ИЫҚТАН ШАШЫҢ ТӨГІЛІП ЖЕРГЕ...

ИЫҚТАН ШАШЫҢ ТӨГІЛІП ЖЕРГЕ...Қазақ баяғыдан шаштың киесі бар деп білген. Сол себепті қайшы тигізбек түгілі, бір талын да аяқасты етпеген. «Құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығуы мүмкін» деген ырым-тыйым бар. Екінші жағынан, ұзын шаш кез келген әйел затының әдемілігін айшықтай түседі. Осы бір артықшылығымызды сақтап қалған әпке-сіңлілеріміз ара-тұра болса да ұшырасады. 
Жасы алпысқа таяп қалған қармақшылық Гүлжаһан Алданбергенованың шашы бүгін¬де тобықтан түседі. Жас күнінде тракторды тізгіндеп, ауыл шаруашылығына араласты. Ұзындығы да, қалыңдығы да жұмыс істеуіне айтарлықтай кедергі келтірді. Шаң-топырақтың арасында қайдан болсын?! Амалсыз қолына қайшыны алып, қиды да тастады. Бірақ содан кейін шашымен алысқан емес. Еркіне жіберді. Айтуынша, анасының шашы қатты қалың болғанға ұқсайды. Гүлжаһан апада да солай.
– Ерекше күтім жасамаймын. Бұрын айранмен жудық қой, қазір бірыңғай сусабын қолданамын. Кептіру көп уақыт алады, тарау да – үлкен жұмыс, – дейді ол.
Келіндері кейде «шашыңызды қи¬саңызшы» деп үгіттейтін көрінеді. Бірақ оған көне қоятын Гүлжаһан апа жоқ. Онсыз да жастық желікпен бір мәрте солай жасағаны аз емес. Ең бас¬тысы, қазақ әйеліне қос бұрымы қандай жарасымды еді!
ИЫҚТАН ШАШЫҢ ТӨГІЛІП ЖЕРГЕ...Табиғат сыйлаған зор байлығын бағалай білгендердің бірі – Гүлнұр Жәлиева. Ол Қызыл¬орда қаласында тұрады. Мамандығы – дәрігер. Қолаң шашын ешқашан қысқартып көрген емес. Қызыл-жасылға қызығып бояған кезі де жоқ. Көргендер ұзындығына таңырқай қарайды.
– Жуғаннан кейін басыма, мойныма салмақ түседі демесем, артықшылығы көбірек. Жұрт қызығушылық танытып, қалай өсіргенімді сұрап жатады. Қайшы тигізбей, күте білсең, өседі, әрине. Қазір неше түрлі бальзам, маска бар ғой. Соларды жағамын. Жұмыртқаның құрамындағы минералдар мен дәрумендер де өте пайдалы, – дейді ұзын шаш иесі.
Гүлнұр шашын бірыңғай жоғарыға буып жүреді. Өзіне сол ыңғайлы. Сіңлілерінің көбіне сән қуып, шаштары иықтан түсе бергенде шолтитып тастайтынына қарны ашады. «Ал әп-әдемі боп өсіргендері жайып жүрмесе екен» дейді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
ТАНЫМ 07 наурыз 2017 г. 836 0