ЖАБЫРҚАҒАНҒА ЖАТТЫҒЫ ЖОҚ АЗАМАТ

128

0

«Достың көңілі шарайна, сындырып алма, абайла» деп өте орынды айтылған. Шынайы достық қарым-қатынас өте бір нәзік, өте бір таза, өте бір кіршіксіз, сергек, сезімтал қасиет. Бұл да  бір махаббат сияқты керемет, жан тебірентерлік, жан семіртерлік құбылыс. «Бір адал досы бар адам бақытты» деп халқымыз бекер айтпаған.
Адал досты тану, табу, сақтау Алла тағаланың адамға берген ерекше бір қасиеті, қабілеті, құдіреті, сыйы, бағы. Бұл екінің бірі, егіздің сыңарының басына емес, тек мыңның бірінің басына ғана қонатын бақ. Осындай басына бақ қонған, өзі, өмірі өнегелі, болмысы пәтуалы, сөзі дуалы, алақаны аялы, саусақтары шипалы, шуағы мол, көлеңкесі кең, тұлғасы да, тұғыры да биік азаматтардың бірі, бірегейі менің досым, біздің досымыз, бүкіл басы ауырып, балтыры сыздаған адамның, барша халықтың досы, қамқоршысы, жанашыры – Тұрғанбай Маханов.
Иә, біз қырық жылдың үстінде Тұрекеңмен мақтанамыз, шаттанамыз, марқаямыз, сыйласамыз, сырласамыз, ақылдасамыз, арқа сүйейміз, табан, маңдай тірейміз, бірімізге-біріміз тек жақсылық тілейміз. «Жігітке бір дұшпан аздық қылмайды, мың дос көптік қылмайды» деген. Баршаңызға Тұрекеңдей мың дос тілеймін. Дәрігер деген қандай тамаша мамандық десеңізші. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Ауру келіп, әлек кірген әрбір адам жақсылықты, жәрдемді алдымен Алладан, сосын дәрігерден күтеді. 
Елімізге белгілі жарықтық Тәкей Есетов ағамыздың Тұрекеңді жақсы көретіндігі, сыйлайтындығы соншалықты «Әуелі құдай, сосын  Тұрғанбай» деумен дүниеден озды. Халқымыздың қалаулысы Исатай Әбдікәрімов ағамыз да әрдайым «Тұрекең біздің Әкім Ұлықпанымыз ғой» деп өз ризашылығын, тілегін, құрметін, сенімін білдіруден жалықпайтын. Тұрекең тек ардақты ағаларға ғана емес, бүкіл облыс халқына, республиканың денсаулық саласы жұртшылығына белгілі маман, өз саласының ірі ұйымдастырушы, көпшіліктің көңілінен шыққан азамат. Өмірде кімнің кім екенін, ненің не екенін, өзіңді, өміріңді, беделіңді, берекеңді, абыройыңды, салмағыңды таразылайтын, сын сағаттары, елдің есінде қалатын елеулі оқиғалар болады. 
ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында өткен Одақтық Жоғарғы Кеңестің сайлауы Тұрекең үшін осындай сын сағаты болды. Сол замандағы атынан ат үркетін облыстық партия комитетінің келісімінсіз, бір топ облыс ардагерлерінің ұсынысымен Тұрекең осы саяси додаға, бірнеше беделді бәсекелесі бар бәйгеге қосылды. Жарыс деген жарыс, бәйге деген бәйге, күш атасын танымас дегендей, бетің бар, жүзің бар, өзің бар, көзің бар демейді. Бабың да, бағың да халықтың, тарихтың, уақыттың таразысына түседі. Биліктің іштей қарсылығына, қолдан жасалған кедергілеріне, белсенді әрекеттеріне, сиқырлы саясаттарына қарамастан Тұрекең сайлауда жеңіп шықты. Сайлау Маханов Тұрғанбайдың кім екенін, оны облыс халқының бірауыздан қолдайтындығын, қажет болса, қорғайтынын бүкіл елімізге паш етті. Бұрын ел, халық Тұрекеңді білікті маман, баршамызға жанашыр адам, денсаулық саласының іскер ұйымдастырушысы, парасат-пайымы жоғары, иманды, инабатты, көпшіл, халықшыл азамат деп білсе, енді ол Кремль сарайының төрінде отырып, төрелік айтатын саяси қайраткерге айналды. Ол осы жоғарғы лауазымды облыстың игілігіне, денсаулық сақтау саласын өсіріп-өркендетуге іскерлікпен, жанашырлықпен, шебер пайдалана білді. 
Біз де облыстық денсаулық саласына, жеке Тұрекеңе шексіз қолдау көрсеттік, бұрынды-соңды республика тәжірибесінде  үрдісі жоқ облыстық аурухана мен денсаулық сақтау басқармасының билігін бір қолға шоғырландырдық. Біздің бұл батыл бастамамыз республикада қолдау тауып, аз уақытта өзінің оң нәтижесін берді. Тұрекең екеуміздің тізе қосып, терең түсіністікпен еткен сан алуан еңбегіміздің арқасында, сайып келгенде, біздің қырық жылдың үстіндегі достығымыздың арқасында дүниеге ТМД елдерінде теңдесі жоқ облыстық орталық аурухана мен диагностикалық орталық келді. Бұл біздің достығымыздың ескерткіші іспеттес.
Мен әлі де денсаулық сақтау саласының қолдаушысымын, қоштаушысымын, қорғаушысымын, облыстық денсаулық орталығы ұжымының құрметті мүшесімін. Тұрекеңнің басына қонған бағының, тағының, даулетінің, абыройының атасы да, анасы да – әлемнің әміршісі Еңбек.
Бұл кісі 50 жыл табаны таймай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығының орынбасары, бастығы, облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық денсаулық орталығының құрметті директоры қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Бір жерде, бір салада осыншама ұзақ уақыт нәтижелі қызмет істеу осы асыл адамның ақылдылығының, адалдығының, тазалығының, тұрақтылығының, сақтығының, сергектігінің, әмбебаптығының тайға таңба басқандай көрсеткіші. Күні бүгінге дейінгі ұзақ жылдарда «басы ауырып, балтыры сыздап» Тұрекеңнің алдынан өтпеген адам облыста жоқ шығар деп ойлаймын. Абзал жан, әрине, оның әрқайсысына жылы шырай танытты, уақыт тапты, көңіл бөлді, қол ұшын берді, көкірегінен итермеді, болмайды, жоқ деген сөзді әсте айтпады, айта алмады. 
Бірде облыстың бір қадірлі азаматы Тұрекеңе телефон шалып «жағдайым ауыр, қан қысымым 160 болып тұр” деп шағымданады, сонда Тұрекең өзінің қан қысымының 180 болып тұрғанын айта алмай, ол кісіге жедел жәрдем көрсетіпті. Ол бүкіл өмірінде ауруларды жүрекке жылы сөзімен, көлдей көңілімен, ыстық ықыласымен, періштедей пейілімен, адами қарым-қатынасымен, емдеп келеді, демеп келеді. 
Кім де болса, Тұрекең келсе, өзін жазылып кететіндей сезінеді. 
Тұрекеңнің өзіне ғана тән жорға жүрісімен, күнде, өмір бойы аурулардың көңілін сұраған сауапты сапарларының ұзындығы әлемді бір айналып шыққандай болар деп ойлаймын. Оның халыққа дәрігер есебіндегі жасаған жақсылығы бір төбе, адам, азамат есебіндегі жақсылығы бір төбе. 
Жүнісбаев Еламан, Мақашева София, Досмақанова Бибарам секілді облысымыздың қадірлі азаматтарына бүкіл өмірінде, олар дүниеден озғасын да туған баласындай еткен теңдесі жоқ адал еңбегі, қамқорлығы, қайырымдылығы, азаматтығы, жоғары адамгершілігі  бәріміздің көз алдымызда Тұрекеңнің тұлғасын биіктетіп, мәртебесін асырып, абыройын асқақтатып отырғаны айдай ақиқат. Өкінішке орай, арамызда бүкіл өмірінде ешкімге, ешқандай жақсылық жасамаған, тіптен жақсылық жасаған адамның өзіне жамандық жасайтын жандар аз ба? Кейде шіркін-ай, азаматтарымыздың бәрі Тұрекеңдей болса, қандай қуатты мемлекет, қандай мықты ел, қандай қабырғалы халық болар едік деп армандайсың. Арманымыз Алланың құлағына шалынсын, қиялымыз қырандай самғасын, үмітіміз үзілмесін, ағайын. 
Жақсы адам жөнінде жылы лебіз айту, мақтау, мадақ айту қандай жеңіл, қандай рахат, естелік, әңгіме жазу, эссе жазу, повесть, роман жазу, қандай ғанибет десеңізші. Жақсы адамның жақсылықтары, саналуан өнегелі, өрнекті оқиғалар, қызғылықты жайттар «мені айт, мені айт, мені жаз, мені жаз» деп атыңның жалына жармасып, тіліңе, қалам сабыңның ұшына оралып, жадыңды жаңғыртып, менмұндалап атой салып жатады. Ұнағанын шетінен ұстап ал да, қозы көгендегендей ғып ақ қағазға көгендей бер, көгендей бер. Сондай  бір есте  қалған қызғылықты оқиға өткен ғасырдың 90-шы жылдары Мәскеу қаласында болып еді. Ол кезде облысымызға белгілі азамат Қожауов Жаңбырбай мен Тұрекең Одақтық Жоғарғы Кеңестің депутаты, ал мен облыс басшысымын. Кезекті сессия өтіп жатқан кез. Тұрекең мен Жәкең мені өздері жатқан «Россия” қонақ үйіне өз бөлмелеріне қонаққа шақырды. Дастарқан майысып тұр, әсіресе үйме табақ сары майға бүтіндей арнайы пеште қуырылған сап-сары Қызылорданың қырғауылы көз тартады. Оңаша, үшеуміз-ақ. М.Горбачев пен Е.Лигачевтің асыра сілтеп, арақпен күресіп жатқан аласапыран заманы. Жұмыстан шаршағанымыз бар, итермешінің жоқтығы бар, әйтеуір, дәм онша бата бермейді, ықыласымыз төмендеу. Ең сенімді досым Тұрекең, «Сәке, бірнәрсе көрмейміз бе?” деп айтпады, айта алмады, мен де бастықтығым бар, қонақтығым бар сыпайылық сақтап, ештеңе айта қоймадым. Солай тарастық.
Әлі күнге дейін Тұрекеңнің сол тәртіптілігі, мәдениеттілігі, сыпайылығы, әдептілігі, дұрыс болсын, бұрыс болсын биліктің, қоғамның, заманның, талабына, тәртібіне бағынғыштығы, мойынсынғыштығы жадымда жатталып қалған.
Жақсы адам – жақсы адам, жаман адам – жаман адам, тәртіпті адам – тәртіпті адам, тәртіпсіз адам – тәртіпсіз адам, әйелдердің жартылай екіқабат бола алмайтыны сияқты адамдар да жартылай жақсы, жартылай тәртіпті бола алмайды. Тұрекең жаратылысынан жақсы, сүйегі тәртіпті, таза азамат. 
Басқа кездесулерімізді былай қойғанда, мен облыс басшысы болған 6,5 жылда Тұрекеңмен арасына апта салып, тұрақты, жоспарлы түрде демалыс күнін бірге өткіздік, Израиль, Болгария, Германия, Мәскеуде демалыста, іссапарларда бiрге болдық, жұмыс бабында жиі кездесіп тұрдық. Осыншама кездесулердің бірде-бірінде Тұрекең бір адамның да атын тіліне салмады, мақтамады да, жамандамады да, өзіне байланысты бірде-бір сұрақ, бірде-бір өтініш, бірде-бір мәселе көтермеді, тісінің ағын көрсетпеді. Осының өзі бастық күле қараса, көйлегіне жамау сұрап, бастықтың басын айналдырып, батпаққа батыратын қуыс кеуде, қара судан қаймақ алып, жұмыртқадан жүн қырқып жүрген қулардан, сұмдардан Тұрекеңнің артықшылығы аспан мен жердей екендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Міне, осының өзі Тұрекеңнің тектілігінің, заттығының, бекзаттығының беделді, бедерлі белгісі емес пе? 
Бүгінгі күні 75-тің жалынан ұстай отырып, Тұрекең сол жылдары менің өзіме байланысты бірде-бір тапсырма бермегендігімді, бірде-бір өтініш айтпағанымды, мен де Тұрекеңнің өзіне байланысты бірде-бір өтініш айтпағандығын екеуміз де үлкен қанағаттанғандық сезіммен, рахаттана еске аламыз. Өзімізге-өзіміз риза боламыз. Осының өзі көптеген атқа мінген азаматтарға сабақ боларлық жағдай  ғой деп ойлаймын. 
Тұрғанбай Маханов ғылым кандидаты, республикаға еңбегі сіңген дәрігер, облыстың, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, бес кітаптың авторы, Мемлекеттік үш орденінің иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше рет облыстық, аудандық кеңестерінің депутаты болып сайланған, еңбегі жанған, бақ қарап, қыдыр дарыған абыройлы азамат. 
Бүгінде сенімді серігі Сәруары қасында, қос қызы Әлия мен Ғалиясы, төрт немересі төңірегінде, елінің, халқының ортасында төбедей боп, төредей боп Тұрекең жүріп жатыр.
Осының өзі үлкен бақ, үлкен бақыт. Бақытың ұзағынан баянды болсын, Тұреке!
Сейілбек ШАУХАМАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз