Ғылым жетістігі өндіріс өзегіне айналуы тиіс

128

0

 Ғылым жетістігі өндіріс өзегіне айналуы тиісТабиғат пен жерден ажырамаған адамдар оның құдіреті мен шарапатын ерте сезінген секілді. Біздің кейіпкеріміз бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаурашылығы саласының ыстық-суығына арнап, қажырлы еңбегімен өз қолтаңбасын қалдырып келеді.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының академигі Серікбай Өмірзақов 1956 жылдың қазан айында Жалағаш кентінде өмір есігін ашады. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, 1980 жылы гидромелиорация мамандығын үздік дипломмен бітірді. Сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалына ассистент-оқытушы болып қабылданып, 1985 жылы А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институты аспирантурасына оқуға түсіп, 1988 жылы бітіріп шығады. 1988-1990 жылдары В.П.Горячкин атындағы Мәскеу ауылшаруашылық өндірісі инженерлері институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарса, 1992 жылы Мәскеу қаласындағы су шаруашылығы және мелиоративтік нысандарды зерттеу, іздестіру, жобалау және құрылысты салу «Совинтервод” өндірістік бірлестігі диссертациялық кеңесінде техника ғылымдарының кандидаты атағын алуға арналған диссертациясын сәтті қорғады.
Серікбай Ыдырысұлы 1990 жылдан институт басшылығына ауысқанға дейін жоғары білім беру саласында ассистент, оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан, әлеуметтік-экономикалық сұрақтар бойынша проректор қызметтерін абыройлы атқарды, 2010 жылы Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінде көп жылғы ғылыми жұмыстарының қорытындысымен докторлық диссертациясын қорғады. 2009 жылы «КазАгроИнновация” АҚ-ның бұйрығымен Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болып тағайындалған ол күні бүгінге дейін осы салада еңбек етуде. Ендігі сөз кезегін Серікбаймен болған әңгіме желісіне берелік.
– Менің әкем, – дейді ол, – Өмірзақов Ыдырыс Ұлы Отан соғысынан елге аман-есен оралған соң «Балық” колхозына көп жылдар төрағалық жасаса, бертін келе Қаракеткен елді мекенінің ауылдық кеңес төрағасы қызметін абыройлы атқарған. Ыдырыс әкеміздің туған топырағы үшін сіңірген ересен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бүгінде осы ауылдың көрікті бір көшесіне есімінің берілуі тектен-тек болмаса керек. Ал өмірге екі ұл мен екі қызды әкелген аяулы Райкүл анамыз отбасы тірлігінде жүріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерін сүйген бақытты ана болды.
– Ғалым ретіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарым аймақтың күріш жүйесіндегі топырақтың су, тұз режимін терең қопсыту арқылы реттеу технологиясына бағытталып, өндіріске енгізілді. Бұл жұмыс сол кездегі мықты шаруашылық басшысы, біртуар азамат Тұңғышбаев Өмірзақ ағамыз басқарған «Ақсу» совхозының күріш жүйесінде жүргізілген еді. Докторлық диссертациям лас суларды өтелдеудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологиясын және техникалық схемаларын жасауға бағытталды. Су тапшылығы жағдайында мелиорациялық ландшафтарда түрлі техникалық схемалар жасау, экологиялық нормативтерді даярлау, бағалау, болжау секілді күрделі мәселелер анықталып, нәтижелері суармалы егістіктерді жоба¬лауда, реттеу мен пайдалануда қолданылып жүр. Өздеріңізге мәлім, кешегі кеңес үкіметі кезінде егістік алқабы ұлғай¬тылып, каналдар қазылып, көпірлер салынды. Ауылдар ажарланды. Айтқандай, ғылым жолына түсуіме қоғам қайраткері, жоғары білім саласының ірі ұйымдастырушысы Уәлихан Бишімбаев ағамыздың орасан зор септігі тиді.
– Ғылым жолына түсіп, алған біліміңізді келер ұрпақтарға ұлағат жасауда да күш-жігеріңізді жұмсаған сыңайлысыз…
– Аймақта ауыл шаруашылығына қатысты жаңа мамандықтарды ашуға тікелей араластым. Орман мелиорациясы, гидроэкология мамандықтарының типтік оқу жоспарын, пән бағдарламаларын даярлап, оқу-материалдық базасын жасап, білікті де білімді оқытушылар құрамын жасақтауға да қолтаңбамды қалдырғаным бар. Сондай-ақ студенттер контингентін қалыптастыру, оқу-тәрбие жұмысын жоспарлы жүргізу, кредиттік оқу жүйесін енгізу, мамандықтардың стратегиялық даму бағыттарын айқындау, оқу саласын өндіріспен байланыстыру секілді сан алуан жұмыстарды жоғары біліктілікпен ұйымдастыру да қажет болатын. Шүкір, төккен теріміз бекерге кетпепті. Ол кезде мамандық алған шәкірттеріміздің 90 пайызы жұмысқа қабылданатын.
– Айтсаңыз…
– Кезінде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, бүгінде белгілі кәсіпкер Асхат Сүлейменов, «Таң” шаруашылығы басшысы, облыстық мәслихат депутаты Иманзада Шағыртаев, «Ералы” шаруа қожалығының иесі, аудандық мәслихат депутаты, «Құрмет” орденінің иегері Әліби Бекжанов, «Түгіскен” тұқым шаруашылығы ЖШС төрағасы Наметулла Рүстемовтер – Сыр елінің өсіп, өркен жаюына өзіндік үлестерін қосып келе жатқан айтулы азаматтар.
– Сәке, жеті жылдан бері Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына басшылық жасап келесіз. Ендеше бүгінгі таңдағы атқары¬лып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы баян етсеңіз…
– Аймақтың топырағы, табиғи-климаттық жағдайына мейлінше бейімделген күріш дақылының жаңа сорттарын шығару, өндіріске енгізу жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Іргелі зерттеулермен қолданбалы бағыттағы зерттеулерді біріге жүргізу нәтижесінде топырақ құнарлылығын арттыру, суды басқаруды автоматтандыру технологиялары жасалып, өндіріске енгізілуде. Малазықтық дақылдары бойынша селекциялық жұмыстар қарқынмен жүргізілуде. Соңғы жылдары арпа дақылының бірнеше сорттары шығарылып, кезекте бидай, сұлы дақылдары тұр. Сонымен қатар, жоңышқа, түйежоңышқаның сорттары шығарылуда және олардың жоғары сапалы тұқымы дайындалды. Шетелдік әріптестермен жұмыс істеу нәтижесінде сорго, тары дақылдарының «Тамыз”, «Кешен” сорттары дүниеге келіп, тұқым шаруашылықтары да жолға қойылуда. Ежелден біздің аймақта қауын ерекше бағаланып, атақ-даңқы әлемге тарағаны аға ұрпақтың есінде. Осы бағытта облыс әкімшілігінің қолдауымен қауынның байырғы сорттарының тұқымын қалпына келтірумен қатар «Дәмелі», «Балшекер», «Сырдария», «Ната», «Ливера» секілді жаңа сорттарын шығарып, нарыққа ұсыну¬дамыз. Экологиялық таза өнім өндіру бағытында жұмыстар жүргізіліп, күріш егісінің қалдықтары негізінде органикалық егіншілікті аймаққа кеңінен ендіру бағыты да басты назарымызда. 
Институттың ғимараты, қырманы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа тұқым линиясы ашылды. Кіші габаритті селекциялық техникалар алынып, соның нәтижесінде бірегей және элиталық тұқымдарды өндіруде жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Жергілікті шаруашылықтармен, сала кәсіпкерлерімен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп жұмыс жасап келеміз. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен Сыр елінің ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып отырғанын мақтанышпен айта аламын.
Біздің топырақ өте тұзды, минералдануы жоғары, жерасты сулары жақын орналасқан, жазда күні болса да ыстық. Содан да топырақтың қайта тұздануы жүріп жатады. Аймақта 250 мың гектарға жуық инженерлік жүйеге келтірілген жер бар. Бұл – ұлттық байлығымыз. Егер осы жерлерге күріш екпесек, бұл жерлер тұзданып, айналымнан шығып қалуы әбден мүмкін. Тоғай, сексеуілдер қурап кетіп жатыр. Осы жерлерді де суландырып, сақтап қалуымыз керек. Тіпті аймақты орманды жерге айналдыру бағытында да батыл бастамаларды қолға алу қажет деп санаймыз.
Шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс жасап, тәжірибе алмасу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Сол себепті АҚШ, Филиппин, Қытай, Өзбек, Ресей елдерінде болып, Қазақстанның күріш өндірісі жайлы ғылыми конференцияларда өзекті ойларымызды ортаға салдық. Қазақстандағы күріш егістігінің нәтижелілігі шет елдерден кем еместігіне, бәсекелестікке қабілеттілігіне көзіміз жетіп, әлемдік қарым-қатынаста бірге жұмыс істеуге ұмтылыс жасаудамыз. Бір ғана деректі айтайын. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жапондық «НЭК-СУМИТО” компаниясымен де бірлесе жұмыс жасаудамыз. Ал, Иран елінің 2 млн тоннаға дейін күріш қабылдау мүмкіндігі бар екен. Осыны ескере отырып, ирандық сорттарды аймаққа жерсіндіріп, сол елге экспорттау бағы¬тында да жұмыстар басталды. Ең бастысы, ғылым жетістіктері ауыл шаруашылығы өндірісінің өзегіне айналмай, табысқа жету қиын екенін ұмытпауымыз керек.
Ғалымның бұл ойын шындығында өмір дәлелдеп отырғаны белгілі. Сәкең¬нің тағы бір ерекшелігі, өндіріспен және ғылыми ізденіспен айналыса жүріп ғалымдар мен мамандар даярлауға да уақыт табатыны. Ол – үш ғылым кандидатын даярлап, 15 магистрге жетекшілік жасап, 150-ден астам ғылыми мақалалардың, жоғары оқу орындарына арналған оқулық пен оқу құралдарының, 2 монография мен 10 шақты ұсынымдардың авторы және бірнеше патенттердің иегері. Серікбай Ыдырысұлы «Ауыл” ХДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы және Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің” мүшесі, «Сыр мұрабы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласуда. Сонымен бірге Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті диссертациялық кеңесінің мүшесі. Содан да Серікбайды сегіз қырлы, бір сырлы азамат деп айтуға әбден болады.
Серікбай Ыдырысұлының ел алдындағы еңбектері ескерусіз қалып келе жатқан жоқ. Ол  «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері” атағын алып,  Елбасының, облыс әкімінің, Ресей ауыл шаруашылығы академиясының Алғыс хаттары мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Серікбай Ыдырысұлы іскер басшы, білікті де білімді ғалым ғана емес, өнегелі отбасының отағасы. Құдай қосқан қосағы Қараманова Сара Сәдуақасқызы – тарих ғылымының кандидаты, доцент, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің «Қазақ тарихы” кафедрасының меңгерушісі. Өнегелі отбасында Әйгерім, Әлия есімді қос қызғалдақ тәрбиеленуде. Әйгерім – заңгер, Астана прокуратурасында прокурор болса, Әлия – №101 мектептің 10 сыныбының оқу озаты.
Елі үшін еңбек етуді мұрат тұтқан Серікбай Ыдырысұлы 60 жастың асқаралы асуына шығып, жайраңдай күліп, жайсаңдай басып жүріп келеді. Салмақты да сабырлы, білімді де білікті азаматтың келешегі кемелденіп, шығар шыңы биіктей бермек.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз