МАХАББАТ ЖАЛЫНЫМЕН ШАРПЫЛҒАН ӨЛІМ

Махаббат – адамзат баласының басқа да өмірлік қажеттіліктерінен асқақ тұратын айрықша сезім. Ол тіпті аста төк байлық, тойымсыз мансапқорлық дейтін құмарлық пен ынтызарлық атаулыдан да жоғары, жүректің нәзік, кісінің санасын бейне бір тылсым күшпен билейтін сезім. Махаббат ғасырлар бойы адамзат баласын осы тылсым күштің әмірімен билеп келеді. Ал осы жолда өзгенің нәзік сезімін ұрлап, аңдамай жүріп, жаңсақ басқандардың талайын ол орға жықты. Біреулердің тағдырына балта шабылса, екіншілерінің қыршын өмірін қиды. 
Біздің бүгінгі әңгімемізге кешегі дәуірдегі махаббат романдары, кеңестік белгілі партия функционерлерінің, атақты қолбасшылардың басынан өткен қилы-қилы оқиғалары өзек болады. Айтпақшы, әңгімеміздің басында кеңес кезеңін бүге-шігесіне дейін зерттеген жекелеген тарихшылар болмаса, көпшілікке беймәлім кейбір жайттерды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
1917 жылы патшалық Ресей билігін құлатқан В.И.Ленин басқарған большевиктер өкіметі алғашқы шешімдерді отбасылық қатынастарға арнады. 1918 жылдың өзінде большевиктер көсемі «Некенің күшін жою туралы», көп ұзамай-ақ «Азаматтық неке туралы» декреттерге қол қойды. Міне, қызық, Ленин сонда нені көздеді? Әлемдегі тұңғыш социалистік мемлекеттің негізгі идеалы – теңдік,бостандық деген ұғымдарға мұндай декреттер қаншалықты үйлесім тауып тұр? Әлде көсем осы бостандықты ерлі-зайыптылардың жеке өмірінен бастауды жөн көрді ме?
Декрет жарыққа шығысымен орталық қалаларда демографиялық дүмпу басталды. Кеңес Одағында, әсіресе Мәскеуде жастардың үйленуі күрт өсті. Астанада 1926-1929 жылдар аралығында халық саны 2,5 есеге көтерілді. Азамат соғысының зардаптарынан әлі арыла қоймаған елде басты әлеуметтік проблема – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайы күрделі болатын. Ленин қабылдаған әлгі декреттер бойынша ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жауапкершілігінің, керек десеңіз, қол қойып, өзіңе белгілі бір міндеттеме алудың да қажеті болмай қалды.
Азаматтық неке бойынша үйленгендердің саны күрт өсуіне байланысты Мәскеуде пәтер жетіспеді. Әрине, осының барлығы некеге қатысты тұрпайы қатынас орнаған қоғамда жақсылыққа әкеп соқтырмайтын құбылыс болатын. Некелік қатынастың өркениетті үлгісін дін қағидаттарымен бекіткен патшалық Ресейдің тәрбиесімен өмір сүрген зиялылар үшін бұл шын мәнінде барып тұрған жабайылық еді.
Қоғамда қолайсыз, тіпті жабайы құбылыстар етек алды. Мәскеуде тырдай жалаңаштанып алып, шеруге шыққан жастар бой көрсетті. Тарихшылар бұл тұрпайы көріністі революцияшыл еркіндікті аңсаған Клара Цеткин мен Александра Колантайдың идеясынан туған құбыжық ретінде бағалады. Ең сорақысы, жыныстық қатынастар отбасы мүшелерінің көзінше ашық тұрпайы сипат ала бастады. 
Сталин басқарған диктаторлық қоғамда махаббат атты ізгі сезімнің билігі мемлекеттің құзырына көшті. Кіммен үйлену керек? Ерлі-зайыптылардың шыққан тегі кім? Қызмет карьерасына байланысты өсу үшін бұл тұрғыда кіршіксіз болу барынша маңызды саналды. Отбасылы адамның басқа әйелмен немесе керісінше әйелдің өзгенің ерімен қарым-қатынаста болуы моральдық азғындық, кеңестік өмір дағдысымен үйлеспейтін әрекет ретінде айыпталды, олардың қызмет карьерасының жолы кесілді, пролетариат диктатурасында мұндай «сұмпайыларға» лайықты орын жоқ!
...1934 жылы Смольныйда, Кеңес Одағындағы саяси басшылықтың үлкен тұлғасы, ВКП(б) Ленинград обкомының бірінші хатшысы Сергей Миронович Кировке қастандық жасалып, атып өлтірілді. Қастандықты кім жасады? Бұл сұрақтың жауабы бүгінге дейін бұлыңғыр. 1950-ші жылдардың соңында С.Хрущев билік басына келіп, қайғылы оқиғаға қатысты кінәлілерді іздестірумен айналысып, шындықтың бетін ашуға бар күшін салып бақты. Өкінішке орай, дәнеңе шығара алмады. Дұрысы, жарыққа шығарғысы келмеді. Ал, сол 1934 жылы «Кировты өлтірді» деген айыппен қамалып тергелген, кейін атылып кеткен бірнеше адамның қатарында Леонид Николаев есімді бір сормаңдай болған еді. Николаев кім? Оқырманға түсінікті болу үшін сәл шегініс жасайық.
...Сергей Киров партияның болашағынан үміт күттірген сарбазы ғана емес, әйелдердің де өлердей ғашық болған сүйіктісі, үлкен номенклатурадағы саяси басшы еді. Кировтың заңды некеде болған әйелі төсекке таңылған, үй шаруасына да шамасы келмейтін, бұл Смольный әміршісінің жанына батты. Қырықтың қырқасына шыққан, бойында күш-қуаты бұлаңдаған әрі-сәрі оймен шырмалған Сергей Мироновичтің жүрегін осы ауыр сәтте қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып істейтін латыш қызы Мильда Драуле жаулап алды. Мильданың күйеуі Леонид Николаев жасында рахит кеселімен ауырған, тым әлжуаз, толыққанды еркектік болмыстан жұрдай еді.
Сөйтіп екеуі махаббат сезімінің от-жалынына шарпылды. Тіпті Мәскеу мен Ленинградтың зиялы қауымы арасында кеңінен тараған қолайсыз әңгімелер де оларды тоқтата алмады. Киров төсек ләззаты үшін қызмет кабинетін де пайдаланды. Көп ұзамай Киров Мильдадан ұлды болды. Обком хатшысы сүйіспеншілігі үшін некесіз туған баласының құрметіне Мильдаға үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. НКВД дейтін құдіретті күштің дегені болып тұрған заманда мұндай сүйіспеншілік романдарының Сталиннің құлағына жетпеуі мүмкін емес еді. Ол барлығын біліп отырды, бірақ асықпады, ақырын күтті. Әйелінің опасыздығынан Николаев та хабардар еді. Бірақ осынау сормаңдай еркектің қызметтен де жолы болмады, қудалана берген соң жұмысын жиі ауыстырды.
Кировтың сауық-сайранға толы өмірі де ұзаққа бармады. Ол белгісіз адамдардың қолынан атылып кетті. Оған өлім жазасын кескен кім? Орындаушысы кімдер? Кеңестің жоғары билік тұғырындағы Сталинге оның өлімі неге керек болды? Осы маңызды сауалдардың барлығы жауапсыз қалды. Ақыры Кировқа жасалған қастандық қызғаныштың салдары, бұл Николаевтың қолымен жасалған қылмыс деген ұйғарым жасалды. Ол ұсталып қамалды, тергелді. Шынтуайтына келгенде, мұндай әлжуаз, боркемік еркектің қолынан адам атып өлтіру келмейтін шаруа еді. Мұны Сталин өлгеннен кейін жүргізілген тергеу нәтижелері – келтірілген заттай айғақтар, оқтың атылуына қатысты бір-біріне үйлеспейтін қиғаштықтар айқындап берді. Бірақ үнемі ізін жасырып, жаңсақ басқан қадамдарын бүркемелеп отыратын Сталинге кейін өзіне әлдеқандай қолайсыз жағдай туындамас үшін Николаевтың өлімі қажет болды. Тергеу шала-шарпы жүргізілген күйі ол атылып кетті. 
Ресей тарихшылары жуырда ғана Кировтың өліміне қатысты КГБ материалдарының құпиясы ашылғанын мәлімдеді. Қысқасы, Смольный басшысының өліміне Николаевтың қатысы болмаған. Ленинградта осы іс бойынша 30 мыңдай адам тұтқындалды. Тіпті алдымен куә ретінде тартылған Николаевтың көршілері, туыстары, Мильда Драуле де атылып кетті. Нәзік махаббат сезімінің қорытындысы, біреулердің төсек ләззаты ешбір кінәсі жоқтар үшін осылайша қайғылы жағдаймен аяқталған еді.
...1945 жылы Берлинге санаулы шақырымдар қалғанда Гитлер Зеел биіктігін алынбайтын берік қамалға айналдырды. Осы берік қамалға шабуыл жасаған Г.Жуковтың бірінші Беларусь майданының әскерлері немістердің жойқын қарсылығына тап болды. Сталин Берлинге одақтастардан бұрын жету үшін Зеел биіктігін тездетіп алу қажеттігін қатаң тапсырды. Маршал Жуков танк армиясының қолбасшысы Катуковтың шабуылы бәсеңсігенін, оның себебі неліктен болғанын біле алмай басы қатты. Армия қолбасшысына көмекшілерін жіберді. Сөйтсе Катуков блиндажда майдандас ашынасымен сауық-сайран құрып, махаббаттың ләззатына құмары қанбай соғысты, тапсырманы ұмытқаны соншалық, әлгі көмекшілердің өзіне дүрсе қоя бергенге ұқсайды. Ақыры ашуға басқан Г.Жуков армия қолбасшысына «СМЕРШ» тобын (әскер құрамындағы НКВД) жіберіп, генералды тәубасына келтіреді.
Жуковтың 1-ші танк армиясының қолбасшысы генерал-лейтенант М.Е.Катуковқа жіберген жазбасында былай делінген еді: «...Я имею доклады, что т. Катуков армией не руководит, отсиживается дома с бабой и что сожительствующая с ним девка мешает ему в работе. Требую... Немедленно отправить от т. Катукова женщину. Если это не будет сделано, я прикажу ее изъять органам СМЕРШ».
Кешегі соғыс жылдарында батальон командирінен бастап майдан қолбасшысына дейінгі әскер басшыларының майдандас әйелдері болды. Оларды әдетте ПФЖ (полевая фронтовая жена) деп атайтын. Сталин командирлердің мұндай моральдық «азғындауын» білсе де, ештеңе сезбегендей үнсіз отыра берді. Көсем: «Мейлі, не істесе ерік өздерінде, әйтеуір соғыса білсе болғаны» деген ойын да жасырмады.
Г.Жуковтың осы жеке қолжазбасына қарап, ол моральдық жағынан кіршіксіз таза адам болған деген ұғым қалыптасуы мүмкін. Алайда кеңес тарихында Ұлы қолбасшы ретінде есімі мәңгілікке қалған Георгий Константиновичтің жеке өмірінде оның соғыстан кейінгі ғұмырына едәуір кесапатын тигізген әйелдер салған зобалаң аз болған жоқ.
1929 жылы Г.Жуков Минскіде атты әскер полкінің командирі еді. Осы жылы оған «...маскүнемдігі, әйелдермен ретсіз байланысқаны үшін» деген кінәмен алғашқы партиялық сөгіс жарияланды. Мария Волохова – Жуковтың 1919 жылы Саратов лазаретінде емделіп жатқанда танысқан әйелі. Әскери қызметші жиі қоныс аударады. Жаңа қызмет... жаңа әйел... Көп ұзамай болашақ маршал Воронежде эскадрон писарі Александра Зуйковамен отау құрды. Отбасылы болды, дегенмен, Георгий осы екі әйелмен де заңды некеге тұрмады. Бірақ алты жыл бойы екеуімен де отбасылық қатынасын үзбеді, жарасты, сыйласты. 1929 жылы Александра Зуйковадан Эра атты қыз дүниеге келді. Жуков қызды өз атына рәсімдеді. Көп ұзамай реттік саны бойынша бірінші әйелі Мария да Маргарита есімді қыз туып, Жуков оны да өз атымен рәсімдеп алды. Осылайша әйелдер арасында Жуков үшін бәсеке басталды.
Әйел жарықтықтан қулық артылған ба, реттік саны жағынан екінші бола тұрып, Георгийді бірінші нәрестелі еткен А.Зуйкова заңды некеге тұрудан қашқақтаған күйеуінің үстінен партия ұйымына арызды дүңк еткізді. «Осылай да осылай, Жуков менімен заңды некеге тұруы тиіс» дейді ғой әлгі Александра. Жуков некеге тұрудан бас тартты. Партия ұйымының үкімі де қатал болды. Некеге тұрмаса партиядан шығарылатыны алдына көлденең тартылды. Батырға да жан керек емес пе, Жуков ақыры Зуйковамен заңды некеге тұруға мәжбүр болды. Бұл «қорлыққа» шыдамаған Мария Волохова басқа күйеуге тиіп, қоныс аударып, қарасын батырды.
Соғыс басталғанда армия генералы Г.Жуковтың майдан даласында жаңа махаббат романдары басталды. Бұл әскери фельдшер, кіші лейтенант Лидия Захарова болатын.
Сталин соғыстан кейін Жуковты едәуір «сілкілеп» алғаны белгілі, ол кішігірім әскери округтерді басқаруға – Одессаға, Свердловскіге қоныс аударды. Тағы да жаңа қоныс, жаңа әйел. Жуковтың көпшілікке беймәлім романтикалық қатынастары, жарасқан әйелдері жеткілікті еді. Отан соғысының төрт мәрте батыры, әйгілі қолбасшы өзінің әріптестері – генералдардың сұлу әйелдеріне де орайлы сәтін пайдаланып көз салған деген сыпсың әңгімелер де бар. Маршал 54 жасында соңғы махаббаты – әскери дәрігер Галина Семеновамен жарасып, өмірінің соңына дейін бірге болды. Ол қолбасшыдан 30 жас кіші еді. 1957 жылы Галинадан Мария есімді қыз дүниеге келді. Галина 1967 жылы рак кеселіне ұшырады. Г.Жуков көп ұзамай инсультке шалдықты. Георгий Константинович артына Галинаның қасына жерлеу жөнінде өсиет қалдырған еді. Бірақ бас хатшы Леонид Брежнев басқаша шешті: қолбасшының кремделген денесінен алынған күл салынған қобдиша Кремль қабырғасына қойылды...
PS. Соғыс жылдарында көптеген Кеңес қолбасшылары қиын-кескі ұрыстарда ерлік үлгілерін көрсете отырып, махаббат майданында да өздеріне бұйырған несібелерінен ешкімге есесін жібермеді. Соғысты, жеңді, алғашқы некелерінен бас тартып, майдандағы көңілдестерімен отау құрғандар, алғашқы махаббатымен қайта қауышқандар да аз болған жоқ. К.Рокоссовский, Р.Малиновский, И.Конев... Олардың қатарында жүздеген полк, дивизия командирлерінің есімдерін келтіруге болар еді. Соғыстан кейін партиялық тәртіп, оның жазалау механизмі дейтін алып машинаның қуатты күші қайта іске қосылды. Ол махаббат сезімімен күйіп жанып, аңдамай жүріп шоқ басқандардың талайын орға жықты. Бұл «соғыста» аман қалғандар махаббат сезімінің ойын алаңында жалпы тәртіпке бағынбайтын ережелермен өмір сүріп жатты. Мәңгі өшпейтін сезім оты қазіргі күндердің өзінде жалындап жанып жатыр...
Бүгінгі әңгімемізге өзек болған оқиғалардың Ресейдің белгілі тарихшылары Алексей Митрофанов, Деонид Ивашовтың еңбектерінен, Борис Соколовтың «Неизвестный Жуков, портрет без ретуши» атты кітабынан, қолбасшының қыздары мен немерелерінің теледидар журналистеріне берген сұхбаттарынан алынып, өңделіп, сұрыпталғанын оқырмандар зейініне сала кетуді жөн көрдік.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.

ТАНЫМ 05 қазан 2013 г. 1 795 0