ІЗГІЛІККЕ ІЗ АШҚАН

108

0

ІЗГІЛІККЕ ІЗ АШҚАНХХІ ғасыр өркениет пен руханият кезеңіне айналуда. Мұндай заманға береке-бірлігі ұйыған, экономикасы мықты, білімді де білікті ел ғана қол жеткізбек. Ата-бабаларымыз осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын  исламды таңдаған. Олай болса, сол асыл діннен бізді ешкім де ажырата алмайды. Ол – біздің қанымызда, жанымызда. Ислам діні біздің өмір салтымыздың, мәдениетіміздің және тарихымыздың терең тамырында жатыр. Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-моральдық құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрап отыр. 

 Араб халифатының құрылуына орай олар өзге елдерге  ықпалын тигізу мақсатында Ислам дінін VІІ-VІІІ ғасырдан бастап тарату жолына түседі. Осы мақсатта Иран мен Тұран бағытында қазіргі Орта Азия, Қазақстанға және Еуропа еліне ислам дінін таратуға аттанған азаматтар қатарында Абдрахман баб, Ысқақ баб және Абд ал-Джалил бабтар болды. Олар өз ықпалын таратқан  жерлерінің бәрінде халықты, ислам дініне уағыздап, мешіт-медреселер ашып, сауаттандырып, сол елдің мәдениетінің өсуіне зор көмегін тигізіп отырған. 
Абд ал-Джалил баб (лақап аты Хорасан Ата) – ең соңғы Пайғамбар Алланың расулы – Мұхаммедтің (саллаhу алейхи уассалам) немере інісі және күйеу баласы Хазіреті Алидің (Али Ибн Абу Талип Ибн Абд ал Муталип) Мұхаммед Ханафия, Абд ул-Фаттах, Абд  Ул – Жаббар, Абдул-Кахар және Абдул – Рахманнан кейінгі 6-шы ұрпағы.
Орта Азия мен Қазақстанға Ислам дінін әкелуші үш баб Шамнан (Сирия) шығып Шамотқа, одан Хорасанға (Иран) келеді. Хорасаннан Балхқа, одан Ауғанстанға, одан Бұхараға, Самарқанд және Шаш (Ташкент) қалаларына келіп мұсылман дінін таратады. Шаш қаласынан кейін үшеуі үш бағытқа бөлінеді. Абд ар – Рахим баб Арғу, Тараз, Жетікент еліне Ысқақ баб Сайрам (Испиджаб), Қарғалық елдеріне аттанады. Ал, Абд ал – Жалил баб Сыр өзенін жағалап Сүткент, Зернұқ, Отырар, Иассы, Сауран, Сығанақ және Сырдарияның сол жағалауындағы Оғызкент (Өзкент), Баршынкент, Шахаркент, Жаркент қалаларының халқын Ислам дініне енгізеді. Сафи ад – Дин Орун Қойлақидың «Насабнамасы» мен Хорасан Қожалар шежіресінде аталған үш бабтың Ислам дінін аша келген уақытын «Хижраның   150 жылы» еді дейді. Бұл уақыт қазіргі жыл санақ бойынша 767-768 жылдарға сәйкес келеді. «Насабнамадағы» мәліметтер 27 мөрмен дәйектелген. Абд ал – Джалил бабтың Хорасан Ата аталуын тарихшылар оның Ирандағы Хорасан қаласының билеушісі болғанымен және адамды жаппай өлімге душар ететін «Хорасан дағы» бар шешек ауруын емдеп, аман алып қалуымен байланыстырады.
Хорасан ата кешенінде Абд ал-Джалил бабтан басқа оның ұлы Сұлтан Хусейн ата және ұрпағы Құдайқұл қожа жатыр. Хорасан атаға зиярат етіп келушілер алдымен ұлы Хусейн атаға, содан кейін Хорасан Атаға зиярат етеді. Аңыз бойынша Хорасан Атаның өзі алдымен Хусейн атаға зиярат етуді өсиет етіп қалдырған.
Абд ал-Джалил баб – Хорасан ата кешеніндегі мешітте баба ұстаған ту бар.  Ол туда «Аллаху Ахад» «Мұхаммед уа Али» деген сөздер мен «Али» аты төрт қайтара жазылған. Кейбір тарихшылар мен ғалымдар туды майдан даласындағы жаужүректілігі үшін «Исламның Арыстаны» және «Сайфл – Ислам» «Исламның қылышы» атанған Хазіреті Али ибн-Абу Талиб ұстаған  ту деп жорамалдайды.
Арада қаншама ғасыр өтсе де, Хорасан ата кесенесіне зиярат етушілер легі бір сәт те толастаған емес, қай та уақыт өткен сайын арта түсуде. Бүкіл түркі дүниесі пір тұтқан Қожа Ахмет Иассауи бабасы Хорасан Атаға зиярат ете келіп былай дейді екен:
Бабам Хорасан, келдім арасан,
Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң.
Мүшкіл халімді қылғайсың әнсән,
Рақым ете гөр, бабам Хорасан!
Сексен шайхыны жаныңда көрдім,
Тоқсан машайхыны артыңда көрдім.
Қаhба махаллаңның алдында көрдім,
Рахым ете көр, бабам Хорасан!
Сұлтан Хұсайынның ұлы боларман,
Алла тағаның құлы боларман,
Шашым, сақалымды шыпта қыларман,
Рахым ете гөр, бабам Хорасан!
Әлінің әулеті Шерий құдасан,
Келген бәлеге депі қыларсан,
Құл Қожа Ахметке жар боларсан,
Рахым ете гөр, бабам Хорасан!
ІЗГІЛІККЕ ІЗ АШҚАНТүркия мемлекетінің зиялысы, осы елдің ғылым министрі болған, түркі жұртына ардақты, сыйлы азамат Кемал Зейбек мырза 1997 жылы Сыр еліне арнайы келді. Оны басқа да алыс мемлекеттердің жұртшылығы назар аудара  бастауы деп түсіну керек. Баба өмірінің осындай асыл қасиеттері оның тұлғасын барған сайын, уақыт озған сайын биіктете түсуде. Әлемдегі қай халықты алсаңыз да, өткендегі тарих жолын танып білуге ұмтылып, қатпарлы жол тарих қойнауынан оңайлықпен сырын аша бермейтін рухани қазына көздерін түрткілеп, іздене түсуі – озық халықтардың бәріне тән құбылыс. 
Жаңақорған ауданы Жаңарық елді мекенінен жиырма шақырымдай жерде орналасқан күмбезді кесененің бірінде Абд ал-Джалил бабтың мәңгілік мекені орын тепкен. 1992 жылдан бастап жергілікті жердің тұрғындары кесенені өз қамқорлығына ала бастады. 1995 жылы кең көлемде ас берілді. 2007 жылы аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Орта Азия мен Қазақстанға исламның келуі және ондағы Хорасан атаның ролі» атты халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық конференция, ақындар мүшәйрасы және қыраттап құран оқу жарысы болып өтті.
Хорасан ата рухы мен оның қадір-қасиетіне зиярат етушілердің саны ғана емес, географиялық ауқымы да арта түсуде. Соңғы жылдары таяу шет мемлекеттерден, оның ішінде Ресей Федерациясынан зиярат етіп келушілер көбейуде. Олардың былтырғы саны 300-500 аралығында болды. Сондықтан да, Хорасан Ата кешенін  және оның төңірегін көркейту- көгалдандыру қолға алына бастады. 2012 жылы «Қазақстан атом өндіріс» ұлттық компаниясына қарасты «Байкен U» ЖШС басшылығының көмегімен электр желілері тартылып, электр жарығымен толықтай қамтамасыз етілді. 2013 жылдың 23 наурызы күні жергілікті тұрғындардың ұйымдастыруымен Хорасан Ата төңірегінің біраз жері қоршауға алынып, онда 500 түп әр түрлі жеміс ағаштары отырғызылды. 
Өткен жылдың 23 қарашасы күні елге танымал азамат Дуппа Әмір Әлиевтің демеушілігімен күн райы мен жерінің топырағы жобалас келетін ¤збекстан мемлекетінің Бұхара өңірінен 500 түп әр түрлі жеміс ағаштары жеткізіліп, қоса егілді. Жергілікті халықтың ұйғарымы бойынша әрбір жылдың 23 наурызы күні Хорасан ата кешенін көркейту – көгалдандыру және абаттандыруға атсалысу, кездесу күні болып келісілді. 
Халық мұрасына мұндай нақты қамқорлық – біздің мемлекет ретіндегі мерейіміз, ұлт ретіндегі ұлы жетістігіміз болып табылады. Тарихы тереңде жатқан осындай ұлы тұлға рухани қазынамыз «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мемлекетіміздің қаржылай қолдау қорына алынуын асыға күтуде. 
Батырбек АЙТЖАНОВ,
Асылбек АЙТЖАНОВ, 
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз