«ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНДЫМ, МЕНI АҚТАУЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН»

96

0

ХХ ғасырдың 30жылдары қазақ даласын жалмаған ашаршылық – тарихымыздың қасіретті беттерінің бірі. Халық саны күрт кеміп, демографиялық өсіп-өнуіміз тежелді. Ең бастысы, өршіл халықтың сағы сынды. Одан кейін ұйымдастырылған саяси қуғын-сүргін жылдары сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек, 100 мыңдаған адам Сібірге жер аударылды. Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, саясиқуғын-сүргінмыңдаған жазықсыз адамдардың қаны менкөз жасына суарылған тарихтыңшерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Қызылорда облысының мемлекеттік мұрағатында сақталатын облыстық прокуратура қоры құжаттарынан сол кездегі солақай саясаттың құрбандары болған адамдардың тағдырларын көруге болады. Жазықсыз жала жабылып, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылған азаматтардың өздерін ақтау туралы облыстық сотқа, КСРО бас прокурорына жазған өтініштерін назарларыңызға ұсынып отырмыз

Москва қаласы.

КСРО Бас Прокурорына

Қазақ ССР Қызылорда облысы

Арал қаласы Дзержинский көшесі

№16 үй тұрғыны

Кузнецов Александр Федоровичтен

 

Өтініш

Мен 1906 жылы Астрахань облысы Тишков селосында балықшы жанұясында дүниеге
келдім. Ауыл мектебінде 5 жыл оқып білім алғаннан соң, әкеммен бірге Каспий
теңізінде балық аулаумен айналыстым. 1928 жылы Волга-Каспий Госрыбтресінің
Тумак балық кәсіпшілігіне балықшы-аушы болып орналастым. 1930 жылы Арал
теңізіне қарасты Аралгосрыбтресінің
«Авань» балық зауытына балық өндіру бойынша нұсқаушы қызметіне тұрдым. 1932
жылы осы зауыт директорының көмекшісі, 1933 жылдың басында «Сарыбасат» шағын
балық зауытының директоры лауазымына ауыстырды. 1934 жылы балық өндіру мен
өңдеудегі жоспарды табысты орындағаным
үшін «Авань» балық зауытының директоры лауазымына тағайындады. Балықты өңдеу
мен өндіруді асыра орындағанымыз үшін
1935 жылдың аяғында бұдан да ірі балық зауыты «Ұзын-Қайырға» директор қызметіне
ауыстырылдым.

1937 жылы 22 сәуірде Арал аудандық НКВД бөлімінің уәкілімен тұтқынға
алынып, 10 күннен кейін Ақтөбе
облысының НКВД бөліміне жіберді. Маған «Аралгосрыбтрест» мекемесіндегі
контрреволюциялық, зиянкес диверсиялық ұйымның мүшесі деген айып тағылды. Мұндай ұйым туралы ешқандай түсінігім
болмағандықтан жала жабу сипатындағы
құжаттарға қол қоюдан бас тарттым. Тергеу
мерзімі біржақты және әділетсіздікпен 8 ай уақытқа созылды. Әділетсіз
айыптауларға қарсылық білдіре отырып, маған екі рет аштық жариялауға тура
келді. Бірақ бұл менің тергеу ісімді сәл ғана баяулатты.

1937 жылы 10-желтоқсанда мені өзге де сотталғандармен бірге Ақтөбеден
Углич қаласына жөнелтті. 1937-1942 жылдары Углич қаласындағы НКВД еңбек-түзету
лагерінде болып, Углич ГЭС құрылысында істедім. Құрылыс біткеннен кейін Нижний
Тагил қаласындағы лагерьге әкеліп, онда Ново-Тагил металлургиялық
комбинатындағы құрылыста 22.04.1947 жылға дейін жұмыс істедім. Осы жылы
лагерьден босатылып, Арал қаласындағы
балық өнеркәсібі флотына жұмысқа орналасып, халқыма қызмет етіп келемін.

Табиғатымнан теңізші және балықшы болғандықтан, жұмысымды жақсы
көремін. Лагерьден кейінгі 10 жыл бойы жұмыс істеген уақытымда бірнеше алғыс
хаттармен және 2 мақтау қағазымен марапатталдым. Міне, 3 жыл болды Аралрыбвод
флотының капитанымын, ұжым және әкімшілікке беделдімін. Әйелім Арал портында
бухгалтер болып істейді. Біздің 6 жасар ұлымыз бар.

Менің жасым қазір 51-де, зейнетақыға шығатын уақытым таяу, ал менің 10
жылдық еңбек өтілім жазықсыз қамауда болуыма байланысты есептелінбейді.
Сондай-ақ соттылықтың лайықсыз және
жағымсыз көлеңкесі ащы жазғыру сияқты менің өзімді КСРО-ның толыққанды азаматы
ретінде сезінуіме мүмкіндік бермеуде. Мұны 6 жасар ұлымнан жасыруға
мәжбүрмін. Мен өзімді кінәсіз санаймын
және санап келемін. Мен ешқашан ешқандай ұйымға мүше болған емеспін және
үкіметке қарсы шыққаным жоқ. Бұлай жасауға Отаныма деген сүйіспеншілігім, ар-намысым жібермейді.

Жоғарыда айтылған шынайы сөздерімнің негізінде, Сізден 1937 жылы сырттай соттаған істі қайта
қарауыңызды, Қазақ ССР Ақтөбе облыстық НКВД үштік сотының әділетсіз үкімін
жоюыңызды және мені ақтауыңызды, сонымен қатар өзімді Ұлы Отанымыздың толыққанды азаматы санауыма мүмкіндік беруіңізді
сұраймын.

Менің өтінішімнің нәтижесі туралы хабарлауыңызды сұраймын

 

19.02. 1957 жыл /Кузнецов/

Арал қаласы

 

Мәскеу. КСРО-ның Бас Прокурорына

Қызылорда қаласы.

Завод көшесі №109 үй тұрғыны
Дохненко Геннадий
Петровичтен

 

Өтініш

1948 жылы 20-қазанда Қазақ ССР-ы Қызылорда облысының жергілікті
қауіпсіздік басқарма органдарымен тұтқынға алындым, 1949 жылы 3 қаңтарда
Қызылорда облыстық сотының РКФСР УК 58 баптың 10 тармағы бойынша сотталып, 10
жыл мерзімге еңбек түзету лагеріне жіберілдім. 5 жыл мерзімге сайлау құқығынан
шеттетіліп, Қазақ ССР Ақтөбе қаласы Алға қыстағында, кейін Қиыр Шығыстағы «Советская Гавань» қаласы «ЕК» ЕТЛ-де және
Хабаровск өлкесі Ванико портында мерзімімді өтедім.

1954 жылғы 10 тамыздағы Хабаровск өлкелік сотының тұрақты сессиясының
анықтауы бойынша 1954 жылы 25 тамызда мерзімінен бұрын босатылып, Қызылорда қаласына келдім. 1954 жылдың 20
қыркүйегінен 1956 жылға дейін
«ОБлМетТопПром» құрылысында
прораб-құрылысшы және инженер-құрылысшы ретінде жұмыс істеп, зейнетке
шықтым.

1949 жылы 8-9 қаңтарда жіберілген менің өтінішімнің қаралмай қалуына
байланысты, жеке ісіммен толық танысып,
қайта қарауды сұраймын.

Іс негізінен менің «халық көсеміне жала жапты» деген кінәмен және қол
астымда жұмыс істейтін бір адамның өтірік құпия өсегі негізінде қозғалған.
Тұтқындалғаннан кейін МГБ тергеу органдары маған 58 баптың 7,10, 11 тармақтар
бойынша жала жабылып, олардың екеуі
(7,11 тармақтар) қылмыстық құрамы жоқтығына байланысты алынып тасталды.

Мен өзімді кінәлі деп санамаймын.
Өмірімдегі бүкіл еңбек жолымда Отаным үшін адал еңбек еттім. Кеңес
үкіметіне қарсы ешқандай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген емеспін.

Менің ісімді қайта қарауды және
ақтауды өтінемін.

Дохненко Геннадий Петрович

14.10.1956 ж.

 

Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, түрмелерде жазықсыз көз жұмды. Бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз.Ұзақ жылдарбойы «үнсіз» жатқан тарихи құндылықтарды жарыққа шығарып, жас ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз.

Жанат АЛТЫНБАЕВА,

облыстық мемлекеттік мұрағаттың бөлім бастығы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз