ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясы еліміздегі тарихи оқиғаларға толы жерлерге саяхатқа шықты. Құндылығы жоғары тарихи-мәдени мұралармен танысуды мақсат еткен топ Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысының қалаларында болды.
Топтың құрамында Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уалихан Ибраев, директордың орынбасары Рахима Ахметова, этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері, ғылыми-сараптамалық топ, журналистер мен сарапшылар клубының және жастар қанатының мүшелері болды.
– «Ұлы Дала Елі» тарихи-таным¬дық экспедициясының мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен «Туған жер» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау арқылы Отырар, Сауран, Сығанақ сияқты ортағасырлық қалалар, сондай-ақ Арыстанбаб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелер тарихымен танысуды қолға алу. Қазақстан халқының рухани құндылықтарын насихаттап, оқып-үйрену негізінде елдің бірегейлігін, ұлттық бірлігін нығайтуды көздедік. Алдағы уақытта өңірдің этнос өкілдеріне басқа да киелі жерлерді көрсетіп, олар арқылы бүкіл диаспораларға туған өлкенің тарихы мен мол рухани құндылықтар туралы білімдерін арттырып, отансүйгіштік қасиеттерін күшейтпекпіз, – деді Ләйлә Төрешова.
Барлығы 50 адамнан құралған экспедицияның мүшелері алғашқы қадамын Қаратау мен Сырдария өзендерінің ортасында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бабаларымыздың көне қаласы Түркістаннан бастады. Ондағы көне ¬Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші -Арыстанбаб кесенесіне ат басын тіреді. Дүниежүзін шарлаған, түрлі діни ағымдарды зерттеген, исламды қабылдағаннан кейін қалған өмірін сопылық мағынадағы исламды уағыздауға арнаған Арыстанбаб кесенесін аралады. 400 жыл өмір сүріп, Мұхаммед Пайғамбардың серіктесі болған Арыстанбабтың өмірінен көп мағлұмат алды.
Одан кейін экспедиция мүшелері ¬Отырар қалашығына аялдады. Отырар атырабы қазіргі Оңтүстік-Қазақстан облысы, Түркістан қаласы¬нан оңтүстікке қарай 57 шақырым, Арыс өзені Сырдарияға құятын жерге жақын орналасқан. Ортағасырлық сауда орталығы Фараб ретінде әйгілі ежелгі Отырардың үйінділері болып табылады.
– Тарихи тұрғыдан біздің өлкеміз өте бай мекен. Дәл осы жерде бүгінгі Қазақстанның аумағындағы ең ілкі адамдардың мекені табылды. Мұнда өз заманының ұлы ғалымдары өмір сүрген. Дәл осы қалада ұлы философ және математик, Аристотельден кейін «екінші ұстаз» ретінде танылған Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген, – деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты У.Ибраев.
Экспедиция өз жұмысын сәулеттің көрнекті ескерткіші, ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісіне айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жалғастырды. ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра тізіміне қосылған Қазақстандағы бірінші құрылыс Түркістан қаласында орналасқан. Кесене сопылықтың негізін қалаушы, ойшыл, ақын, уағызшы Қожа Ахмет Хазірет Сұлтан Яссауидің құрметіне тұрғызылған. Яссауи Арыстанбаб пен Юсуф Хамаданидан білім алады, сопылық негіздерін, араб және шағатай тілдерін, поэзия мен Шығыс әдебиетін оқыған. Өз ілімінде ол тақуашылық, төзімділік, мейірбандылық, әділдік пен адалдықты дәріптеді. Яссауи өлімінен 233 жыл өткеннен кейін Орта Азияның қуатты билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен жаңа кесене салынады. Қожа Ахмет Яссауи мешіті бүкіл дүние мұсылмандары үшін қасиетті орынға айналды. Мұнда этнос өкілдері Қожа Ахмет Яссауидің тарихына байланысты естеліктер, құжаттарды, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттарды тамашалады. Бар ынта-ықыластарымен тыңдап, мүмкіндігінше мол ақпарат алуға тырысты.
Экспедиция мүшелерінің келесі бағыты Түркістан қаласында орналас¬қан тарихи-этнографиялық мұражай, қазақ халқының мұрасы мен рухани қазынасының қайнар көзі саналатын этноорталық болды. Онда олар Түркістанның рухани өмірі, тарихы, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер жинағымен танысты. Орталықтың музей¬лік экспозициясы 3800 шаршы метрді қамтиды. Ғимарат 3 қабаттан, 5 көрме залынан, конференция залынан, қолөнершілердің шеберханасы және тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелерден тұрады.
Тарихи-танымдық экспедициясы Түркістан қаласының батысынан 40 шақырым қашықтық және Оңтүстік Қазақстан облысының қиылысында орналасқан Сауран қалашығында болды. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар. Ауданы 500-880 метр дөңгелек алаң. Экспедиция мүшелері қаланың ішіне қақпа арқылы кіріп, қаланы қоршаған дуалдың сырт жағындағы көптеген каналдың ізін көріп, жеті қатар қорғаныс қабырға іздерін тамашалады.
«Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспе¬дициясының соңғы аялдамасы – Сыр өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің бірегейі – Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар көне қала – Сығанақ болды. Сығанақ қаласының орны қазіргі «Сунақата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан бес бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған. Моңғол шапқыншылығы кезінде қала толығымен қирап, тек ХІV ғасырдан бастап қайта қалпына келтіріліп, Сығанақ қаласы Ақ Орда мемлекетінің астанасы болған.
Экспедиция барысында саяхаттаушы топ ұйымдастырушыларға алғысын жеткізе ¬отырып, алған әсерлерімен бөлісіп, кітапшаға өз ой-пікірлерін жазып, қалдырды. Осылайша топ мүшелері өңірдегі тарихи орындарды аралап, ұлттық бірліктің үлгісін көрсетті.

Шынар БЕКБАН.
ТАНЫМ 12 тамыз 2017 г. 1 228 0