Жердің емес, елдің ұлы, есіктің емес, төрдің ұлы

1634

1

Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Икрам Адырбекұлы Адырбеков адамзат баласының айтулы белесі 70 жасқа толып отыр.

И.Адырбеков аймағымыздың өсіп-өркендеуіне, халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзі облыс басқарған жылдары біліктілікпен үлес қосты. Сыр өңірінде батыл істердің бастамашысы болған азаматтық тұлғасын танытып, атын қалдыр­ды.

Бүгін тұғырлы тұлғаның мерейлі жасқа толуына орай онымен қызметтес болған жылдарымды еске түсіріп, естелік жазбамды ортаға салмақпын.

«Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар…» деген қазекем, Сыр өңіріне қаншама атпал азаматтар басшылық жасады. Ел басқару да – өнер, қалың бұқараның көңілінен шығып, артында анық із, айта жүрер сөз қалдырар ердің ісіне екінің бірі тәуекел ете алмайтыны анық.

Дәл сондай құрмет пен ықыласқа лайық болған ел ағаларының бірі Икрам Адырбекұлы еді десек, дөп айтқандығымыз.  Ол 2004 жылы сәуір айының басында Қызылордаға облыс әкімі болып тағайындалды. Мен ол кезде «Казнефтегазконсалтинг» серіктестігінің директоры болып қызмет етіп жүрген едім. Бұл ел экономикасының әлі бірқалыпты жағдайға жетпеген кезеңі болатын. Мемлекеттік мекемелердің жұмысы сын көтермейді, оларға бөлінетін ақша қызметкерлердің айлықтарынан артылмайды. Қарапайым халықтың тұрмыс жағдайы төмен. Сол кезде облыс бюджетіндегі қаржы 30 миллиард теңге шамасында екен, ахуалды осыдан-ақ бағамдауға болады.

Икрам Адырбекұлының әкім есебіндегі алғашқы жұмысы облыстағы барлық елді мекендерді аралап, танысып шығу болды. Айтылып отырған кезеңде аудандарда әлі электр жарығы бармаған ауылдар да бар еді. Сондай ауыл тұрғындарының бірі «біздің ауылға облыстың бірінші басшысының бірінші мәрте келуі» депті. Бұл  – рас сөз. Сондай-ақ, ол кісі жергілікті жұрттың ақыл-кеңесіне құлақ асып, елдің жағдайын жақсы түсінетін, қолынан іс келетін, қысылтаяңда жол таба білетін азаматтарға салмақ сала бастады. Мысалы, шаруашылықпен шұғылданып жүрген, бұрын мемлекеттік қызметте болған Бекмырза Еламановты өзінің орынбасарлығына, жол құрылысымен айналысатын жабық акционерлік қоғам президенті Мұрат Үдербаевты қала әкімі қызметіне шақырды.

Мұрат екеуміз кеңес заманынан құрылыс саласында бірге жұмыс істегенбіз, бұрыннан серіктес, жақсы жолдас едік. Сондықтан ол мені өзіне орынбасар болуға үгіттеді. Облыс әкімінің қабылдауына ертіп апарып, сол күннен бастап Икрам Адырбекұлымен қызметтес, ­ниеттес азаматтардың қатарында болдым.

Сол кездері қаланың коммуналдық қызметінің жай-күйі өте төмен болатын. Жылу тым нашар, кәріз жүйелері тозып шіріген, ауызсу мәселесінің де ушығып тұрған кезі. Ауызсумен айналысатын мекеме жекенің қолына өтіп кеткен. Көшелердегі кәріз суының құбырлары әр жерден жарылған, олардың жанынан жүргінші адам аузы-мұрнын басып зорға өтетін.

Икрам Адырбекұлының жақсы қасиеттерінің бірі қандай істі болса да ақылға салмай шешпейтін. Бұл мәселеге де салалық мамандардың ой-пікірін ортаға сала отырып, «Водоканалды» бюджет есебіне қайтарып алу керек деген қорытынды жасалды. Осыған байланысты кәсіпкерлерді жинап, қалаға көмек беру туралы үйлестіру жұмыстарын жүргізе бастадық. Жиналған қаржы ауызсу мен кәріз жүйесін жөндеуге бағытталып, осыдан кейін ғана су мәселесін бір жөнге келтірдік. Бірақ, әбден тозығы жеткен жүйе бір жерін жөндесең, екінші жері қайтадан жарылып жататын. Қалаға жылу беру жайы тіпті қанағаттанғысыз. Көпқабатты үйлердің өжірелеріндегі тұрбалар жарылып, су толып кеткен. Үйлердің асты жылы, сондықтан Сырдың сары масасы су кілкіген көпқабатты үйлердің өжірелерін «өмірлік мекен» қылып алған. Тұрғындардың пәтерлерінде күндіз-түні масахана құрып жататынын жасырып қайтеміз.

Қаланы жылумен оңтүстік және солтүстік екі жылу қазандығы қамтамасыз ететін. Қаладағы бірінші бу қазандығы жанынан газтурбиналық станса салынып жатты, бірақ ол бітпеген. Қазан айының он бесі күні жылу беріле бастағанымен,  ыстық су қаланы аралап қажетті нүктеге жетем дегенше 20 градусқа дейін төмендейтін. Жылу трассасындағы үлкен құбырлар қаптаусыз, ашық жататын. Оның үстіне жеке адамдар мен мекемелер жылу құбырын өздерінше тартып ала бергендіктен жылу трассасында қысым болмайтын. Сондықтан жылу жетпей тұрған аудандарға ыстық суды айналдырып келтіру үшін жеті жеке бу қазандығын салу керек болды.

Осы мәселені талқылауға бұрынғы бу қазандықтарында істеген мамандар, жылу беру төңірегіндегі мәселелерден хабары бар кісілер қатысты. Сол жиында бір үлкен кісі:

– Қала жағдайын жақсартуға қатысты мәселені сырттан келген адам шеше алмайды. Келіп-кететін адамдар шешім қабылдаса, Қызылорда оңбайды! – деп дүңк ете қалды.

Жылуға қатысты бу қазандықтарын салу керектігін айтып, оның техникалық мүмкіндіктерін есептеп отырған біз, қала әкімдігіндегі мамандар. Сондықтан әлгі үлкен кісінің сөзі орынсыздау сияқтанып, облыс әкімінің алдында ыңғайсыз­дықта қалдық. Бірақ, түбінде осы жобамыз нәтижесіз болып шықса, бәрібір сөз айналып бірінші басшыға тиетіні түсінікті.

Әлгіндей ортадан киіп кеткен сөзге сол орнында жауап беруге болатын, бірақ Икрам Адыр­бекұлы жеті өлшеп, бір пішетін кең кеуделі азамат. Бір адамның сөзін де қалың елдің сөзі деп қабылдайды, соны дұрыс жағынан түсінеді.

Нәтижесінде осы жылуға қатысты жоба жан-жақты дұрыс болып шықты. 2004 жылдың желтоқсан айының аяғында мені облыс әкімі қабылдауына шақырт­ты. Шынымды айтсам, облыс басшысы атқарылып жатқан қат-қабат жұмыстар жайында ескерту айтатын шығар дедім. Өйткені, материалдық жетімсіздіктен істің бірі келеге келсе, бірі – келмей жатқан уақыт. Алайда, бұл жолы Икрам Адырбекұлы мені өзінің орынбасары болып жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Сөйтіп, мен 2005-тің қаңтарында облыс әкімінің орынбасары болдым.

Икрам Адырбекұлы облыс басқарған үш жылға жуық ішінде су тасқыны, зымырантасығыштың құлауы, шетел компанияларымен арадағы келісімді реттеу, қаланы газдандыру сияқты – бірнеше ірі мәселелермен бетпе-бет келді.

Дария тасуы қаупі кезінде облыс басшысы бір сәт тағат тауып орнында отырған жоқ. Аз күндік демалыс алған, онысын түгел пайдаланбай, жедел түрде жұмысқа оралды. Сырдария, Жалағаш аудандарын су басу қаупі туды. Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылының бірнеше үйін су шайып кетті. Сол кезде Икрам Адырбекұлы құтқарушылармен бірге қолына мұз итеретін сүңгі алып апатты жерлерде жүрді. Бұл біріншіден, ол кісінің өзін көпшілікпен бірдей деңгейде ұстайтын қарапайымдылығының, екіншіден, ел үшін ешқандай қиындықтан тайынбайтын табандылығының айғағы іспетті еді.

Сонымен бірге бұл кісінің басқадан бір ерекшелігі жұмыс барысында кездескен қиындықтарды жеке басының қиындығынан кем көрмейді. Сол жұмыс орындалғанда оны өз есебінен марапаттап отырады.

Бірде күтпеген жағдай болып, қаладағы магистральдық құбыр жарылды. Күн қақаған суық, сақылдаған аязды көтеріп әкеткен күшті жел бет қаратпайды. Он екі шақырымдық магис­тральды құбыр дәл ортасынан жарылып кеткен. Жұмысшылар мен мамандар жанкешті әрекетке көшкен, шынын айтқанда, адамдар мұзды суға сүңгіді. Әйт­песе іс бітпейді. Ақыры апат ауыздықталды. Ертеңіне Икрам Адырбекұлы барлық бригада мүшелерін кабинетіне шақырып алып: «Ерлікке тән еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын» деп, әрқайсысына өз қалтасынан сыйлық беріп еді. Ол осындай кең кеуделілік қасиетімен баршаға үлгілі іс көрсете білді.

Сырдарияның су тасқыны әрдайым қаланы шығынға батырып кететін. Сондықтан Икрам Адырбекұлы су тасқынын мұнан әрі болдырмау, оның зардабын азайту мақсатында бұл мәселені тікелей Елбасыға айтып, Қараөзектен 300 текше метрлік контррегулятор-су реттегіш салдыртуға қол жеткізді. Осы гидроқұрылыстың пайдасын халық бүгінге дейін көріп келе жатыр.

2006 жылдың тамыз айында Байқоңыр космодромынан көтерілген «Днепр» зымырантасығышы құлап, Қармақшы ауданынының Т.Көмекбаев, ­Қуаңдария ауылдарының маңына 120 тонна улы гептил төгілді. Біраз ғалымдар мен мамандар гептилдің зияны жоқ деп дәлелдемек болды. Икрам Адыр­бекұлы олармен ымыраға келмеді, арнайы зерттеулер қорытындысына сүйеніп, гептилдің топыраққа, ауаға сіңіп, мал азығына дейін улайтынын Үкіметке жеткізді. Үкімет облыс сұратқан қаржыны бермеді, өз уәжін келтірді. Сонда Икрам Адырбекұлы Президентке арнайы хат жазып, гептил уының табиғатқа, адамдарға әкелер зардабын дәлелдеп, Үкімет басшысының іс-әрекетіне төзбейтінін жеткізіп, қызметінен босатуын сұраған. Бұл ісі оның халық мүддесін өз болашағынан, өз қызметінен жоғары бағалайтынын көрсетті.

Сол жылдары Мемлекет басшының қолдауымен көп мәселелер өз шешімін тапты. Облыс басшысы гептил қау­пін сезінген ауыл тұрғындарын ауызсумен, дәрі-дәрмекпен тұрақты қам­тып тұруды қадағалады. Осы іспен өзі басқа қызметке ауысқанша үзбей айналысты.

Икрам Адырбекұлы ең бір өзекті мәселе шетел компания­ларымен тиімді жұмыс жасау тетіктерін тапты. Облыстың инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы жұмсаймыз деген «Қазгермұнайдың» бес жыл бойы өз өндірісі үшін салынған жолдар мен басқа да қызмет түрлерін облыс инфрақұрылымы үшін жасалды деп көрсетіп келгені белгілі болды. Икрам Адырбекұлы бұл іске тосқауыл қойып, тиісті ақпарлардың бетін ашты, оған дәлелді уәж айта алмаған мұнай компаниясы облыс бюджетіне 4 млрд теңге түсірді. Бұған қарсы шығып қоңыраулатқан жоғарғы құзырлы орындар да табылды. Дегенмен, бұл жерде де Икрам Адыр­бекұлының сауаттылығы мен қайраттылығы жеңіп шықты. Сол қаражатқа ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері жөндеуден өткізіліп, жабдықталды. Облыс басшысының «ауылды қоя тұрайық, қалада да шешілмеген мәселе жетеді» деуіне болатын. Бірақ, ол кісі ауылдықтардың мәдениет үйінен басқа барар жерлері жоқ екенін жақсы ұғынды. Бұл басшының шын мәніндегі мәдениетке, ауылға деген шынайы жанашырлығын танытты.

Сонымен қатар ілеспе газға төлейтін айыппұлды да Икрам Адырбекұлы облыстық мәслихат арқылы он есеге арттырып жіберді. Сол кезеңде «Демеу», «Игілік» қорлары құрылды. Әлеу­меттік жобаларды әкімшілік осы қорларға жіберетін, ал, қаржыны бөлуді, жұмсауды кәсіпкерлер өздері шешетін және қадағалайтын.

Мен Икрам Адырбековтің басшылығы тұсында Қызыл­орда қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары секілді жауапты қызметтерде жүріп, осы жұмыс­тардың қалай атқарылғанына, күрделі мәселелерді шешудегі ол кісінің асқан жігерлілігіне куә болғанмын. Сол жылдарда облысқа Қаржы министрлігінің бақылаушы органдары келіп, бір ай бойы бюджет қаржысының мақсатты пайдаланылуын кезектен тыс тексерістен өткізді. Облыстағы қалыптасқан қаржылық тәртіптің қатаңдығынан, мамандардың біліктілігінен, жариялылықтан, тазалықтан болар, ешқандай заңбұзушылық анықталмады. Нәтижесінде, сол жылы облыс әкімі тәуелсіз еліміздің «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл атақ аймақ басшысының шын мәнінде құрметке лайық екенін паш етті.

Икрам Адырбекұлы таза, нақты сөйлейді. Сөзінен де, өзінен де зиялылықтың, дипломатиялықтың лебі есіп тұрады. Балтық бойы, Индонезия, Малайзия секілді талай жердің мәдениетін меңгерген адам. Кез келген мәселеде тіл табысуды, адамдардың уақытын құрметтеуді бірінші орынға қояды. Жиналыстарға, кездесулерге белгіленген уақыттан бір минут кешікпей келеді. Облыс әкімінің осы нақпа-нақтығына үйренген талай қызметкердің жайбасарлықтан арылғанын да білеміз.

Икрам Адырбековтің Қызыл­ордаға қосқан жаңалығын айту керек болса, әркімнің де ойына алдымен «Астана» шағын ауданы түсетін шығар. Бұл кез көп уақыт қаланың тұрғын үй құрылысының баяулап қалған кезі еді. Қалаға жаңа үйлердің қосылып, қаншама жанның баспаналы болуы – тікелей осы кісінің еңбегі. Сонымен бірге көпқабатты үйлерге қоса жеке тұрғын үй секторларын газдандыру жұмысы да осы басшының қолтаңбасы екенін көзі ашық адамдар жақсы біледі.

Мұнымен де шектелмей, Икрам Адырбекұлы мұнай компанияларынан қалаға газды тегін беруді талап етті. Тек өңдеу мен тасымал шығындарын өтеу­ге келісіп, арнайы онжылдық келісім-шартқа қол қойғызды. Осылайша, қала халқы он жыл бойы тегін газ пайдаланды. Газдандыру болсын, басқа болсын, егер ақшаны алып, жұмысын дұрыс атқармаған мердігер болса, облыс басшысы олармен ат құйрығын кесетін. Бұл оның қолының таза екендігін көрсетіп тұратын.

Газдандыру кезінде ақшасын алып осы істі атқарып жатқан мәскеулік компанияның жұмысы өте баяу жүргізілді. Олар тіпті «бұл біздің ғана қолымыз­дан келеді» деп өз жұмысын міндетсіп істеуге көшті. Осы жағдайда Икрам Адырбекұлы олардың атағына, абыройына қарамастан нақты жұмысты талап етті, соның салдарымен ақыры арадағы келісім-шарт бұзылып, газдандыруды басқа компания жалғас­тырды.

Икрам Адырбекұлы руха­ният мәселесіне де ерекше қарады. 2004 жылды мәслихат депутаттарының шешімімен «Мәдениет және өнер жылы» деп жариялады. Соның арқасында мәдениеттің дамуына көп жұмыс жасалды. Дария жағасындағы ескі Қызылордадан қалған ғимаратты жөндеу­ден өткізіп, суретшілер галереясын ашып берді. Жалағаш ауданында жүріп, аты ешкімге таныс емес бір суретшінің үйіне барып, оның суреттерін сатып алғаны да бар. Халықтың өтінішін тыңдай отырып, осы бүгінгі «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің салынуы туралы шешім қабылдады. Әлі күнге созылып келе жатқан шыны зауытының жобасы да сол кезде жасалды. Облыс әкімінің орынбасары есебінде сол кезде ағылшындармен келісім-шарт жасасқан болатынмын.

Облысқа инвестиция тартуға көп күш жұмсалды. Осы жөнінде форум өткізілді. Соның нәтижесінде көптеген келісімдерге қол жеткізілді.

Сөздің шыны, Икрам Адыр­бекұлымен қызметтес болған жылдары өзіміз де көп нәрсені көріп, тәжірибе жинап қалған орта жастың адамы едік. Алайда, осы бір тамаша адамнан үйренгеніміздің де аз емес екенін мойындаймыз. Икрам Адырбекұлы қарамағындағы адамдарға қамқорлықпен, сыйластықпен қарайтын парасатты мінез-құлқынан еш айныған емес. Сондықтан болар, ол кісі бастаған жұмыс та нәтижелі аяқталатын. Тек басқа қызметке ауысуына байланысты біраз жобаны атқаруға үлгере алмады. Соның бірі орталық мешіт құрылысы еді. Сол кездегі орталық мешітті күрделі жөндеуден өткізу жөнінде тұрғындар тарапынан көптеген өтініштер түсіп жататын. Мәселені жан-жақты сараптай келе орын тарлығы алдымыздан шықты. Облыс әкімі И.Адырбековтің шешімімен тоғыз жолдың торабынан төрт гектар жер телімі бөлінді. Өзі бас болып мешіт құрылысына қаржы құйған белгілі меценат Б.Өтемұратовпен келісімге келді, жобасын жасатты, атауына келісті. Жаңадан бой көтерген әдемі мешіттің ашылуына ол кісі кейін арнайы келді. Сонда халық Икрам Адырбекұлын өздерінің арасында үш жыл емес, отыз жыл жүргендей құрметпен қарсы алды. Ол кісіге деген қарапайым жұртшылықтың ықыласы да алыстан байқалып тұрды.

Ол облысқа ешкімді танымай келді, ал, көшерінде қалың көптің қимасы болып аттанды. Жердің емес, елдің ұлы екенін танытты, өзіне қазақтың қай ортасы да жат емес екенін дәлелдеді.

Мұндай сирек, сұлу мінезді адам қашан да сый мен құрметке ғана лайық.

Имамадин ОҢҒАРБАЕВ,

инженер-құрылысшы,

Қызылорда қаласының Құрметті азаматы

Икрам Адырбекұлы дипломатия саласына үлкен өмір мектебінен өтіп, өзі еңбек еткен – мейлі ол ғылыми-зерттеу институтының лаборатория басшысы немесе өндіріс құрылымдарының ұйымдастырушысы, елшілік басшысы, Қызылорда облысының әкімі лауазымдарының қай-қайсысын да білімділікпен, мемлекет жанашыры қандай болу керектігіне үлгі боларлық әдіс-тәсілмен еңбек етіп, зор абыроймен атқарды.

Үнемі артынан жақсы сөз ерді. Өткен жолы, барлық өсу баспалдақтары қайталанбас қымбат кезеңдер екеніне күмәніміз жоқ. Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де төңірегіндегі адамдармен, үлкен-кішімен тіл табысып, білімін өсіріп, өрісін кеңейтіп, тілектестерін көбейтіп, ғиб­ратты, парасатты орта құрып келеді.

Қуаныш Сұлтанов,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Икрам Адырбекұлы әкімдік қызметте де кәсіби қабілетін көрсете білді. Адамның айнасы – оның мінезі. Мінез – әр адамда туабітті қалыптасатын дүние. Мінезді өзгертуге болады дейді білетіндер. Өскен жер, қоршаған ортадан алған тәлім-тәрбиенің арқасында адам өзін жақсылыққа жетелеп отыруы тиіс. Сондықтан да елшілік қызметтегі кәсіби қасиет­тері әкімдік қызметте де өзінің сындарлы сәттерде нәтижеге жетуге негіз болғанын білеміз.

Қылышбай Бисенов,

Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<