ТҰҒЫРЫ БИІК БЕЙНЕ

144

0

Жарты ғасырға жуық осы оқу орнында ұстаздық қызмет еткен мен үшін бұл білім қарашаңырағының мерекесі ерекше. Университеттің қалыптасып, дамуының куәгері ретінде көп жайлар еске түседі, біраз азаматтардың есімдері ойға оралады. Иә, бәрін айта беру мүмкін емес. Ерекше есте қалғандардың ішінде Лесбек Тәшімұлының портретінің шоқтығы биік тұратындай.
Лесбек Тәшімұлы 1947 жылы Шымкенттің Сайрам ауданының «Мәдени» деп аталатын шағын ауылында дүниеге келген. Лесбекті анасы Ақшагүл апа Қажымұқанның көйлегінің жеңінен иткөйлек тігіп кигізіп, мәпелепті. Оның өсе келе спортқа бой ұрып, танымал боксшы болуы, КСРО спорт шеберлігі дәрежесін орындауы, Қызылорда облысының спорттық намысын қорғауының қайнар көзі Қажымұқан атасынан бастау алады екен.
Лесбектің әкесі Тәшім Мырзабаев ұзақ жылдар ұжымшар, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған елге сыйлы, абыройлы жан болған. Ұлының екі жастан асқан шағында ол өмірден озып, отбасының ауыртпалық қамыты Ақшагүл апаның мойнына ілінеді.
Әкесінен жас қалған Лесбек көптеген қайырымды атпал азаматтардың жақсылығынан кенде қалған емес. Әсіресе Сыр елі тарихында ерекше есімдері жазылып қалған Сламхан Бекбаев, Сабыр Арыстанбаев ағалардың оның ғұлама ғалым, білікті ұстаз болып қалыптасуындағы орындары бір төбе. Аталған ағалардың есімдерін өз отбасында мәңгілікке ұлықтау ниетімен екі немересінің атын Сламхан мен Сабырбек деп атапты.
Онша оңай болмаған сан соқпақты өмір жолының әсері де болар, қызметтің қай деңгейінде жүрсе де, Лесбектің қайырымдылық қасиеті мен мұндалап тұрады.
Лесбек Тәшімұлының қызметтік жолын зерделеп отырсаңыз, оның жаңашылдығына, өміршең дүниелерді жарқырата көрсете білуіне таңғаласыз. Бір-екі мысал. Лауазымды орынға басшылыққа келген тұлға алдындағылардың әрекеттерін жоққа шығарып, өзін биік етіп көрсетуге тырысатыны өмірде жиі кездеседі. Ал Лесбек ініміз осы бір пенделік қасиеттен судай таза жан. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры болған жылдары оның жаңа ғимараты ішінен Сенат залын ашып, аталған оқу орнының іргетасын қалаған академик Мұрат Жұрыновтың есімін бергізеді. Ұстазына деген бұдан артық құрмет бола ма?! Университет қалашығынан республикада тұңғыш рет дәрігерлер аллеясын ашып, оған Әбу Әли Ибн Синаның мүсінін қойғызды. Мүсіннің оң жағына «Гиппократ антын», сол жағына қазақтың алғашқы шипагер ғалым дәрігері Өтебойдақ Тілеуқабылұлының өсиетнамасын орнаттырған. ХҚТУ Шымкент бөлімін басқарған жылдары бүкіл республика жоғары оқу орындарына «Пара алмайтын оқу орны» деген ұран тастап, осы бағытта үлгі боларлық көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. Өлі риза болмай, тірі байымайтын қағиданы берік ұстанған Лесбек ініміздің университет балансына жататын жерден пантион ашуы, жерленгендерге ұдайы зиярат етіп тұруды ұйымдастыруының өзі азамат абройын асқақтата берсе керек.
Жамбыл Гидромелиоративтік институтының Қызылорда филиалында ұстаздық қызметімен қоса кәсіподақ ұйымын бірнеше жыл басқарды. Осы уақытта қала, облыс көлеміндегі іс-шараларға белсене араласты. Қалалық атқару комитетімен тығыз байланыста болып бірнеше оқытушылардың пәтерлі болуларына, қала сыртынан филиал ұжымына жер телімін бөлдіртіп, онда қосымша шаруашылық жүргізулеріне мүмкіндік жасады. Бұл ретте филиал директоры, кейін институт ректоры дәрежесіне дейін жеткен академик, Лесбектің ұстазы Бишімбаев Уәлихан Қозыкеұлының ерен еңбегі еске түседі.
Спорт пен өнер егіз деген қағиданы ешкім жоққа шығармайды. Ол өмір шындығы. Спорттың сансыз қыр-сырына қанық Лесбек Тәшімұлы Сидней Олимпиадасынан табыспен оралған Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдабековті, Болат Қырықбаевты қарсы алу салтанатының алдыңғы шебінде жүрді. Бейжің олимпиадасында алтын медальді жеңіп алған Бақыт Сәрсекбаев пен қола медаль иегері Бақыт Шыналиевке де зор марапат көрсетуді ұйымдастырған Лесбек болатын.
М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жатқа оқып, бірінші орынды жеңіп алған 11-сынып оқушысы Марал Қожамқұлованы ректор бола тұрып өзі іздеп таптырып, грант бөлгізіп университет бітірткендігі үлкен азаматқа тән қасиет емес пе?! Нұрғали Тұрлыбеков, Алтынай Жорабаева, Әлден Жақсыбаев, Нұржан Қалжанов сынды әншілерге, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Бекарыс Шойбеков, Анар Жаппарқұлова сынды ақындарға, көптеген өнерлі, талантты ұжымдарға қолдау көрсетуі Лесбектің рухани мықты азамат екендігінің дәлелі.
Лесбек Тәшімовтің ғылым әлеміндегі орны да ерекше. Ізденімпаздығы мен ғылымға құштарлығынан да болар, С.Орджонокидзе атындағы Москва авиациялық институтында профессор Александр Леонидович Кунциннің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын ізденуші-стажер болып жүріп-ақ екі жылда қорғаса, кейін докторлық диссертациясын да ойдағыдай қорғап шықты. Ғылым мен қызметті қатар алып жүрген академик Лесбек Тәшімұлы – екі ғылыми монографияның, жүзден астам ғылыми-методикалық еңбектің авторы. Бірнеше ғылыми мақалалары шет мемлекеттерде – Ресей, Индия, Чехия, Түркия, Англия, Америка құрама штаттарында жарыққа шыққан. Ондаған ғылым кандидаттары мен ғылым докторларына жетекшілік жасаған. Осындай ғылыми жетістіктері үшін 2005 жылы ЮНЕСКО-ның «Алтын тәж» орденімен, 2011 жылы «Ғылымдағы есім» құрметті атағымен, Ұлыбритания, Оксфорд университеті және «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» құрметті медалімен марапатталды. Азия елдері Халықаралық Ассоциациясының құрметті атағын алды.
Армансыз адам болмайды, Лесбек ініміз «Орнықтылық теориясын» аяғына дейін зерттей алмағандығын, ол үшін химия ғылымын терең игеру қажеттігін айтады. Бұл теория арқылы атом энергиясы станциясын қалай біркелкі әрі орнықты жұмыс істеуге болатынын есептеп шығару мүмкіндігі туатынын айта келіп, аталған теорияның әлі жасалмағанын «Егер сол кезде осындай теория жасап шыққанымда мені «Нобель» сыйлығына ұсынуы да ғажап емес еді» деп өкінішпен еске алады. Ал менің айтарым онсыз да ғылымға қосқан үлесің ұшан теңіз ғой, Лесбек інім. Төмендегі марапаттауларды: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстық мәслихат депутаты, т.б. секілді көптеген марапаттарды тізе берсек азамат-ғалым Лесбектің тұлғасы биіктей түседі.
Иә, академик Лесбек Тәшімұлындай атпал азаматтардың атын кейінгі ұрпақтарға паш ету уақыт талабы, Елбасы ұсынған рухани жаңғырудың жүзеге асырылуының бірден-бір тиімді тетігі. Ендеше 80 жылдық тарихы бар Сыр өңіріндегі бірегей жоғары оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттің қалыптасуының қиын кезеңдеріндегі тұлғалар есімдерінен академик Лесбек Тәшімұлының бейнесі ерекше көрініс береді.
Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
ҚМУ-нің профессоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз