ЖҰРТЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ

152

0

Халқына аянбай
жақсылық істеген азамат Қаһарман Бабағұлов ініміз өмірден өтті дегенде оның
елге жасаған жақсылығын еске алдық.

Алматы
қаласындағы бұрынғы зауыт ғимаратын жекешелендіріп, одан өндіріс цехтарын ашып,
жұмыс істетіп, жаңадан жұмысшылар мен қызметкерлер қабылдады. Олардың басым
бөлігі Қызылорда облысынан көшіп келгендер болды. Оларды зауыт жанынан қысқа
курстар ашып оқытып, жаңа мамандықтар алып беріп, жұмысқа орналастырды. Жататын
жері жоқтарға жатақханадан бөлме беріп, барынша
көмектесті.

Қаһарман ініміз еңбекқор, ізденгіш, әр
уақытта алға ұмтылып, табысқа жетіп, жоғары биіктен көріне білді. Ауылда оныншы
класты бітіріп, Алматыға барып, ауыр машина жасау зауытында қалыптаушы болып
жұмыс істеді. Әскер қатарында азаматтық
борышын өтегесін, Алматыға оралды. Өндірісте слесарь болып жұмыс істеді. Алматы
халық шаруашылық институтына кешкі оқуға түсіп, оны үздік бітірді.

Мұның өзі ауыл баласының жасынан үздік
оқығанының, таланттылығының, алғырлығының белгісі еді. 1969-1983 жылдары қазақ
ССР-нің тұрмыс қажетін өтеу министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. Алматы
тұрмыс қажеттілігін өтеу басқармасының бастығы, 1985 жылдан бастап Алматы
қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Одан кейін Алматы қалалық
облыстық партия комитетінің хатшысы, 1991-1993 жылдары экономика министрінің
бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Министрлікте қызмет істеген кезінде
шалғай жатқан облыстар экономикасы дамуының өз дәрежесінде емес екен­дігін
дәлелдеп, жағдайды жақсартуға барын сала кірісті. Өзінің туған жері Қызылорда
облысының жағдайын зерттеуге біраз уақытын арнады. Облыстағы қазба байлық
көлемін анық­тады. Оны қажетке жаратудың жобасын дайындады. Осыған дейін
орталықтан шалғайлығына байланыс­ты көңіл бөлінбей келген Қызылордаға жоғарғы
жақтың назарын ау­даруға тырысты. Техниканың дамыған заманында ондай шалғай
облыс жоқ екенін іс жүзінде дәлелдей бастады. Қазба бай­лықтарды пайдалану
пайызы өз дәрежесінде болмағанын ескеріп, тиісті орындарға ұсыныстар беріп,
облыстағы жер­ас­ты қазынасының игерілуіне үлес қосты. Соның нәтижесінде
Қызылорда облысының игерілмей жатқан мұнай газ, уран, т.б. байлықтарын ел
пайдасына жаратудың алғышарты жасалды.

Ол кезде тұтыну кооперациясы ауқымды
мекеме еді. Әсіресе, облыс бюджетінің көбеюінде лайықты орны болды. Ауылды
азық-түлікпен, тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ететін және артық
ауылшаруашылық өнімдерін қабылдап, сатып, өңдеп пайдаланатын. Осының бәрі
мемлекеттік жоспарлау комитеті арқылы бақыланып отыратын. Облыстық тұтыну
кооперациясында басшы болып қызмет атқарған кезімде ол кісінің көмегін көп
көрдім. Жәрмеңкеде өтімді тауарлар жетіспесе, мемлекеттік жос­парлау комитетіне
хат жазып, көмек сұрайтынбыз. Ол кісінің іскерлігі мен кәсіби беделдігінің арқасында
мәселе орынды шешілетін. Шалғай аудандардағы малшылардың азық-түлігі мен
киімдері, әсіресе балаларының киімдері назардан тыс қалмай, сұранысқа
байланысты көбейтілетін.

Ол кезде аудандық тұтынушылар одағының
жағдайлары біркелкі емес еді. Арал ауданындағы тұтынушылар одағына ғана сауда
скидкасы берілетін. Осыны мәселе етіп ұсыну жөнінде Бабағұловқа арнайы бардым.
Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасарының жұмысы қауырт
болса да мені қабылдап мақұлдап, тыңдап, оның жолдарын айтты. Сөйтіп сол
кісінің ақылымен тез арада Мәскеуге барып, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты
Тұрғанбай Махановпен бірге жүріп, ол мәселені шешіп алдық. Қорытындысында
облыстық тұтынушылар одағының қаржы жағдайы жақсарып, Қызылорда қаласында
жаңадан облыстық тұтынушылар одағының сауда базасы ғимараты, 48 пәтерлік 5
қабатты тұрғын үй және әр ауданда универмаг, ресторан құрылыстарын салдық.
Жақсының шарапаты деген осы емес пе?! Бұл азаматтың өзінің туған жеріне деген
ықыласын әр уақытта байқап отырдық. Облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы,
кейін облыстық атқару комиеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған
марқұм Әбдіржан Қалыбаев Қаһарманның облысқа деген көмегін айтып тауыса
алмайтын. Ол республика басшыларына Арал экологиясының зардабын айтып
түсіндіріп, іс жүзінде нақты шараларды іске асыруға ықпал етті. Соның арқасында
Арал экологиясының зардабын зерттейтін комиссияны басқарды. Комиссия тапжылмай,
асықпай, ерінбей еңбек етудің арқасында тек қана Арал аймағына емес дүниежүзіне
әсер ететін фактілерді, дәлелдемелерді дайындады. Сондай-ақ эко­ло­гиялық апат
зардабын көріп отырған халыққа жалақысына коэффициент қосып төлеу жөнінде
ұсыныстар берілді.

Қаһарман Бабағұлов туған жерінің
экологиясына әсер ететін тағы да бір тосын жағдайдың алдын алуға араласты. Бір
жылдары әскерилер Байқоңыр қаласындағы космодромға Қызылордадан 70 шақырым
жерден скважина қазып, су ала бастады. Ол скважинаның суы Қызылорданың су
қорымен байланысты екен. Ала берсе азаяды. Облыс орталығын сумен қамтамасыз
етуге әсері болды. Ғарыш маңынан 80 шақырым жерден Қызылордадағыдай скважина
қазып, су алатын орын табылды. Соған қарамастан ресейліктер азын-аулақ шығарған
шығындарын қимай, қызылордалықтардың айтқанын орындай қоймайды. Бұл жағдайдан
кейін Қаһарман ініміз жоғары басшыларға шығып, одан Ресейдің басшыларына хат
дайындалып, түйінді мәселе қызылордалықтардың пайдасына шешілді. Бұл шешім
Қаһарманның үлкен азаматтық бейнесін танытты.

Қаһарманның тағы бір ерекше қасиеті –
қандай қиыншылық кездессе де қаймықпай, шаршамай, соны шешудің жолдарын іздейтін.
Оны жеңу үшін одан сайын жігерленіп, кірісер еді жұмысқа. 1994 жылдың қаңтар
айында заман өзгеріп жатқан кезде, министрліктер тарап, соған байланысты
экономика министрінің бірінші орынбасары қызметінен босап, республикалық
деңгейдегі «Қазметмаш” машина жасау зауытының бас директоры болып істеді.
Қазіргі талапқа сәйкес, кеңес қызметкеріне жаңа нарықтық талапқа сай менеджмент
қызметін атқарып, қалыптасқан жағдайға бейімделуге тура келді. Атақты Бұқарбай
батырдың 180 жылдығы мерекесі Жалағаш ауданында өтіп, облыс басшыларының
сұранысы бойынша аудан орталығынан 11 көшені асфальттауға қаржы бөліп, ол жұмыс
үлкен шараның алдында орындалды. Сондай-ақ Аққыр ауылының жолы да асфальтталды.
«Мұның өзі облысқа, қала берді ауданға үлкен көмек болды” деп еске алады сол кездегі ауданды басқарған көрнекті
қоғам қайраткері Сәмит Далдабаев.

Қызылорда қаласында медициналық
орталықтың салынуына байланысты, сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов
пен медицина орталығының директоры, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Тұрғанбай
Махановпен қатар аурухананы салып жатқан болгарларға мұнаймен есептесуді шешуде
Қаһарман Бабағұловтың еңбегі зор еді. Өйткені, айырбас ретіндегі мұнайды бөліп,
уақытылы Болгарияға тиетіп жіберу үлкен шаруа болатын. Бөлінген мұнайдың тиісті
жерге уақытылы жетуі арқасында, аурухананың құрылысы да қарқынды жүрді.

Сырдан шыққан өнер адамдарын елге
танытуда Қаһарман Бабағұлов ұдайы қамқорлық танытты. Атап айтқанда, Базар жырау мен Тұрмағанбет жыраудың
шығармаларын, байырғы сүлейлердің жырларын кітап етіп шығарды. Жыраулардың
дәстүрлі жарыстарын өткізуге демеуші болды.

Тағы бір ерекше қасиеті Қаһарман туған
жері Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылын қазіргі талапқа сай етіп көркейтіп,
өзінің қаржысына Бабағұл ата атындағы мешітті салды. Алматыдан келіп, қаншама
мың шақырым жерден материал тасып, зәулім мешіт тұрғызу екінің бірінің қолынан
келе бермейді. Бұл тек қана елім деп ойлайтын, халқым деп қам жасайтын, туған
жеріне жүрегі елжіреп тұратын азаматтардың қолынан келетін іс.

Ініміз өмірден ерте өтсе де, ол кісінің
жақсы қасиеттері, жақсы істері еш уақытта ұмытылмайды. Уақыт өткен сайын жаңара
береді.

Жорабек САРБАЛАҚОВ,

экономика ғылымының докторы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз