ЖОМАРТ ЖҮРЕК, ЖАЙСАҢ ЖАН

355

0

«Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады” дейді халық. Тұлпардың
текті тұяғы Әнес Бәкешұлының өмірі кімге болса да өнеге. Ол кісінің іскерлігі
мен адамгершілігі жайындағы әріптестерінің, жолдас-жораларының, достарының
әңгімелері бірін-бірі қайталап жатса оған қуану керек қой деймін. Демек
Әнекеңнің бойында нағыз азаматқа тән бәріміз мойындаған ортақ қасиеттер болды
деген сөз.

Еңбек жолын
1958 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік уни­верситетінің
физика-математика факультетін бітіріп Арал қаласындағы №15 қазақ орта
мектебінде математика пәнінің мұғалімі болудан бастап, бүкіл саналы ғұмырын
адам тәрбиесіне арнаған, туған еліне қалтқысыз қызмет жасауға арнаған
тұлғалардың бірі әрі бірегейі болды.

Өмірде өзі
білімді, тумысында мінезге бай адам қашанда өзіне сенімді, жағымпаздық пен
жалтақтыққа жат. Сондықтан да батыл шешімдер қабылдай біледі. Әнекеңнің байыпты
тұлғасынан осындай ерекше қасиеттер байқалып тұратын. Сондықтан да Сыр елі
Әнекең үшін өсу, өрлеу, кәсіби білігін шыңдау жылдары, үлкен шеберлік мектебі
болды. Әрине, осындай жетістіктердің бір ұшы Әнекеңнің, жеке басының
ақыл-парасатында, айналасына іскер азаматтарды тарту арқылы ортақ мақсатқа
жұмылдыруында, қарапайым еңбек адамдармен тіл табысып, олардың әлеуметтік
жағдайын сезіне білуінде ғой деймін. Жалпы, күнделікті тұрмыста да Әнекеңнің
сыпайлығы мен ұстамдылығы, жомарттығы мен мәрттігі, турашылдығы азаматтық
тұлғасына ажар беріп тұратын.

Арал
қаласындағы мектепте әуелі жай ұстаз болып, кейін мектеп директорының
орынбасары болып, партия қатарына мүше болған Әнекең аудан, облыс басшыларының
назарына ілініп кеңестік дәуірде партия қызметіне ойысады. Әуелі Арал аудандық
партия комитетінің нұсқаушысы, кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы,
бөлім меңгерушісінің орынбасары, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы,
облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі деген лауазымды биік жұмыстарда
болып шыңдала, ширатыла түседі. Әнекеңнің осындай саяси жетекшілігінің, үлкен
ұйымдастырушылық қабілетінің де айрықша айқындала түскен уақыты осы кезең
десек, тек қана шындықты айтқанымыз. Ол кісінің осындай саяси жетекшілігінің
ұлғая түсуіне оның Кеңестік дәуірде 1975 жылы Москва қаласында КСРО Орталық
Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін бітіруі де үлкен әсерін тигізді.

Әнекеңмен
өте жақын болған жолдас-жоралардың есінде қалғаны да оның еңбекқорлығы, өзіне
талапшыл болғандығы, сондай-ақ басқаларға да сондай талап қоя білгендігі,
басқалардан да сондай әділдік пен адалдықты талап еткендігі болу керек.

Мал
шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін Көкшетау облысында екі жылдан астам
қызмет істеп, үш жыл Отан алдындағы борышымды өтеп 1967 жылдың күзінде Арал қаласына
келіп қызметке орналастым. Сол кезден Әнекең туралы әкем мен анамнан,
жолдас-жораларымнан, ағаларымыз Ебейсін Исаев пен Райғани Сүлейменовтен естіп
ол кісінің өмір жолы туралы әбден қанығып білдім. Әнекеңнің еңбекқорлығын,
өзіне талапшылдығын, ізденімпаздығын, адал ниеттілігін, тыңдаушыны өзіне ұйыта
білу қабілетін, өзін ұстау мәдениетін марқұм Ебейсін ағамыз шындықты шешіліп
айтатын көсемдігімен айтып отыратын. Әнекеңнің осы қасиеттерінің бәрі бір
арнада тоғысып, қабысып жататын.

Қазір қазақ
шежіресі дейміз бе, тарихы дейміз бе, осыларды игеріп толық білмеген күнде де,
өзіңнің ойындағыңды айтудың, жазып қалдырудың ешқандай артықшылығы жоқ болар
деп ойлаймын. «Атасын айтқаннан алыс болмайды” деген қағиданы біреулердің
бұрмалап, руды айтудың, жазудың қандай қажеттілігі бар, ол ескіден қалған әдет
қой деп айыптайтындар да бар. Шежірені, жеті атаңды, болмаса тарихыңды білудің
ешқандай сөкеттігі жоқ екені белгілі. Әнекеңмен ағайындығымыз да, туыстығымыз
да бар еді. Жалпы осы жерде айта кететін жәй Өріс атамыздан бастап, Өрістің
баласы Айдарбек пен оның төрт баласы да Сыр бойының батырлары болған киелі де
қасиетті аталар. («Сыр бойының батырлары” атты кітапты қараңыздар). Мінекей,
Әнекеңмен осындай туыстық жақындығымды есіме алсам, өзімді бір мақтаныш сезімі
билейді.

Мен
Әнекеңді өткен ғасырдың 75-ші жылдарынан бастап танысып білдім. Тағдыр маған
Әнекеңнің ізінен қалмай, араға жылдар салып, қуып жетіп ал да, жанында жүріп
тағдырлас болсайшы дегендей екен. Арал ауданында, Қызылорда қаласында оның
өмірінің соңына дейін ажырамас ағалы-інілі болып араластық. Кейде бұл тағдырдың
маған берген абырой-сыйы шығар деп ойлаймын. Елдің көрген-түйгені мол
жақсысымен, жайсаңдарымен бірге жүру өзіңді ерте есейтіп, ізбасарларың үшін
лайықты үлкендікке ұмтылу деген сөз. Төл әдебиетіміздің философ ақыны марқұм
Қадыр Мырзалиевтің бір өлеңімен айтар болсақ: «Жақсылардың қасынан ақылды боп
қайтасың, рахмет айтасың” дейді. Сол кезде Әнекеңдей білімі мен білігі мол
халық шаруашылығы саласының «профессорына” жүзеге асар ойларыңды дәлелдеу,
сөйтіп күндердің бір күнінде сеніміне ие болу, үлкен биікті бағындырумен бірдей
еді. Оның үстіне Әнекең жастарға үлкен үмітпен қарайтын. Ол кезде ағаның өзі де
жас болатын, бірақ ерте есейгендігі, байыпты қиялы, мол білімпаздығы,
әзіл-қалжыңға бейім ақжарқын келбеті, ұстамдылығы, инабаттылығы оны бірнеше
жасқа үлкейтіп тұратын. «Жақсыменен сөйлессең, жақсы-жақсы түс көресің” дейді
дана халқымыз. Жансарайының жылы шуағын төгіп тұратын Әнекеңмен жұмыстас болу,
онымен әңгімелесу адамға бір ғанибет еді ғой.

Әнекеңнің
көзі тірісінде оның осынау ізгі қасиеттерін өзіне айта алмадық. Айтудың ретін
тапсақ та, мақтануға да, мадаққа да сараң ағаның мінезін білгендіктен
тартындық.

Ә.Өтегенов
партия, Кеңес дәуіріндегі 40 жылға жуық еткен еңбегі, төккен тері ескерусіз
қалған жоқ. Ол көптеген орден-медалдардың, Жоғарғы Кеңестің, партия
органдарының грамоталары мен атақтары баршылық. Көп жылдар облыстық партия
комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды.

Менің
Әнекеңмен етене жақын араласуым 1995 жылдың сәуір айында облыстық әділет
басқармасының бастығы болып қызмет бабымен Қызылорда қаласына көшіп келуіммен
байланысты болды. Ол кезде Әнекең облыстық партия комитетіндегі қызметінен
облыстық статистика және талдау басқармасына басшы болып ауысып қызмет істейтін.Содан бастап біздер
қызмет бабында да, жай тұрмыста да етене араластық. Қызмет бабында дейтін
себебім, ол кездегі тәртіп бойынша мекемелер облыстық қаржы басқармасы мен
облыстық статистика басқармасынан, олардың аудандық құрылымдарынан мемлекеттік
тіркеуден өтетін. 1995 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы шығып, ол бойынша мемлекеттік ұйымдар мен кәсіптік жеке мекемелердің
барлығы тек қана облыстық әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өтіп,
облыстық статистика және талдау басқармасында есепке тұратын болған. Соған
байланысты Әнекеңмен қызмет бабында әртүрлі тіркеу мәселелерімен жиі хабарласып
тұратынбыз.

Сол жылы Әнекең менің жанұяма арнап
үйіне өзінің жастық кезеңдерінен достары, Сыр еліне белгілі азаматтар, туған
құдасы Саржанов Құдайберген, Көбеев Әбдіхан, Табынбаев Қаһарман, Исмаилов Сапа,
Сермағанбетов Сағитжан ағаларды жанұяларымен жинап қонақ қылды. Осы ағалармен
мен бұрыннан да араласып жүретінмін. Әнекеңнің жары Тұрсын өте қонақжай, жарына
адал, балдарына қадірменді. Қазір Алматы қаласында тұратын жеңгеміз, осы кезге
дейін мені қайным деп, алдымнан кесе өтпеген, иіліп қазақы сәлемін беруден
бірден-бір рет жаңылмаған жайсаң жан. Сол күні жеңгеміз бізді керемет күтіп
ағамыздың үйімен күнделікті тұрмыста да араласып кеттік.

Енді ол кісімен араласқан кездерімізде
толғанып айтқан жүректен шыққан жылы сөзіміз, тілегіміз, оның рухына жасаған
інілік ізет, кішілік тағзым болса деген ниеттемін. Бұл сөзге Сыр бойының зиялы
азаматтары, осы өңірге адал қызмет жасаған Әнес Өтегеновті білетіндер, оның
көзін көргендер толық қосылады деп сенемін.

Тілектес СЕЙІТОВ,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Сотының құрметті ардагері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз