ЖАҚСЫЛЫҚҚА АРНАЛҒАН ҒҰМЫР

85

0

ЖАҚСЫЛЫҚҚА АРНАЛҒАН ҒҰМЫРАдамзат
баласының дүниеге келгендегі мақсаты артында із қалдыру, ұрпақ өсіру десек,
қаншама адамға бақыт сыйлаған қасиетті шаңырақ перзентхананы Бибіажар апай
есімімен сабақтастыруға тура келеді. Өйткені, осында ұзақ жыл басшылық жасаған
оған деген халықтың ықыласын былай қойғанда, «перзентхана, Қалымбетова” деген
сөздер бірінсіз бірі айтылмайтын. Мұндай марапат сол салаға әбден еңбегі
сіңген, оның отына күйіп, суығына тоңған адамға айтылса керек-ті.

1943
жылдың қоңыр күзінде Қызылорда қаласында өмірге келген Бибіажар Медетбайқызы
алпысыншы жылдардың орта шенінде, дәлірек айтқанда, 1966 жылы Ақтөбе
медициналық институтын «Емдеу ісі” мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолы осы
перзентханадан басталған. Алғашында акушер-гинеколог, арада алты жыл өткенде
перзентхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болған ол 1983 жылы
қалалық перзентхана жанындағы жүкті және гинекологиялық аурулары бар әйелдерге
арналған емдеу мекемесіне бас дәрігер болып тағайындалады. 1984-1994 жылдар
аралығында облыстың бас акушер-гинекологы, 1995 жылдан құрметті еңбек
демалысына шыққанға дейін Қызылорда біріккен қалалық перзентханасында бас
дәрігер қызметін атқарған.

Бибіажар
Қалымбетова өз ісін жетік білетін маман, ақылшы ұстаз, үздік ұйымдастырушы,
жоғары санатты дәрігер екенін көрсете білді. Білікті маманның тікелей
бақылауымен «Арал өңіріндегі ана мен бала денсаулығы” атты республикалық
семинар ұйымдастырылып, көптеген толғақты мәселенің шешімі қарастырылды.
Бүгінде ел игілігіне жарап отырған перинаталды орталықтың қажеттілігі сол жолы
баса айтылған болатын. Ауру ана дені сау сәбиді дүниеге әкелуге қабілетсіз,
оның үстіне ерте босану, түсік тастау сияқты кеселдерді арнайы емдеу орнында
жүзеге асыру кезек күттірмейтін мәселеге айналған еді. Бас дәрігердің
бастамасымен амбулаторлы емхана қызметінде акушерлік-педиатрлық-терапиялық
кешен құрылды.

Бас дәрігердің
басшылығымен жүргізілген жұмыстар ана мен бала өлімінің азаюына, босанудан
кейінгі аурулар көрсеткішінің тұрақталуына көп әсерін тигізді. Мамандар білімін
жетілдіруге арналған тренинг орталықтың жұмысы өз жемісін бере бастады.
Акушерлік-гинекологиялық тәжірибеге жаңадан енген емдеу және диагностикалық
шаралар қолданылды. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында көп жыл бойы
Халықаралық ұйым­дармен тығыз байланыста жұмыс атқарды.

Жалпы
дәрігер, оның ішінде акушер-гинеколог жұмысы уақытпен санаспайды. Көп жағдайда
нақты шешім қабылдауды, тереңнен тол­ғанып таразылауды қажет етеді. Өйткені, ол
екі бірдей адамның өміріне жауапты.

Бибіажар
апа өзі тәлім алған Х.Наурызбаева, Т.Голубева сияқты ұстаздарын ұлық тұтты, сол
кісі­лердің үлгісімен өзі де шәкірт тәр­биеледі. Сондай шәкірттерінің бірқа­тары
бүгінде қала және аудандық перзентханалардың басшылық қыз­мет­терін атқаруда.

1999
жылы облыстық мәслихатқа депутат боп сайланған Бибіажар Мешітбайқызы денсаулық
сақтаудың қат-қабат проблемаларын күн тәр­тібіне қойып, оның оң шешімін табуына
барынша ықпал етті. Осынау еңбектер ескерусіз қалмады. Еліміз Денсаулық сақтау
министрілігінің, сондай-ақ облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармасының
Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген
қызметкері, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі”, сонымен қатар «Ерен еңбегі
үшін”, «Еңбектегі ерекшелігі үшін”, «Парасат”, «Алтын дәрігер” медальдары ұзақ
жылғы өлшеусіз еңбектің өтеуі десе болады.

Сыр
топырағында шыр етіп өмірге келген мыңдаған сәбидің кіндік шешесі болған
Бибіажар апа берекелі отбасының отанасы да бола білді. Үш бала тәрбиелеп
өсіріп, немерелер шаттығына бөленген бақытты әже қызметі қанша қауырт болса да
бала тәрбиесіне ерекше мән берген жан. Балаларына жақсы мен жаманның, оң мен
терістің парқын білуді талмай үйретті. Отбасындағы түсіністік береке бастауы
емес пе?! Ері Мүсілім аға әрдайым қолдаушысы болды, қиын сәттерде қол ұшын
созды. Қазақ әйеліне тән ер адамды пір тұтатын ғұрыптан ешқашан аттамаған ол
үлкенді құрмет тұту үрдісіне де ерекше мән берген. Ал әділдікті, бұлтартпас
шындықты айтуды атасынан үлгі еткен көрінеді.

Өтіп
жатқан өмір-ай десейші! Бибіажар Мешітбайқызының пәни өмірден озғанына да міне,
жылдың жүзі болып қалыпты. Халқымызда «Ұрпағыңмен мың жасайсың” деген қанатты
сөз бар ғой. Ендеше, ұрпақтарыңыз барда ізіңіз өшпейді, Бибіажар апа!

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз