ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, МІНЕЗІ КӨРКЕМ ҰСТАЗ ЕДІ…

91

0

Ұлы Абайдың отыз жетінші қарасөз-ғақлиясындағы:
«Дүние – үлкен көл,
Замана – соққан жел,
Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер», – деп, терең толғануының сырын ойға алғанда әрқашан өткен өмір, зымыран құс – замана керуені көз алдыңда жылжып бара жатқандай көрінеді. Сосын кемеңгер Абай атамыздың қалайша дәл айтқанына әрі қысқа тұжырыммен көп ой білдіргеніне дән риза боласың. Міне, екінші мыңжылдықты тәмамдап, үшінші мыңжылдықты бастағанымызға да он үш жылдан асты, Тәуелсіздігіміздің жиырма екі жылдық мерекесін тойлағалы отырмыз. XX ғасыр өзінің сан алуан оқиғаларымен, өміршең өзгерістерімен, солардың бел ортасында жүріп, өнегелі іздер қалдырған өрелі өрендерімен, ел жадындағы асыл азаматтарымен есімізде мәңгі қалды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әрекеттерімен жан-жағына нұрын шашқан абзал жандар арамызда көптеп саналады. Олардың біразы бүгінде өмірден өтті. Осындайда жалған фәниден шын дүниеге аттанған ғазиз жандардың асыл бейнелері, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері көз алдыңызға еріксіз елестейді. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтіндей әсер қалдырады. Осындай «алдыңғы толқын ағаларымыздың» бірі – Жәкең – Жақсылық Ишанбекұлы Жылқышиев ағамыз болатын.
Жәкең өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқымыздың рухани өмірін өркендетуге, білім саласын, оның ішінде математиканы дамытуға сүбелі үлес қосуға арнаған абзал азамат болатын. Осы тұста сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай» жан еді деген тұжырымы тұп-тура Жәкеңе арнап айтылғандай еді. Міне, Жәкеңнің өмірден озғанына да жылдан асты.
Алланың нұрындай,  көктемнің ақ жауынындай көпке шапағаты тиген аға еді. Ажал шіркінге не шара? Төрге шықса, төбедей, төбеге шықса, төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген Жәкеңді өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны.
Жақсылық ағамыз қай істе де қаймана қазағына бүйрегі бұрған, ақ көңіл азамат еді. Бұл сөзді мен ғана емес, оны білетіндердің, көзін көріп, қызметтес болған, алдынан білім алып шәкірті болғандардың бәрі айтады. Ақжарқын, ақ көңілімен айналасына шуақ шашып тұратын Жәкең әрбір іс-әрекетінде үлкен бір сыр жатқандай, тереңдік бардай болатын.
Елге тұтқа болған, білім саласының білгірі болған азамат қашанда халық жүрегінде екені даусыз. Ол туралы өзі туып өскен ауылдастары, бірге қызмет атқарған замандастары да айтудан әсте жалыққан емес. «…Білетініміз, Жәкең кең парасатты, жаны сұлу адам еді. Үлкенге де, кішіге де ілтипатпен қарайтын, кемшілікке төзбейтін. Лауазымы қандай дәрежеде болса да, адамның қателігін бүкпесіз бетіне айтатын. Тағы бір жоғары адамгершілігі, ұстаздардың арасында беделді, қанша жылдан бері зейнет жасына шықса да бала тәрбиелеу ісіне араласып, Жалағаш ауданы оқушыларын математикаға баулу, олимпиадаға дайындау ісіне араласып, жалықпай еңбек етіп, жеке басының байлығын күйттеумен әсте айналыспаған, қоңыр тұмақ азамат болатын…», – деген жылы лебізді Жалағаш ауданының әкімі болып, басқарып тұрғанымда талай естігенім бар еді… Осы әңгімені атпал азаматты ұзақ сапарға шығарып салуға қатысқан замандастарының да аузынан естідім.
«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бірінші байлығым халқым деп білген, ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді тұлғаның шәкірті атанып, туған ауданымды  басқарған кезеңде пікірлес, дәмдес болғанымды-тіршіліктегі нұрлы бір кезеңім деп еске аламын.
Мен Жәкең қай кезде, қандай қызметте болғанын тізбелеп, тоқталып жатпаймын. Оны өзгелердің еншісіне қалдырамын.
Ол кісіні мен №31 мектептің 4-5 класын оқып жүрген кезімде бізге математика пәнін қарапайым өмірмен шебер байланыстыра отырып, қолындағы он саусақтарымен рим сандарының бес және он сандарын көрсетіп тұрған шақтары жадымнан еш шыққан емес.  Бірге оқыған кластастарымыздың басқосуларында да ұстазымыз туралы  сағынышты ой қозғап, ұдайы еске алатынымыз бар еді…
Осы кезеңдерді еске алып, ақыл елегінен өткізгенімде, Ұстаз – ұлы сөз екендігін білдім… Небір ғалым-ұстаздардың да өз ұстаздары болған. Құрылысшының да, қойшының да өз ұстаздары болғаны тарихтан баршамызға аян. Өйткені, ешкім де іштен біліп тумайды. Жүре келе ағадан ақыл, ортадан өнеге үйренеді. Өз білгенін өзгелерге үйрету де өмірдің заңдылығы деп білемін. Менің осылай халық қалаулысы болуыма жол ашқан, осы Жәкең сияқты ұлы ұстаздардың берген білімінің арқасы деп білемін. Оларға мәңгілік басымды иіп өтемін..
Өзіме ұстаз бола білген Жәкең — жарық дүниеден қашан кеткенше, басынан бағы таймаған адам деп білемін. Әрине, бұл жалғанда төрт құбыласы түгел болған пенде сирек. Алайда тірліктің ләззаты отбасында дейтін болсақ, Жәкең бұл жағынан да бақытты жан еді.
Естеріңізде болар, Тұрмағанбет ақын: «Ерін күткен әйелді ханым десе болады» деп жырлағаны. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі тәрбиелеп, бірін-бірі жетелейді. Кейіннен жеңгей жөніндегі жақсы пікірлерін, елімізге танымал аға-апаларымыздың үлкен той жиындарда айтқан жылы лебіздерінен білдік, Халипа жеңгей күллі қазақ еліне даңқы жайылған Домалақ ана, Айша бибі, Ұлжан, Айғаным секілді аналар дәстүрін жалғастырушы, қолы ашық, жоқты – бар, барды мол ететін, «Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын» дейтін көреген жеңгейдің өзі екен. 
Адам — бұл дүниенің қонағы. Мұндайда сабырға қайрат қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын. Иә, көкірегіміз қарсы айырылып, қайғыдан қабырғамыз қайысса да, Жәкеңнің көзі тірісіндегі азаматтық қасиеттерін еске алып, көңіл жұбатамыз. Фәни дүниені тәрк етіп, ғұмыры үзілгенмен, артында ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері қалды. Ендеше, Сіз, біздің мәңгі жадымыздасыз, Жәке!
Келместің кемесіне мініп, мәңгілікке сапар шеккен – Ағама, Ұстазыма, топырағың торқа болсын, демекпін…
Қожахмет  БАЙМАХАНОВ,
Қазақстан  Республикасы  
Парламенті  Сенатының  депутаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз