Жастар жұмысшы мамандығын жатсынбауы керек

81

0

Жастар жұмысшы мамандығын жатсынбауы керек
Нұрмұрат ЕРМАНОВ,  «Бабас» ЖШС құрылтайшысы: 
Мемлекет басшысының ұсынысымен 2017 жылы қазақстан¬дықтарға тегін кәсіптік-техника¬лық білім беріле бастайды. Осы жобаның арқа¬сында жастарды толыққанды жұмыспен қамту міндеті қойылып отыр. «Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бас¬тамашыл ¬болуы тиіс. Жұмыс пен сұраныс бар өңір¬ге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Ендігі жерде мәселенің негізгісі – жастардың жауапкершілігінде. Расында, ізденген мұратқа жетеді. Біз сұхбаттасқан кәсіп¬кер, өмірдің қалтарысында қалып қой¬май, қайраттылық таныта білген, жүріп өт¬кен жолы көпке өнеге боларлық Нұрмұрат аға да осыны қайталаудан жалықпайды. 
– Көпшілік менсіне бермейтін жұмысшы мамандығының, еңбек адамдарының беде¬лін көтеруге елімізде бетбұрыс жасала баста¬ғаны енді ғана. Әліге дейін «модный» мамандықтарға бүйрегі бұрып тұратын жастардың қызығушылығын қалай оята аламыз?
– Тәуелсіздік алған жылдары жастар арасында жаппай банкир болу тенденцияға айналды. Одан кейін халық балаларына экономист, заңгерлікті оқытуға бейім бол¬ды. Өйткені айлығы тәуір. Енді кеп сол жүйесіздіктің кесірі тиюде. Қызыл¬орда¬лықтардың басым бөлігі ауылдарда тұрады. Асыраушы сала – ауыл шаруашылығында қажетті кадр тапшы. Комбайншылардың алды зейнет жасының о жақ-бұ жағында. Олардың орнын басатын адам табу мұң қазір. Ал жастар жағы «жұмыс жоқ» деген желеумен Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға ағылып жатыр. Ол да «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кері. Бар гәп – кәсіп игермеуде. Өзбектерге қараңыз, әкесі ұста болса, баласын да ағаш жонып, темірден түйін түюге баулиды. Бізде, өкінішке қарай, ондай дәстүр қалыптаспаған. «Баламыз сот немесе заңгер болса екен» дейміз. Ал кәсіп игергенін құп көрмейміз, «қара жұмыс» деп жолағымыз және жолатқымыз келмейді. Шын мәнінде осы күні тас қалаушы, бетон құюшы, тракторшы, экскаваторшы, краншы сияқты мамандықтар сәнде, жалақыны да жақсы төлейді. 
Мемлекет аграрлық саланы барынша алға сүйреп келеді. Жеңілдікпен несие алып, іс бастаймын десең, ешкім қолыңнан қақпайды. Қармақты беруін береді-ау, бірақ балықты қалай аулайтынын білмегесін қиын. Қазақта қойшының таяғын баласы ұстайтын дәстүр қалып барады. Америкада кімдер жақсы тұрады – ковбойлар. Былайынша айтқанда, малшылар ғой. Бізге де еңбек адамдарын көбірек көрсетіп, көтермелеп отыру керек. Олардың қанша табатынын жарнамаласа, жүдә жақсы. Жастарды жұ¬мыс¬шы мамандығына тартудың тиімді амалдарын мейлінше кең ауқымда қарасты¬ру арқылы біз біраз нәрседен ұтар едік. 
– Өмір жолыңызға үңілген адам сіздің тағдыр тауқыметін аз тартпағаныңызды білер еді. Жасындай жарқылдайтын шағыңызда Құдай сізге сынақ берді. Одан сүрінбегеніңіз, қиындыққа мойымағаныңыз көпке үлгі. Болмашы кедергілерге шыда¬май, жадап-жүдеп жүргендерді өзіңіз¬дей азаматтың табыс формуласы қызық¬тыр¬май қоймас…
– Несие алып, шаруаны айналдыру үшін кейде маған жігіттер «ақша жағынан көмектессеңіз» деген өтінішпен келеді. Мен айтам оларға «ақша болса, ана бастың не керегі бар саған?» деп. Не нәрсені де нөлден бастамағасын адам ештеңенің қадірін түсініп, қарық қылмайды. Базарға бар, отын түсір, қызанақ сат, басқа қыл! Әйтеуір, әрекет еткенге береке кіреді ғой. Мен – екінші топтағы мүгедекпін. Совет одағы кезінде отыз жасымда жол апатының кесірінен қолымнан айырылып қалдым. Зейнетақы тағайындарда «қарауылдықтан басқа жұмысқа жарамайды» деп анықтама жазып берді. Мамандығым – инженер. Өзім ол уақытта ағаш өңдеу зауытында бас механик боп жұмыс істеп жүрген едім. Директорға «рұқсат етсеңіз, мен жұмыс істейін» дедім. Әуелгіде тіпті қиындыққа төзбей, өлгім де келді. Бірақ ақырындап ес жинап, аяққа тұру керек екенін түсіндім. Үш жылдан кейін мені өзім жұмыс істейтін зауыттың директоры етіп сайлады. Он төрт жыл тапжылмай осы қызметте болдым. Совет өкіметі тараған тұста директорлықтан қол үздім де, базарға шығып, өз бетімше тірлік жасай бастадым. Менің әкем – ұста, әкемнің әкесі – ұста. Бұл кәсіптің қыр-сырын біркісідей білем. Сонымен, не керек, есік жасап шығаратын цех аштым. Әуелі үш станок қойдым, кейіннен өндіріс ауқымын кеңейттім. «Ата көрген оқ жонар» дегендей, белгілі бір іске ден қоюда отбасылық тәрбиенің ролі жоғары. Бейіт, үй салатын әкелі-балалы отбасылар ара-тұра кездеседі, бірақ өте сирек. 
– Қазіргі қара жұмыс дегеніміздің өзі жаңа технологиялардың арқасында біраз «жеңілдеп» қалды ғой. Көп жерде қолдың күші қолданылмайды. Сөйте тұра жастардың мойны жар бермейтіні несі?!
– Бұрын үлкен кісілер зейнетке ерте шығатын, экологиялық үстемеақыны қоса есептегендегі зейнетақылары да әжептәуір болды. Жастардың бір тобы әке-шешелерінің тапқанына сеніп, мұсалдаттың кейпіне түсті. Өкініштісі, осындай сұрықсыз көрініспен күнде бетпе-бет келемін. Отыз мың айлыққа жұмысқа шақырсаң, мамандығы жоқ екеніне, қолынан іс келмейтініне қарамастан жігіттердің көбі мұрнын шүйіреді. Оның орнына күзетші болғанды дұрыс көреді. Күзетші деген кім? Бұрынғы тілмен айт¬қанда, кәдімгі қарауыл ғой. Ал ертеректе қарауылдық тек мүгедектер мен кәрі-құртаңдарға лайық жұмыс боп есептелетін. Қазір кейбір жастарға дейін ой жұмысынан қашуға дайын тұрады. Миға салмақ салғысы жоқ. «Бүгінгі ауысым тыныш өтсе болды» дейді. Айналайын-ау, адам деген өмір бойы ізденуі керек қой! Ізденген жерде адам мұратқа жетеді. 
– Қазір сіздің қолыңызда жұмысшы жастардың үлкен ұстаханасы бар. Кадрды қалай іріктейсіз?
– Қарамағымдағы ағаш шеберханасы мен құрылыс бригадасына «жұмысшы керек» деп жылда хабарландыру беремін. Сол құлағына жеткен бойда колледж бітірген он шақты бала келеді. Тәжірибе жинақтауға келген¬дердің ақыр соңында тең жартысы жұмыстың ауыртпа¬лы¬ғына шыдамай кетіп қалады. Қалғаны біртіндеп үй¬ре¬неді. Біле-білген¬ге ұсталық – үлкен табыс көзі. Әбден шың¬¬далғаннан кейін енші¬лерін бөлек алып, өз алдарына отау бол¬ғандар жетерлік. Олар бізден алған білімін кәдесіне жарата білді, енді бала-шағасының нәпақасын айырып жүр. Сондықтан кол¬ледж бітіргендердің қବтବрымызға қосылып, өз-өздерін көрсетуі¬не толық мүмкіндігі бар. 
– Президенттің тапсырмасымен келесі жылдан бастап кәсіптік-техникалық білім¬нің тегін берілетіні көпшілікті қуантты. Бұдан сіз не күтесіз?
– Қазір оқу орындарының көбі ақылы. Сондықтан бұл тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар үшін үлкен қолдау болар еді. Екінші жағынан, кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту арқылы қоғамда орта таптың үлесін арттырамыз. Үшіншіден, өнеркәсібіміз өрлеп, экономикамыздың әртүрлі салалары алға қарай қарыштап қадам басады. Ең бастысы, қоғамға ауадай қажет мамандық иелері даярланып шығады. 
– Халқы Қазақстаннан екі есе көп Канадада мемлекеттік және жекеменшік 175 колледж бар екен. Өткен оқу жылының есебімен біздің елде колледждер саны 768-ге жетіпті. Қалай ойлайсыз, осылардың санына сапасы сай ма өзі?
– Кәсіптік-техникалық колледждерге талапкерлер жинай алмайтын тенденция күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мұн¬дай оқу орындары туралы «аннан қашқан, мыннан қашқандардың ордасы» дегендей қарабайыр көзқарастан арылатын кез жетті. Керісінше, олардан заманауи құрал-жабдықты жақсы меңгерген краншы немесе ағаш өңдеу станогын жетік білетін токарь даярланып шығуы тиіс. Алайда, еліміздегі, өңіріміздегі колледждердің басым көпшілігі баяғы заманда қалып қойған, мате¬риалдық-техникалық базасын әлі жаңарта алмай жүр. Ал бізге шетелдік жаңа техникаларды ұршықша иіретін кадр керек! Колледждер талапқа сай болса, жастардың да қызығышулығы оянар еді. Санынан саусағың шатасатын білім ошақтары сапаға жұмыс істесе, қатып кетер еді. Аспаз оқыта ма, ол тамақты дәмді етіп пісіре алатын болуы керек. Кез келген мейрамханада солай талап қояды. Мұғалімдердің білім-біліктілігіне де көп нәрсе байланысты. Балаларымызды кім оқытып жатқаны бәрінен маңызды. Сондықтан үсті-үстіне колледж аша берген¬нен гөрі нағыз кәсіп иесін қалай дайындауға болатынына бас қатырған дұрыс сияқты. 
– Қазақстанда мектеп бітіргендердің 70 пайызы – жоғары оқу орындарын, 20-21 пайызы бастапқы кәсіптік-техникалық оқу орындарын таңдайтын көрінеді. Колледждерге бүйрегі бұратындардың үле¬сі 7-8 пайызды шамалайды. Екі-үш жыл бұрын¬ғы статистика болғанымен арада онша-мұнша ештеңе өзгермегені анық. Бәрі¬міздің жылы кабинетке кіріп алып, жұм¬сақ жерде отырғымыз келетіні неден екен?
– «Тәрбиесіз берілген білім – адам¬заттың қас жауы» дегені бар әл-Фараби ғұламаның. Сол сияқты баланың санасына құр білімді тоқып қою аздық етеді. Тәрбие адамды сәулелендіріп тұрады. Ал оның нағыз ошағы – отбасы. Идеология деген дүниені жалғыз үкіметке итеріп салуға болмайды. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілетінің сияқты, отбасындағы көрген-білгенің бүкіл өміріңе азық бола алады. Сондықтан әрбір әке-шеше, біріншіден, Қазақ елінің патриотын, екіншіден, сауатты да сапалы адам тәрбиелеп шығару жағын ойлауы және алдына мақсат етіп қоюы керек. Ал сауаттылық қандай да бір қауіптен қорғануға мүмкіндік беретін сауыт сияқты дүние. Әркімнің айтағына еріп, жетегінде кетпеудің кепілі. Табақтай дипломы бола тұра, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар бар. Көбін әке-шешесі кезінде «баламның басында шәпкісі, қолында пәпкісі болса» деп аты дардай мамандыққа оқуға түсірді. Ал қажетті кәсіптер туралы түсінігі бола қоймады және оның азғантай уақытта сұранысқа ие болатынын білген де, сезген де жоқ. Міне, енді кеп сан соғуға мәжбүрміз. Бірақ олқылықтың орнын толтыруға әлі де кеш емес. 
– «Бастысы – дұрыс бағыт беру керек» дейсіз ғой?
– Өзім мектепті «беске» оқып, «Алтын медальмен» бітіргендіктен балаларымыздың да білімді болғанын қаладым және жұбайым екеуміз сол үшін көп күш салдық. Жас кезімде заңгер болуды армандағанмын, бірақ оған отбасымыздың шамасы келмеді. Үй¬ленген соң алдымызға балаларымыз көп тілде сауатты болуы керек деген мақсат қойдық. Өйткені білімді адам ешуақытта қор болмайды. Кез келген адамның, әй¬теуір, бір нәрсеге икемі бары анық. Оқуға құлық танытпауы мүмкін, бірақ одан мықты дәнекерлеуші шығуы ғажап емес қой. Соқ¬пақбаевтың повесіндегі Оспанов мұға¬лім айтатындай, тек шырағын жаға білсе болғаны. 
– Енді өсіп-жетіліп келе жатқан ұрпақ¬тың неден тыйылып, неден тәлім алғанын қалайсыз?
– Мен ауылда жұмыс істедім. Көп¬теген замандасымыз болды, бізге еріп еңбек¬тенгенді өздерінше ұят санайтын. Трак¬тормен жер жыртып жүргенімізде қасымызға жоламаған олар содан шыққан темір-терсекті жинап, өткізіп, тапқан бес-он тиынын араққа жұмсауға арланбады. Қазірде кейде ауылға барғанда осыған ұқсас жағдайларды көзіміз шалып қалады. Көңілің құлазиды. Жастарда перспектива болуы қажет. «Үшкүндігін ойламаған әйелден без, үшжылдығын ойламаған еркектен без» дейді қазақ. Ең болмағанда, келесі буын осыны сезініп, санасына түйіп өссе, болашағымыз жарқын деген сөз. Совет өкіметі арақпен күресіп, жеңе алмады. Содан құлады. Біз енді өткенімізден сабақ ала отырып, балала¬рымызды салауатты өмір салтына тәрбие¬леуге тиіспіз. Арамтамақтықтан арылуымыз керек. 
– Жастардың жігерін қайрағандай болдыңыз. Сол үшін де рақмет сізге!
Сұхбаттасқан  Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз