Қабірден тіріліп шыққан Ахмет бай ескерткіші туралы не білеміз

Ақмола облысының Жарқайын ауданындағы Далабай ауылы маңында орналасқан Ахмет кесенесі (Қызылтам) облыстың киелі нысандары картасына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Серік Ысқақов айтуынша, Ахмет кесенесі (Қызылтам) - ХХ ғасырдың басындағы салынған. Ескерткіш Жарқайың ауданында оңтүстік-батысқа қарай жеті шақырым жерде, Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. «Ахмет кесенесін алғашқы рет 1955 жылы Кемел Ақышевтің жетекшілігімен Ақмолалық археологиялық экспедициясы зерттеген. Кейіннен 1980 жылы «Қаз-қайта жаңғырту» мекемесінің экспедициясымен (жетекшісі Ж.Шайкенов), 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының Жиынтық бөлімімен (жетекшісі Г.Қамалова) зерттелген.    
  Кесене Көпес Ахмет Танкеевтің тапсырысы бойынша салынған. Қабырғалары саз ерітіндісінен құйылып, күйген тік бұрышты кірпішпен қаланған және екі жағынан күйдірілген кірпішпен қапталған, цокольді қабаты тақтатастан қаланған. «Кірпіш қалауындағы тік жарықтары бар ең үлкен бұзылыстар оңтүстік-шығыс қасбетінде шатырға қарай баспалдақ құдығының бойында байқалады. Төртқырлығының жоспардағы мөлшері 6,3 х 6,7 метр кесененің порталды-күмбезді түрін сипаттайды. Цилиндрлі барабан үстіндегі сфера-конустық күмбез төртқырлықтың үстінде 2,5 метр биіктікке көтерілген. Кесенені жалпы биіктігі 7,15 метр құрайды. Оңтүстік-батыс жағындағы бас қасбеті төртқырлықтың үстінен негізгі қабырға жалғасуы есебінен құрылған тік бұрышты портал түрінде орындалған. Есіктің аркалы ойығы жағында садақты маңдайшамен біріктірілген енсіз бағаналармен екі жағынан қос қапсарланған. Қасбеттерінің сәндік безендірілуінің негізінде бет жақ қабырғалары периметрі бойынша тік қалаулар жолақтарымен аралас ромб тәріздес өрнектерімен «Аллаһ» сөзінің араб жазулары шаршы кірпіш қатарларымен жиектелген», - деп түсіндірді Серік Ысқақов.      
   Қасбеттерінің орталық алаңдарын күңгірт түсті кірпіш пен өрнегі бар кірпіш қаланған ромб тәріздес сурет толтырады. Ішінде төртқырлықтан күмбезге ауысу аралығы консольдік желкендер мен қабырғалар биіктігі бойымен өтетін жебе тәріздес қуыстар арқылы жүзеге асырылған. Бөлменің оңтүстік-шығыс бұрышында шатырға қарай баспалдаққа апаратын аркалы ойық бар. Табыт үсті мен еденнің кірпіш жабындысы бұзылған. Сонымен қатар, осы ескерткіш иесі туралы халық арасында аңыз әңгіме де бар. Аңызға сәйкес, баяғыда бұл өңірде Ахмет деген дәулетті адам болыпты.  Күндерді бір күнінде әлгі бай ойда жоқ та ұйқысынан оянбай қалады. Ол кез медицинаның бүгінгідей дамымаған уақыты. Бәлкім сол себепті де шығар халық байды өлдіге санап, жер қойнына тапсырған екен. Содан біршама уақыттан кейін қабір басынан адамның ащы даусы естіген елдің есі кетіп, бойларын үрей билейді. Сол өңірдегі ишан-молдаларға хабар беріп, барлығы жиналып қабірді ашады. Сөйтсе жаңағы өлді  деген Ахмет бай өкіріп сыртқа ұмтылады. Халық оны кебінге оралған Ахметтің бейнесіндегі жын деп ойлап, ұрып өлтіреді. Кейін естерін жиған соң өздерінің істерінің ағат болғанын,  Ахметтің расында «терең» ұйқыға кеткенін түсінеді. Елдің үлкен-кішісі жиналып, Ахметті қайтадан арулап көміп басына кесене орнатады. Айта кетейік, Ахметтің ұрпақтары Жарқайың ауданының аумағында  тұрады. фото:qazmap.kz  


ТАНЫМ 11 сәуір 2018 г. 576 0