ҚҰЛАНШЫДАН ШЫҚҚАН ҚАСҚА ЖОЛ

Бүгінгі кейіпкеріміз Әнуарбек Қалтаев еңбек жолын қарапайым шопан болудан бастап, Сырдария ауданындағы «СССР-дың 50 жылдығы», «1 Май» кеңшарларының директоры болды. Кейінгі жылдары Жаңақорған ауданының әкімі, облыс әкімінің кеңесшісі болған азамат бұл күнде 70 жасқа толып отыр.
Әнуарбектің балалық шағы қазыналы Қаратаудың қапталындағы Қосүйеңкі ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекені Құланшы өзенінің бойында  өтті.
Тектілік арғы ата-бабалардан дарыды, жас күнінен тіршілікке бейім болды, еңбекті сүйіп өсті. Білімге деген құмарлығы ерекше болатын, 1966 жылы Қызылорда қаласындағы малшы балаларына арналған мектеп-интернатты күміс медальмен бітірді.
Албырт бозбаланы арман Алатау бөктеріндегі Алматыдағы зоо­техникалық-мал дәрігерлік инсти­ту­тында білім алуға жетеледі. Ар­ма­ны орындалып, 1972 жылы ға­лым-зоотехник мамандығы бойынша инс­ти­тутты бітіріп, сол кезде жаңадан ашылған Қызылорда қаракөл қой ша­руашылығына ғылыми қызметкер болып қабылданады.
Бала кезінде Құланшының суын кешіп, жайлауда қой баққан, Әнекең салаға озық тәжірибені енгіз­ген маманның бірі болды.
Талапты жасты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Еламан Жүнісбаев 1974 жылы «Аманкелді» кеңшары директорының орынбасары қызметіне, кейін «СССР-дың 50 жылдығы атындағы» кеңшар директоры қызметіне тағайындады, ол қызметті 1992 жылдың наурыз айына дейін абыроймен атқарды.
Осы жылдары совхоздың экономикасы дамып, әлеуметтік жағдайы нығайды. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жолға қойылып, сұр қаракөл қойын өсіру қолға алынды, шаруашылыққа асылтұқымды ірі қара, түйе түліктері әкелінді. Малдың жем-шөп базасын нығайту мақсатында 500 гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Бір мезгілде 2,5 мың бас қойды бордақылайтын мал бордақылау кешені іске қосылып, жем-шөп дайындау цехы жаңа агрегаттармен толықтырылды. Ауыл тұр­ғындары картоп, көкөніс, бақша дақылдарын өсіруге маманданды. Кеңшар алғашқылардың бірі болып ішкі шаруашылық есеппен жұмыс істеуге көшірілді. Шаруашылық ор­талығы – Бесарық ауылы көркейіп, көгалдандырылды. Ауылда жылына 20-25 тұрғын үй, көптеген қой қоралары салынып пайдалануға бе­ріліп отырды. Құрылыс материалдарын дайындау жолға қойылып, жылына 1 млн дана кірпіш дайындайтын агрегат іске қосылды. Кеңшар Бүкілодақтастық жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы болды.
Оның тәжірибесі ескеріліп, 1992 жылдың наурыз айында Сырдария ауданындағы ірі қой шаруашылығы «1-Май» кеңшарына директор болып тағайындалды. Шаруашылықта қой саны 70 мың басқа, аналығы 48 мыңға дейін жететін. Жаз айларында төлімен қосып есептегенде 100 мың басқа дейін жетіп, мыңғырған мал Сарысу бойына сыйыспай Жезқазған облысының аумағына дейін жайлайтын. Кеңшарда қойдан басқа 2,5 мың бас жылқы, 500 бас түйе, 500 бас сиыр өсірілді. Осындай ірі шаруашылықты басқару, әрине, оңай болған жоқ. Мол тәжірибесі мен білімінің арқасында ол директорлық қызметті 1995 жылдың қазан айына дейін абыроймен атқарып, шаруашылықты жекешелендіріп, өндірістік кооперативке айналдырды. Осыдан кейін 1995-1997 жылдары аудандық деңгейде бірқатар лауазымды қызметтер атқарды. Сырдария ауданының ауылшаруашылық басқармасының бастығы, аудан әкімінің орынбасары болды. 1997-2006 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлі­мінің бастығы болып, қала іргесіндегі ауылдық округтер мен елді мекен­дердің экономикасының дамып, әлеу­мет­тік жағдайларының жақсаруына зор үлес қосты.
Әнекең жергілікті депутаттардың дауыс беруімен 2006 жылы Жаңақорған ауданына әкім болып сайланып, ол қызметті 2008 жылға дейін атқарды. Ал 2008-2011 жылдары облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі, Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры болып жұмыс жасады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10, 20 және 25 жыл мерекелік медальдарымен марапатталды.
Әнекең бүгінде зейнеткер, еңбек ардагері, жолдасы Айман екеуі 5 ұл-қызды өсіріп, олардан өрген 13 немеренің сүйікті ата-әжесіне. айналды. Жетпіске аяқ басса да жастарды тәрбиелеуге атсалысып жүрген азамат.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
ТАНЫМ 27 қараша 2018 г. 468 0