«Зәуретай, екеуміз ертең әріптес боламыз» деп еді…

7345

57

Бүгін қалың қазақ белгілі журналист Бейсен Құранбекті ақтық сапарға шығарып салды. Ұзақ уақытқа созылған аурудан соң ағамыздың кеше соңғы демі үзілген еді…

Қаралы хабар көпті есеңгіретті. Өйткені бұл – қазақ журналистикасы ғана емес, бүкіл қоғам үшін орны толмас ауыр қаза. Бейсен Құранбек өзі тізгіндеген «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы ұлттың жоғын түгендеп, әр кейіпкердің мәселесіне жан-тәнімен үңіліп, көрермен ықыласына бөлене білді. Сонысымен де жұрт оны жақсы көрді.

Мен де – Бейсен ағаның шапағаты тиген көптің бірімін. Ол кісі жүргізетін еліміздегі ең танымал «Айтуға оңай» бағдарламасына екі рет қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтердім. Соның бірінде жаңадан алған ипотекалық үйімнің алғашқы жарнапұлын төлеуге жәрдемдесетін жандарды тауып берген. Бұл өздігінен жүріп-тұра алмайтын маған үлкен көмек болды.

Бейсен аға барлық адамды бірдей көретін. Қарапайымдылығы мені қатты таңғалдырды. Бір жолы барғанымда жеке көлігімен өзі күтіп алып, өзі шығарып салды. Қонатын жер болмаған соң Талдықорғандағы үйіне апарып, қонақ етіп сыйлағаны бар.

Мен қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Халін сұрап немесе қандай да бір мәселе бойынша хабарласқанымда қоңырауымды, хабарламамды жауапсыз қалдырмайтын. «Зәуретай, оқуыңды жақсылап оқы. Диплом алған күні атап өтеміз. Әріптесім болу үшін аянып қалма» деген бір жолы.

Былтыр 9 желтоқсанда туған күнімен құттықтау үшін қоңырау соқтым. Оның алдында ғана ота жасатып шыққан болатын. Сөйтсем, ағам қайталана беретін түс көріп жүргенін айтып берді. «Көздің жауын алатын мешіт салдырып жатыр екенмін. Құрылысы біткен көрінеді. Бірақ салтанатты ашылу рәсімінде нөпір халықтың арасынан өзімді көре алғам жоқ. Бастаған ісімді Сейсен бауырым жалғастырып әкетіпті» дегенде ішім қылп ете қалған.

Ал кеше ағамыздың өмірден озғанын естігенімде үстімнен біреу салқын су құйып жібергендей әсерде болдым. Сол кезде айтқан түсі ойыма оралды. Өмір жалған екен. Бар қазақты бауырындай көрген Бейсен Құранбектің ортамызда жоқтығына сенгім келмейді… Жоқ, сіз барсыз! Мәңгі жүрегіміздесіз!

Зәуре ӨКСІМБАЕВА,

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<