МИРАС

Ыбырай атаның қарашаңырағы сол бұрынғы орны, Шиелі ауданының іргесіндегі бұрынғы «Қызылту», қазіргі өз атымен аталатын байырғы ауылда. Иә, жақсының аты өшпейді, ал «әлем таныған еңбекқор азаматтың артында кім бар, қара шаңырағының түтінін кім түтетіп отыр?» деген сауалдың да жұртшылықты қызықтырары сөзсіз. Атамыздың құдай қосқан қосағы Бибажар апа оншақты құрсақ көтерсе де, көбісі жас кезінде шетінеп кетіпті. Қатарға қосылғаны Ақылбегі, Қалиясы, кейіннен Сейітбегі дүниеге келді. Ақылбек Ұлы Отан соғысында Украина жерінде майданға араласып, хабарсыз кетті. Қалияның да дүниеден өткеніне оншақты жылдың жүзі ауды. Қазіргі бары да, нары да сүт кенжесі Сейітбек Ыбекеңнің қара шаңырағында отыр.
Ата жолын қуған Сейітбек Жақаев өзі өскен ауылда мамандығы бойынша агроном болып істеді. «Агрономия» сөзі латынша «жердің қожасы» дегенге саяды. Секеңнің елдің қожасы болмаса да, жердің қожасы дәрежесіне көтерілгені айқын. Ол еңбек еткен ұжым әлем рекордын жаңартпаса да, Сыр бойында озық еңбек үлгісін көрсеткені рас. Сол кезде бірнеше рет үкімет марапатына да ие болды. Бәрінен де сүйсінтері, «ат тұяғын тай басқаны» шығар. Баяғы үздік көрсеткіш жасалған «Ыбырай түбегінде» өмір бойы тер төкті, жақсыны да, жаманды да бастан өткерді. Әкесінің қырық жыл кетпен шапқан жеріне бұл да неше мәрте соқа салды, тырма тартты. Егіс өсіріп, өнімін елге сыйлады. Мерейі асқан, мәртебесі толған деген осы емес пе?!
Жекешелендіру кезінде бөлінген бір шаруашылықтың тізгінін ұстап, ұжым төрағалығы лауазы¬мын оншақты жыл алып жүрді. «Жақаев» атындағы шаруа қожалығы ауылдың үштен бірін өзіне топтастырып, баяғы дала төсінен нәпақа терді. Бір кездегі жас жігіт Сейітбек бұл күндері жетінші ондықты толтырды.  
1940 жылы алғаш дала қосына шыққан Жақаев жетекшілік ететін күрішшілер звеносы сол жылы әр гектардан 22 центнерден өнім алса, келер жылы өз көрсеткіштерін екі есеге өсірді. Бұл өңірге тың дақылдың қыр-сырына қаныға түсудің алғашқы әліппесі болатын. Келер жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсті.
Күн сәулесінің қызуы, топырақтың ылғалдылығы, жылуы, ауа – бәрі-бәрі дақыл талабына сай келгенде ғана өнім мол болады. Яғни, өсімдіктің сапалы болуы үшін табиғат пен әрекет үндестігі үйлесім табуы тиіс. Жаратылыс заңы осылай. Міне, осыларға үстеме – бел шеше кіріскен бейнеткештік қажет. Осы қасиеттер Ыбырай Жақаевтың бойында Алла нұрымен дарыған болса керек. Тың жердің алқабын кетпендеп егіс егуге келтіріп, жас балаша аялы алақан қамқорлығына алған оның звеносы 1943 жылы әр гектардан орташа 130 центнерден өнім жинады.
Ол кезде барлық шаруа қол күшімен атқарылады. Бозала таңнан егін басында болатын егіншілер көз байланғанда ғана үйіне қайтатын. Егіс басына түнеп қалар кездер де аз емес еді. Өгіз соқа, ат арба, міне – сондағы бар техника. Тұқым тазалау, оны дайындау бәрі де қолдан өтеді. Күріш дәніне күр¬мек араласса, есіл бейнет екі еселенді дей беріңіз. Арамшөптің «өлермендігі» сол керекті дақылдан бұрын бой көтеріп, қасапшының қызындай тез жетіледі. Күріш буынын тіктеймін дегенше оның әл бермей кететін кесірлігін айтсаңызшы. Міне, сондықтан да егіншілікте немқұрайлы атқаратын іс жоқ. Осындай ұқыптылыққа, жігерлілікке, агротехникалық алымдылыққа шаруашылыққа агроном болып келген Әнес Алтынбеков жөн сілтеген, білек сыбана кіріскен-ді. Алақандай жердің дәнін есептеген маман бір шаршы метр орыннан қанша күріш дәнін алуға болатындығын ерінбей санап, әр гектардан 150-200 центнер өнім алуға қол жеткізу мүмкіндігін диқанның көз алдына жайып салды. Алдарына үлкен мақсат қояды. Сонымен бірге, минералды тыңайтқыш арқылы үстеп қоректендірудің жолын табады, тәсілін түсіндіреді. Осындай ізденіс, жанқиярлық еңбек нәтижесі Ыбырай Жақаев басқарған күріш звеносының 1947 жылы әр гектардан 172 центнерден күріш дәнін алып, дүниежүзілік рекорд жасауына жол ашты. Бұл әлем тарихында болмаған ірі оқиға еді. Интернационалды Кеңес Одағында саны аз қазақ ұлтының абыройының оза түсуіне Ыбырай атаның осындай үлесі бар. Сондықтан да, оны кейінгі ұрпақ мақтаныш тұтады.
Еңбек кемеңгері маңдай терін тамшылатып, үзбей егін еккен сол құтты мекен «Ыбырай түбегі» аталып тарихта қалды. Әлі күнге сол жерден оның ұрпақтары дән сеуіп, нәпақасын теріп жүр. Міне, еңбектің ізгілігі, сабақтастығы деген осы.
Өз кезеңі тудырған қаһарман жолын жалғастырған замандастары, ізбасарлары мол шықты. Корей халқының өкілі Ким Ман Сам және өзгелері хат танымайтын қазақтың қара шалының тұңғиық, тынымсыз тірлік нәтижесіне талай мәрте бас шайқасып, оның тәжірибесін үйренуге асықты. Ұлдар Дәуішова, Шырынкүл Қазанбаева, Байдүйсен Оразов, Ертіш Дүйсеков, Зәһира Ержанова, Еңбек Ері және Батыр Ана Ұлбала Алтайбаева – үлкен ұстаханадан үлгі алған ел мақтаныштары.
Сексен жылдан астам тарихы бар Шиелі ауданынан 41 Еңбек Ері шықты. КСРО кезінде мұндай атаққа миллионнан бірдің ғана қолы жетерін пайымдасақ, еңбек жолындағы авангардтық топ бұл өңірде мол шоғырланған болар. Ал, әлгіндей атақты кісілердің ең алдында Ыбырай Жақаев тұрар еді. Сөзден гөрі істі қамдайтын диқан 1949 және 1971 жылдары екі рет Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталды, «Алтын Жұлдызды» ¬омы¬рауына қадады, КСРО Мемлекеттік сый-лығы¬ның иегері атанды. Өзге де жоғары наградаларын санауға екі қолдағы он саусақ жетпес еді.
Ыбекеңнің еңбек жолына сай Сыр бойында жақаевшылар қоз¬ғалысы кеңінен өркен жайды. Жұртшылықтың қолдауымен 1964 жылы дара диқанның «Жас ұрпаққа хаты» түрлі деңгейдегі басылымдарда жарияланған соң жастар арасында аталған қозғалыстар жер-жерде өз отауын көтерді.
Шиелі ауданының орталығында атақты күрішші атындағы республикалық мектеп ашылды. Онда жас егіншілер теориялық білімдерін бай тәжірибесімен толықтырды. Жыл қорытындысында мол өнім өндірген жас күрішшілерге «Ыбырай Жақаев аттестатының» берілуі де адал еңбекке, жігерлілікке баулудың жолы еді.
Атақты диқанның республикалық үлкен жиындарда күріш өсірудің жетік әдістері жөнінде әңгімелеп, қайраткерлік қажыр көрсеткендігі де рас. Екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев 1981 жылы 91 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Оның артында мол мұра қалды. Бұрынғы «Қызылту» колхозы және аудан орталығындағы бір орта мектеп, бір көше оның есімімен аталады. Қызылорда қаласындағы агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты атақты диқан атында. 1982 жылдан бері Шиеліде күріш өсіру тарихи мұражайы жұмыс істеп келеді.
Ыбекеңнің шаңырағынан кезінде атақты Әліби Жанкелдин де дәм татқан екен. Жанына ере келген кішкене баласының киіз үйдің үстіне өрмелеп, қызық қылғаны да ескі сүрлеудің бір арнасы. Мұны соғыстан соңғы жылдары Шиелі ауданының бірінші хатшысы қызметін атқарған Көмекбай Қаракөзовтің жары Жамал ападан естігенім бар еді, осы мақаланы жазу үстінде есіме түсіп отырғаны ғой...
Сейітбек Жақаевтың өрелі өрі¬сіне қайта оралайық. Көп жыл шаруа қожалығын басқарды, қазір зей¬неткер. Әйелі Жалғас жеті құрсақ көтерді. Үлкені Сейілбек кен басқармасында қызмет істейді, Ауған соғысының ардагері. Қыздары Фатима – кәсіпкер, Ботакөз емханада қызмет етеді, Бақыт – есепші, Аякөз мұражайда, Меруерті жандарында. Ортаншы ұлдары Мейірбек ауыл шарушылығында еңбек етеді. Гүлнар келіні екеуінен өрген немерелері көз қуанышы. Ыбырай ақсақалдың аса құрмет тұтатын азаматтары – Жазылбек Қуанышбаев пен Дінмұхаммед Қонаев мерейіне немерелерінің бірінің есімін  – Жазылбек, екіншісін – Дінмұхаммед деп ныспылапты.
Ата жолын қуған Сейітбек ағамыз Елбасы бағдарламаларының халықтық әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталғандығына сүй¬сінеді.
– Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын әрдайым қайталап оқып отырамын, елдің ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыратын, адамдардың жан дүние байлығына игі әсер ететін құнды құжат. Осындағы туған жердің тарихын білу, елден шыққан ардақты азаматтарды құрмет  тұту және «100 жаңа есім» айдарымен елге танылған адамдарды үлгі тұту керектігі болашақтың тиянағы, елдік іс деп білемін, –дейді ол өз әңгімесінде.
Өткен жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Жақаев ауылында диқан ата атындағы күріш өсіру тарихи музейінің жаңа ғимараты салынды. Көрікті де, сәулетті музей экспонаттары да орайлы орналастырылып, келушілер талабына сай қызмет жасау үстінде. «Музейдің ауыл ортасына қайта оралуына ауыл адамдары дән риза», – дейді мекеме директоры Құттықыз Мыханова.
Иә, Ыбырай атаның жұлдызды жолы жалғасып жатыр. 2016 жыл¬дың қортындысында Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста бірінші орынға шықты. Биыл да аудан диқандары еселі еңбек үстінде. Аты аңызға айналған диқан атаның ұлағатты ісі, әрине бүгінгі ұрпаққа үлгі. Оны қайта бір жаңғыртып қою және ұрпағының үлгісін елге жеткізу – біздің парызымыз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
ТАНЫМ 12 тамыз 2017 г. 737 0