ЖАНЫ ЖАРАСҚАНДАР

96

0

Жылдар жылжыған
сайын жаңарып, жаңғырып жатқан заман ғой. Бұл пікір бұқаралық ақпарат
құралдарын да айналып өте алмайды. Басқасын айтпағанда, кешегі кеңестік кезеңде
облыстық газетте секретариат деген болатын. Айтпағымыз, соның қызметкерлері
жайлы. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінде облыстық «Ленин жолы”
(қазір «Сыр бойы”) газетінің секретариатында жауапты хатшының орынбасарлары
Болат Мұратбаев, Нұрпейіс Байғараев және газеттің әрлеушісі (ретушер) Мұхаммед
Оразбақов қызмет ететін. Ал жауапты хатшы Шора Ералиев өз алдына жеке кабинетте
болатын. Секретариат қызметкерлерінің міндеті – редактор мен оның орынбасарлары
оқып, нөмірге жоспарланған материалдарды макеттеп, баспаханаға жіберіп, сонда
теріліп, беттеліп, газет кезекшілерінің алдына берілуін қамтамасыз ету. Әрине,
оңай жұмыс емес. Ерте келеді, кеш қайтады. Өздерінше материал жазуға уақыты да
жоқ. Оларды секретариат қызметкерлері дейді, ал олармен деңгейлес бөлімдегі
жазатын журналистер әдеби қызметкерлер болып аталады. Біздің бұл жолғы
әңгімеміз сол кездегі секретариаттағы үшеу туралы болмақшы.

МҰХАММЕД

Мұхаң жасы жа­ғынан секрета­ри­ат­ты­ғылардың үлкені
бо­лып са­налады. Ал­ғашқы сөзді сонан бастауымыздың да се­бебі содан. Ал енді
қызметінде мін жоқ. Газеттің суретшісі бол­ғандықтан ол ал­ды­мен фотосу­рет­тер­ді
әрлей­ді, одан әрі материалдардың та­қырыптарын тиі­сін­ше қолмен көр­кем­­деп
жазады. Көр­кем шығар­ма­лардың, тарихи ма­териалдардың маз­мұнына сай су­реттер
салады. Олары газет оқыр­мандарының да, материал ав­торларының да кө­ңі­лінен
шығып жатады. Қысқасы, ол өз ісінің асқан шебері еді.

Мұқаң рухы мықты, ғажайып адам екен. Оны беріде
байқағандай болдық. Беріректе ол қант диабеті дертіне шалдықты. Ауруханада жат­қанда
көңілін сұрай барып, қай­ран қалып қайтқанымыз есімізде.

– Мына аяқ шіріп барады, ол күннен күнге өрлеп келеді,
енді кестіретін болдым, – деді. Осыны айтқанда оның жүзінен ештеңе байқалмады,
баяғы байыпты қал­пы. Апыр-ай, дедік іштей. Содан ара­да аптадай уақыт өткенде
қайта соқсақ, ағамыз бір аяғымды ал­дырдым деп жайнап отыр.

– Операция жасаған хирургтің зәресін ұшырдым, – дейді
күліп. – Наркоздың күші ертерек қайтқан болуы керек, оянып кетсем, бір аяғым
жоқ. Хирург алып кетіңдер деп жатыр екен. Қабырғада сүйеулі тұрған аяғыма көзім
түсіп: – Ой, жолдас, аяғыммен қоштасайын де­­дім. Менен мұндайды күтпеген ғой,
хирург мәңгіріп тұрып қалды, аяп кеттім…

Ал бұған не дейсіз?.. Осыны базбіреу айтса сенбес
едік. Өз кө­зімізбен көріп, өз құлағымызбен ес­тіген соң амал жоқ айтып
отырмыз.

Сол Мұқаң кейін тағы да таң­ғалдырды. Денеге дендеп
енген дерт одан әрі екінші аяғына шап­са керек. Ауруханаға түсіп, екін­ші аяғын
да алдырды дегенді ес­тіп, үйіне көңілін сұрап барған едік. Шынымызды айтсақ,
қатты қо­балжыдық. Бірімізді-біріміз ал­ға салып, босағада іркіліп тұрға­нымызда:

– Келіңдер ей, ұялмаңдар, – де­ген Мұқаңның жарқын
дауысын естіген соң, еркіндеу сезініп ішке енсек, ол бар денесін қос қолымен
көтеріп, бері беттеп келеді екен. Көңіліміз бұзылып, жанарымызға жас үйірілді.
Оған мән беріп жатқан Мұқаң жоқ.

– Бұл күнде гаршокке отыратын болдым, одан биікке өрем
жетпейді, – дейді. Бір аяғын тізесінен төмен, екіншісін тізесінен жоғары
кестіріп, әбден жүдеп-жадаған азаматтың айтып отырғаны осы. Соның бәріне кінәлі
біздей жүзімізді аударып, жалтақтай береміз. Мұқаң болса, сыр алдырар емес.
Әйелі Жұмаш та, қызы Алма да үй иесінің аңғарынан аса алмай, уайым-қайғыларын
сездірмегенсиді…

Айтып келген дерт алып тын­ды. Содан көп ұзамай-ақ
газет су­ретшісі Мұхаммед Оразбақовты ана дүниеге аттандырып салдық. Бұл
жалғанда кім қалар дейсің… Мұ­хаңның қазасы қатты ойландыр­ды. Апыр-ай, бұл
не деген рухы мық­ты жан. Екі қолымен жер ті­реп, жорғалап жүргенде де сыр
алдырмады ғой сабаз. Басқа кісі болса сары уайымға салынар еді, күні
жақындағанын мойындап, кел­­ген-кеткенмен қоштасқандай сы­­ңай сездірер еді.
Бұл олай еткен жоқ. Тектілік дегенің осындай-ақ бо­­лар…

БОЛАТ

Жауапты хатшының орынба­сары Болат Мұ­рат­баев ерекше
жа­ра­тылған жандай көрі­не­тін. Ол ешкімге ұқса­май­ды, турасын ай­тады,
алыпқашпа сөзбен жұ­мысы жоқ. Мұнтаздай бо­лып жинақы жүреді, ша­ғын денесі
киіктің асы­ғындай болып ши­ратылып тұрғаны. Ісі­не мығым. Көбіне газеттің төр­тінші
бетін макеттейді. Ол кез­де бұл соңғы бет­ке көбіне әдеби, мәде­ни ма­териалдар
орна­ла­сатын. Арагідік әлеу­меттік бағыттағы ма­қалалар да осы беттен
көрінетін. Макеттеу де­геніңіз жатқан есеп, бүгінгідей шамамен жо­балау деген жоқ. Дағдыланған кісі
бол­маса, қолдағы мате­ри­ал көбіне артылып сый­май жатады, кейді кем болады.
Бөкең болса, тұп-тура шығады, әрі әдемі
әшекейлейді. Оның қолында түр­лі-түсті қалам болады, ол бас та­қырыптарды
мазмұнына қарай әр түрлі бояумен, ал сызықтарды кө­біне қара және көк түстермен
ерек­шелендіреді. Ол макеттеген ма­териалдар бетке түскенде айны­май сол қалпы
шығады. Бұл да ше­берлікке келеді.

Шағын да шымыр келбетті Бө­кең­нің әр сөзінен, тіпті
әр қи­мы­лынан жанының тазалығы, жү­регінің адалдығы аңғарылып тұ­ратын. Содан
да болуы керек, оған жақын-жуық жүргенді қолай кө­ретіндер жетіп артылады.
Әсіресе, Қомшабай, Дархан секілді қарымды қаламгерлер Бөкеңді көбірек тө­ңіректейді.
Онымен әзіл-қалжыңдары жа­ра­са­ды. Тіпті, кей-кей­де араларындағы азын-аулақ
жас айыр­ма­шылықтарын жиып тас­тап, үзеңгілес құрбы-құр­дастарша қағысады.
Соның баршасынан жақ­сы көргендік, жақын тұтқандық секілді ішкі иірімдер
емен-жарқын сезілетін.

Бірде секретариатқа жас жігіт (шамасы студент болуы
керек) кіріп Қомшабай Сүйе­нішовке кел­генін айта­ды. Бөкең оңтайлы сәт­ті
керегіне жаратпақ болып:

– Ол ағаңды бұрын-соңды көріп па ең? – дейді.

– Жоқ…

Одан әрі Бөкең ақыл айтады.

– Қомшабайдың ұстамалы ауруы бар. Кей кезде соның
ұстап қалатын кездері болады. Ондайда ол өкшесімен жерді тепкілеп, қо­лымен желкесін түйгіштеп оты­рады.
Ондайда оған жолауға бол­майды, – дейді. Шынында да Қом­шекеңнің ондай әдеті
болатын. Жас күндерден қалған дағды. Көбірек сырқаттанғандықтан денесінің әр
жері ұйыған секілді сезінетін бо­луы керек.

Бөкең болса соны пайдаланып:

– Бар, есіктен жәймен қара, – дейді. – Ауруы қозып
отырса, көзіне көрінбе, жазым болып жүрерсің…

Аздан соң жас жігіт қайтып оралады, жүзі үрейлі.

– Аға, сіз айтқан­дай, жер теп­кілеп, желкесін
түйгіштеп отыр, – дейді.

– Онда қайта бер, кейін ағаң ай­ыққан соң келерсің, –
дейді Бөкең.

Олардың арасын­да осындай қазақы қал­жың, сайқымазақ
ой­ын жүре беретін және жарасатын. Жо­ғарыдағы жағдай Қом­шекеңнің құла­ғы­на
жетеді. Ол түсін суытып, Бөкеңе төніп:

– Сен жауторғай, не деп жүрсің! – дейді. (Ол Бөкеңді
әзілдеп солай атайтын). Бөкең қарсы шабуылға шығады:

– Әй сарыасқабақ, не деп тұрсың? (Ол Қомшекеңді қалжың­дап
солай атайды).

– Мені жынды депсің ғой…

– Оның өтірік
па, сау адам тапа-тал түсте, жұмыс уақытында жыны ұстаған бақсыдай өзін-өзі
сабалайды ма?..

Қомшекең одан әріге шыдамай, күліп жібереді. Жан-жа­ғындағылар
да мәз-мәй­рам болып күлкіге ке­неледі. Жаңа ғана бірін-бірі жойып жіберетіндей
болып тұрған екеуі енді құшақтасып, қол алысып, қосыла күлуде.

Болат Мұратбаевқа құ­марлар аз емес. Сол тұс­тағы
«Социалистік Қа­зақстан” газетінің об­лыстағы меншікті тілшісі Байжігіт Әбді­разақов
аға­мыз да Бөкеңді ара­гідік іздеп келіп, шашкі де, шахмат та емес, бұ­рыш
ойнады. Кезек же­ңіп, кезек жеңіледі. Жеңгені мақ­танып, масайрайды. Есімі ел­ге
белгілі Байжігіт ағамыз жең­ген жағдайда балаша мәз бо­ла­ды: – Мен ойланбай
ойнап-ақ же­ңе саламын ғой. Редакцияда қан­дай мықтыларың бар, соны ша­қы­рыңдар,
– деп қажайды. Ал же­ңілген тұста: – Оу, «Социалды Қа­зақстан” қызметкеріне бұл
жа­рас­пайды, – деп тақтаға тастарды қайта тіге бастайды. – Осы жолы
оңдырмаймын, жаңағы ойын жо­лы ғой, – деп Бөкеңді шайқасқа шақырады.

Бір кездесуде Байекең үш рет қа­тарынан жеңілсе керек.
Со­­дан ертеңіне із­деп ке­­ліп қай­­тадан ой­нап, қа­рым­тасын қай­тар­ған сы­ңайлы.
Бы­лай­ғы кез­де салалы, сал­та­нат­ты,
барынша бай­сал­ды Байжігіт ағамыз осы шап-шағын Болат Мұ­ратбаевқа келгенде ба­ла
сияқтанып кете­тін. Шіркін, көңіл жақын­ды­ғы, жан жарасымы деген осы да…

НҰРПЕЙІС

Секретариатты ре­дак­циялар штаб деп те атай береді.
Оның да жөні бар. Ол кез­де көп мәселе осы жер­ден шешімін тау­ып жататын.
Редак­ция­ның бұйрық кіта­бы мен мөрі де осын­да. Ал газеттің бар материалының
бас­паханаға осы арадан жол тартатынын жо­­­­­ға­рыда айт­тық. Нө­мірдің кезекші­ле­рін
де белгілейтін орын да осы. Ал ко­мандировкаға шы­­ға­­­­тындар осын­да ре­дак­тордың
бұйры­ғын жаз­дырып алып, командировка куә­­лігіне белгі соқтырады, одан әрі
бухгалтериядан жол­ақы­сын қам­дайды. Ол тұстағы сек­ре­тари­аттың қызмет
ауқымы айрықша еді. Онан кі­сі арылмайтын. Ке­ліп-ке­тушілер де, редак­ция­­ның
қа­тардағы қыз­меткерлері де кө­біне осы жерден та­былатын.

Жауапты хат­шы­ның екінші орынба­са­ры Нұрпейіс Бай­ға­­раев
өмір көрген, уни­верситет бітірген соң ведомстволық га­зет­те істеп, шыңдалған
қа­ламгер. Облыстық га­зеттің ішкі екі бетін ма­кеттейді. Одан қала берді
редакцияның бұйрық кі­та­бын жүргізеді, ре­дак­цияның мөрі де со­ның қолында.
Баспаханамен жұ­мыс және бар. Ол осының бә­рі­не үлгіреді, әрі сәтті, сапалы
орындайды.

Орта мектепті бітірген соң шаруашылыққа араласып,
азды-көпті өмірлік тәжірибе жинақтап барып жоғары білім алған Нұрекең қызмет
барысында адамдармен араласуға, алдына келген кісінің тілін табуға тырысатын.
Сонысына сай ашық, ақжарқын, араласқыш жан болатын. Ендігі бір қасиеті жақсы
пародияшы еді. Араласқан кісілердің жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, қанына
сіңген қалпын айнытпай салатын. Оның жанынан жұмыс уақытында да, басқа басы бос
кездерде де адам арылмайтын. Нұрекең көпшіл, кең пейіл, кең қолтықтың өзі болатын.
Темір жолдың арғы бетіндегі көшедегі үйінен кісі арылмайтын. Облыс орталығына
жұмысқа орналасып, үй-жайын көшіріп келе қоймаған таныс-білістер оның үйінде
айлап, апталап жататын. Оның отбасы да осыған әбден қалыптасқан, қабақ шыту,
жақтырмайтын рай таныту дегеннен атымен ада.

Қатар-құрбының басы қосыл­ған көңілді жағдайда
әріптестер Нұрекеңді ортаға алып қолқалайды. Ондайда ынтықтырып, көп күт­тірмейді.
Ол ұжымның бас­шы­сынан бастап, қосшысына дейін пародиялайды. Мәз болып, жабыла
күліп, жамырасып жатқанымыз. Алғашқы кезде басшылар тара­пы­нан жақтырмаған
сыңай да сезілген, алайда бара-бара олардың бойы үйренгендей болды. Бір бас­қосу
барысында жазғыш жур­налист ағамыз Мырқы Исаев: – Нұр­пейіс, мені салшы, –
демесі бар ма. Іздегенге сұраған дегендей, Нұрекең Мырқы ағамыздың жыл­дам
қимылын, қызбаланып сөй­лейтінін айнытпай жайып салды. Қыран жапқандай күлкі.
Мәкең де риза, басқалар да риза.

Нұрпейіс сондай отырыстың гүлі еді ғой. Кейде оған
корректор Бітімбай Сиқымов ініміз қосылады. Біреуді салуға ол да бейім.
Екеуінің басы қосылғанда күлкіден жарыла
жаздаймыз. Шіркін, ол да бір қы­зықты кезең екен. Сондай-сон­дай сайранға толы
салауатты сәт­тердің қадір-қасиетін кісі араға жылдар салып барып бағалайтын,
сағынышпен еске алатын болады екен.

Нұрпейіс көңілі түскен кісі­ден сырын жасырмайтын.
Ойын­дағысын ойнақыландырып, күлді­ріп айтатын.

– Қалекең кең, кешірімді еді ғой, – дейді бірде
көздері күлімсіреп. Қалекең деп отырғаны редактор Қалқабай Әбе­нов. – Жұ­мыстың
аяғына жақын көптен кө­ріспеген, кезінде бір­ге оқыған жігіт жол жүріп бара
жатырмын деген соң, көңілін қимай жолаяғынан аз­дап ащы­лап едім. Газеттің ке­лесі
нөмірінің екі бетінің макетін редакторға бе­кіт­тіруім керек. Ка­би­нетке
кіріп, қабылдау столының үстіне ма­кет­терді жайып тас­тап,
шегіншектеп тұр­мын. Бұрындары Қа­ле­кең әрі қарап, бері қарап, та­қы­рыптарды
оқып болған соң қол қойып бере салатын. Бұл жолы олай етпеді. Мынау не, анау не
деген сияқты сұрақтарды қойып, жазуымды түсінбегенсіп, мені өзі­не жақындатты.
Оны өзім де бай­қамай қалдым.

– Әй, бәсе, аздаған исің бар ғой, – деді күліп. –
Шегіншектеп тұрға­ның­нан білдім. Ал енді қа­зір үйге қайтасың, қараңғы түсіп
қалды, байқа…

Қалекеңнің сол сө­зі есімнен кетпейді, – дейтін ол.

***

Біз әңгімелеп отыр­ған секре­тариатта іс­теген үшеудің
ау­ыз­біршілігі де айтар­лықтай болатын. Олар жұмыстан тыс уақыттарда да
бірімен бірі қатты араласатын. Нұрпейіс ағалары Мұхаммед пен Болаттың кеш
жарығын кен­де қылмайтын, бірде онда, бір­де мұн­да дегендей. Ол көбіне Мұ­хамедтікінде
болады. Оған себепші Мұхаммедтің өзі.

– Нұрпейіс, жүр біздің үйден обедтенеміз, – деп ертіп
бара жатқаны. Ал енді Мұқаң тамақ пі­сірудің шебері, кез келген асты аспаздан
кем жасамайтын.

Мұхаммед пен Болаттың қаты­сы да осы тәріздес еді.
Соның ай­қын айғағындай беріде екеуі қыз алып, қыз берісіп құдандалы бол­ды.
Құптарлық жағдай емес пе?..

Сонымен біз бұл мақаламызда бір кездері облыстық
газеттің сек­ретариатында қызмет еткен үш азамат Мұхаммед Оразбақов, Бо­лат
Мұратбаев және Нұрпейіс Бай­ғараев туралы сыр шерткендей бол­дық.
Материалымызда олардың жеке өздері туралы ғана баяндаған болдық. Сәті түссе,
өмір болса, олардың отбасы-ошағы жайлы да жазып қалармыз деген ойдамыз. Әзірге
осыны қанағат тұтқандай жайымыз бар.

Өкініштісі сол, жандары жарас­қан осы үш азамат бұл
күнде жоқ. Бірі ерте, екіншісі кештеу өмір­ден өтіп, ана дүниеге аттанған. Олар­мен
қызметтес болған, қатар жүр­ген кездер ойға оралғанда іші­міз уылжып,
жанарымызға жас үйі­ріледі.

Әскербек
РАХЫМБЕКҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз