“ЖАС ТҰЛПАРДЫҢ” ЖАНЫНДА ЖҮРДІ

88

0

1964 жылы «Жас тұлпар” жастар қозғалысының концерттік-насихаттық тобы Мәскеуден Қазақстанның ауылдық жерлеріне кезекті сапарға шығатын болды. Бұл жолғы сапарымыз Шымкент облысына түсті. Бірақ та біздің топтағы байланыс институтының студенті, күйші Мырзагерей Шотқалиев жазғы өтетін тәжірибесіне орай сапарға шыға алмай қалды. Мәскеулік студенттер арасында оның орнына адам таба алмадық.
Ол кезде Қазақстанда «Жас тұлпардың” бастамасын қолдайтын адамдар аз болған жоқ. Солардың бірі, Алматы консерваториясының түлегі Мүлкаман Қалауов бізбен бірге сапарға шығуға әзір екенін айтты. Біз онымен Шымкент қаласында кездестік. Сөйтіп, үш апта облыстың аудан орталықтары мен кеңшарларында және ауылдарында концерт қойып, насихат жұмысын жүргіздік. Мүлкаман негізінен қазақтың күйлерін орындады. Оның табиғи талантына ешкім шүбә келтіре алмады. Бірде, қысқы демалыс кезінде біз солтүстік аудандарға бардық. Күн сондай қатты суық еді. Біз келген қонақ үйде орын жоқ дегенді естідік. Қонақ үйдің кіреберісінде жүгімізбен біраз отырдық. Біз секілді адамдардың бірі бір нәрсені оқыса, екінші біреуі басқа іспен айналысып отырды. Ал, Мүлкаман болса қолына домбырасын алып, аздап шертіп, жайлап ойнап отырды. Сол кезде оны жайлап тыңдап отырған қонақ үй әкімшісі шыдай алмай жүгіріп келіп, бірден «балалар жүріңдер, мен сендерге бөлме тауып беремін” деді. Сөйтіп, Мүлкаманның орындаған әні әлгі адамның жүрегіне әсер еткеніне қайран қалғанымыз бар. Осының өзі-ақ оның танымал сазгер әрі дирижер болатынын айғақтап бергендей болды. Соның бір көрінісі, ол «Сыр сұлуы” ансамблін құрып, оған басшылық жасады.
Мүлкаман табиғи талант иесі. Ол қазақтың ұлттық өнерін өрге сүйреген адамның бірі болды. Біз онымен араласып тұрған кезде өнердің, соның ішінде ұлттық өнердің қадір-қасиеті қандай екенін жақсы түсініп, сезіне білдік. Оның ұлттық аспапта ойнау шеберлігі мен ағартушылық қызметін жүздеген шәкірттері жақсы біледі.
Мүлкаманның жүрегіне жол тапқан кісілердің бірі менің анам, Фатима Ғабитова болды. Оңтүстік Қазақстан облысының ауылдарын аралап келгеннен кейін біз қалыптасқан дәстүр бойынша сол кісінің үйіне жиналдық. Ол кісі кеңпейіл көңілмен дастарқанын жайып, ұлттық тағамдарын алдыңа қоятын. Дастарқан басында қуғын-сүргін кезінде қайтыс болған достары жайлы әңгіме өрбітетін. Ол кісінің өзі де мүлкі тәркіленіп, жер аударылған. Сондай қиындықтарды көргеніне қарамастан, ол баласының жолдастары – жастұлпарлықтарды барынша күтетін. 1966 жылы жастұлпарлықтарды қуғындау басталғанда ол кісі өзінің «Құлады жардан жас тұлпар” атты өлеңін жазды.
Жалпы ол кісі біздің басымыз қосылған кезде аналық жүрекжарды сөзін айтудан аянбайтын. Сондай кездесудің соңында ол Мүлкаманға көйлек жеңіне тағатын күміс түймені сыйлады. Оны Мүлкаманның әйелі Бибайша отбасының қастерлі дүниесі ретінде сақтағанын айтқан еді. Мен жақында ғана Мүлкаманның қазақтың ұлы тұлғасы Мұстафа Шоқайдың немере жиені екенін білдім.
Мүлкаманның жарқын бейнесі жылдар өткен сайын жарқырап көріне берері анық. Оған ол туралы жазылған кітапты оқып шыққандар ғана көз жеткізетіні белгілі. Менің ағам Б.И.Ғабитов-Жансүгіров «Сыр сұлуы” ансамблі туралы деректі фильм түсірді. Бұл шамасы кездейсоқтық па, әлде анамның айтуымен түсірілді ме, ол жағын білмедім. Бірақ, бір нәрсенің басы ашық екені белгілі. Ол – Мүлкаман Қалауов «Сыр сұлуы” ансамблін құрғаны анық. Ансамбль сол кезде республикадағы алдыңғы қатарлы өнер ұжымдарының бірі болды.
Жалпы, Мүлкаман өзінің өмірден азаматтығы әрі қарапайымдылығымен ерекшеленетін. Ол сонысымен өз ортасына сыйлы бола білді. Қорқыт ата бабамыз бен Мұстафа Шоқай секілді ұлы адамдарды дүниеге әкелген Сыр өңірі Мүлкаманның да кіндік қаны тамған жер. Сондықтан да осындай табиғи талант иесімен халқы қалай мақтанса да болады.
Мұрат ӘУЕЗОВ,
қоғам қайраткері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз