деген ықыласы ерекше болғандықтан туындаса керек, ала тақиялы балалардан
қызғаныш са­рынды салқын сөздер ести бастады. Әдеп­кіде ойын балаларының
іштартқан қағытпалары шығар деп елемеген Әлімбет бірде мектеп есігін кенжелеп
ашқан жоғары сыныптың өзгелерден ересектеу оқушысынан жүрек жаралар, жат санаған
сөз естіді:

– Келімсек қазақ
баласы, мақтағанға мәз болмай, еліңді тап.

Оқты сөз, ала
тақиялы балалардың мысқылды күлкісі Әлімбеттің өн бойын осып өтті. Ашу қысқан
денесі дірілдеп, дәліз бұрышын қиыстап, көзінің жасын сығып-сығып алды.

Мектептен
оралған соң әке-шешесін сұрақтың астына алды. Олар «осы өз­бек ағайындар
құшағына алмағанда, аш­тықтың құрбаны болатын едік, шырағым» деп қысқа
қайырған. Тұшымды жауап алу үшін Әлімбет өзге ересектерден де, ауыл
ақсақалдарынан да сыр тартты. Ақыры шы­жымдап жүріп шындықтың кілтін ашты…

Пендешілік деген
таразыға тартыл­майтын, ол адамның сүйегімен бірге ке­тетін татау. Мектеп
бітіргенше Әлімбет әлгіндей қиян қылықтың талайын ес­тіп, талайын көрді. Есейе
келе ашуға бу­лықтырған, намыс қоздыратын әрекеттерге өзі де куәгер бола
бастады. Жылдап, айлап әлдебіреулер «комиссиямыз» деп келеді де мал-жанның
есебін алып тұрып қасақана ұлтына келгенде «өзбек» деп жазып кетеді. Әйтпесе
ата-тектерін өзбек емілесімен жазады әдейі. Тіпті Әлімбеттің өзінің де барлық
құжаттары солардың грамматикасы бойынша толтырылған болатын. Міне, осының бәрі
өсе келе жігіттің жүрегіне дық боп тие берді.

Енді шежірелі
шындықтың екінші бетін ашайық: Жоғарыда айтылғандай, бұл кейіпкерімнің туған
жері Өзбекстан топырағы. Ал, ата-тегінің жаз жайлауы Ұлытау төңірегі, Ертіс
бойы, ал қыс қыс­тауы Сарысу өзенінің құярлығындағы «Телікөл» Қопалы көлдерінің
қойындары. Шиелі мен Ақмешіттің солтүстігін орап жатқан құнарлы қоныс.

Атышулы аштық
араны ашылғанда бір ауыл қандасымыз күнкөріс қамымен Өзбекстан көшіп, жан
сақтаған. «Қайдан жүрсіңдер?» деп олар шеттетпеген, жабырқап бұлар қағажу
көрмеген. Діні бір, түрі мен тілі бір ағайындар тосырқамай табысып, жарасып,
жалғасып кеткен. Төскейде малы, төсекте басы қосылып, сіңісіп кеткен ағайындар
енші алыспай шуақты күндерін бірге өткізіп жатты.

Орта мектепті
1956 жылы бітірген Әлімбет сол жылы Ташкендегі мелиораторлар даярлайтын
ирригациялық және құрылыс инженерлері институтына оқуға түсті. Студенттік
күндер өтіп жатты. Оқудан басқа алаңы жоқ ол ғылым сырларына беріле үңіліп,
кәнігі маман болсам деген арман жалынан мықтап ұстаған жігіт өзгедей қияс
қылықтың есігінен сығалаған жоқ.

Үшінші курсты
орталай бергенде Әлімбеттің бойындағы булыққан намыс отын тұтандырған тағы бір
оқиға болды. СССР Су шаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет істейтін бір
ғалым адам іссапармен Ташкенге келіп болашақ мелиорация мамандарының алдында
лекция оқыды. Одақтағы су құрылыстары мен суармалы жер жайын жетік білетін жан
екен. Сөз арасында Сырдария өзенінің Аралға құятын төменгі сағасына су тоспасы
салынды. Енді көп ұзамай өзен бойындағы сан мыңдаған гектар қазақ жері суармалы
алқапқа айналады. Өздерің кітаптан оқығандай, ондағы егістік жер инженерлік
жүйемен тегістеліп, су шыққан соң алуан түрлі дақыл егіледі. Қысқасы, онда
ұзамай жаңа өмір басталады! Оған сендер сияқты жас мамандар керек болады.

Әшейінде әр
түрлі ұлт өкілдерінен тұратын студенттер арасында өзінше бұйығы жүретін Әлімбет
сол күні бір ерекше көңілденгені бар. Үлкен жерден келген жаңағы лектор қандай
білгір адам! «Қазақ жерінде тамаша өмір болады» деді ғой. Мен институтты
бітірісімен сонда барамын. Ата-баба топырағын түлетемін деп дауысын ерен
шығарып, бала шағынан көңілін күпті етіп жүрген намыс жалынын үрлеп, ерекше
қуанғаны бар.

Хош, оқу
бітіріп, инженер-гидротех­ник мамандығын алған соң жас маман Қазақстанға
сұранып, Сыр бойындағы ұлы еңбек жорығына қойып кетті. Еңбек әліппесін әуелі
облыстық атқару комитеті жанындағы бассейндер инспекциясында аға инженер болып
бастады.

Оқушыны
жалықтыратын өткеннің сұйық цифрынан қашып, ұлы тірліктерді баяндаған нанымды
болар. Қазақстанда тың көтеріліп, солтүстік аймақтар астық қоймасына айналып
жатқанда біздің ұлы дария бойындағы Сыр өңірі де «ұй­қысынан» оянды.

Айтқандай-ақ,
1957 жылы бұған дей­ін «топырағы құнарсыз, жері тұзды» де­лініп келген Сыр
бойындағы егістік жер­ді тегістеп, инженерлік жүйеге кел­тіру, су жолдарын
тартып, тоспалар са­лу басталып кетті. Шу деп СССР Су ша­руашылығы
министрлігінің шеші­міне сай Қызылорданың сол жаға мас­сивін иге­ру, алдымен
суландыру қолға алынды. Бұл жұмыстарды атқару Главрис­совхоз­стройдың
Кызылордавод­строй тре­сіне жүк­телді.

Егістік жерді
инженерлік жүйемен тегістеудің игілігін Сыр бойында алғаш рет көрген «Шаған»
шаруашылығы болатын. Ол ауыл сол 1963 жылы 1,1 мың гектар мелиорация ережесіне
сай тегістелген жерге ие болды. Міне, осы үлкен жорықты жеделдетуде Ташкендегі
осы сала маман­дарын даярлайтын оқу орнының түлегі Әлімбет Жаппарханұлының да
үлкен үле­сі бар.

Осы жерде тағы
бір шегініс жасамасам, қазір арамызда жоқ кейіпкеріме қиянат болар. Қалам ұшын
жүгірте сөйлетсем, Әлекең 1962-1975 жылдар беделінде «Кзылордаводстрой»
тресінің Тасбөгеттегі №29, Жалағаштағы №14 жылжымалы механикаландырылған
колонналарында әуе­лі мастерлік, прорабтық мектептерден өтіп, сосын бас
инженер, басшылық қызметтерге көтерілді. Осы жылдар ішінде ол басқарған салада
қыруар оң тірліктер жүзеге асты. Мәселен, 1965-1972 жылдар аралығында
Жалағаштағы ол жетекшілік еткен №14 ПМК күшімен Жалағаш ауданы үшін 22 мың
гектар ауыспалы күріштік жердің жер құрылысы бітіп, дихандардың қолына берілді.
Бұған қоса, қала іргесіндегі шаруашылық (Абай совхозы) пен Жаңақорғандағы
Түгіскен және Шиелі массивтеріне инженерлік тү­рен салып, диқандар қуанышына
бөленді.

Өткен ғасырдың
60-шы жылдарының алғашқы бесжылдығынан-ақ Жалағаш жерінің топырағы түлеп, ырыс
қақапасы ашыла бастады. Сыр бойында күріш дақылын ең көп егетін де, гектар
байлығын арттырып, рекордтық өнім алушылар көшін де осы жалағаштықтар бастады.
Гектар сайын 100 центнерден дән жинаушылар даңқы бүкіл Одақтың мақтанышына
айналып, талай ердің жұл­дызы жанды. Ауданның бірінші басшысы И.Әбдікәрімов
бастаған Ұ.Еспанов, Н.Әпірезов, Т.Елеусінов, Қ.Жүсіпова, А.Би­сеновтердің ерен
еңбегі «Алтын жұл­дызбен” бағаланды. Өзге де жоғары мадаққа ие болғандар
қаншама!

Жалағашта
тындырымды ұйымдасты­ру­шылық қабілетін танытқан соң осы саладағы өсу, өрлеу
жолы жалғаса бер­ді. Әуелі жоғарыда айтқанымыздай, Қы­зыл­ордадағы №2 тресті
басқарды. Сөй­тіп жүргенде жоғары орындар құда тү­сіп, мұнан кейін де қызмет
орнын екі рет өз­гертті. Әуелі 8 жылдай (1976-1984 жыл­дары) Талдықорғандағы
«Глав­рис­совхозстройдың» тресіне басшылық етті. Өз Отанымның даңқын асырсам
деген ұлттық намыс көрігінде шыңдалған жі­гіт Жетісу жерін жаннатқа айналдыру
жо­рығына қуана, құлшына, шабыттана кі­рісіп кеткен-ді. Бұл өңір табиғи ерек­шелігіне
орай көкөніс, мал азығындық дақылдар, техникалық қызылша және күріш дақылдарын
да егудің Сыр бойында жинаған тәжірибесі мен ғылым, білімді ұштастырған адамға
Жетісу жерін аялау, су жолдарын тар­ту, арық, канал қазып, тоспалар са­лу,
басқа да объектілер тұрғызу қиын­дық тудырған жоқ. Мамандар мен жұмысшыларды
тілін тауып жұмсау, мол қаржыны тиімді игеру көрсеткіштері Әлімбетке байыз
таптырмай, енді оны Алматыға алып кетті. 1984-1987 жыл­дары республика Су
шаруашылығы ми­нистрлігінің «Казглавводстрой» бас­­­қар­­ма­сын үш жыл
басқарған соң «Каз­главриссовхозстройдың» Талды­қор­ғанда­ғы бірлестігін
басқаруға қайта жіберіліп, осы орыннан еңбек демалысына шықты.

Министрлік
жанындағы республика­лық басқарманы басқарудағы сіңірген еңбегі өз алдына әңгіме
етуге тұрарлық тірлік. Оны айта бастасақ, амалсыз тағы да цифр-дерекке жүгінуге
тура келеді. Сондықтан екі рет ат шалдырған Жетісудағы қызметіне қайта
оралайық.

Әлекең ол өңірге
алғаш барғанда қатты толғанды да, қатты қуанды да. Толғанғаны – жер «мінезі»
де, топырақ құнары да, өсіретін дақылдары да, әсіресе, халқының диқаншылық
кәсібінде де Сыр бойындағыдан алшақ ерекшелігі бар. Жері тау, тасты. Қыратты
жерлерді тегістеу, су апару бейнеті де қыруар… Қуанғанын да заңды құбылысқа
балауға болатын еді. Сонау бір жылдары жастық жігерін ұлттық намыс оты шарпып
«ата-бабам туған жеріне барамын, топырағына шыбық болып қадалып, ұлтыма
көлеңкемді түсірсем» деп армандап еді ғой. Сонысы есіне оралды да Әлімбет тағы
бір сәт жаңа қоныстың шуақты шақтары мен тарихына ой жіберді: «Жер жаннаты
десе, дегендей ғой, шіркін! Ұлы Шоқанның ізі қалған жер. Алаш ардагері
М.Тынышбаевты, жыр дауылпазы Ілияс пен Сараны, әуез әлемінің ақсұңқары Мұхан
мен қобызшы Молықбайды, тіпті қос жұлдызды, бүгінгі аңыз адам Нұрмолданы, т.б. ғажайып
жандарды туған жер! Ондай жерде тер төгіп, ауасын жұтудан асқан жан рахаты бар
ма?!»

Арадағы үзілісті
айтпағанда Әлекең өмірінің ширек ғасырын Талдықорғанды түлетуге сарп етті.
Жүгірте шотқа салсақ, 100 мың гектарға жуық суармалы жер өңделді. Тарқата кетер
болсақ: қант қызылшасын өсіретін 25 мың гектар «Көксу» суармалы алқап, 18 мың
гектарлық «Тентек» өзені массиві, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш өзен
бассейндері бойынан 25 мың гектар, Ащы­лыөзек бойынан 18 мың гектар, Жар­кент
өңірінен жүгері өсіретін 45 мың гектар, күріш егетін 13 мың гектар суармалы
жерлер осы тұста инженерлік жүйеге бағынды.

Жақсының нұрын
тасыту үшін жақ­сылығын тағы айта түсейік. Осы азамат­тың тікелей басқаруымен
Талдықорған өңірінен жаңбырлатқыш арқылы суарыла­тын 22 мың гектар жер
тегістелді.

Мұнан басқа
қыруар құрылыс жұмыс­тары оясына келді. Бүйен, Басқан, Қызыл­ағаш өзендерінде
су қоймалары салынып, Алмалы, Ақешкі, Ащыбұлақ, Сіңгірлі секілді шағын су
қоймалары іске қосылды, 500 шақырымдық мал жайылымына су апаратын құбыр
тартылды. Ұжым Алма­тыдағы атақты «БАК» құрылысын салуға да үлес қосты. Бұған
қоса бірнеше тұрғын үйлер, темір бетон зауытын іске қосты, одан темір
конструкциясы цехтарын ашты. Ұжым жұмысшы, құрылысшылары үшін Қаратал сауықтыру
кешенін салдырды.

Әлімбет еңбек
әліппесін Сыр бойын­да бастағанын айттық. Ұлы майдан жауынгерлері сапына қатар
қосылдық. Ол «Шағанда» топырақ аударып, су жетелеп жүргенде мен Сырдария ауданы
жастарына жетекшілік еттім, совхоз басқардым. Ұзамай Жалағашқа ПМК басқаруға
жіберілді. Мен сол ауданға партиялық қызметке ауыстым. Содан ол Сыр бойындағы
оншақты жылды артқа тастап Талдықорғаннан бір-ақ шықты. Арада жиырма жылдай
уақыт өткенде Қазақстан Орталық партия комитетінің жолдауымен облыстық атқару
комитетінің төрағасы болып мен де Талдықорғанға бардым. Жұптаса, түсіністікпен
қызмет атқардық. Қысқасы, соңғы жарты ғасыр­лық өміріміз өткен жылы Әлекең өмір­ден
озғанша достығымыз жарасып, қа­ты­насымыз үзілмей, іштей ұғысқан ынты­мағымыз
ыдырамай, көңілімізге қаяу түспей өтті.

Еске алу үстіндегі
сөз түйіні – Әлім­бет Жаппарханұлы ата қонысын, ұлтын сүйген, көрші елден
жоғары білім алып, еңбегінің рахатын көрген адам. Ташкент оған жоғары білім,
қадірлі мамандық берді. Ол осы мамандықтың мерейін шығарды. Ал, кәсібі оның
адами парасатын биіктетіп, атақ-даңқын шығарды. Бұл сөзіме дәлел көп. Ол осы
кәсіп пұшпағын илей жүріп Күлшара есімді Жібектей жар тауып, бірнеше ұл-қыз,
немере сүйді. Омырауына Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі
ордендерін, т.б. бірнеше мадақтар тақты. «Қазақстанның еңбек сіңірген
гидротехнигі» құрметті атағын алды. Кезінде облыстық, аудандық партия
комитеттеріне мүшелікке, депутат­тыққа сайланды.

Иә, ол осындай
азамат еді. Міне, одан көз жазып қалғанымызға жыл толып отыр. Ата-баба
топырағын түлетіп, тусыраған, сусұраған өңірлерге нәр жетелеп өмірден озды.Еске
алу сәтінде аяулы жанның жақсылығын айту парызымыз ғой. Тоқетері – осындай
мақтанарлық досым болғанына шүкіршілік қыламын.

Сейілбек ШАУХАМАНҰЛЫ,

қоғам
және мемлекет қайраткері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз