ТАРИХТА ОСЫ КҮНІ

21 наурыз

1968 – табын, кете, адай, таз, қысық, шеркес, есентемір руларының қарулы көтерілісшілері Гурьев қаласындағы ұйымдастыру комиссиясына шабуыл жасап, 10 көлік пен 900 сомның бағалы затын қолға түсірді. Бұл наразылық патша үкіметінің бұқара халықты қанауы жылдан жылға күшейе түскеніне, қазақ жерін өлшеусіз кесіп ала бастағанына байланысты туған еді. Мысалы, Жайық өзенінің оң жағалауынан қырға қарай 25 шақырым жер алынып, Орал, Орынбор қазақ-орыс әскерлеріне берілген.

1919 – Орал облысының Бөрілі және онымен көршілес болыстарындағы қазақ ауылдарынан өз еріктерімен Орал қаласына келген жігіттерден Қазақтың бірінші ерекше дивизионы құрылды.

1925 – қазақтың ғажайып ақыны, көркем сөздің зергері Қуандық Шаңғытбаев дүниеге келді. Аударма өнерінің классигі А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романы аудармасының екі нұсқасын /1949,1985/ жасап шыққан.

22 наурыз

1394 – ұлы астроном, математик, Самарқан әмірі Ұлықбек Мұхаммед Тарағай /Мырза Мұхаммед ибн Шахрух ибн Темір Ұлықбек Гуран/ дүниеге келді. Әйгілі Әмір Темірдің немересі. 1425 жылы ол тұрғызған обсерваторияның квадрант радиусы 40 метр болған. Ұлықбектің астрономияның теориялық негіздерімен қатар 1018 жұлдыздың орны /координаты/ көрсетілген каталогы 1665 жылы Оксфордта басылып шықты. «Ислам жолынан тайды» деген айыппен діни фанатиктер 1449 жылы айуандықпен өлтірген.

1902 – қазақтың классик жазушысы, аса көрнекті драматург Ғабит Махмұдұлы Мүсірепов дүниеге келді. 1985 жылы қайтыс болған.

1921 – «Жас алаш» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Көптеген жылдар бойы «Лениншіл жас» аталып келген бұл басылымның қазақ жастарының болмыс-бітіміне әсер-ықпалы, ұлттық журналистиканың озық дәстүрлерін қалыптастырудағы орны бөлекше. Ғасыр соңында газет заман талабына сай, тәуелсіз сана тұрғысынан жаңаша түледі.

1922 – Қытайдың Құлжа қаласында қазақтың әйгілі әнші-композиторы, ақын Әсет Найманбайұлы қайтыс болды. У берілген деп болжанады. Ол жөнінде Әсеттің өз өлеңінде де /«Алмасты мүсәтір деп татып қалдым»/ айтылады.

1948 – қазақстың тамаша жазушысы Марат Қабанбаев дүниеге келді. Ұлттық балалар әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын ала келген қаламгер. Мараттың «Пысық болдым, мінеки» повесі ұлттық мінез бітімін ашып көрсеткені үшін Г.Х.Андерсен атындағы өте беделді халықаралық сыйлықтың иемденген.

1949 – қазақтың дүлдүл әншісі, аяулы азаматы Жәнібек Кәрменов дүниеге келді. 1993 жылы автомобиль апатына ұшыраған Жәнібек қазасы халық қабырғасын қайыстырып өтті.

1989 – талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынып келген /соңғы рет 1926 жылы аталған/ Наурыз мейрамы  Қазақстанда қайтадан ресми түрде атала бастады. Бұл іске көрнекті мемлекет қайраткері,  этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді.

ТАНЫМ 25 наурыз 2018 г. 878 0