Қарапайым оқытушы қалай миллиардер болды?

The New York Times басылымы Джек Ма 54 жасқа толған туған күнінен соң өзі негізін қалаған Alibaba Group компаниясын тәрк етіп, енді қайрымдылық пен білім беру жобалары бойынша жұмыс істейді деп мәлімдеген еді. Жақында Alibaba өкілі компаниясының құрылғанына 20 жыл толмай кетпейтінін айтты. Джек Маның атақты жастарға үндеуі туралы жазған едік. Енді Alibaba Group-тың пайда болуы туралы сөз қозғаймыз. Қыркүйекте Alibaba Group-тің негізін қалаушы Джек Ма 54 жасқа толды. Қытайлық кәсіпкер осыдан 19 жыл бұрын Юн Ма атты ешкім танымайтын қатардағы көп қытайдың бірі еді. Бірақ ол 35 жасқа толғанда атақты Alibaba Group интернет арқылы сауда саттық жасайтын компанияның негізін қалады. 2014 жылғы Нью-Йорк биржасында 68 долларлық акциялары бір күннің ішінде 93 долларға өсіп, 24 сағатта ең көп пайда әкелген компания болып тарихта қалды.

Джек Ма Alibaba туралы

"Мен қарапайым отбасында өмірге келдім. Мектепте үздік болған жоқпын. Жақсы оқуға ұмтылдым, бірақ бұл қолымнан келмеді. Бәлкім менің мектебімнің білім беру деңгейі төмен болған шығар. Сол себепті мектепті тәмамдағасын біраз уақыт жұмыс таба алмадым. Университетке үш рет тапсырып, құладым. Бірақ ешқашан жеңілмедім. Табысқа жете алмаған адамнан оның себебін сұрасаң біреуді кіналайды. Шындығына мұның бәріне өзі кінәлі екендігін сезбейді. Қолынан іс келмейтіндер үнемі солай сөйлейді. Ал қолынан іс келетіндер үнемі қозғалыста болады. Тыным таппай еңбек етеді", – дейді Джек.

Alibaba-ның сыры

  "Alibaba Қытайда құрылды. Бірақ ол тек қытай компаниясы емес. Оның тіпті аты да қытайша емес. Ол арап тілінен алынған сөз. Мен мұны әдейі таңдадым. Қытайда құрылған компания әлемдегі көптеген кіші компаниялар мен жастарға көмектесуін қаладым. Егер болашаққа дайын болуды қаласаңыз кеше орындаған істеріңізді қайталамаңыз. Есте сақтау қабілетіңізді арттыру мақсатында жаттығу жасамаңыз. Бәрібір компьютерден озып кете алмайсыз. Оны сіздің орныңызға машиналар орындайды. Сіз шығармашылық адамы және шешен болуға ұмтылыңыз. Үйреніп жатқандарыңыздың бәрі сізді міне осындай адамға айналдыруы қажет", –дейді Ма.

Өз-өзіме: "Ешқандай нәрсе қарапайым және оңай болмайды. Егер табысқа жеткің келсе ақы төле. Ертеңгі күн қиын болады, бүрсігүні одан да қиынырақ...Бірақ біз бүгін кешкі уақытта өліп кетуіміз мүмкін ғой", – деймін. Сол үшін де тынымсыз еңбектену керек. Әрбір келген күн өз мәселелерін ала келеді. Қиындықьтардан қорықпаңыз. Олар сізді шынықтырады. Өз-өзіңізге сенімді болыңыз. Сонда кез келген түйіннің шешімі болады.  Alibaba Group-тың пайда болуы Ma алғашқы екі бастамасы арқылы табысқа жете алмады. Бірақ төрт жылдан кейін өзінің пәтерінде 17 достары мен таныстық компания өкілдерін жинап, Alibaba онлайн-сауда платформасының жобасына инвестиция салуға сендіреді. Сайт тұтынушыларға тікелей сатып ала алатын тауарларды ұсынады. Көп ұзамай бұл қызмет түрі бүкіл әлемге тарады. 1999 жылдың қазан айына дейін компания Goldman Sachs компаниясынан 5 миллион доллар. Және технологиялық жобаларға инвестиция салатын жапондық телекоммуникациялық компания SoftBank-дан 20 миллион доллар инвестиция алды. Сол кезде Alibaba командасы мүлде кәсіби емес, қарапайым адамдар еді. Бұл туралы Ма: "Біз мұны істеген себебіміз жас болдық. Ешқашан берілмейтін едік", – дейді.

2005 жылы Yahoo! компаниясы Alibaba-ға 1 миллиард доллар инвестициялап, оның 40 пайызына иелік етті. 2012 жылы Alibaba 20 пайыздық пакетті олардан қайта сатып алды. Alibaba инвесторларының арасында DST Global қоры Юрий Милнер мен Алишер Усманов, Glade Brook Capital Partners, Primavera Capital Group, CICC, Boyu Capital және басқалар бар. 2013 жылы Ма Қытайдағы сауда мәселесін шешуге көмектесті. Интернет саудасы болғасын сапалы, бренд фирмалардың өнімдеріне ұқсас жалған тауарлардың саны күрт өсті. Бұл сапалы тауар өндіретін компанияларға кері әсер ете бастады.  Джек Ма TaoBao-дан 100 миллионға жуық жалған тауарлар туралы ақпаратты алып тастады, себебі олар танымал брендтердің көшірмесі еді. Сөйтіп Ма бұл жағдайда да ақша табу мүмкіндігіне ие болды: Бренд өнімге ұқсайтын арзан тауарларды тез арада алып тастау үшін Alibaba-ға ақша төлей бастады.  2013 жылы компанияның жылдық ақша айналымы - 296 миллиард, сатып алушылар саны- 279 миллион адам, сатушылар саны - 8,5 миллион және тапсырыстар саны- 14,5 миллиардқа жетті. 1999 жылы Қытайдағы ғаламтор пайдаланушылардың саны 10 миллион болса, қазір миллиардқа жуық. Қытай нарығындағы электр техникалардың 80 пайызы Alibaba Group арқылы сатылады. Нарықтағы клиенттер саны 750 миллионнан астам. 500 миллионнан астам қытайлықтар осы компаниядан тауар алып ұялы төлемдер жасайды. 2020 жылға қарай компанияның  жалпы байлығы 2 триллион долларға жетеді деген болжамдар бар... 

....1999 жылы ол ағылшын тілін үйренуге тегін экскурсия жүргізген, содан кейін университетте айына 15 долларға сабақ беретін қарапайым мұғалім еді. Бүгінде оның байлығы 36,9 миллиард доллар. Қытайдың ең бай адамы. Джек Ма – табанды төзімділік, сенім мен стратегиялық ойлаудың жарқын мысалы.  "Тура жолдан кетіп бара жатқан болсаңыз, ақшаның өзі сізді іздеп табады. Егер ақшам болғанда үйтер едім, бүйтер едім дейтіндерге былай жауап қайтарамын: Сізде ешқашан ақша болмайды. Егер бір нәрсені шынында да жүзеге асырмақшы болсаңыз, оны ақшасыз жасап көріңіз. Нәтиже болса, сізге ақшаның өзі келеді деймін", –  дейді Ма.


Массагет.кз
ТАНЫМ 26 қыркүйек 2018 г. 457 0