ЖАМПОЗ ЖЫРАУ ЕДІ

134

0

Өткен жылы бұл пәниден 58 жасында мәңгілік сапарға аттанған
аралдық өлмес өнер иесі Рысбек Әшімовті жырқұмар қауым әлі күнге сағына
іздейді. Оның да өзіндік себебі бар еді.

Аудан орталығынан 300 шақырым шалғайдағы Атанши атты малды
ауылдан Арал қаласына келгенде, Рысбек мектеп жасындағы томпиған қара бала
екен. 1955 жылы Арал қаласында өмірге келген оның бұл алыстағы ауылдан оралған
беті еді. Кейін қаладағы №13 орта мектепті тәмамдап, араға сәл ғана уақыт
салып, жоғарыдағы Атанши ауылында көмекші шопан болып өзінің алғашқы еңбек жолын
бастаған.

Жастайынан жанына өнерді серік еткен Рысбек жүргізуші болып
жүргенде, автокөлік рулін ақ домбыраға айырбастап, аудандық мәдениет үйінің
қасиетті табалдырығынан атта­ған еді. Мәдениет бөлімінің сол кездегі Байнияз
Тілепов, Тәжі­бай Үмбетәлиев, Қап­пар Жармағамбетов, Мықтыбай Қы­­зыл­баев,
Төлебай Сапаров сияқты күйшілері мен жыр­шы-термешілерінен Рысбек көп нәрсе
үйренген болатын. Әсіре­се, ол көпке танымал, ылдидан шапса, төске озған тарлан
термеші, соғыс ардагері Әбілхан Махановтың тізгін ұстары, топқа қосар нағыз
шәкірті атанды. Сонан да шығар, Рысбектің орындауындағы Ә. Махановтың «Аралым,
айдын шалқарым» термесі аудан, облыс асып, республика, одақ тыңдармандарының
құлақ құрышын қандырғаны жұрт есінде.

Кейін Рысбек жыршы, термешінің таңдай қақтырар өнеріне
аралдық марқұм ақын Серік Сейітмағамбетовтің де тәнті болғаны әлі күнге
жадымызда. Сексенінші жылдары Рысбек Әшімов Қарақұм қойнауындағы малшылар мен
айдынды теңіздегі балықшылар қауымын жиі-жиі аралап, олардың асыға күтер
қонағына айналды. Осы сапарларында ол Сыр бойының сұңғыла сүлейлері
Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Жаппарберді, Нұртуған, Қарасақал Ерімбеттің жыр-дас­тандарын
жұртына жыр-шашу етіп, талай рет ұсынған болатын. Құдды Рысбек шапқан сайын,
жолына жақұт жыр шашылатын алтын тұлпар іспеттес еді.

– Бұл өнер маған ілгері заман­дағы нағашыларым Дәріқұл,
Жаңа­­берген, аталас жырауларым Жаппарберді, Үмбетәлі, бөлем Нұр­ту­ған
Кенжеғұлұлы сияқты шайыр­­дан дарыған еді,-дейтін Рысбек көзі тірісінде. Ол
өстіп жүріп бәріне уақыт таба білді. Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрі
мен халық театрының белсенді мүшесі атанды. Арал аудандық мәдениет үйі жанынан
Нұртуған шайыр атында мектеп ашып, қырықтан астам өзінің шәкірттерін дайындады.
Олардың алды бұл күндері егеменді елімізге кеңінен танымал Елмұра
Жаңабергенова, Гүлнар Суханберлиева болса, арты–аудан, облыс сахналарында
тыңдарман қауымның алғысына бөленіп келе жатқан бір шоғыр жас термеші,
жыршылар.

Серік ақын жырлағандай, өзіндік үні сұңқардай сұңқыл­даған
Рысбек Әшімовтің дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорында» 1986 жылы жазылып
алынып, сақтаулы тұрғаны баршаға аян. Оның өзіне тән мақамын Қазақстан
теледидарында, облыстық телеарналарда талай мәрте құлағымыз шалды.

1986 жылы Токио универ­ситетінің про­фессоры, дүние жүзі
өнерін зерт­теуші ғалым Минору Марито қазақ фольклор өнері жұлдыздары ан­то­логиясының
«Алтын дискісіне» Рыс­бектің орындауында Сыр бойы сүлейлерінің бірнеше
термелерін жазып алғанда да, баяғы «бетегеден биік, жусаннан аласа» дағдысынан
бір сәт айнымаған. Оның дауысы кезінде «КСРО халықтарының фоль­клор өнері және
өнерпаздары» атты үш лазер дискісі арқылы дүние жүзіне танымал болғандығы
өнерпаз әріптестерінің жадында болар. Оның халық шығармашылығы І және ІІ
фестивальдеріне қатысып, лауреат атан­ғанын қайтіп қана ұмытармыз?!

Кезінде Рысбек Әшімовтің өнері Мәс­кеу, Ленинград
шаһарларында өт­кен бүкіл­одақ­тық және халықаралық фоль­клорлық-этнографиялық
фести­валь­­­­дерінде жоғары бағаланып, осы фес­тивальдердің жүлдегері
қатарынан көрінді. Атақты жыршы Алмас Алматов Рысбектің өнерін шетелдік
өнерсүйер қауымына таныстыруда үлкен еңбек сіңірді. Рысбек термешінің бұл
ғаламда бармаған төрткүл әлемнің тұсы жоқ сияқты еді. Тіпті, ол 2002 жылы
АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен «Смитсон» халықаралық фоль­клорлық
фестиваліне қатысып, барар-қайтар сапарларында кө­гіл­дір мұхит асқанда да,
жүзінен ешбір мақтаныш сезі­мінің ізін көре алмағанбыз. Ол осындай өнер иесі
еді.

Өмірінің соңғы жылдарында аудандық тарихи өлкетану мұра­жайында
ғылыми қызмет атқарған Рысбектің бар есіл-дерті, көңіл сүйері өнер өлкесі
екенін жақсы білетінбіз. Ол осы дағдысынан өле-өлгенше айнымай өткен асыл
азамат, жампоз жырау, текті өнер иесі болатын. Сол қалпында ол мыңдаған
тыңдармандарының жүре­гінде ән болып әуелеп, жыр болып жалындап тұра бермек.

 

Толыбай
АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз