ЖҮЗІ ЖАРҚЫН КЕУДЕСІ КЕН, КЕҢ БОЛМЫС

109

0

Асқаралы 60 жастың асуын абыройлы азамат, өнегелі отағасы, білікті ұйымдастырушы, кәсіби жоғары деңгейлі маман санатында бағындырып отырған Мұхатдам Серікбаевтың есімі баршаға құрметті. Ақ көкірегі сырлы шежіреге толы Мұхаңмен әңгімелесе қалсаңыз, көшіп келе жатқан көне тарихтың керуенін көргендей әсерге бөленесіз. Аруақты бабалар жайлы сөз қозғаса, өзі де ерекше тебіреніп кетеді. Сондай әсерлі әңгімелерге құлақ түрген жан оның алған биіктері мен бағындырған белестеріне үңіліп, бітім-болмысының қырларына қаныға түскісі келеді. Бұл азамат 1953 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. №411 Жамбыл атындағы мектепте білім алған ол жастайынан оқуда озат болып, шығармашылық қабілетімен өз қатарластары арасынан ерекше көзге түсе бастайды. Дарындылығының негізі тума тектілікте, отбасындағы үлгі-өнегеде, ата-анасының оған деген ыстық ықыласы мен махаббатында жатыр.
1971 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының «Энергетика» факультетіне түсіп, 1976 жылы осы оқу орнынан бөлініп шыққан Алматы энергетика институтын үздік тәмамдаған. Мұхаң еңбек жолын №6 Қызылорда жылу электр орталығында бу қазанының машинисі, өндіріс шебері болып бастап, онан арғы жылдары аға инженер, мекеменің бас инженерінің орынбасары болды. 1980-1982 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында құрылыс-мелиоративтік машиналар кафедрасында зертхана меңгерушісі бола жүріп, студенттерге дәріс те оқыды.
1982-1985 жылдары Мәскеу энергетикалық институты жылу техникасының теориялық негіздері кафедрасында аспирант бола жүріп, келісім-шарт негізінде орындалып жатқан ғылыми-зерттеу жобаларына қатысады. 1986 жылы маусым айында техника ғылымдарының докторы, профессор А.С.Сукомелдің жетекшілігімен «Лазерлік доплер анемометр негізінде газдық сығынды компоненттерінің жылдамдықтарын өлшеу әдістемесін жасау және оның нәтижелерін жылу алмасу үдерісін есептеу үшін пайдалану» тақырыбында кандидаттық диссертациясын табысты қорғады. Жылу техникасының теориялық негіздері бойынша диссертация қорғағандар өңіріміз ғана емес, республика көлемінде де сирек еді. 1986-1991 жылдары жоғары мектепке қайта келіп, аға оқытушы қызметінде болды. 1991-1993 жылдары «Энергия» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы қызметінде өндірісті модернизациялауға үлкен еңбек сіңірді. 1993-1997 жылдары Қызылорда жылу жүйесі мекемесінде директордың орынбасары, директоры, «ТЭЦ-6» АҚ директорының орынбасары қызметтерін атқарып, Қызылорда жылу орталығының қордаланған мәселелерін республикалық мемлекеттік органдар арқылы шешуге ерекше үлес қосты. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында университет ғимараттарын жылумен қамтамасыз етуде іркілістер болып, ескірген жылу жүйесін қайта құру қажеттілігі күн тәртібіне өткір қойылды. Аталған өзекті мәселені шешу барысында Мұхаңнан кәсіби білгір маман ретінде кеңес алып отырдық. Әсіресе, бесінші оқу ғимаратына қазандық салу жобасына сапалы сараптама жасап, үлкен көмегін тигізді. Кейін оның «ҚуатАмлонМұнай» БК менеджері ретінде «Самал» қонақүйін тұрғызуға атсалысқаны да бар. 2000 жылдардың басында сүт өнімдері зауытының Израиль, Испания, Ресей жабдықтары мен технологиялық желілерімен жарақтандырылғаны әрі бүкіл өндірістік, инженерлік инфрақұрылымдар және канализация әрі бүкіл өндірістік, инженерлік инфрақұрылым және канализация жүйесі жаңартылғаны мәлім. Осы кезеңде Мұхаң «Ақ сүт» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының директоры болды. 2004 жылы «Казэнергосараптама» мекемесінде директордың орынбасарлығына тағайындалса, 2008 жылдан бері мұнай ұңғымаларын бұрғылау, жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсететін «СNЕС» компаниясында директордың орынбасары қызметін атқарды. Осындай жемісті еңбектері үшін Мұхаң «Еңбек сіңірген энергетик» атағын алды. Оқытушылық па, басшылық па, Мұхаң қай қызметте жүрсе де, қоғам өміріне белсене араласуды өзіне мұрат тұта білді.
Мұхаңмен арамыздағы достық сонау 1980 жылдан бастау алады. Мен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, сонда стажер-зерттеуші қызметін бір жыл атқарған соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалына оқытушы болып келген кезім, ал өндірісте шыңдалған маман Мұхаң зертхана меңгерушілігіне енді тағайындалған болатын. Кейін Мәскеуде, ол Энергетика институтында, мен Бетон және темір-бетон ғылыми-зерттеу институтында аспирантурада қатар оқыдық. Шынайы достық қарым-қатынасымыз сол жылдардан бастап беки түсті. Мәскеуде тұрған жеріміз де бір-біріне жақын болды. Екеуміздің құдай қосқан қосақтарымыз Гүлсім мен Қаламқас та біздің достығымызды нығайтып, сол дәстүрлерін әлі күнге жалғастырып келеді. Ұл-қыздарымыз да бір үйдің балаларындай араласып жетілді. Кандидаттық диссертацияларымызды жаңа қорғап елге келген біз жоғары оқу орнындағы қызметімізді қайта жалғастырдық. Ол аймақ үшін инженер мамандар даярлайтын бірден бір жоғары мектеп Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтында 1991 жылдың тамызына дейін еңбек етті. Білікті мамандар даярлау әрі шәкірт тәрбиелеу ісіне, тұтастай алғанда білім беру қызметінің кең қанат жаюына Мұхаңның қосқан үлесі елеулі. Ұстаздықтан кейінгі қызметі аса білікті энергетик-маман ретінде қаламыздың энергетика саласына арналды. Мұхаңның бойында тоғысқан қабілеттерін қажырлы еңбекпен тығыз байланыста дамытып отыруы, осы арқылы өмір жолында үлкен жетістіктерге жетуі нағыз талантты тұлғаға тән сипат. Адамгершілік, жауапкершілік, елжандылық сынды қасиеттері елге танымал тұғырлы азаматпен сырласудың сирек те болса сәті түскенде – өзінің көрген-білгендері мен көңілге түйгендерін айтып отыруды дағдыға айналдырған. Өмірлік тәжірибе жинауда, кәсіби өсуде көп көмек көрсеткен ұстаздары туралы: «Ерназаров Нұрмағанбет, Ағайдаров Көшен, Қамырбаев Аралбай, Югай Виктор сынды замандас-ағаларым менің тұлға ретінде де, маман ретінде де жетіле, толыс түсуіме тілектес болған қимас ұстаздарым болды» – деп қайталаудан жалыққан емес. Расында, Мұхаң өмірде екі нәрсені биік бағалап келеді. Біріншісі – адам бойындағы адалдық қасиеті, екіншісі – азаматтың кәсіби шеберлігі. Замандас досымның бойындағы өзім байқаған асыл қасиеттері, әрине, көп. Мені ерекше тәнті ететіні – оның тарихқа деген зеректігі және төл шежіремізді тынбай зерделеуі. Сол арқылы досымыз қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын да қастерлей біледі. Оның азаматтық келбетінің келісті көрінетіні де содан болса керек. Абайдың сөзімен айтқанда, «тереңнен қозғайды, әдептен озбайды». Пікірлері мен ой-орамдары мергеннің атқан оғындай, әркез турасын танып, әділдігін тауып айтатындықтан Мұхаңның сын-пікіріне ешкімнің өкпелегенін байқай қойғанымыз жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан осы тәрбие балаларына да дарыған. Бүгінгі күні сүйікті жары Серікбаева Қаламқас екеуінен 5 бала өрбіген. Үлкендері Жанар – заңгер. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын үздік бітіріп, қазір Астанадағы «КазАгро» корпорациясының заң департаментінде жауапты қызмет атқарады. Айшасы болса, Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін үздік бітіріп, сол оқу орында РһD докторантурада оқып жүр. Сәнімі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітіріп, «Алматы-Лондон» сақтандыру компаниясында бөлім бастығы болып қызмет атқарады. Нұржан мен Айжан есімді егіздері мектеп жасында. Нұржаны №2 «Мұрагер» мектебінде оқиды, каратэ-до спортынан алқалы турнирлердің жүлдегері болса, Айжаны «Назарбаев зияткерлік мектебінің» 9-сынып оқушысы. Мұхаңның осындай берекелі отбасының орнықты отағасы атануында, азаматтық және кәсіби тұрғыдан шыңдалып, еліне қалтқысыз қызмет етуінде сүйікті жарының еңбегі айрықша. Мәуелі бәйтеректей үлкен әулеттің жанашыры да, қамқоршысы да – Қаламқас. Ол Алматы медицина институтының 1979 жылғы түлегі, қазіргі таңда жоғары санаттағы тіс дәрігері. 1982-1986 жылдары Мәскеу қаласында тіс дәрігері қызметін атқарған кезінде біздің Қаламқас айналасындағы әріптестеріне өзінің кәсіби біліктілік деңгейі жоғары екенін дәлелдеп, Гиппократтың антына адалдығын мойындата білген еді.
Қай кезде де адалдықтың байрағын ту еткен, қадірлі азамат Мұхаңа мерейтойы қарсаңында шаңырағыңыздан шаттық, бастарыңыздан береке мен ырыс-дәулет кетпесін деген тілегімді білдіремін.
Қылышбай БИСЕНОВ,
профессор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз