2018 жылы мансабын аяқтаған қазақстандық танымал 10 спортшы

Жаңа жылға да қадам бастық. Өткен жыл да өте шығып, қазақ спорты тарихында өзіндік өрнегін қалдырды. Бірін қуана еске алсақ, енді бірін ұмытуға асықпыз. Ал мансабын аяқтаған танымал спортшыларды қимаймыз да... 2018 жылы мансабын аяқтаған қазақ спортшылары аз емес. Көпшілігі елімізде спорттың дамуына елеулі үлес қосты. Алдағы уақытта да Қазақстанда спорттың дамуына өз күштерін салмақ. Енді біреулері жас жеткіншектердің сүйікті спортшысына айнала білді.

1. Жанат Жақиянов

2018 жылдың ақпан айында қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов (27-2, 18 КО) спорттағы мансабын аяқтады. Жеңіл салмақта (53,5 келі) жұдырықтасқан қазақстандық кәсіпқой боксшы ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті.
 - Мен кәсіби мансабымды аяқтаймын деп шештім және бұған әсер еткен бір емес, бірнеше себеп бар. Үш-төрт ай бойы ойланып, осы шешімге келіп отырмын. Осыншама жылдар бойы мені қолдап келген адамдарға айтар алғысым шексіз. Мен үшін жанкүйерлік еткен адамдарға да рахмет айтамын. Бапкерлерім Рикки Хаттон, Майк Джексон, Ерік Жайлауов, Филипп Фондю бәрі-бәрі менің мықты боксшы болып қалыптасуым үшін үлкен еңбек сіңірді. Мен үлкен жолды жүріп өттім, қазір соны аяқтайтын да кез жеткен сыңайлы, – деді боксшы. Жанат Жақиянов Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл округінде дүниеге келген. Бокспен 16 жасынан бастап шұғылданған. Әуесқой бокста аты шықпаса да, кәсіпқой бокста биік белестерді бағындырды. Жеңіл салмақта WBA супер және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы, WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы (2015-2017), EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы (2014-2015) болды. Кәсіпқой бокста өткізген 10 жыл ішінде 12 мемлекетте 29 жекпе-жек өткізіп, 27 мәрте жеңіске (18 нокаут) жетті. Әйгілі Рикки Хаттонның өзі Жанатқа зор сенім артты. Ол Қазақстаннан бөлек Ресей, Ұлыбритания, Беларусь, Австралия, Таиланд, Өзбекстан, Швейцария, Гонконг, Болгария, АҚШ, Монако шаршы алаңдарында жұдырықтасты.

2. Ақжүрек Таңатаров

Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та былтыр мансабын аяқтады. Балуан спорттағы жолын тәмамдап, шәкірт тәрбиелеуге ден қоймақ. Ақжүрек Олимпиада ойындарынан бөлек, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017 ж) және Азия чемпионы (2017 ж). Талай халықаралық жарыстарда топ жарған. ҚР Еңбек спорт шебері. Құрмет орденінің иегері. Балуан өткен жылдың мамыр айында Тараздағы облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. - Халық қаһарманы Бауыржан атамыз айтқандай: "Ердің туы - намыс, ерлік - ердің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті" демекші, намысты, жүректі азаматтарды тәрбиелеуде аянбаймын. Ер бақыты елдің қасында болса, ел бақыты ерлер қолында болғандықтан, артылған сенімді ақтаймын, - деп жазды балуан әлеуметтік желідегі парақшасында.

3. Әлібек Бөлешов

Қазақ футболы жанкүйерлері Әлібек Бөлешовті жазбай таныса керек. Себебі жасыл алаңда жасындай жарқылдап, "Қайрат" сапында талай қақпа торын тулата соққан голдары жұрт жадынан ұмытыла қойған жоқ. Бойы аласа болса да, өз мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысатын шабуылшы ел премьер-лигасындағы үздік сұрмергендердің бірі болды. Әлібек Бөлешов футболдағы мансабын 1999 жылы бастаған. "Жетісу", "Қайрат", "Ақтөбе", "Ордабасы", "Атырау", "Тараз", "Сұңқар" және "Оқжетпес" клубтарында доп тепті. Ұлттық құрама сапында да ойнады. 19 жыл ішінде 2 рет ел чемпионы, 2 рет бірінші лигада жеңімпаз болды. 2 рет ел кубогын иемденді. Шабуылшы Қазақстан премьер-лигасында 333 ойын өткізіп, 100 гол соқты. Жерар Гоуға дейін "Қайрат" клубы тарихындағы ең үздік сұрмерген болды. Бірінші лигада 92 ойынға қатысып, 62 гол соқты. Мансабын Көкшетаудың "Оқжетпес" клубы сапында аяқтады.

4. Әділбек Ниязымбетов

 Лондон және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов те енді шаршы алаңға шықпайды. Боксшы денсаулығына байланысты мансабын аяқтады. – Менің бокстағы кəсіби жолым аяқталды деуге болады. Соңымыздан өсіп келе жатқан жастар бар. Мен алмаған асуды солар бағындырсын. 15 жыл бойы үнемі оқу-жаттығу жиындары деп үй бетін көрмей, үнемі түзде жүрдім. Спортта жетістікке жетумен бірге денсаулық та сыр берді. Үздіксіз жаттығулар салдарынан белімде "грыжа" пайда болған. Бұл Рио Олимпиадасы кезінде қатты қинады. Үйдегілер Лондон Олимпиадасынан кейін боксты қойсаңшы деген. Бірақ мен жаттығудың адамымын. Бірден тоқтағым келмеді. Рио Олимпиадасынан кейін үш турнирге ғана қатыстым. Биыл көктемде Қазақстан бокс федерациясы тарапынан бөлінген қаржымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға барып келдім. Ол жақтағы мамандар белімнің қазіргі ахуалымен спортта жүре беруге болмайтынын қатаң ескертті. Бапкеріммен ақылдаса келе, былғары қолғапты шегеге ілуге тура келді, - деді боксшы "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында. Әділбек Ниязымбетов - қазақ боксы тарихында Олимпиада жүлдесін екі реттен иеленген төрт боксшының бірі.

5. Самат Смақов

 Қазақ футболы дегенде Самат Смақовтың есімі қатар аталады. Тас қамал қорғаушы талай ойында командасына көп көмегін тигізді. Соңғы рет Шымкенттің "Ордабасы" клубында ойнап, кейіннен ресми қоштасу кездесуін өткізді. Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында өткен ойынға жергілікті команданың ардагерлері мен футболшының достары қатысты. Ақтөбе қаласының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, автокөлік мінгізді. Сондай-ақ ел футболының жанашырлары сөз алып, Саматтың алдағы қызметі мен ісіне табыс тіледі. Қызметі демекші, Самат "Ақтөбе" клубын сатып та алды. Алдағы 7 жылда футболшы клубқа иелік етіп, оның дамуына үлес қосатын болады. Самат Смақов спорттық мансабында Қазақстанда "Елімай" (Семей), "Қайрат" (Алматы), "Ертіс" (Павлодар), "Жеңіс" (Астана), "Ақтөбе" және "Ордабасы" клубтарында доп тепті. Ресейдің "Ростьселмаш", Түркияның "Ризеспор" командаларында ойнады. Ол Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең көп ойынға қатысқан футболшы. 76 ойынға шығып, 2 гол соққан.

6. Максим Раков

 Қазақстандық танымал дзюдошы Максим Раков та 2018 жылы мансабын ресми түрде аяқтады. Оған себеп: түрлі жарақаттары мен жас шамасы. Енді ол өзін халықаралық жарыстарда төреші ретінде сынап көрмек. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын әкесімен бірге Қарағандыда ашқан мектебінде шәкірт тәрбиелеуге ден қоймақ. Максим Раковтың спорттағы жетістігі аз емес. Өз салмағында (100 кг-ға дейін) үздіктер қатарында болды. 2009 жылы әлем чемпионы атанды. 2011 жылы Парижде күміс алды. 2 рет Азия чемпионатында (2009, 2017 ж) топ жарды. Азия ойындары, Гран-При жарыстары мен халықаралық турнирлерде жүлдесіз қайтпаған дзюдошылардың бірі болды. Екі бірдей Олимпиада ойындарында жанкүйерлер Максимнен жүлде күтті. Алайда спортшы өзге жарыстарда жүлде еншілеп қайтқанмен, Олимпиадада аты оза шаппады.

7. Берік Әбдірахманов 

Қазақстандық боксшы Берік Әбдірахманов та 2018 жылы спортпен біржола қоштасты. Боксшы 60 келі салмақтың көшін 2013 жылы Ғани Жайлауов мансабын аяқтағаннан кейін ұстаған болатын. Маңғыстаулық боксшы 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері және сол жылы Амманда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы болды. Сонымен қатар 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына да қатысты. Бірақ турнирдің бірінші айналымында америкалық Карлос Балдермастан жеңіліп қалды.

8. Нұрбол Жұмасқалиев

2018 жылы танымал қазақ футболшысы Нұрбол Жұмасқалиев те спортпен қош айтысты. "Тобыл" сапында талай жыл тер төгіп, талай рекорд иесі болды. Премьер-лиганың аяқталған маусымында қостанайлық клуб қола жүлде еншіледі. Ал Нұрбол Жұмасқалиев мансабын аяқтады. Команда капитаны "Тобыл" сапындағы соңғы ойында гол соғып, жанкүйерлеріне ерекше қуаныш сыйлады. Команданы марапаттау рәсімінде қазақ футболының аңызы мансабын аяқтағанын айтты. - Жанкүйерлерге ықыласым шексіз, алдағы уақытта олар біздің стадионды қуанышқа толтыратынына сенемін! Жігіттерді құттықтаймын! Олар ерледі. Олар өздерінің әлеуетін көрсетті. Мен сіздер үшін қуаныштымын. Сіздермен бірге ойнағаныма ризамын. Бапкерлер мен клуб әкімшілігіне де алғыс көп. Бүгін мен футбол мансабымдағы соңғы ойынға шықтым. Келесі жылғы маусым алдында қоштасу матчын өткіземін. Рахмет достар! "Тобылға" жанкүйер болыңыздар!, - деді футболшы. Нұрбол Жұмасқалиев - Қазақстан премьер-лигасы тарихында ең көп гол соққан (167 гол) және ең көп ойынға қатысқан (523 ойын) футболшы. Бұл - рекордтық көрсеткіш.

9. Азамат Мұқанов

Былтыр мансабын аяқтаған спортшылардың бірі - Азамат Мұқанов. Дзюдошы халықаралық жарыстарда талай рет қазақ елінің абыройын асырды. 3 рет әлем чемпионатында (2008, 2009, 2012) қола алса, 2013 жылы күміс медаль еншіледі. 2014 жылғы Еуропа кубогының жеңімпазы. "Үлкен дулыға" жарыстарында 2 рет күміс медаль иемденді. Гран-При турнирлерінде жүлделі орыннан көрінді. Дзюдодан өзге Азамат самбо спортымен де шұғылданды. 2010 жылы осы спорт түрінен әлем чемпионы атанды.

10. Антон Пинчук

 Ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Антон Пинчук та 2018 жылы спорттағы жолын аяқтады. Ұлттық құрама сапында жұдырықтасқан боксшының жетістігі аз емес. Антон 4 рет ел чемпионы (2012, 2013, 2016, 2017) атанды. 2013 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында алтын алды. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында топ жарды. 2018 жылдың наурыз айында Варшава өткен халықаралық турнирде жеңімпаз болды. Жыл соңына қарай бокс қолғабын шегеге ілді. Антон Пинчук "Astana Arlans" бокс клубы сапында WSB жобасында да бақ сынады. 2018 жылы мансабын аяқтаған қазақ спортшыларының алдағы ісіне табыс тілейміз! Елімізде спорттың дамуына үлес қосқаны үшін алғыс білдіреміз!

Дереккөз: massaget.kz
ТАНЫМ 04 қаңтар 2019 г. 127 0