ТӨРАҒА МЕДЕТБАЕВ

88

0

ТӨРАҒА МЕДЕТБАЕВТарихты өшіре алмайсың. Тау қозғалса
да, ол қозғалмайды. Сол күйінде қалады. Адам өмірі де солай. Елім деп, туған
жерім деп еткен еңбегі бағалануы,
құрметтелуі тиіс. Сондай Арал азаматтарының бірі Төлеген Медетбаев еді.

Ол кім болған? Бұл сауалға арғы-бергі
сарғайған қағаз беттеріне, тұстастарының естелік жазбаларына сілтеме жасай
отырып, жауап қайыруға болғандай екен.

Төкең 1890 жылы кедей-шаруа­ның
отбасында дүниеге келеді. Анасынан ерте айырылады. Әкесі де, өзі де малайлықта
жүріп, Қазалы қаласында 1894 жылы
ашылған орыс-түзем (жергілікті ұлт) училищесіне түседі. Екі жыл оқығасын күн­көріс
үшін Каландаров деген бай-көпестің алып кел, барып келіне жегіледі. 1915 жылы
әкесі де мәңгілікке көз жұмған-ды.

Еті тірі, алғыр, аздап оқу-тоқуы бар
Медетбаев қазан революциясының жеңісінен кейін жалшылықтан жұлқынып шығып,
кеңес үкіметінің қызметіне ара­ласып, 1919-1921 жылдары Қазалы уезіне қарасты
Арал теңізі поселкісіндегі Милиция органын 2,5 жылдай басқарып, 1921 жылдың
қыркүйек айында Арал Совдепінің төрағалығына сай­ланған-ды. Осы тұста, яғни
1921 жылдың қазан айы­ның 7-сі күні пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балық­шы­ларына
жолдаған әйгілі үндеу хаты да құстай ұшып жетіп еді-ау. Оны алғаш оқыған да Медетбайдың Төлегені
болатын-ды. Қысқаша қайырсақ, хатта былай делінген: – Сіздердің Арал теңізінде
балық аулау жайы жаман емес және Сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған
балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір-шалдарға… күйзелген
8 миллион еңбеккерлерге, ең ақыры бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін 7 000
000 балаға беріңіздер!.. Арал балықшылары мен жұмысшылары, жомарт
көмектеріңізді аямаңыздар!

Халық комиссарлары Советінің
председателі

В.Ульянов (Ленин)

7 қазан 1921 жыл.

***

Балықшылардың тілімен айт­қанда, бұл
қыстың басы – күз айы, абыржы, ауа райының кейде миіз, кейде киіз болып аумалы-төкпелі,
құбылып тұрған кезі-тұғын. Көлде мұз
ілінісіп, дарияда сең жүріп, сәл-пәл жел тұрса, теңіздің ақжал толқыны жағаға
ұрып жатар-ды. Алайда, қайырымдылық көмек, әсіресе балаға дегенде жан беретін
ақ жүрек халық емеспіз бе?! Ильич хаты келген күні-ақ Медетбаев Совдеп мүшелері
мен активтерін жинап, алқалы кеңес өткізіп, оларды хат мазмұнын түсіндіру үшін
жер-жерге аттандырады. Арал мемлекетік балық тресінің алғашқы директоры, әйгілі
хатқа сәйкес ұйымдастыру жұмысына жетекшілік етушілердің бірі М.Данияров: – я
қара су емес, я мұз емес, балық аулау ісінің аса қиын тұсы болса да, балықшы
қауымы жанкештілік жасап, жұдырықтай жұмылып, ауланған балықтан аз-кем
асымдыққа деп алып қалып, өзгесін ақысыз-пұлсыз түйе керу­е­ні арқылы
«Қамыстыбас” стансасына жөнелтіп жатты десе, осын­дай жанқиярлық еңбек­тің
куәгері, Т.Медетбаевтың қам­қорлығында болып, үйінде жат­қан белгілі
қаламгер-жазушы Той­базар Елемесов пен колхоз құрылысының командирі бол­ған
Тілеулес Жаппасбаевтың, Өтеп Өтеғұловтың, Г.Дубовиктің, Е.Ковыганың,
Қ.Үмбетовтің, Бүкіл­­­россиялық орталық атқару коми­тетінің
мүшелігіне кандидат Уәйіс Қосымовтың және-және­лерінің естелігінде де паш
етіледі.

Осы жолдардың авторы – өзім де бұл
әйгілі хаттың 60 жылдығына орай (1981 жылы) бөгендік, қаратереңдік көзі тірі
куәгерлермен сөйлескенмін. Бөгендік Д.Жұбанов пен қаратереңдік Б.Жайсаңбаевтар
В.Кондратенко есімді егде балық қабылдаушының: – Сендердің әрқай­сысың
бала-шағаның аузынан жырып, 3500 пұттан балық тапсырдыңдар, бұл атымтай
жомарттықтарыңды келешек ұрпақ аңыз ғып айтатын болады деп арқамыздан қаққаны
әлі есімізде, деді.

Сонымен 1921 жылдың 25-жел­тоқсанында,
2,5 айдан кейін Мәскеуге, Кремльге мынадай телеграмма жолданады.

«Қымбатты Владимир Ильич Ленин!

Арал бассейнінің балық­шы­ла­ры 14
вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен
қатысты”

Арал Совдепінің председателі

Т.Медетбаев

***

1928 жылы әкімшілік-терри­тория­лық
бірлік ретінде Қазалы уезі таратылып, аудан болып Қызылорда облысына қаратылды
да, Арал Ақтөбе облысына берілді. Т.Медетбаев 1931 жылдың сәуір айына дейін осы
төрағалықты атқарды. «Қосшы одақтары” мен колхоздар ұйымдасып, оқу орындары мен
мәдениет ошақтары ашылды. Осындай игілікті істің басы-қасында төраға жүреді. Ол
1932 жылдың шілдесінен 1947 жылдың 5-мамырына дейін, немесе тұтас онбес жылдай
аудандық ет дайындау және тамақ өнеркәсібі
комбинатын басқарып, 1947 жылдың мамырында аупартком бюросының шешімімен
қоғамдық мал шаруашылығын өсірумен айналысатын іргелі «Сазды” колхозының
басқарма төрағалығына сайланады.

Сөйтіп, Төкең ағамыз 59 жылдық
өмірінің отыз жылында басшылықта болды. Қиын-қыстау, ала құйын күндерде, Арал
жері облыстан облысқа ауысып жатса да, Т.Медетбаевтың қызметі өзгерген жоқ. Ол
өзінің халық ісіне деген таза ықыласы, әрі іскерлігі арқасында жұрт күткен
деңгейден табыла білді. Зобалаң жылдардағы тоталитарлық жүйе­нің қажырлы, суық
лебінен де аман өтті.

Өзіне тартқан ұл-қыз өсірді. Әуелбегі
әкеге ұқсап ауаткомның төрағалығын атқарды. Жұбайы Орал Мырзалықызы екеуінің
10-ға тарта ұрпағынан 29 немере, 13 шөбере өрді.

***

Алдағы жылы оның туғанына 125 жыл
толуы қарсаңында орталықтан Төлеген Медетбаев аллеясы ашылса, ел-халқына
жасаған еңбегіне лайық ескерткіш сол болар еді…

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес
зейнеткер.

Арал қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз